Материалдар

ТОЛЕРАНТТЫЛЫҚ ДИАЛЕКТИКАСЫ

Деспотизмге, тоталитарлық жү­-й­е­ге негізделген қо­ғам­дық қатынас­тарда таптық, сос­ло­виелік жікке бөлу адамдарды бір-біріне қарсы қоюға, шеттетуге негізде­леді. Кейбір билеу­ші­лер халықтың еңбегін, елдің бай­лығын меншік­теп қана қоймай, елдің ақыл-парасатына да билік жүргізгісі келді. Оған да қана­ғат­танбай, шет елдердің жерін, байлығын, мә­дени мұрасын жаулап, өз айтқанымен жүргі­зуге ұм­тылды. Күні бүгін де демократияны бүр­ке­ме­леп, бөтен елге өз идеясын, көзқарасын, өлшем­дерін күшпен таңу саясаты орын алып отыр. Бө­тен ойды шеттету адамзат тарихында талай-та­лай билеушілерге тән болған. Себебі, олар бас­қаша ойлайтындарды мойындау өздерінің билі­гіне, беделіне шек қояды да, өздеріне тең, тіпті ар­тық ақылдың, беделдің бар екенін білдіреді деп са­на­ған. Сондықтан дербес пікірі бар қайрат­керден, дарынды ойшылдан, ғалым, жазушы, ақыннан дарынсыз билік үнемі қорыққан, себебі ақ­ын, ойшыл оның келеңсіз істерін әшкере етеді. Көп­теген ұлылардың кезінде өз туған елінде лайықты бағасын ала алмауы да осыдан.

Еркін ойды қудалау, тура пікірді шеттету талай мем­лекеттің түбіне жеткен. Тарихта билікке той­маған патша, император қол астындағыларды күш-қайраты мол еркін азамат емес, айтқанын екі етпейтін роботқа айналдыруға тырысқан. Аза­мат­тық, ұлттық сана бұл тұста көмескіленіп, ха­лық топас бола бастайды. Пікірсайыстың, сөз бостандығының жоқтығы халықты рухани жағы­нан әлсіз ете береді. Ауру адамның соңғы демі тау­сыл­ғанша емделуге тырысатыны сияқты, әлсіз ел билеуші де мемлекетті құлатпауға тыры­са­ты­нын, бірақ түптің түбінде ондай мемлекет күй­рей­тіндігін Кеңес Одағының тарихы мен ақыры көр­сетті.

Өз халқын жек көретін адам аз. Бірақ жабы­лып, өз елін, қандастарын, билікті тек мадақтай беру де отансүйгіштіктің, патриотизмнің өлшемі емес. Сондықтан Англия елінде үкіметтің билік пұр­са­тын теріс пайдаланушыларды сынауды патриотизм деп бағалайды. Ағылшын жазушысы Бернард Шоу "Дені сау ұлт өз атын өзі шақырған көкектей кеуде қақпаса керек, дені сау адам өзінің ет пен сүйектен жаралғаны туралы ойлай бер­мей­ді ғой",- депті.

Саяси мәдениеті жаңа қалыптасып келе жатқан біздің мемлекетімізде саяси толеранттық сана орнығып болды деп айту ертерек сияқты. "Бізде демократиялық мәдениеттің терең дәстүр­лерінің жоқтығы, еркіндікті ойыңа келгенді істеу­ге болады деп түйсіну елді тұрақсыздыққа ұрын­дыруы, біздің болашаққа арналған барлық жос­парларымызды белінен басып, өзімізді алысқа кері серпіп тастауы әбден мүмкін екенін мойын­дау­ымыз керек",- деді Нұрсұлтан Әбішұлы Назар­баев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында.

Мемлекет басшысының бұл пікірін Демокра­тия­лық реформалар бағдарламасын әзірлеу және нақтылау жөніндегі мемлекеттік комиссияның отыры­сында: "Сіздерді бірден өзара толерант­тылық пен сындарлылыққа шақырғым келеді. Тек солай ғана - консенсус пен өзара түсіністік арқы­лы нақты нәтижелерге қол жеткізу мүмкін бола­ды" деген тұжырымы нақтылай түседі. Демек, толе­рант­тылықтың егіз сыңары ретінде сындар­лылықты атаған жөн.

Біздің жас мемлекетіміз алғашқы күннен бас­тап, екі қауіптен сақтанды: бір жағынан, шексіз, ав­то­ритарлық биліктен, екінші жағынан, әлсіз, әл­жуаз мемлекет болып қалудан. Осы екі пәленің ал­дын алып, аман келе жатырмыз. Оппозиция билік тармақтары "тежемелік және тепе-теңдік қағи­датына негізделе алмай келеді" деп сынайды, атқа­рушы билікке басқа да айып тағып бағуда.

Біздің жас оппозицияның еркіндікті өзімшіл­дікке, тіпті еркіндіктің бой бермейтін үстемдігіне айнал­дырғысы келетіні байқалады. Либера­лизмді әлсіздік деп түсінеді. Президенттің Жол­дауында "біз демократиялық дәстүрлерді дамы­тумен бірге оны қорғаудың жеткілікті қатаң жүйе­сін қарастыруымыз керек" деген ойына оппози­ция күдік туғызуға тырысты. Әрине, соңғы кезде оппозицияның белгілі өкілінің қайғылы қазаға ұшы­рауы алаңдаушылық туғызды. Қауіпсіздікті қам­та­масыз ететін қызметкерлердің азаматтарға қия­нат жасауы қанымызды қайнатады. Осы қыл­мысты істі заңнама талаптарына сай тергеп, ащы да болса шындыққа елдің көзін жеткізу - толе­рант­ты ахуалды орнықтыра түсудің жолы. Бірақ қуатты мемлекет демократияға қауіп төндіреді, әкімшілдік-әміршілдік жүйені қайта жаңғыртады деу­ге негіз жоқ. Қылмысқа қарсы тұру, елдің саяси тұрақтылығын қамтамасыз ету, оппози­ция­ны да қорғау қуатты мемлекетті қажет етеді.

Толерантты ахуал қалыптасқан елде билік пен оппозиция жиі орын ауыстырып жатады. Үкімет­ті көп сынайтын парламент спикері премьер-ми­нистр болып, парламентпен келісе бермейтін пре­мьер спикер болып жатады, сол сияқты ми­нистрлер депутат болып, депутаттар министр бо­луы да жиі кездеседі. Айналып келгенде, елді екіге бөліп, "біз" бен "олар", біреуі баррикаданың ар жағында, біреуі бер жағында деу қауіпті. Билік басындағылар ауысқанмен ақыр заман болмай­ды, ел қорғаусыз, жетім қалмайды. Ондай психо­ло­гия тек жеке басқа табынған елде ғана болады. Саяси реформалар бүгін парламент төрінде қай пар­тия өкілдері көбірек депутат болып отыру­ында емес, ел халқының саяси, құқық санасын тәрбиелеуде, оның жауапкершілігін қалыптас­тыруда жатыр.

Толеранттылық сананың прагматикалық қы­ры да бар. 1985 жылы Пекинде Тяньаньмэнь алаңын­да қытай студенттерінің қаны судай ақты. Бұл оқиға көптеген елдерде, әсіресе АҚШ-та ашу-ыза туғызды. Бірақ Қытай басшылары: "Демок­ратия деген нақты тарихи ұғым, 1 млрд. 300 млн. халық толқыса, бүкіл жер жүзіне өзінің жағым­сыз ықпалын тигізер еді, біз аз шығынмен жағ­дайды тұрақтандырдық",- деді. Көрші елден бізге, Қазақстанға 20-30 млн. босқын келсе, бізді өзде­ріне тез сіңіріп алар еді де, біз ұлттық болмы­сымыздан айырылар едік. Америкалық саясат­танушы Роберт Даль: "Цена репрессий иногда бывает выше, чем цена свободы" деген екен. Осы мысалмен біз тіпті де репрессияны жақта­-й­ық деп отырған жоқпыз, шексіз еркіндіктің жоқ­ты­ғын, толеранттылықтың жағдайға байланыс­ты мәжбүрлік сипатталатындығын, бүлікке емес, бірлік­ке бейімділігін айтқымыз келеді.

Толеранттылық туралы ой қозғағанда біз дін­ара­лық қатынастарды айтпай кете алмаймыз. Қазақ жерінде ислам және басқа да діндер кеңес за­ма­нын­да қудалауға ұшырады, мешіттер қира­тылды, діни әдебиет өртенді. Дін қызметкерлері жаңа демократиялық заманға енді-енді бейімде­луде, халықтың рухани талаптарын толық дең­гей­де қанағаттандыра алмай жүргені де белгілі. Бұл олардың кінәсі емес, өткен заманның оспадар­лығы.

Жаһандану әлемді біртұтас қауымдастыққа ай­нал­дырып, "өзім" мен "өзгенің" мәнін өткір қой­ып отыр. Егер бұрын "бөтен" қолжетпес алыс­тағы жұмбақ, шет болып көрінсе, бүгін "бөтен" біздің өмірімізге басып енді. Соның бір көрінісі - шетелдік діни конфессиялардың елімізге ағылып келуі.

Шетел діни конфессияларының ықпал жасау тех­но­логиясы бізге таныс емес, біздің дәстүріміз, тари­хымыз, тіпті заңдарымыз оларға жат. Олар­мен үйлесім табу бізге де қиын. Оларды жау деп қарау да дұрыс болмас, дос деп айтуға да асығыс.

Олардың қаржысы мол, нарықтық экономика жағ­дайына бейімделген, бұқараның психо­логиялық ерекшеліктерін меңгерген және өздерін жар­намалай да біледі. Сондықтан діни сауатсыз, атеистік идеологияның ығынан шығып болмаған біздің халықты діни секталар өз ықпалына түсі­руде. Шындығын айтсақ, тәуелсіздікпен келген де­мок­ратияның жемісін шетелдік діндер пайда­ланып кетті. Олар үгіт-насихатқа өте бейімді, аң­қау елдің отбасына, мәдениетіне жік салып жа­тыр. Барлық діни секталар мейірбан, шапағат әке­леді деуге келмейді. Тек ұлттың болмысымен, на­ным-сенімімен, мәдениетімен, дүниетанымымен берік, тығыз байланысқан дін ғана өміршең. Ұлт діннен қуат алып, дін ұлттан қолдау тапқанда ғана дін ізгілік дарытады. Бүгінгі шетелдік діни бірлес­тіктердің басты мүддесі біздің жастарды кемел­ділікке емес, батыс құндылықтарын санаға сіңіру үшін қызмет жасап жатыр. Сондықтан дін­аралық қатынастарда толеранттылықтың да, бай­салдылықтың да шегі бар. "Менің дүние-мүл­кіме қол сұққан адам қандай қылмыс жасаса, ме­нің ар-намысыма, ұлтымның жан-дүниесіне, сеніміне, имандылығына ақшамен, жалған ақпа­рат­пен қол сұғу сондай қылмыс" деген қағиданы барлық діндер ұстанады.

Толеранттылық идея сырт көзге қарайып кө­рін­генімен, шындығында, жай төзімділік қана емес. Ол өмір талабынан туып отыр, әр түрлі сал­дарға апарып соғады. Өзінен бөтенге, дербес пікі­рі бар, өзге тілде сөйлейтіндерге, бөтен дінге жа­та­­тындарға, бөтен құндылықтарды мойын­дай­тындарға деген ашу-ыза, төзімсіздік кектесу­шілікке айналады. Ол жеке адамнан бастап, ұлт­тарға, дінге, мемлекеттерге қауіп төндіреді. Де­мок­ратия - ол тек еркіндік қана емес, ол ісі мен сөзіңе деген жауапкершілік, өзіңді-өзің билей білу. Ой­лан­бай айтылған сөз оқтан да қауіпті. Толе­рант­тылық ой-пікіріміздің, наным-сеніміміздің шек­тілігін, әрқайсымыздың да қателесуімізге "құқымыздың" барлығын мойындатады. Тату­лықсыз, келісімсіз демократияның мүмкін емес­тігі секілді, демократиясыз, еркіндіксіз татулық мүмкін емес.

Елімізде ұлтаралық татулықтың салтанат құруы - біз мемлекеттің негізін құрайтын қазақ халқының саяси мәдениетінің биік деңгейге көтерілгенінің белгісі. Біле білсек, толеранттылық - үлкен құндылық. Мұны тәуелсіздікке қол жеткізген 20 жылдағы маңызды жетістігіміз десек артық айтқандық болмас еді. Қазақстандағы поли­эт­никалық қоғамда негізінен екі мәдениеттің үстемдік құрып отырғаны белгілі. Біріншісі, сөз жоқ, қазақ мәдениеті. Бұдан кейінгі орында орыс мәдениеті тұр. Дәл қазір өзге ұлт өкілдерінің діні мен салт-дәстүрін жаңғыртуға барынша жағдай жасалған. Осындай ынтымақты тірлікке дүние жүзінің көптеген елдері қол жеткізе алмауда. Керек десеңіз, Қазақстан - Орталық Азия­да ұлта­ра­лық татулықты сақтап, алауыздыққа жол бер­меген жалғыз ел. Бүгінде кең-байтақ қазақ же­рінде 11 тілде жастарға тәлім беретін мектептер жұ­мыс істейді. Біздің билік мұндай білім ошақта­рының барлық шығынд­арын көтеріп отырғаны белгілі. Осыдан-ақ еліміз­дегі өзге ұлт өкілдеріне қан­­дай жағдай жасалғанын бағамдай беруге бо­ла­ды. Сондай-ақ, мұндай мектептер өзге ұлт өкіл­дері жаста­рының қазақ тілін оқып-үйренуіне не­гіз болып отырғанын тілге тиек ете кетуіміз ке­рек. Бұдан басқа ел аумағында 13 тілде түрлі радио­­хабарлар тарайтыны белгілі. Бұны үлкен жетістік деп айтуымызға қақымыз бар.

Қазіргі таңда өзге ұлт өкілдері Қазақстан хал­қы Ассамблеясының маңайына топтасып, өзінің салт-дәстүрі мен мәдениетін дамытуда. Өз ба­сым Ассамблеяны Қазақстанның әлемдік қау­ым­дас­тық­қа ұсынған "ноу-хауы" деп есептей­мін. Мұны елімізге келіп, қоғамдық-саяси жағ­дай­ды сараптаған саясаттанушылардың өздері де айтып жүр­гені белгілі. Тәуелсіздікпен бірге есей­іп келе жатқан Ассамблея еліміз үшін үлкен мән-мағы­наға ие. Бүгінде қоғамдық институтқа респуб­лика бойынша 820 мәдени орталық мүше. Қой үсті­не бозторғай жұмыртқалаған бүгінгі өмірі­­міз дүниежүзіне үлкен үлгі-өнеге болып отыр­ғаны даусыз. Қазақстандағы қоғамдық-саяси жағдай­ды сараптаған адам қазақ жерінде қан­дайда бір ұлтқа қатысты ксенефобиялық көз­қарастың жоқ екенін бірден байқайды. Қазақ хал­қы Кеңес Ода­ғы тарапынан аштық пен репрес­сияның тауқы­метін көп тартқан ел. Бірақ біздер КСРО-ның заң­ды мұрагері Ресейге қарсы ешқан­дай өшпен­ділік пиғыл танытпадық. Ал басқа елдерде мұн­дай жағдай керісінше сипат алғанын көзі­міз көрді. Іргеміздегі Ресейдің өзі әлі күнге дей­ін Кавказ бен Орталық Азияның кейбір халықта­рына қатысты жа­ғым­сыз көзқарастан арыла алмай отыр. Өрке­ниеттің шыңына шықты деген Францияның өзінде Ислам дініне қатысты қайшылықты көзқарастар туындап, үлкен мәсе­леге айналып отырғаны жасырын емес. Осын­дай жайттарды еске алғанда еліміздегі қа­лып­­тас­қан толерантты қоғамның мәні мен маз­мұ­нын же­те түсіне бас­тай­­сың.

Алдағы уақытта толеранттылық біздің халқы­мыз­дың күнделікті өмірінің дағдысына, дәстүріне айналуы керек. Сондай-ақ, біздер толерантты қо­ғам арқылы ұлттық болмысы­мызды жойып ал­мау­ға баса мән берген жөн. Қайта керісінше, толе­рантты қоғамды пайдаланып тілдік, ұлттық ба­сым­­­­ды­лыққа жетудің жолдарын қарастыр­ға­ны­мыз абзал. Сонда біздің ұпайымыз түгел бо­латыны белгілі. Толеранттылық бізді ассимилиацияға тү­сір­меуі тиіс. Сондықтан мем-лекеттік саясатты ба­рын­ша айқындап алуымыз шарт. Сонда ғана то­ле­ранттылық біздің мақсат-мүддемізге жұмыс іс­тей­тін болады. Өз басым 10 мың әні, 5 мың күйі бар қазақ мәдениеті ешқашан жойылып кетеді деп ойламаймын. Өйткені, қазақ мәдениеті әлем­дік өркениеттің бір пұшпағы болып саналады. Ке­ле­шекте мәдениетіміз адамзат өркениетінің азы­ғына айналуы керек. Кезінде тілші ғалым­дары­мыз қазақ тілінің 15 томдық түсіндірме сөздігін жа­сап шығарғаны белгілі. Білген адамға бұл - үл­кен байлық. Алдағы уақыт­тарда қазақ тілін дамыту үшін осы түсіндірме сөздікті қайта басып шығар­сақ орынды болар еді.

Қазір телеарналарда орыс тілді дикторлардың қазақ тілінде хабар жүргізетін жақсы үрдісі қалып­тасты. Алдағы уақытта осындай маңызды баста­маларды Ассамблея мен орыс тілді мектептер іліп әкетіп, дамытуы керек. Бүгінде Елбасының тап­сыр­масымен орыс тілді мектеп­терде қазақ тілін оқы­татын оқу бағдарламалары күшейтіліп жатыр. Көздеген меже бойынша 2020 жылы еліміз­дің мек­теп бітірушілері қазақ тілін білуі басым бағыттардың біріне айналып отыр. Сон­дай-ақ, 2017 жылы Қазақстанды мекендей­тін халық­тар­дың 80 пайызы қазақ тілін білуі тиіс. Қазір бұл бағыт­тағы жұмыстар қызу жүріп жа­тыр. Егер біз­дер бас-көзге қарамай, өзге ұлт өкіл­де­ріне қазақ ті­лін үйрету үшін қатал шараларға барғанымызда, еліміздің ішкі және сыртқы саясатына зор нұқсан келетін еді. Сондықтан ұлттық, тілдік мәселелер өте нәзік дүние екенін естен шығармауымыз ке­рек. Тіл - халықтың қор­ға­ны. Алдағы уақытта мем­лекеттік тілді білмейтін азаматтар, қазақ тілі­нің тұғырына қонуын қоғам­дық қайшылық деп қарамау керек. Өйткені, қазақ тіліне қатысты мә­селе кеше-бүгін ғана туындаған жоқ. Бұл мә­селе Кең­ес заманында да өзектілігін жоймағаны бел­гілі. Сондықтан біздер толерантты қоғамға арқа сүй­еп, тіл мәселесін түбегейлі шешіп алуы­мыз керек.

Қазіргі таңда мемлекет құраушы қазақ ұлты­ның менталитетінде терең тамыр жайған толе­рант­тылық қасиеті Қазақстанда ұлтаралық бей­біт­шілікті қамтамасыз етудің негізі болып табы­лады. Бұл қасиет бір күнде қалыптасқан жоқ. Ұлт мінезін, дүниеге көзқарасын, рухани ұстаным­да­рын сипаттайтын белгілер ғасырлар, тіпті мың­жыл­дықтар бойы орнығу үдерісінен өтеді. Осы тұрғыда "қазақ менталитетіндегі толерант­тылықтың бастаулары қайда жатыр?" деген заң­ды сауал туындайды. Қазақ толерант­тылы­ғының қайнар көзі оның тұрмыс-тіршілігінде жатты. Күрделі әрі сынақтарға толы көшпелі ғұ­мыр әр-бір қазаққа өзара әрекеттестіктің, жәр­дем­де­судің маңыздылығын жоғары етті. Тұрмыс қажет­­тіліктері адамдарды еңбегіне, амалдарына сай бағалауды басты орынға қойды.

Екіншіден, қазақ толеранттылығының қалып­та­суы­на географиялық фактор үлкен ықпал етті. Үл­­кен аумақ, ландшафтардың сан алуандығы көш­­пен­ді қазақ өрісінің кең болуына, қозғалыс пен бейімделудің жоғары деңгейіне әкеліп, көрші­лес халықтармен мәдени-тілдік, әлеуметтік, эко­но­ми­калық және саяси байланыстарды белсенді әрі жеңіл орнатуға мүмкіндік берді. Қазақтар қор­ша­ған ортаны өз қалпында, теріс сенімдерсіз қа­был­­­дады.

Үшіншіден, қазақтар - өзіне түрлі халықтар мен түрлі мемлекеттердің өкілдерін жинаған син­к­рет­тік тектегі халық. Сақтар, ғұндар, үйсіндер, қаң­лылар, түркі қағанаттары, оғыз-қыпшақтар, керей-наймандар, моңғолдар және т.б. қазақ хал­қы­­ның қалыптасуына ықпал етті. Бұл жағдай қа­зақ­­­тардың ашықтығына, өзге ұлттармен қаты­нас­­тарға еркін түсуіне мүмкіндік беріп, өзгешелік­ке түсіністікпен, шыдамдылықпен қарау дағды­сын тарихи жадыда орнықтырды. ХІХ ғасыр ая­ғы мен ХХ ғасыр басында қазақ жеріне Ресейдің іш­кі аймақтарынан шаруалардың жаппай көші­рілуі және кейінірек немістердің, кәрістердің, по­ляк­тардың, еврейлердің, кавказ халықтарының және т.б. жер аударылуы жағ­дайын­да қазақтар­дың өз тұрмысының қиындығына қарамастан, атал­­мыш халықтардың өкілдерінің барлығына қол ұшын созғандығы жоғарыдағы ойымызды қуаттайды.

Төртіншіден, ең маңызды фактордың бірі ислам болды. Исламның зор адамгершілік әлеуеті қазақ дүниетанымының арнасын кеңейтіп, жаңа руха­ни бағдарлар әкелді. Адам өмірін басты құнды­лық ретінде таныған, өзге дін өкілдеріне түсініс­тікпен қарауға, көршімен тату болуға үнде­ген дін қазақ жүрегінен берік орын алды. Соны­мен қатар дінде зорлықтың болмауын басты орын­ға қойған ислам діні адамдардың ұлт-нәсіл­дерге бөлінуін олардың бір-бірін жақсы тануы үш­ін жасалды деп түсіндірді. Осындай мәндегі тұжырымдар ислам мен қазақ ұлттық дәстүрінің үндесуіне жол ашты. Сөйтіп, жоғарыда аталған факторлардың ықпалымен қазақтың қоршаған әлемге, өзге адамдарға қатынасын сипаттайтын өзіндік ұстанымы, ұлттық мінезі қалыптасты. Және сол мінездің, қасиеттің өзегіне толе­ранттылық жатады. Ал сол толеранттылықты құрайтын негіздерге келетін болсақ, олардың қатарында қонақжайлылықты, балама пікірге деген құрметті атап өтуге болады.

Жоғарыда атап өткендей, көшпенді өмір жағдайында әлеуметтік өзара көмек қағидаты аса маңызды орын алды. Көшпенді қазақ үшін қонақ ақпарат иесі болатын. Сонымен қоса, қонақ­жайлылық институты әлеуметтік қауымдастықты сақтаудың, оның ішкі байланыстарын бекітудің ең сенімді жолына айналды. Қонақтың әлеуметтік статусына қарамастан, үй иесі оған тиісті дәрежеде құрмет көрсетті. Қонақ қауіпсіздігі үй иесі тарапынан толығымен қамтамасыз етілді. Моноэтникалық, көшпенді жағдайда қалыптасқан бұл дәстүр күштеп отырықшыландыруға, өзге этностардың қазақ жеріне жер аударылуына қарамастан, өз өміршеңдігін жоғалтпады. Ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келген үлгі қала мәдениеті жағдайында бірсыпыра өзгерістерге ұшырағанымен, өзегі сақталынып отыр. Ал, ауылдық жерлерде қонақжайлылық дәстүрі әлі де болса өз қалпында.

Балама пікірге деген құрмет "дат!" қағи­дасынан айқын көрініс тапты. Дала демок­ратиясын сипаттайтын аталмыш қағида қазақ қоғамындағы тұлғаның еркіндігін, құқық­тарының теңдігін бекітті. "Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ" деген ұстанымды басшылыққа алған әрбір қазақ кез келген жиында өз пікірін ортаға салудың, басшыға ойын ашық жеткізудің кең мүмкіндіктерін иеленген еді. "Дат!" қағидасы аясында пікірлердің алуандығын мойындау, кез келген тұлғаның ұстанымдарына шыдам­дылықпен қарау дағдылары әрбір қазақтың санасына орнықты. Биліктегілер мен қарапайым халық арасында дүниетанымдық, тілдік тұрғыда айтарлықтай айырмашылықтың болмауы өзара түсіністік дәрежесін жоғары етті.

Б. Қожамберлиев,

"Өрлеу" БАҰО" АҚ Қызылорда облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының кафедра меңгерушісі, философия ғылымдарының

 докторы, профессор

 

Қызылорда қаласы