Материалдар

АРДА ТУҒАН АРАЛДЫҢ ӨЗ ПЕРЗЕНТІ ҚҰРМЕТКЕ БӨЛЕНДІ

Көпшілікке белгілі, кіндік қаны тамған туған жерінің жалынды патриоты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, күйші-композитор, жыршы-ақын, Аралдың арда туған азаматы Мұрат Сыдықов Қызылорда төрінде «Жырлайды Арал перзенті» атты шығармашылық кешін өткізді. Облыс әкімінің қолдауымен өткен шараның басы Ә.Тәжібаев атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасында М.Сыдықовтың «Жырлайды Арал перзенті», «Жыр мәйегі – мақам» кітаптары және «Теңізбен терең тілдескен, Сұлу Сырмен үндескен» атты әндері мен күйлері үнтаспасының тұсаукесер рәсімімен басталды.

Рас, Мұрат Сыдықов бүгінгідей құрметке оңайлықпен қол жеткізген жоқ. Бар саналы ғұмырын өнерге арнаған, сол өнердің ішінен бармақтай бақ тапқан ағамыздың әрбір күні, әрбір сағаты, керек десеңіз, әрбір минуты тек өнермен байланысты болды. Қай кезде қоңырау шалып, хабарласа қалсаңыз, «Киелі өнер өліп бара жатыр, араша керек!» деп, аһ ұрып, өнерді жұлмалаған топпен арпалысып, жұдырықтай жүрегін ауыртып жүргені.

 

Билік құрып жатқан соң «шүрегейлер»,

«Қаймақпын» деп күмпиді «кілегейлер», - деген орман ойдың отты тамшылары осындайда ақынның көкейінен тесіп шықса керек.

Рас, өмірдің талай соқпақты өткелдерінен өтті, қаншама жетістікте жетіп, алғыс арқалап, шығармашылық биікке көтерілсе, соншама күйзелген шақтары, көкірегі қарс айырылып, өксік жұтқан кездері аз болған жоқ. Елі үшін, өнер үшін өлшеусіз еңбек сіңірсе де, бір атаққа қол жеткізу мұңға айналған сәттер қажытты.

Киелі хас өнерді көркем деген,

Басқарып шолақ билер шелтеңдеген.

Бойдағы бұлақтарды тұншықтырып,

Жүректе жыр қалмады-ау өртенбеген!

Жүректе жыр қалдырмай өртенбеген,

Барамын не бетіммен ертеңге мен?!- деп, налыды, өнердің киесінен қорықпайтындардан қорықты.

Сонда да Мөкең аласармады. 1975 жылы Арал теңізінің күйі тайып, көпшілік туған жерінен қимастықпен көшіп жатқан кезде, Мұрат Сыдықов «Аралмен мұңдасу» толғауын тебірене отырып шығарған еді. Сол Аралдың Мұраты – қазақтың Мұраты Аралынан безіп кеткен жоқ, Аралын жырлап, туған жерінің ыстығына күйіп, суығына тоңып, мінекей, жасы 77-тен асса да, әлі туған жері Аралда тіршілік етіп жатыр.

Осыдан екі жыл бұрын Мөкең 75 жасқа толғанда ескерусіз қалды. Аралдың төл баласына, өнердің өз баласына жергілікті билік өгейлік танытты. Ағамыздың аптығын басып, «битке өкпелеп, тоңын отқа жақпауын» сұрап, «Әлімсақ» журналына сұхбатқа шақырғанбыз. Жасырмай жайып салған бар ойы журналда жарияланды.

Міне, сол атаусыз қалған 75-тен кейін арада екі жыл өтті. Әр кезде руханиятқа қолдау білдіріп жүретін облыс басшысы еселі еңбекті ескеріп, ағасына материалдық та, рухани да қолдау білдірді. Салмағы ғасырларды көтеретін қос кітабы мен үнтаспасын жарыққа шығарып, шығармашылық кешін дүркіретіп өткізіп берді. Қолымызға тиген еңбегінен, шығармашылық кешінен оның қазақ үшін қайталанбас тұлға екенін, ұлттық өнерге жан берген, ұлттық кодты жаңғыртушы өнер иесі екенін биліктен бастап бүкіл халық мойындайтын кездің келгенін аңғардық.

Аралдың қазіргі билігі Мұратты жоғары бағалайтынын білдік. Кітаптың тұсаукесеріне аудан әкімі Мұхтар Оразбаевтың өзі келіп құрмет көрсетті, сый-сияпатын жасады.

- Ұлы шайыр Нұртуғанның, төкпе күйдің төресі Қазанғаптың, сүлей сөздің зергері Әбдіжәміл Нұрпейісов пен ақын Зейнолла Шүкіровтың мұраларын насихаттап, қазақ мәдениетіне енгізіп жүрген азаматымыздың бірі де бірегейі, Арал ауданының мақтанышы, Сырдың Мұраты, жырдың Мұраты, күйдің Мұраты – Мұрат Сыдықов,- деп, дөп бағасын берді аудан әкімі. - Әрине, ағамыздан тәлім-тәрбие алып, қанат қаққан шәкірттері еліміздің түкпір-түкпірінде. Әр уақытта ұстазының өзіне де, өнеріне де басын иіп тұрады. Бүгін үлкен қуанышты шарада қауышып отырмыз. Кітаптары мен үнтаспасының қалың оқырманға, тыңдарманға жол тартуы – қазақ мәдениетіне жол тартуы деп білеміз.

Расында, М.Сыдықов кітаптарын қолға алғанда қымбат дүниелердің қатталғанына қуандық. «Жырлайды Арал перзенті» атты еңбегінде есімдері әрісі әлемге әйгілі, берісі елімізге белгілі халық әртістері мен қоғам қайраткерлерінің ыстық лебіздері берілген. Мұраттың талантына бас иіп, шығармашылық қуатының ерекшелігіне тамсанған Қазақстанның және КСРО-ның халық әртісі, профессор Ғазиза Жұбанова: «Мұрат Сыдықовқа

консерватория дипломын табанда жазып берер едім, тек заң, ереже көтермейді. Бұл кісі үлкен өнер иесі» деп жоғары бағасын берсе, қазақтың күміс көмей әншісі Роза Бағланова: «Мұратқа барлық атақты беруге әбден лайық. Өкініштісі, осы уақытқа дейін бірде бір атақ берілмеуі» деп ренішін білдіруі дарынды адамды қошеметтеп отыру керектігін мегзесе керек. Ал, шынның жүзіне тура қарап, әділдікті ту етіп көтеріп өткен Асқар Тоқпанов, Фариза Оңғарсынова Мұрат Сыдықовтың «Махамбеттің толғауы», «Теңізбен мұңдасу» атты кесекті шығармаларына тәнті болған. Мөкеңнің «Батыр баба Жанқожа» күйін Кеңес Дүйсекеевтің ұлы шығармаға теңеуі бекерден-бекер емес.

Кітапта М.Сыдықовтың өлең-жырлары, терме-толғауларымен бірге әндері мен оркестрге арналған партитуралары берілген. Өмірінің шығармашылық жолын бейнелейтін фотолар оның өнерге, өмірге шын ғашық екенін айғақтайды. Мұраттың шығар-машылығы туралы сөз қозғағанда, оның өнердегі де, өмірдегі де жан жолдасы Базар Қостаевамен бірлесіп, 1980 жылы отбасы мүшелерімен отбасылық ансамблін құрып, осы күнге дейін халықтың асыға күтетін өнер ұжымына айналуы жан жары мен отбасындағы өнерлі ұл-қыздары Санира, Жандос, Төлегендердің еңбектерінің арқасы деп білеміз.

М.Сыдықовтың екінші «Жыр мәйегі – мақам» атты кітабына Нұртуған мектебінен шыққан, артына өсиет-өнеге, тағылымды терме-толғауларын – мол рухани мұра қалдырып кеткен Бижан, Жансүгір, Молда Дәулет, Жаңаберген, Жаппарберді, Дәріқұл, Жалғасбай, Үмбетәлі сынды дүлдүлдердің, Нұртуған Кенжеғұлұлы бастаған Сыр бойының жыршы-жырауларының нотаға түсірілген ән-мақамдары берілген. Бір айта кетерлігі, Мөкең баласы Жандос екеуі 2000 жылдан бері жырау-лардың құрылысы күрделі, орындалуы қиын ән мақамдарын нотаға түсірумен айналысқан, өткеннен жеткен асыл мұраға ұқыпты қарап, 16 жыл уақытын арнаған.

Мөкеңнің әрбір орындауындағы шығарманы тебіренбей тыңдау мүмкін емес. Қолына домбыра тисе, шабыты қозып, әрбір шығарманың мазмұнын тыңдарманының жетесіне жеткізіп, зердесіне құйып, ұлттық өнерді насихаттаудан шаршамай келеді. Ол қасиеті театрда өткен шығармашылық кешінде көпшіліктің өнеріне қошемет көрсеткенінен білінді. Кеш шымылдығын ашқан облыс әкімінің орын-басары Руслан Рүстемовтің тебірене сөйлеген сөзінен де Мөкеңе құрметтің ізі байқалды.

- Сыр топырағы таланттарға кенде болмаған. Қасиетті өңірден қуат алып, нәр жинаған Сыр сүлейлерінің ізбасарлары мен таланттар шоғыры ешқашан үзілген емес. Солардың ішіндегі қайталанбас тұлға – Мұрат Сыдықов. Ол – 1958 жылдан бастап өзінің туған топырағының өнері мен мәдениетінің қазанында қайнап келе жатқан үлкен өнер иесі. Бойына біткен талантпен арман қуып өзге қалаларға кетуіне болатын еді, алайда шығар-машылығын өзінің Аралында шыңдап, туған жерге тағзымын көрсетіп келе жатыр. Мұрат ағамыз Аралға тек шығармашылығын ғана арнаған жоқ, теңізді құтқаруға қанатымен су сепкен қарлығаштай септігін тигізді. Ағамыз туралы деректердің ішінде 1987-1991 жылдар аралығында еңбегімен тапқан 6500 сомын Аралды құтқаруға аударғанын тебіренбей оқуға болмас. Бұл – патриоттықтың белгісі, - деп, шынайы бағасын берді.

Шығармашылық кеште Тұрмағамбет атындағы ұлт-аспаптар оркестрі Сыдықовтар отбасылық ансамблінің және автордың орындауындағы күй-толғауларды, Э.Жаңабергенова, Ө.Айниязов, К.Қалымбетова, А.Ысқақов, М.Исаева, Н.Сейітмұ-ратовтар М.Сыдықұлының авторлығындағы шығармаларды шеберлікпен орындап шықты.

Мөкеңе деген құрмет мұнымен біткен жоқ. Тәуелсіздік күні қарсаңында елордадан сүйінші хабар жетті. Салтанатты шарада облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Мұрат Сыдықовтың кеудесіне мемлекеттік награда «Құрмет» орденін тағып, өнер үшін басын бәйгеге тіккен, арда туған Аралдың өз перзентіне қуаныш сыйлады.

Театр сыншысы Әшірбек Сығай Алматыдағы бір конкурста «Мұраттың төкпесін» орындаған жігітке қарап тұрып: «Құрманғазы дейміз, Дина дейміз, Құрманғазылар халық арасында жүр екен ғой» дегені бар еді. Сол айтқандай, халықтың арасынан шығып, халықпен етене араласып, ұлы өнер арқылы өзі де ғасырлық өлмес дүниелер туғызған Мұрат Сыдықовқа қандай құрмет, қандай қошемет көрсетсек те жарасады. Толқи бер, теңіз ұлы! Жасай бер, абзал аға!

Нұрлан Көбегенұлы