Материалдар

ҚОРҚЫТ ЖӘНЕ ҰЛЫ ДАЛА САЗЫ ФЕСТИВАЛІ – МӘДЕНИЕТТЕГІ РУХАНИ САБАҚТАСТЫҚ

Тағдыры мен тіршілігі қабысқан түркі халықтарымен сабақтастығымыз іргесі әлімсақтан бері қаланған. Содан бергі рухани, мәдени байланыстың жібі үзілген жоқ. Өткен мен бүгіннің арасын жалғайтын «Қорқыт және ұлы дала сазы» халық-аралық музыкалық өнер фестивалі соның дәлелі. Биыл түркі жұртына ортақ фестиваль төртінші мәрте ұйымдас-тырылды. Киелі Сыр топырағында бастау алған фольклорлық музыкалық шараға Түркия, Беларусь, Ұлыбритания, Қырғызстан мен Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Моңғолия және Қазақстаннан 80-ге жуық өнерпаз қатысып, шараның мәнін ашты.

Өнер әлемінде орны бар өнерпаздардың бір арнаға тоғыстырған Қорқыт мұрасы. Ежелден көне фольклор саналатын жауһар дүниелердің қайта жаңғырып, ұлт жадында сақталуы өнердің өміршеңдігін тағы да бір байқатады.

Үш жылда бір рет аталып өтілетін фестивальдің алғашқы күні ауқымды тақырыпты арқау еткен конференциямен басталды. Алқалы жиында Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымының баc хатшысы Дүйсен Қасейінов пен Қазақстанның халық әртісі, Қазақ Ұлттық Өнер универ-ситетінің ректоры Айман Мұсаходжаева мен ғалымдар келелі ой, игі бастама төңірегінде ой өрбітіп, «Қорқыт ата мұрасы: эпикалық мәдениет, халық аңыз-әңгімелері және әуендері» тақырыбын жан-жақты ашты.

    Басқосу аясында Түркия, Беларусь, Ұлыбритания, Қырғызстан мен Әзербайжан елдерінен ат арытып келген қонақтар Қорқыт шығармашылығының әлемдік музыка мәдениетіндегі орны туралы ой қозғап, орынды ой мен ұтымды ұсыныстарын жеткізді. Аймақ басшысы Қырымбек Елеуұлы түркі жұртына ортақ мұра қалдырған Қорқыт ата шығармашылығын келешек ұрпақтың жадында жаңғырту игілікті іс екенін айтып, конференцияның маңыздылығын тілге тиек етті.

- Төл тарихымызды таразылап жатқан қазіргі кезеңде ғасырлар қойнауына дендей еніп, елдің өткені мен бүгінін байланыстыра отырып, замана лебін дөп басып беретін осындай фестивальдің халықаралық маңызы зор. Сан ғасырлар өтсе де, сыны мен сырын жоғалтпай, саф алтындай сақталып келген халықтық асыл мұрамыз дәстүрлі музыканы келер ұрпаққа аманат ету – біздің басты міндетіміз,- деді облыс әкімі Қырымбек Көшербаев.

Өнер фестиваліне жиылған жұртшылық Басшқұртстанан келген «Бишбармак» ансамблі, Өзбекстан еліндегі «Аббос» группасы, Қырғыз республикасынан «Акак» қобызшылар ансамблі мен «Қорқыт ата» көне аспаптар ансамблінің өнерін тамашалады. Мұнан бөлек, Шымкент облыстық филармониясының «Қазына» би ансамблі, Сырдың «Ақмешіт» фольклорлық ансамблі мен Тұрмағамбет ұлт аспаптар ұжымының өнері көпшілікті тәнті етті.

Сыр жерінде бас қосқан әр елдің өнерпаз-дары үш күн ішінде шеберлік сабақтарын өткізіп, өнерді дәріптесе, бір топ мәртебелі меймандар Қармақшы ауданындағы Қорқыт Ата мемориалды кешеніне сапар жасап, этноауыл тіршілігімен жақынырақ танысты. Алыстан келген ағайынның өнеріне тәнті болған жергілікті жұрт фестиваль сонында Иран Ғайыптың «Қорқыттың көрі» спектаклін тамашалап, рухани азық ала алады. Фестиваль соңы гала концертке ұласып, өнерді ұлықтауға келген меймандар арнайы дайындалған сый-сияпаттарға ие болып, құрмет төрінен көрінді.

Үш күнге созылған өнер фестивалі мәдениеттегі рухани байланысты арттырып, ұлттар арасындағы сан жылғы достықтың алтын арқауына айналды. Ортақ мұра әні мен сазы түрлі түбі бір ұлттарды жарқын іске жетелейтіні анық. Қорқыт және ұлы дала сазы фестивалінің түпкі мәні де осында.

А.ҚАРАКЕСЕК