Материалдар

РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ ЖӘНЕ ДІНИ САНА

  Қазақ қоғамында әлі күнге дейін тіл, дін мәселесі бір жүйеге түсіп, тұрақтала қойған жоқ. Жыл сайын мәселеден мәселе туындап, шетін дү­ниелер қазақтың өзін шетқақпай жасап жүргені жасырын емес. Осы түйткілдерді ашып көрсетіп, онымен күресуді мақсат тұтқан "Мәді Диуана қожа" қоғамдық қоры Сырдария ауданы әкімді­гімен бірлесе Тереңөзекте "Рухани жаңғыру және діни сана" атты республикалық ғылыми-тәжіри­белік конференциясы ұйымдастырды. Біз де барып, конференцияда қозғалған мәселелер мен айтылған ойларға құлақ түріп қайттық.

Конференцияға Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор Әділ Ахметов, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Дін істері комитеті Дін мәселелері жөніндегі ғылыми зерттеу және талдау орталығының директоры, филология ғылымдарының кандидаты, дінтанушы ғалым Айнұр Әбдірәсілқызы мен орталық директоры­ның орынбасары Тұрар Әбуов, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты, абайтанушы, ғалым Омар Жәлелұлы ке­ліпті. Басқосуды Қорқыт ата атындағы Қызыл­орда мемлекеттік университетінің профессоры, экономика ғылымдарының кандидаты Қазыбай Құдайбергенов жүргізіп отырды.

- Аудан көлемінде барлығы 48 тарихи және мәдени ескерткіш мемлекеттік тізімге енгізілген. Төрт ескерткіштің республикалық маңызы бар (Мүлкалан мазары ХҮІ ғ., Сырлы­там кесенесі ХІІІ ғ., Асанас қалашығы ҮІІІ -ХІХ ғ.ғ., Қожжан қожа мазары ХҮІІІ ғ.) 15-і  археоло­гиялық ескерткіш, 33-і қала құрылысы және сәу­лет болып бөлінеді. 2012 жылы Елбасы Н.Назар­баевтың "Мәдени мұра" мемлекеттік бағдар­лама­сы аясында "Қалжан ахун мешіт медресесіне" то­лықтай жөндеу жұмыстары жүргізілді. Шіркейлі ауылында орналасқан Қос Асар ІІ қалашығына Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің "Археология және этнография" ғылыми-зерттеу орталығы зерттеу жұмыстарын жүр­гізіп, нәтижесінде ежелгі қаланың орны "Шіркейлі Қос Асары" ескерткішінен үлкен және кіші екі бекіністің орны табылды. Сондай-ақ, осы жерден бірнеше бөлмеден тұратын үй-жайлар да анықталды. Қоғалыкөл ауылынан "Қыш төбе" қалашығы табылды. Алдағы уақытта ежелгі қаланың орнын туристік нысанға айналдыруға болады,- деп, сөзінің басын аудандағы тарихи-мәдени ескерткіштер турасында бастады аудан әкімі Ғанибек Қазантаев. - Елбасы өз мақала­сында бүгінге дейін елімізде саяси реформа, эко­но­микалық даму мен өркендеу мәселесі айтыл­ғанын, алдағы уақытта солардың негізгі ұстыны - рух мәселесін көтеру керектігін айтады. Дүниеде көптеген ұлттар осындай ұстынның жоқты­ғы­нан, әркімнің жетегінде кетудің кесірінен, болмаса адами, пенделік адасудан келіп жердің бетінде жо­йылып, тек аттары қалғанын тарихтан білеміз. Не болмаса, олардың бөлшек-бөлшек болып бө­лін­генін де білеміз. Бұл бағдарлама біздің халқы­мызға керек, бұл - рухани дамуымыздың бағ­дар­ламасы. Сондықтан Елбасы айтқандай, рухани мәселелер бәрінен ең бірінші орында тұруға тиіс. Халық рухының бүтіндігі, халықтың жоғын тауып беру - бұл мәңгілік мәселе,- деп түйіндеді  аудан әкімі Ғ.Қонысбекұлы.

 

Одан кейін сөйлеген ғалымдар елімізде орын алған діни ахуалға тоқталып, діни сананың орны­ғ­уына ақсақалдық институттың рөлін айтып берді. Расында, арамызда ел түгілі баласына жөн­ді ақыл айтып, сөзін өткізе алмайтын үлкенде­рі­міздің бары өтірік емес. Ал, дінді жөнді түсін­бей­тіндер діни санаға қалай әсер етпек? Сондықтан көп жасағаннан емес, көп көргеннен, көп оқы­ған­нан сұрайтын заманның келгенін баянда­машылар растап бергендей әсер қалдырды.

- Дін ісі де, дүние ісі де бейбітшілік жағдайда кө­геріп-көктейді. Сондықтан қай заманда бол­масын, кедей не бай, басшы не қосшы, қара не қожа деп бөлінбей, бір ортада руханият төңіре­гінде әңгіме айтсақ, бір қазанда басымыз қосыл­са, діни санамыз орныққан, бірлігіміз жарасқан ел бола аламыз,- деп, көпшілікті бірлікке шақыра сөз сөйледі А.Әбдірәсілқызы.

Елбасымыздың "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" мақаласында: "...жергілікті нысандар мен елді мекендерге бағытталған "Туған жер" бағ­дарламасынан бөлек, біз халықтың санасына одан да маңыздырақ - жалпыұлттық қасиетті орын­дар ұғымын сіңіруіміз керек. Ол үшін "Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары" немесе "Қазақстанның киелі жерлерінің геог­рафиясы" жобасы керек. Әрбір халықтың, әрбір өркениеттің баршаға ортақ қасиетті жерлері болады, оны сол халықтың әрбір азаматы біледі. Бұл - рухани дәстүрдің басты негіздерінің бірі" деген болатын.

Елбасымыздың мақаласынан туындаған осы ойлардан кейін қазірде облысымызда «Қазақстанның киелі жерлерінің геогра-фиясы» жобасы жүзеге асып жатыр. Облыс бойынша қырықтан аса киелі орындар тізбегі жасалғанын, соның ішінде Сырдария ауданы-нан Асанас, Мүлкәлан (Мехерғлан – Молдаға-лан - Мүлкәлан) әулиелер және Қожжан баба есімдері енгенін естідік. Бұл – бір аудандағы киелі орындар. Біздің ұсынысымыз, облыс бойынша осындай көпшілік жиі бас қосатын киелі орындарды түгендеумен қатар зиярат ету туристік нысандарының тізбесі жасалса құба-құп болар еді.

Сонымен қатар Елбасы мақаласында: «Идеяның түпкі төркіні Ұлытау төріндегі жәдігерлер кешенін, Қожа Ахмет Ясауи мавзолейін, Тараздың ежелгі ескерткіштерін, Бекет ата кесенесін, Алтайдағы көне қорымдар мен Жетісудың киелі мекендерін және басқа да жерлерді өзара сабақтастыра отырып, ұлт жадында біртұтас кешен ретінде орнықтыруды меңзейді» деген сөзі бар. Сыр өңірі тарихи жер, киелі орындарынан кенде емес дегенімізбен, «тарихи есімдердің қатарында неге айтыл-мады?» деген сөз әрбір сырбойылылықты мазалау керек. Егер біз осы қатардан Сыр өңірінің тарихи-мәдени ескерткіштерімен бірге киелі мекендерін көргіміз келсе, тиянақты да жүйелі жұмыстарды жоспарлау керек деп есептейміз.

Мәселен, біз барған Сырдария ауданында осы күні 48 тарихи-мәдени ескерткіш болса, соның ішінде Асанас, Мүлкалан әулиелер, Қожжан бабамен қатар Қалжан ахун, Құлболды ишан, Тапал ахун секілді тарихи есімдер иемденген киелі орындар бар. Осы киелі орындарды тірілтіп, туристік нысандардың саяхат картасы жасалса, ауданда діни туризмнің дамуына жол ашылып, елдің рухани санасы көтеріліп, ұлттық жадының жаңғыруына сеп болар еді. Бұл жағдай өзге де аудандарға сабақ болса игі.

Н.Көбегенұлы,

 

Сырдария ауданы