Материалдар

ТУҒАН ЖЕРГЕ ТУ ТІККЕНДЕР

Туған жеріне жанашыр, жаны асыл азаматтар арамызда аз емес. «Өз ауылымның түтіні де тәтті», - деп, туған өлкесіне тәу етіп, ел үшін еңбек етіп жүрген ерлер де жетерлік. Сыр – алаштың анасы болса, сол ананың балалары бүгінде әлемге, республикаға танымал тұлғалардың тізімінде тұр. Олар қолдарынан келгенше өздері өсіп-өнген өңірге рухани да, материалдық та қолдау көрсетіп келеді. Сонымен қатар Елбасы-ның бастамасымен жолға қойылған «Туған жерге тағзым» форумы да осы игі істің жүйеленуіне сеп болғандай. Бұл шара ат басын атажұртқа бұруға құлқы болса да, уақыты болмайтын азаматтарға үлкен демеу. Әрі өз елінде еленіп, түрлі марапаттарды да, киелі шапанды да арқаларына жабатын туған жердің халқы емес пе? Құр қол қайтып, қапы қалатын ешкім болмайды. Себебі елінің өркендеуіне мұхитқа тамған тамшыдай болса да үлес қоссаң, ол сенің нағыз отансүйгіштігің. Мұндай тұлғалар киелі Тұран топырағында әлімсақтан бері бар. Сондақтан болар «Туған жерге тағзым» форумына облыс әкімі Қырымбек Көшербаев және Сыр өңірінде дүниеге келіп, еліміздің түкпір-түкпірінде еңбек етіп жатқан белгілі тұлғалардың көбі қатысты.

 

Өңірдің дамуына қосқан үлестері үшін Сыр елінің бірқатар азаматтарына «Сыр жанашыры» марапаты табысталды. Олардың ішінде зілтемірші Илья Ильин мен кардиохирург, Қазақстанның Еңбек Ері Юрий Пя, «А.Н.Сызғанов атындағы хирургия ғылыми зерттеу орталығы» АҚ Басқарма төрағасы Болатбек Баймаханов, Мұрат Абайұлы сынды ел жанашырларының барына қуанасың.

Форум аясында телекөпір арқылы облыстағы бірқатар жаңа кәсіпорындар іске қосылды. Атап айтқанда, Жаңақорған ауданындағы әк зауыты, Қызылорда қаласындағы мал бордақылау және сою бекеті, Шиелідегі құс фермасының 2 цехы ашылды. Одан өзге, Ресейде білім алып жатқан қызылордалық студенттер тікелей байланысқа шығып, жерлестерін құттықтады. Телекөпір арқылы Арал ауданындағы асфальтбетон зауыты мен облыс орталығындағы шыны пластикалық құбыр шығаратын зауыт та тікелей байланысқа шығып өз жұмыстарын таныстырды.

Форумға қатысушылар бірқатар журналис-термен де жүздесіп үлгерді. «Осы күнге дейін қандай нәтижеге қол жеткізсем, соның бәрі туған жерімнен тамыр тартады» деп сыр шертті академик Асқар Жұмаділдаев. Үздік математик «Туған жер туған үйіңнен, туған үйіңнің табалдырығынан басталады. Мен үшін ол қара құм, қара жел, жыңғыл, тораңғыл ұғымдарымен сабақтасып жатыр. Бұл дүниеде жыңғылды, жантақты ешбір роза гүліне де, басқаға да теңестірмес едім. Менің бойымда қандай да бір артықшылық болса, осы күнге дейін қандай нәтижеге қол жеткізсем, соның бәрі туған жерімнен тамыр тартады», - деді. Академиктің айтуына қарағанда, туған жерге келіп, тағзым ету, елдің алдында бас ию зор мәртебемен пара-пар.

Осындай мүддеден бой көрсетіп, Сыр елінің шырайын кіргізіп келе жатқан құрлысшылар қауымы екені белгілі. «Сыр жанашыры» номинациясының жеңімпазы - Сейітқали Бегманұлы Алшынбаев «Нұрай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры. Ол Қызылорда қаласының «Құрметті азаматы», білім меценанты, Құрмет орденінің иегері. Аймақтың құрылыс индустриясының өсуіне және Қызылорда қаласының өркендеуіне айтулы үлес қосып келеді. 20 жылдан бері қайырым-дылық шараларына белсене қатысуда. Атымтай жомарт жан бүгінгі күнге дейін 2 млрд. 275 млн. теңгеге қайырымдылық жасаған екен. С.Алшынбаев «Мен мемлекетке не бере аламын?» деп жұмыс жасайтындығын жасыр-май айтты. Форумның құрметті қонақтарының бірі «Абзал и К» компаниясының директоры Мұрат Абайұлы да «Ел үшін қайырымдылық шараларын тоқтатпаймыз» деді. Міне, осылай терең ойлай алатын азаматтары бар Сыр өңірі әлі талай белесті артта қалдыратыны сөзсіз.

Тәуелсіздік күні қарсаңында өткен шара көптеген кездесулермен есте қалды. Танымал тұлғалар мен өңірдің өміршең белді азаматтары жылы лебіздерін айтып, Сыр халқына табыс тіледі. Дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан форум бұдан соң да талай ел мақтаныштарына өзінің сыйын төге беретін болады.

 

Айдар САЙЛАУОВ