Материалдар

«ЖҮРЕК ЖЫЛУЫ» ФЕСТИВАЛІ БАЛАЛАРҒА ШАТТЫҚ СЫЙЛАДЫ

Әр адамның тағдыры әрқилы. Біреулер Алла бер­ген бақыттың, денсаулықтың қадірін біле бер­мейді. Екінші біреулер мынау шулы дүниені өз құлағымен естуге, өз көзімен көруге өмір бойы зар болып өтеді. Бірақ осы соңғы топқа жататындар әлсіз емес, күй­реуік емес. Көз жанары сау адамнан артық көреді, құлағы күндік жердегі дауысты еститін­дерден әлде­қайда бұрын шалады. Бұлар жайлы "көкірек көзінің саңылауы бар" дейді дана халқымыз. Бұған неміс халқының ұлы композиторы көру қабілетінен мүлде айырылған Моцарт пен қазақ халқының сыршыл композиторы Садық Кәрімбаев­тың тағдырлары мы­сал бола алады.

Жуырда қаладағы А.Тоқмағамбетов атында­ғы мәдениет үйінде облыс әкімдігі мен облыс­тық мәде­ниет архивтер және құжаттама басқар­ма­сының қолдауымен облыстық халық шығар­машылығын дамыту және мәдени-про­дю­серлік орталығының ұйымдастыруымен мүм­кіндігі шектеулі балалардың VII облыстық "Жүрек жылуы" атты өнер фестивалі жоғары деңгейде болып өтті.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назар­баевтың үстіміздегі жылы жарық көр­ген "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" атты мақа­ласында "Туған жерге оның мәдениеті мен салт-дәстүріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу - шынайы патриотизмнің маңызды көріністе­рінің бірі. Бұл кез келген халықты ән­шейін біріге салған қауым емес, шын мәніндегі ұлт ететін мәдени генетикалық кодының негізі" деп айтылғанын жақсы білеміз. Сондықтан бұған ең әуелі қолдау көрсету мүмкіндігі шектеулі балалар өнерінен басталғаны жөн болған тәрізді. Бұл шараға аймақтың Арал, Жалағаш, Сырдария, Қазалы, Шиелі және басқа ауданда­рынан 200-ге тарта өнерлі балалар қатысты. Олар байқау ере­жесі бойынша қол­өнер, көр­кем­сурет жанрла­рымен қатар ән және халықтық орындау, би, көркем сөз оқу аталым­дары аясында өз өнерлерін ортаға салды. Кезекті фестивальге жиналған мүмкіндігі шек­теулі балалар өнерін тамашалау әуелі олардың қолы­нан шыққан алуан түрлі бұйымдар мен кескін­демелер, суреттерден басталды.

 

Мүмкіндігі шектеулі балаларды көрмелерінің арасынан әсіресе №7, №6, №2, №1 облыстық ба­ла­­лар­ды оңалту орталықтарынан, Сырдария, Шие­­лі аудандарынан келген балғын өнер иеле­рінің шығармашылығы шырайлы көрінді. Мыса­лы, Сырдария ауданы, Шіркейлі ауылынан қа­тыс­қан Нұржігіт Кеңесовтің қолынан шыққан моншақтармен тізбектелген ат, сандық үй бейне­лері, №1 облыстық балаларды оңалту орталы­ғының тәрбиеленушілері Әйгерім Сапарбекова, Қанағат Қасымов, Нұрдәулет Манабайлардың бұйым­дары келушілерді ризашылық сезімге бө­леді.

Осы арада айта кететін жайт, фестивальдің бас­ты мақсаты, облыс көлеміндегі мүмкіндігі шектеулі балалар арасында өнердің түрлі жан­рын­дағы шығармашылық қабілеттерін анықтау, оны халық арасында кеңінен насихаттау, көмек қолын созу, қолдау көрсету. Жетінші мәрте өткі­зіліп отырған аталмыш фестиваль барысында бұ­ған анық көз жеткіздік.

Мүмкіндігі шектеулі балалар өнеріне компози­тор, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Рамазан Тайма­нов, КСРО Суретшілер Одағының мүшесі Яссауи Ағытаев бастаған өз ісінің мамандары әділқа­зылық жасады.

Сахна шымылдығын ашқан көркемсөз оқу­шы­лар қатарындағы Айша Жармағамбетова ақын Мұхтар Шахановтың "Төрт ана", Қарақат Әбілдақызы ақын Мұқағали Мақатаевтың "Үш бақытым" атты әдемі жырларын әсерлі жеткізді. Мұ­нан соң, жоғарыдағы аталымдар бойынша сын­ға түскен балалардың өнері көрермендерді бей-жай қалдырмады. Бірі әуелете ән шырқап, күм­бірлете күй шертсе, енді бірі мың бұрала би­леп, тағы бірі келушілер назарына өздері жаса­ған көркем суреттері мен қолөнер бұйымдарын тосты.

"Болашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру" бағдар­ламасын жүзеге асыру аясында өт­кен мүмкіндігі шектеулі балалар мен жасөс­пірім­дердің VІІ "Жүрек жылуы" өнер фестива­лінде өнерпаз балаларды қатыс­тырып, бел­сен­ділік танытқан көмектері үшін №6, №7, №5 мектеп-интернат­тары, №1, №2 облыс­тық оңал­ту орталықтары арнаулы әлеуметтік қыз­мет көр­се­ту балалар орталығы және Қазалы аудандық әлеуметтік қыз­мет көрсету орталығы ұжымдары Алғыс хатпен марапат­тал­ды. Соны­мен бірге, осы фестивальде өз өнер­ле­рін ортаға салған балалар жас ерекше­лік­­теріне қа­рай әр жанр бойынша төмендегідей жүлделі орын­дарға ие болды: қолөнер жанры бойынша 10 жас­қа дейінгі өнер­паз­дар арасында І орынға Қар­мақшы ауданы­нан Жазира Кірғабақова, 11-13 жастағы­лар арасында І орынға Шиелі ауданы­нан Дельфруза Хамитқызы, 14-17 жас арасында бас жүлдеге арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету ба­ла­­лар орталығынан Ботагөз Қарашолақова, І орынға №5 мектеп-интернаттан Ержан Әбдуәли, көркемсурет жанры бойынша 10 жасқа дейінгі өнерпаздар арасында І орынға №7 мектеп-интер­нат­тан Темірлан Шахмұратұлы, 11-13 жас ара­сын­да І орынға Қазалы ауданынан Дамир Шара­падин, 14-17 жас арасында бас жүл­деге №6 мек­теп-интернаттан Ашықбай Әбдірах­ман, І орынға №5 мектеп-интернаттан Арайлым Қуаныш­бе­кова, би жанры бойынша 10 жасқа дейін­гі өнер­­­паз­дар арасында бас жүлдеге бала­ларды оңал­ту ор­та­лығының "Роботы" би тобы, І орынға Қар­мақшы ауданынан Гаухар Ибраева, 11-13 жас арасында І орынға Сырдария ауданы­нан Аружан Тауарбек, халықтық орындау жанры бойынша жал­ғыз ІІІ орынға №6 мектеп-интернаттан Бек­зат Мусаев, 14-17 жас арасында ІІІ орынға осы мек­­тептің "Балауса" домбыра­шылар ансамблі, ән жан­ры бойынша 10 жасқа дейінгі өнерпаздар ара­сында І орынға Қазалы ауданынан Эльвира Өскен­баева, 11-13 жас ара­сын­да І орынға Шиелі ау­да­­нынан Айзада Сауран­бек, 14-17 жас арасын­да бас жүлдеге №6 мектеп-интернаттан Еркебұ­лан Қуандық, көркемсөз оқу жанры бойынша 10 жасқа дейінгі өнерпаздар арасында І орынға Қа­за­­лы ауданынан Ринат Болатбекұлы, 11-13 жас арасында бас жүлдеге №5 мектеп-интернат­тан Нұр­ті­леу Пірназар, І орынға Жалағаш ауданынан Нұр­босын Сәдуақас, 14-17 жас ара­сын­да І орынға Жаңақорған ауданынан Нұрхан Жақсы­лық ие бол­ды.

Алдағы уақытта мүмкіндігі шектеулі балалар арасында осындай өнер сайыстары жиі-жиі өткізіліп тұрса оның берері мол болатыны сөзсіз.

Толыбай АБЫЛАЕВ