Материалдар

ҰРПАҚ ЖАДЫНДА САҚТАЛҒАН ЕСІМ

 Өнер адамы - белгілі бір ережеге бағын­байтын, өз ісіне тиянақтылықпен, ыждағатты­лықпен қарайтын ерекше жан. Оларға халықтың рухани азық алғаны маңызды. Елі үшін еміреніп, халқы үшін қалтқысыз қызмет жасаған сондай нар тұлғалардың бірі  - Әмір Мәжитов.

Ә.Мәжитов саналы ғұмырын қазақ руха­ния­тының өркендеуіне арнаған, сол жолда бо­йын­дағы қарым-қабілетін сарқа жұмсаған. М.Әуе­зовтің "Айман-Шолпан" пьесасында Арыстан, "Қаракөзде" Сырым рөлдерін ойнаған ол кейінгі жылдары Жаңақорған және Бірлік театр­ларының режиссері болып, М.Әуезовтің "Еңлік-Кебек", Ғ.Мүсіреповтің "Қозы Көрпеш - Баян сұ­лу", Қ.Мұхамеджановтың "Құдағи ке­ліпті", "Өзі­ме де сол керек", "Бөлтірік бөрік ас­тында", О.Бо­дықовтың "Қарақұм трагедия­сын" сахналаған. Оның  пьесалары, дастан, өлең­дері де ел есінде, жұрт жадында осы күнге дейін сақ­талған.

Есімі ел есінде сақталып, ескірмейтін өнер қал­дырған, халқының жүрегінен жылы орын алған азаматтың еңбегі жақында тағы бір мәрте еленді. Аталып қана қоймай шығармашылығы талқыланды, көпшілікке таныстырылды. Жаңа­қорған ауданында Елбасының "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" бағдарламалық мақа­ласы аясында театр тарланы, режиссер, дра­матург, әнші, ақын Әмір Мәжитовтің 80 жылдық мерейтойына арналған "Өнерден озған тарлан" атты облыстық мәдени іс-шарасы болып өтті. Шараның шымылдығы Манап Көкенов атын­дағы Жаңақорған аудандық мәдениет үйінде ашылды. Айтулы кеште сахна өнерінің майын ішкен майталмандар бас қосты.

Ә.Мәжитовтің қазақ үшін ұмытылмас бейне ретінде үш ерлігін баса айтқанымыз жөн болар. Біріншісі, талай қиыншылықтарға қарамай, ел ішіндегі өнерпаздардың басын қосып, халық театрларын құрып, соған жетекшілік еткені оның қазақ өнері жолында тер төккенін байқатады. Екін­шісі, оның қазақ театры тарихында тұңғыш рет ашаршылық тақырыбына батыл барып, ашып жазғандығы. Ешкім ол тақырыпта бата алмай,  жақ аша алмай жүргенде азапты жылдардағы ауыл өмірін суреттейтін "Бір үзім нан" пьесасын жазып, 1987 жылы М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында сахналап, осы арқылы республикалық театрлар байқауында топ жарғаны - үлкен ерлік. Үшіншісі, әр кез ұлтына жанашыр жан 1990 жылы тұңғыш рет Жаңақорған ауданында өлкетану мұражайын ұйымдастырып, алғашқы басшысы атанды. Талай сырын ішіне бүккен жәдігелердің жинақталуына атсалысты.

Ә.Мәжитовті еске алу шарасында оның осы еңбектері ескерусіз қалған жоқ. Сол күні аудандық музейден ескерткіш тақта орнатылып, арнайы бұрыш жасақталды. Аймақтағы халық теат­р­ларының басы қосылып, облыстық фестиваль көптің назарын аудартты. Сегіз ұжым бақ сынаған халық театрлары мен драма ұжымдары арасында  ІІІ орынды Жалағаш, ІІ орынды Қар­мақшы, І орынды Жаңақорған мәдени үйі жаны­нан құрылған театр жеңіп алды. Ал, бас жүлдеге "Арман" Жаңақорған кенттік халық театры лайықты деп танылды.

Тағы бір айтатын жайт, Әмір Мәжитовтің артында қалған өшпес мұраға адалдық танытып, оны халқымен қайта қауыштыруда әке аманатын арқалаған Нұрпейістің еңбегі осы күні жарқырап көрінді. Сексен жылдық мәдени шараға тиянақты дайындалған ол қаншама уақытын сарқа жұм­саған еңбегі - "Әмір Мәжитов" кітабының тұсаукесерін өткізді.

Ә дегеннен Ә.Мәжитов мерейтойының ауқым­ды көлемде ұйымдастырылғаны байқал­ды. Екі күнге созылған шара кезең-кезеңімен өтіп, елдің есінде қалар шаралармен айшықталды. Руханият биігінен бой көрсеткен дарынды драматургтің "Бір үзім нан" атты пьесасы ел назарына ұсынылды. "Өнерден озған тарлан" атты еске алу шарасында кеш қонақтарына құрмет көрсетіліп, сый-сыяпаттар табысталды.

Ұлт руханиятын өркендетуге барын салған өнер иесін еске алуға келген меймандарға ау­дан әкі­мі Ғалым Әміреев жылы лебізін білдірді. Мә­дени шараға жергілікті өнерпаздармен қатар, ҚР Халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов, ака­демиктер Камал Бұрха­нов, Бақытқожа Рүстемов, режис­сер Қалила Омаров қа­ты­­сып, еске алу шарасының мазмұнды өтуіне әсер етті.

Ізіне өшпес із қалдырып, рухани дүние­лері­мен сананы жаңғыртқан қазақтың біртуар аза­маты Әмір Мәжитовтің еңбегі осылайша еленді. Жаңақорғанда ұйымдастырылған мәдени шара жоғары деңгейде өтті. Әмір Мәжитовтың қазақ мәдениеті мен өнері үшін төккен тері, сіңірген өлшеусіз еңбегі, осы арқылы оның қазақ руха­ниятындағы жарқыраған есімі ұрпақ жадында сақтала бермек.

Н.Меңдібай,

Жаңақорған