Материалдар

ЕЛІН ҚОРҒАҒАН ЕРЖҮРЕК БАТЫР

Кешегі Ұлы Отан соғысын­да қазақтардың қалай шайқас­қаны, ұлтымыздан аты аңызға айналған қаншама батырлар шық­қаны бүгінгі ұрпаққа үлкен мақтаныш. Жан алып жан бе­ріс­кен бұл зұлмат соғыста Кеңес­тер Одағы 30 миллионға жуық адамнан өлідей-тірідей айы­рылды. Майдан даласында миллионнан астам Қазақстан сарбаздары көз жұмды, шейіт болды. Осы соғыста етігімен су кешкен 11 мыңнан астам Кеңес жауынгерлері ерен ерліктің үлгісін көрсетіп, Кеңестер Ода­ғы­ның Батыры атанса, соның 98-і қазақ ұлтының ұлдары еді. Сол өмір мен өлім арпалысып, сын таразысына түскендердің ара­сында 98 қазақ батырының бірі, бұл күні көзі тірі болғанда жа­сы 100-ге келетін асыл аға­мыз, жерлесіміз Үрмаш Түкті­баев болатын. Үрмаш Түктібаев 1917 жылы Қызылорда облы­сы­­ның Қазалы ауданында ту­ған. КПСС мүшесі. Қызыл Ар­мия қатарына 1941 жылы 17 та­­мыз­да шақырылған. Қатар­да­­ғы жауынгер Үрмаш Түкті­ба­ев­қа КСРО Жоғарғы Кеңесі Пре­зи­диумының 1945 жылғы 24 наурыздағы Жарлығымен қаза тап­­­қаннан кейін Кеңес Одағы­ның Батыры атағы берілді.

Үрмаш Түктібаев өзінің сол­дат­тық өмірін Ұлы Отан со­ғы­сы­­ның алғашқы айларында Қазақстанда ұйымдасты­рыл­ған 391-атқыштар дивизиясын­да бастады. Ержүрек пулемет­ші, ал кейіннен пулемет бөлім­ше­­сі­нің командирі Түктібаев төрт рет жараланып, сонда да қа­­тар­ға қайта қосылып отырды. Қы­зыл жұлдыз орденімен наг­рад­­талды. "Қызыл Жұлдыз" ор­де­нін алған жігіт майданда Ком­­­мунистік партия қатарына қа­был­данды.

Советтік Латвияны азат ету үшін болған ұрыстарда Үрмаш Түктібаев ерлік көрсетті.

1944 жылы 16 шілдеде құра­мында 391-атқыштар дивизия­сы бар 2-Прибалтика майданы әс­кер­лері дұшпанның ұзақ уа­қытқа созылған қорғанысын бұ­­­зып өтіп, латыштардың бай­ыр­­ғы жерін гитлершіл қаныпе­зерлерден азат ете бастады. Ми бат­­пақ пен ну орманды алқап­тарды басып өтіп, кеңес жауын­гер­лері барған сайын ілгері жыл­жи берді. 391-атқыштар диви­зиясының бөлімдері мен бө­лімшелері Резенке (Режица) қа­ласы үшін қиян-кескі ұрыстар жүр­гізді. Қанды шайқас екінші тәулікке ұласты. Пуле­мет­ші Түк­ті­баев­тың бөлімшесі 1280-ат­қыш­тар полкінің жауын­гер­ле­рі дұшпан­ның артил­ле­рия мен мино­меттен қарша боратқан оғы астында жа­тып қалуға мәж­бүр болды.

Осы бір шай­қас­тың қиын сә­­тін­­де дала батыры фашистер­дің нө­сер­леткен оғы арасынан атыла ұм­ты­лып, атыс позиция­сы­на пу­ле­ме­тін қондырды да, қар­сы шабуыл­да­ған жауды көз­деп атқылай бас­та­ды. Фашис­тер пулеметшінің тұ­сы­нан ай­на­лып өтіп, оны тірілей қолға тү­сір­мек бол­ды, ал Үрмаш сон­да да тайсал­ма­стан жиырма не­міс­­пен жеке айқасқа түсті. Пу­ле­метшінің атыс орнына жан-жағынан неміс автоматшылары жақындап келіп қалды. Авто­мат­тар үн шығармады, тек қана: "Беріл орыс!" деген ащы айқай естілді. Үрмаш дүркін-дүркін дәл­деп оқ атумен жауына жауап берді, бірақ патроны таусылды. Фа­шистер масаттана айқайлап, үні шықпаған атыс орнына тура бас салды. Батыр гитлершіні де сұлатып түсірді. Күші тең емес осы айқаста қазақ жауынгері жау­дың жиырма солдатын құр­тып, ерлерше қаза тапты. Үрмаш Түктібаевті жол­дас­тары Режица қаласы ала­ңын­дағы бауырластар зиратына құр­метпен жерледі.

Октябрьдің құрдасы, Ок­тябрь­дің ұлы жеңіс­тердің қор­ғаушысы асыл азамат Отан ал­дын­дағы өзінің борышын өтеді. Қазалы ауданындағы сол кездегі Карл Маркс атын­дағы совхоздың орта мектебіне ер­жүрек батыр­дың есімі берілді.

Халық ақыны Нұрсұлтан Жұбатұлының "Май­данға хат" және "Майданнан хат" өлеңдері Үрмаш Түктібаев туралы жа­зыл­ғанын халық кейін түсінді. "Майданға хат" батыр­дың аты­нан жазы­лыпты. Со­ғыста қан кешіп жүрген бала­сына ана­сы­ның айтқан ақылы мен өсиеті кез келген адам­ның аузынан шы­ға қоймас. Үрмаш­қа дем бер­­ген, оны жанкеш­тілікпен қар­сы тұруға рух­тандырған да асыл ананың сөзі болар. Үрмаш та аяу­лы анасы­ның айтқанын екі етпей, қасық қаны қалғанша ата жауымен айқасты. Айқас­қаны сол, бар күшін сарқып, Отан үшін отқа түсті, оққа ұш­ты. Оның сұра­пыл соғыстағы ерлігі өзге де жау­ын­­герлерге өнеге болды. Үрмаш осылай­ша батыр ба­баларымыздың ерлік жолын жалғасты­рып, өзі­нің ғана емес, елінің де атын шығарды. Қазақ деген қайыс­пайтын қайсар халық екенін дәлелдеп кетті...

Оның соғыстан соң ұзақ жылдар бойы белгі­сіз болып кел­гені де кейіннен белгілі болған. Лат­вияның Лудза ауда­нында Бауырластар зиратына жер­ленген жерлесіміздің аты Үрмаш емес, Ор­маш болып жазылғанын барып көрген жер­лес жа­зу­шы, бұрынғы Қазалы аудандық партия ко­ми­тетінің қызметкері Ә.Әлішев батыр­дың бауырластар зира­тын­дағы аты мен әкесінің атын түзетуге ерекше еңбек сіңіргенін айтқан аб­зал. Сөйтіп жат жерде жатқан "Ормаш Тутебаев" Үрмаш Түктібаев болып ортамызға қай­та орал­ды. Ол туралы Әлмамбет Әлі­шевтің "Батыр бо­лып тумайды" атты повесті жарық көріп, латыш ті­­лі­не аударылды. Қазақ халқы, кейінгі ұрпақ қаза­лы­лық батыр Үрмаш Түктібаевты осы кітап ар­қы­­лы таныды десек артық емес. Қазіргі таңда Қы­­зылорда об­лыс­тық тарихи-өлкетану му­зейінің "Қызы­лорда облы­сы Екінші дүние­жүзілік со­ғысы жыл­дарында" атты за­лында қызылордалық Ке­ңес Одағы­ның батырла­рына ар­налған экспо­зи­ци­яда Үрмаш Түкті­баевтің есімі алтын әріппен жа­зу­лы тұр.

Е.Әбілқасымқызы,

Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану

 

музейінің бөлім меңгерушісі