Материалдар

БАЙҒАРА БАТЫР

Талай ға­сыр­ды басы­нан өткерген қазақ хал­қы­ның өмірі, тір­шілігі, ұлт­тық батыр­лары жөнінде орыс зерттеу­ші­лерінің ма­те­риал­да­рына сүйен­сек, келе­шек ұр­паққа үлгі бе­рерлік­тей жү­йе­лі жаз­ба жоқ. Сон­да да бол­са, ел үшін ерлік жасаған батырлардың есімі ұр­пақ­тан-ұрпаққа ауызша жетіп отыр. Сондай тарихи тұлғаның бірі - Байғара батыр Қожасұлы. Ендігі әңгіме осы Байғара батырға қатысты болмақ.

Байғараның арғы тегі Кіші жүздің Жақайым руынан Бердіңқұл болып тарайды. Ел іші емес пе, барлық уақытта Кіші жүздің балалары өзіне тартып, тарихи үлкен мәселелерді ауызбір­шілік­пен шешіп отырды деуге болмайды. Руішілік келіс­пеушілік өзара көп болғаны тарихи роман­дардың өзінде бой көрсетіп жүр. Әсіресе, Байғара батырдың болмысын анықтауда жазушы Ә.Кекіл­баевтің "Үркер" мен А.Сергеевтің "Петер­бор елшісі" атты шығармаларында айтулы мысал­дар көзге түседі. Байғара батырдың өзі 1701 жылы дүниеге келіп, әкесі жастайынан қайтыс болған соң бауырлары Баби мен Сырлыбайдың тәрбиесін алып өскен. Ал қалмақ­тарға қарсы Аңырақай шайқасында Бөгенбай, Ақша, Есет, Мойнақ, Баби, Сырлыбай, Байғара­лардың қатысқаны тарихи деректерден белгілі. Байғара батыр Сартай бастаған "Мың бала" қолының белсенді қатысушысы.

Батырдың туып өскен жері Арал ауданына қарасты Қарақұм өңірі, оның ішінде "Борсық құмы" болған. Ата-бабаларымыздың туып өскен Қарақұм өңірі малға бай, жанға жайлы өлке. Мұнда азаттық үшін, тәуелсіздік үшін арпалысқан бабаларымыздың тарихи іздері жатыр. Ал, енді Байғара батырға келер болсақ, Байғара өте күшті және жауына қатыгез болған. Байғара ұзын және мойнын еңкейтіп жүретіндіктен бүкір сияқты көрінетін, сондықтан оны бүкір Байғара деп атаған (А.Сергеев, "Петербург елшісі" повесті).

Байғара жөнінде ел аузында аңыз көп. Сыртқы сымбаты жағынан елден ерек батырдың айбаты да айтарлықтай көрінеді. Оның үстіне батырлығы, серілігі, ержүректігі ел арасында аңызға айналған. Баби өзінің қамқорлығындағы бір кісінің Шолпан есімді қызын Байғараға атастырып қояды. Алайда осы қызда Әбілхайыр ханның ұлы Нұралының көңілі бар екен. Хан баласы баса көктеп алуға Шолпанның қалың малы төленіп қойған екен. Ғашықтық дертіне ұшыраған Нұралы осыны кек тұтып, Байғараны күреске шақырады. Байғара осы күресте хан баласының жауырынын жерге тигізеді. Ашуға булыққан Нұралы бұған қарай қамшысын сілтемек болады. Бірақ Байғараның қуатты қолы оны қағып жібергенде қамшысы жерге түскен екен дейді. Міне, балаң жігіт болып қалған Байғараның батырлығы жастайынан көзге түседі. (Ә.Кекілбаев, "Үркер" романы)

Қазақ халқының тарихындағы үлкен маңызды оқиға, бұл - Қазақстанның Ресейге қосылуы еді. Мұндай үлкен жұмыс Кіші жүздің сол кездегі ханы Әбілхайырдың қолымен жүзеге асады. Әбілхайыр жөнінде әртүрлі деректер келтіріледі. Шын мәнінде: Аңырақай даласында болған ұрыстан соң, күллі қазақ жеріне иелік жасау жөнінде Әбілхайырдың көңіліне арман қалауы да ғажап емес-ті. Өйткені, батырлары да алғы шепте жүрді. Қазақтың өзге руларына үстемдік жасау негізгі мақсаты болғандықтан да орыс патшасынан бостандық сұрап, хат жазғаны дәлел болады. Бірақ ханның жасаған іс-әрекетіне Кіші жүз руларының би, батырлары келісе кеткен жоқ, керісінше қарсы болды. Солардың қата­рында ағалары Сырлыбай мен Баби бастаған Байғара да бар еді. Олар Әбілхайыр ханның түпкі ойын жазбай білді. Ал Әбілхайырдың қандай екенін тарихшы Боджер былай деп жазған еді: "Олар Әбілхайыр ханның қулығына, сұмдығына қарамас­тан берген антын сақтауға жігер-күші жетпейтін жан екенін білген еді. Оның анты да Шығыстың сұмдығы болатын. Сонда да болса патша үкіметі Әбілхайырға өз күшімен өктемдік алып беріп, сол арқылы қазақ халқына билік жүргізуді мансұқ етті". Осы сияқты пікірді орыс патшасының өкілі А.Тевкелеев те айтқан-ды. Әбілхайыр патшаның мұндай саясатына қарсы болған Кіші жүз арасындағы Байғара, Теке Баби, Сырлыбай, Баймұрат, Батыр, Барақ деген елдің бетке ұстарлары болды. Өз ханының патшаға қызмет етемін дегені олардың ашу-ызасын тудырды. Қатты шамырқанған Байғара батыр ақылдастық үстінде:

- Көп айтатыны жоқ, алдымен орыстың елшісін өлтіру керек. Қала берді, Әбілхайыр мен оның баласы Нұралының басын алу да менің қолымнан келеді,- дейді.

Алайда А.Тевкелеевтің төңірегіне патша әскерлерін жинақтап тастаған және жақсы қаруланған күшке тікелей шабуыл жасау қиын еді. Байғара соның бәрін біле тұра ажалға басын тігеді. 1731 жылдың 5 қарашасы күні Байғара қасына шағын қолын ертіп алып, Тевкелеевтің ставкасына шабуыл жасайды. Екі жақта қатты атыс, қан төгілген шайқас болады. Ешкімнің де беріскісі жоқ. Орыс әскерлерінде мылтық болатын, олар садақ пен басқадай қару түрлеріне оңайлықпен алдырмайды. Қоян-қолтық шайқас кезінде Таймас деген А.Тевкелеевтің немере інісінің оғынан Байғара дүниеден өтеді. Бұл сол төңіректегі Кіші жүз жігіттерінің намысына май құйғандай болады. Қайталама шабуылдан сақтанған А.Тевкелеев Әбілхайырдың қол астында отырып жүрегі шайлығып, бітімшілік іздеп жүрген кезі еді.

Тұрымтай кеңесін құрып, ақылдастыққа жиналған би, батырлар Байғарадай арысты артық сұраусыз жібермейтіндіктерін және батырды атқан башқұрттан құнын төлесін деген ақылға тоқтасты. Сонымен Мойнақ батыр ханның ордасына барып, "Байғара батырды атқан башқұртты артымызға өңгеріп берсін, немесе құнын төлесін" деген хабар жеткізіледі.

Осы аласапыран кезеңде қанына қарайған жігіттер бағуда тұрған А.Тевкелеевтің немере інісі Таймасты ұрлап кетеді. Істің насырға шауып бара жатқанынан сескенген А.Тевкелеев інісінің жаны қалардай болса, келісімнің қалаған түрінің бәріне қайлы еді. Оның үстіне ізіне түсіп алған Сырлыбай мен Баби екі күннің бірінде елші жіберіп, болғалы тұрған қанды қырғынның хабарын айтып зәресін ұшырумен болады. Екі жақты келісімге келтіруге Әбілхайыр ханның әйелі Бопай ханым араласады. Амалы таусылған Тевкелеев құн төлеуге әзір екендігін, бірақ қазақтарға қолды болған немере інісі Таймасты қайтаруын сұрап, хабар салдырады.

Келісім осылай болады. Сонымен екі жақ бітімге келіп, елші қарсы жақтың талап еткен құнын үш жүз қырық жеті сом елу тиын төлеп, ақшалай қайтарады. Қарсы жақ башқұрттардан тартып алып кеткен жылқылардың отыз бесін қайтарып, он бірін бермей қалды. Бірақ Тевкелеев ол он бір жылқыны даулаған жоқ (Ә.Кекілбаев, "Үркер" романы).

Ел азалап Байғара батырды алты арыс шектінің атынан Тебіренбес тауының маңындағы биік төбенің басына жерлейді. Ол жер қазір "Байғара" деп аталады. Байғараның артында қалған Атабай, Жанкелді және сарт Бабидің қолында тәрбиеленеді. Онан өрбіген ұрпақ­тардың жұрағаты - Арал ауданының Қарақұм өңірінде және Сыр бойында өмір сүріп жатыр.

Арғынбай Асанбаев