Материалдар

ЖАНҚОЖА БАСТАҒАН АРАЛ ӨҢІРІ ҚАЗАҚТАРЫНЫҢ ҰЛТ-АЗАТТЫҚ КӨТЕРІЛІСІ

ХІХ ғасырдың 50-жылдары Сыр бойын өз билігіне бағындырмақ болған патша әкімшілігінің отаршылдық саясатына қазақтардың наразылығы уақыт өткен сайын күшейе түсті. Перовск фортымен шектеліп қалған Ресей билігі өздеріне қауіп төнгенін түсінді. Осыған байланысты 1855 жылы орыс әкімшілігі Райым бекінісінің қашықта орналасқанын ескере отырып, оны айлақ ретінде пайдалануды көздейді де, Қазалы тармағында форт салу туралы шешімге келеді. Осы мақсатқа жету үшін патша әкімшілігіне Райымға Хиуадан тікелей төнетін қауіпті жою қажет еді. Кейін патша өкіметіне оның да сәті келіп, Хиуада қоңыраттар-дың көтерілісі басталып, Сырдарияның төменгі ағысы бойында орналасқан Қожа Нияз бекінісін талқандап кетеді. Қаңырап қалған бекіністі уақытында дереу басып алуды көздеген Самара және Орынбор генерал-губернаторы 1856 жылы 9 наурызда Коллеж Ассесоры Осмо-ловскийге Қожа Нияз бекінісін алу үшін қазақтардан 50 түйе жинауға және Қуаңнан өту үшін көпір салдыртуға бұйрық береді [Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағаты. 382-қ., 1-т., 4-іс.]. Нәтижесінде, қираған бекіністің орнына орыстардың Қазалы атты шағын ғана форты салынып, оған Райым бекінісіндегі мекемелер мен халықты көшіреді. [Мейер Л. Киргизская степь Оренбургского ведомства. СПб. 1865. с. 79-80]. Перовск фортын басқа бекіністермен байланыстырған патша үкіметі Сыр бойындағы иелігін кеңейту үшін Қоқан хандығына қарай жаңа жорықтар жасау мақсатында дайындық жұмыстарына кіріседі. Алайда 1856 жылы басталған Арал өңірі қазақтарының көтерілісі бұл жоспарды уақытша жүзеге асырмай тастайды.

1856 жылы желтоқсанда басталған Арал өңірі қазақтарының көтерілісі Ресей империясының отаршылдық саясатына қарсы тікелей бағытталып, оны шектілердің рубасшысы Жанқожа Нұрмұхамедұлы басқарды. Бастапқы кезде Ресей бодандығын қабылдап, кейін патша үкіметінің отаршылдық саясатына қарсы шыққан Жанқожа Нұрмұхамедұлының бұл әрекетіне қазақ-хиуа қатынастарын зерттеуші А.Абдуалиев былай деп анықтама береді: «Жанқожаның орыс бодандығына өту себебінің бірі Обручевтің қазақтарға жеңіл салық саясатын жүргізуі туралы болған еді, Райым бекінісін салу барысында ордалықтардан түтін салығы мен көлік ретінде пайдаланатын түйеден басқадан салық алмаймын деген келіссөздің бұзылуынан Жанқожа ереуіл бастады». [АбдуалиевА.А. К проблеме характеристики политической деятельности Жанхожи Нурмухаммедова на примере Казахско-Хивинских взаимоотно-шений. // Вестник КазНУ. Серия историческая. №1. 2006. С.136-138., с. 138].

1856 жылы Жанқожа батыр бастаған Арал өңірі қазақтарының көтерілісі негізінен Кіші жүздің биі Орта Азияның саяси тарихында өзінің шебер әскери-стратегиялық ұйымдастырушы-лық қабілетімен танымал қолбасшы Әзберген Мұңайтпасұлымен өзара келісіп жасалған іс-шара болды. Оны 1856 жылы 11 тамызда В.А.Перовскийдің Сыртқы істер министрлігіне жолдаған хатынан көре аламыз. Онда «Есет Көтібарұлын қолдаушылардың бірі Әзберген Хиуада «бек» атағын алды. Ол Есетті Үстіртке қарай өзіне келіп қосылуға шақыруда. Алғашқы қардың түсуімен 2000 адамымен Әзберген аттанбақшы. Негізгі мақсаты бізге бағынған қазақтарды өзіне тарту, егер де олар қабыл алмаса, ауылдарына шабуыл жасауға да дайын» [Өзбекстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағаты. 715-қ., 1-т., 19-іс., 232-233 пп] деп жазады. Алдын ала келісім бойынша көтеріліске шыққан Жанқожа батыр Хиуа иелігіндегі шектілерге де хабар жібереді. Оған жауап ретінде Хиуадағы шектілердің басшысы Әзберген би көмекке тек көктемге қарай ғана келе алатыны жөнінде хабар береді. [ҚРОММ. 382-қ., 1-т., 5-іс. 57 п]. Алайда 1857 жылы Хиуада басталған түрікмендердің бүлігі Әзберген бидің бұл жоспарын жүзеге асырмай тастайды.

Егер де Әзберген би бастаған хиуалық қазақтардың Жанқожа бастаған көтеріліске қосылғанда, жағдайдың немен аяқталатынын Флигель адютант Бутаковтың 1863 жылы 14 қыркүйекте Орынбор корпусының командиріне жазған хатынан байқауға болады. Онда былай делінген еді: «Мен мұнда 1856-1857 жылдары болдым. Ол кезде өңірдегі бүкіл дала Жанқожа батырдың басшылығымен наразылыққа шыққан еді. Сол кезде біз әрең дегенде форттағы шаруашылықты сақтап қалдық. Соның өзінде бүлікшілер жинап қойған шөбімізді өртеп кетті. Бізде оларды басып тастайтын күш жетіспеді. Тек Перовскіден генерал Фитингоф бекіністегі әскердің жартысын алып келіп қана көтерілісті баса алды. Біздің бақытымызға қарай қоқандық-тар осы жағдайды сәтті пайдалана алмады. Хиуалық қазақтар да көтерілісшілерді рухани жағынан қолдады. Кім кепіл бола алады, сол кездегі бүлік соңғысы деп. Қазіргі уақытта қазақтарға ықпалы бар рубасылар іштей бізге қарсы. Жалпы алғанда, бұл жердегі әскердің саны көп болғаны былай тұрсын, тіпті аз. Сырдария шебінің қауіпсіздігі тек Хиуа мен Қоқандағы тәртіпсіздіктердің негізінде ғана аман тұр. Егер де осы хандықтарда тәртіп орнаса немесе Бұхар әмірі оларды өзіне қосып алса, онда бізді тыныш қоймайды. [ҚРОММ. 382-қ., 1-т., 47-іс. 125-126 пп]. Сонымен қатар Орынбор шекара комиссиясы бастығының «Егер де Хиуадағы үлкен шекті руының (тілеуқабақ) қазақтары да Жанқожаға қосылса, бүліктің аумағы кеңейіп кетуі мүмкін»,-деп алаңдауы көп нәрсені аңғартады. [ӨРОММ. 715-қ., 1-т., 17-іс. ХVІІІ ғасыр мен ХІХ ғасырдың ортасына дейін кіші жүздің Әлім, Шөмен руларының көп бөлігі Хиуа хандығының құрамында болып, оның саяси әскери тірегіне айналды. Мұрағат құжаттарында үлкен шекті руының старшындары Әзерген Мұңайтбасұлы мен Есет Көтібарұлы Хиуа хандығының қолбасшылары және мемлекеттік кеңесшілері болғандығы туралы көптеп кездеседі. Мұның басты себебі халық батырлары Әзерген Мұңайтбасұлы мен Есет Көтібарұлы Ресейге қазақ халқымен бірге Орта Азиядағы түрік халықтарының басын қосып қарсы тұруды көздеді., 309 п]. Көтерілістің бүкіл Қазалы аймағын қамтып, оған үш мыңнан аса адам қатысуы және орталығы кезінде Әзберген би қалпына келтірген Жаңақала бекінісінің болуы көтерілістің алдын ала жоспарланғанын аңғартады.

Негізінде көтеріліс №1 форт маңынан қоныс аударушыларға егін өсіруге жер бөлген бекініс басшысының әрекетіне наразылық ретінде басталды. 1847 жылы Райымға келіп, бекініс сала бастаған Ресей әскерлеріне Жанқожа қарсылық көрсетпейді. Сол кездегі Орынбор генерал-губернаторы В.Обручевпен жолығып сөйлескен соң Жанқожа онымен орыс әскері жергілікті халықтың тыныштығын бұзбайтындығына және хиуалықтардың шапқыншылығынан қорғайтын-дығына келіседі. Бірақ кейін іс жүзінде керісінше болады. Патша шенеуніктері мен әскерлері ауық-ауық елдің тыныштығын бұзып, бұл кезде егде тартып отырған Жанқожаға да маза бермейді. Орынбор шекаралық комиссиясының Сырдария жүйесі бойынша өкілі И.Осмаловскийдің көмекшісі болып есептелетін тілмаш Мұхаммед-хасан Ахмеров шабармандарын пара жинауға Жанқожа ауылына жұмсайды. Жанқожа оларды «орыс заңында мұндай салық мүлде жоқ» деп қуып жібереді. Осындай келеңсіз құбылыстарға ашуланған Жанқожа көтеріліске шығуға мәжбүр болады. Өйткені қазақ отбасылары өздерінің егістік жерлерінен айырылып, егін салуға жарамайтын, егінді суаруы үшін ағын суы жоқ жерлерге қуылды. Сондай-ақ Арал өңіріне орыстар келген кезден бастап қазақтар оларға түтін салығын төледі және басқа да әр түрлі міндеткерліктерді атқарды. Яғни, қазақтар жолдарды жөндеуге, көпірлер салуға, су жүретін арықтарды тазалауға, жергілікті әкімшілік мүшелерін асырауға, жолсапарға шыққан шенеуніктерге қаражат бөлуге, іссапармен келген қызметкерлерге үй беруге, оларға отын жеткізіп беруге міндетті болды. Сонымен қатар жергілікті патша әкімшілігі бекіністерді салу үшін мыңдаған қазақтарды еріксіз айдап әкеп, тегін жұмысқа салды. Сондықтан патша өкіметінің қазақтарды қанауға бағытталған іс-әрекеттері халықты ашындырып, ашық түрде көтеріліске ұласты. Көтеріліс бүкіл Қазалы аймағын қамтып, оған үш мыңнан аса адам қатысты және орталығы Жаңақала бекінісі болды. Орал бекінісінің бастығы Михайлов Сырдария шебінің бастығы Фитингофқа жіберген құпия хабарламасында «Жанқожаның қарақшылары арасында қараса-қалдар, кішкене шектілер және төртқаралардың бір бөлігі бар» деп хабарлады. [ҚРОММ. 4-қ., 1-т., 1439-іс., 37 п].

Бұл рулар әлімұлы тайпасына жататан еді. Ұрыс қарсаңында көтерілісшілерге шекті руларынан басқа құмды аудандарды мекендеген басқа қазақ рулары қосылады. Көтерілісті Жанқожамен бірге Сұлтанбөрі, Дабыл, Қожа Баймұхамед және басқа батырлар басқарады. Көтерілісшілер шотпен, сойылмен, кетпенмен қаруланды. Тек азын-аулақ адамдардың ғана мылтықтары болды. Осыған қарамастан көтерілістің орыстарға қауіпті болғаны соншалық, патша әкімшілігі Қоқан хандығымен арадағы байланысты жақсартуға көп күш жұмсайды. Орыстар, тіпті, Перовскіде тұтқында отырған барлық қоқандықтарды ешқандай талапсыз босатуға мәжбүр болады. Көтерілістің өте қауіпті болғаны жөнінде А.И.Добросмыслов былай деп жазады: «Біздің басшылық Жанқожа-мен ерегісіп қалады да, өздеріне қауіпті жау тауып алады. Өйткені, Жанқожаның халық арасындағы беделіне ешкім шек келтіре алмайтын еді». [Добросмыслов А.И. Ташкент в прошлом и настоящем. – Ташкент, 1912. – 472 с., с. 107].

1856 жылы желтоқсанның орта шенінде Жанқожаның жасағы алдымен казактар мекендеген Солдатская слобода поселкасын жойып, №1 қазалы форты мен Перовск фортының бекіністеріне жақын келіп орналасады да, күтпеген жерден Сырдария шебіне шабуыл жасайды. 1856 жылы желтоқсанның аяғында Қазалыны көтерілісшілер қоршап алады. 28 желтоқсанда форт бастығы Перовскийге былай деп жеткізеді: «Қазіргі уақытта солтүстік жағын қоспағанда фортты бүлікшіл қазақтардың жер-жерде шашыратылып орналастырылған қарақшылары қоршауға алған, олар біздің әскердің кез-келген қозғалысы жағдайында дала түкпіріне кетіп қалады. Сондықтан да гарнизон жыртқыштардың бекініске шабуылын күтіп алуға және сонан соң пішен тасып алумен, форттың әлсіз жақтарын қорғаныс жағдайына келтірумен қызу айналысып отыр» [ҚРОММ. 4-қ., 1-т., 1441-іс., 35-37 пп].

Бекіністі қорғап тұрған казактардың жүздігі, елу жаяу әскер және 1 зеңбірегі бар орыстардың әскерін басқарған Михайлов көтерілісшілерге қарсы шығады. Фортты жан-жағынан қоршап алған көтерілісшілер болса 3 казакты өлтіріп, қазынаның шөбін өртеп жібереді. Осы кезде көтерілісшілер майор Булатов бастаған орыс әскерлерінің екінші тобымен шайқасқа түседі. Дегенмен соғыс қимылдары желтоқсан айының аяғына дейін созылып, алма-кезек жағдайда өтті. Кенеттен басталған көтерілісті басуға Орынбор генерал-губернаторы Перовский Сырдария шебінің бастығы Фитингофқа бұйрық береді. Ал, Жанқожа бастаған көтерілісшілер болса, Қазалы фортына шабуыл жасауға мұқият әзірленеді. 1857 жылы қаңтар айында көтерілісшілердің саны бес мыңға жетеді. Перовскийдің нұсқауын орында-ған Фитингоф 9 қаңтарда 1 зеңбірегі және 2 ракеталық станогі бар 300 казак пен 320 жаяу әскерді бастап жолға шығады. [ҚРОММ. 4-қ., 1-т., 1441-іс., 39-40 пп].

Көтерілісшілермен қақтығыс сол күні Қазалыға жақын жердегі Арықбалық алқабында өтеді. Қамыс арасында жасырынған қазақ мергендері орыс әскерінің ту сыртына оқ жаудырып, алты адамын жаралайды. Шайқас-тың шешуші кезеңінде көтерілісшілер шабуылға шығады. Бірақ зеңбірек пен мылтықтардан атылған оқтардың астында қалған көтерілісшілер ауыр шығынға ұшырап, кейін қарай қашуға мәжбүр болады. Ауыр жараланған Жанқожаның өзін көтерілісшілер оқтың астынан әрең аман алып шығады. Жеңіліс тапқан көтерілісшілерді патша әскерлері аяусыз жазалап, ауылдарын тонап, 212 үйін өртейді. Олжаға түскен ірі қараның өзі 20 мыңнан асады.

Жанқожа Нұрмұхамедұлы бастаған Кіші жүз қазақтарының көтерілісі осылайша аяқталып, жеңіліске ұшырайды. Көтерілістің жеңіліске ұшырауының басты себебі, оның жете ұйымдаспағаны және ол кезде заманының ең озық әскери техникамен күшті қаруланған орыс әскерлеріне қарсы найза, қылыш, садақпен қаруланған қазақ жасақтарының жеңіске жетуі мүмкін емес еді. Сонымен қатар, көтерілістің Сыр аймағынан шықпауы және қазақ руларының өзара ортақ іс-қимылдарының үйлеспеуі себеп болды. Дегенмен көтерілістің жеңіліске ұшырауы оның тарихи маңыздылығын төмен түсіре алмады. Көрнекті тарихшы ғалым К.Есмағамбе-тов бағалағандай: «XVІ ғасырдан бастап түрік халықтарының мемлекеттерін бірінен кейін бірін жаныштап, шығысқа бет алған азуы алты қарыс империяға қарсы атқа қонудың өзі көтеріліске шыққан қазақтардың рухының биіктігін, оның басшысы Жанқожаның асқан батырлығын көрсетті». [Ел қорғаған Ер Жәкем. – Алматы: Денсаулық, 2008. – 384 б., 11 б].

Көтерілістің жергілікті қазақтарға әсер еткені соншалық, орыс билігін қабылдаған үлкен шекті руының старшыны Есет Көтібарұлының өзі де көтерілісті қайтадан жандандырмақ болып Хиуаға көшуге әрекеттенеді. Алайда, Есеттің соңына мықты бақылау қойған патша әкімшілігі оның алдын алып үлгіреді. [ҚРОММ. 382-қ., 1-т., 17-іс. 6 п]. Дегенмен Сырдария қазақтарының көтерілісінің қайталауынан қорыққан патша үкіметі 1858 жылы бүлікке қатысқан қазақтарға кешірім беретін жарлық шығарады. [ҚРОММ. 383-қ., 1-т., 44-іс. 6 п]. Бұл жарлық та көтерілістің бәсеңдеуіне септігін тигізген.

Көтеріліс аяқталған соң Жанқожа Әзберген бидің шақыруымен Дауқараға келіп, оған қосылады. Кейін Әзберген биге қарасақал-дардың биі Дабыл Бекчин де өз ауылымен көшіп барады. [ӨРОММ. 715-қ., 1-т., 21-іс. 270 п]. Осыдан кейін көтеріліс 1860 жылы да тоқтамай, сұлтан Бөрі, Жанқожа, оның ұлы Итжемес, немерелері Жанқұлы мен Жанмырза орыс билігіне қарсы әрекеттерін жалғастырған. Катенин 1860 жылы наурыздағы Ресей әскери министріне жазған хатында 1860 жылы жылдың қысында Жаңадария маңында старшина Елекей Қасымов-тың басшылығындағы әскерді Әзберген бидің көмегімен Жанқожаның талқандағанын көрсе-теді. [ӨРОММ. 715-қ., 1-т., 23-іс., 121-122 пп].

Көтерілісшілердің құрамында Жанғазы ханның туысқаны Бөрі сұлтанның жүруі наразылықтың кең сипат алғанын көрсетеді. Тонаушылықпен айналысқан Бөрі сұлтан Хиуадан қашып кетіп, Бұхараға барып паналап, онда да тыныштық таппай Қоқанға, кейін өзіне берілген адамдармен бірге Қызылқұмдағы керуендерді тонаған ол Қоқаннан қашып, қайтадан Бұхар ханына келіп, кешірім алады да, Ресейге баратын жолдағы Кекілік тау бекінісінің басшылығына тағайындалады. Бірақ, ақыры Ресейден қайтқан Бұхар елшілігін соққыға жыққан соң, Қызылқұмдағы Жанқожаға қосылады. Көтеріліс аяқталғаннан кейін Бөрі өзіне сенімді адамдарды жинап, Ресей иеліктерін шабуды қайтадан жалғастырмақ болғанда, патша әкімшілігі оны мықты бақылауға алып, мақсатын жүзеге асырмай тастайды. «Қазақтарды бүлік-шілікке бастамай тұрғанда оны мықты бақылауға алу қажет» - деп, Орынбор генерал-губернатор-лығынан Сырдария шебінің қолбасшысына нұсқау беріледі. Кейбір қазақ руларының билері көтеріліске тікелей қатыспаса да, 1860 жылы бұхарлықтармен келісе отырып, олардан арпаны көтере сатып алып, Сырдың сол жағалауындағы Перовскінің базарына арпа сатпақшы болған, басқа қазақтарды өткізбеген. Осылайша, олар орыстарды экономикалық жағынан қыспаққа алуға әрекеттенеді. [ҚРОММ. 382-қ., 1-т., 38-іс. 237 п].

Көтерілістің аяғы 1862 жылы 8 ақпанда №1 форттың маңына Жанқожаның немере інісі Жанмырза Ақмурзин келіп, патша әкімшілігіне өз еркімен берілгеннен кейін ғана барып тоқтайды. [Оспанов А. Жанқожа батыр. Алматы, 1992, 657 б. Ел аузындағы аңыз әңгімелер бойынша көтеріліс жеңіліс тапқаннан кейін Жанқожа сатқындық жасаған рубасылары мен елағаларына ренжіп, Дауқара жаққа, одан Бұхар хандығы жеріндегі Ерлер тауына жалғыз кетіп қалады. Ал екі жылдан соң, яғни 1860 жылы қайта оралып, Қызылқұмда жалғыз отырған Жанқожаны Патша үкіметінің жергілікті шенеуніктерінің тапсырмасы бойынша Елікей Қасымов бастаған казак отряды өлтіріп кетеді. 104 б].

Қорыта келгенде, Жанқожа батырдың өмірі және оның қазақ азаттық қозғалыстағы орны мен рөлін жария еткен еңбектер тек Қазақстанның тәуелсіздік алуымен байланысты баспа беттерінен жарық көруде. Алайда, оның қоғамдағы атқарған қызметі, халық алдында сіңірген еңбегі ғылыми негізде жазылған зерттеулер әлі де аздық етуде. Сондықтан жалғыз Жанқожа батырды ғана емес, сондай-ақ кешегі отаршылдық кезеңде Ресей патшалығының отаршылдық саясатына қарсы шығып, өз халқын тәуелсіздіктен құтқару жолына бүкіл ғұмырын арнаған жеке тұлғаларды зерттеп, оларды халық алында паш етіп, ғылыми айналымға енгізу кезек күттірмес іс болып табылады. Сонымен қатар тәуелсіздік алып, аяғынан енді ғана тік тұрып келе жатқан Қазақ елінің ұлттық идеологиясына мұндай еңбектер қажет-ақ.

Бауыржан Еңсепов,

С.Сейфуллин атындағы

Қазақ агротехникалық

университетінің аға оқытушысы,

 

тарих ғылымдарының кандидаты