Материалдар

Нұрлан Нұрмаханов, «Сөз құны» журналистер клубының жетекшісі: «Ақпаратты қабылдайтын, қорытатын аудитория өзгерді»

 

Қазақ журна­листикасының тари­хы өткен ғасырдың еншісінде жатыр. Мемлекет болған соң оның сөзін сөй­лейтін тілі, көретін көзі һәм еститін құлағы болуы ке­рек. Солай болды да. Кешегі "Еңбекші қазақтың" шежірелі ізі қазірде бар. Кешегі "Қазақ" газе­тінің өткір сөзі бүгінде тәуелсіз газеттердің аузымен айтылып жатыр. Әр қоғамға сай ақпарат құралдарының да қызмет ететіні түсінікті жайт. Қалай қызмет етті, мәселе осында!

28 маусым, Шерханша қайырғанда, "арқалағаны алтын, жегені жантақ" журналис­тердің кәсіби мерекесі. Сол кезде солай баға­ланушы еді. Қазірде "алтын арқалағысы" келетін кей әріптестеріміз "жантақ жеп", азаптанғысы келмейді. Неге? Мәселе тағы осында, негеде жатыр?

Өткен жылы "Руханиятты жаңғырту" қоғам­дық қоры жанынан "Сөз құны" журналистер клубының ашылғанын білеміз. Алғашқы адымы мен арыны жаман еместей көрінген. Журналисттердің кеңесу клубының кәсіби бағыттағы жұмыстарын таразылау үшін мереке қарсаңында клуб жетекшісі, журналист Нұрлан Нұрмахановпен жүздесіп, бірнеше сұрақтар қойған болатынбыз.

- Елімізде ҚР Журналистер одағы бар. "Сөз құны" журналистердің клубын құруға қа­жет­тілік қайдан туындады? Ұйымды құру­дың идеясы қалай қалыптасты?

- Журналистер одағы - еліміздегі үлкен ұйым. Әр облыста филиалдары жұмыс істейді. Өзім де сол ұйымның мүшесімін. Алайда нақты штаты болмаған соң жүйелі жұмыс та бола бермейді. Жас журналистер ұйымға мүше болып кіру үшін менен пікір сұрап келіп жатады. "Ұйымға кірген соң біз не істеуіміз керек, бізге қандай пайдасы тиеді, құқығымызды қорғай ала ма?" деген секілді сұрақтар қоятындары бар. Мен оған тұшымды жауап бере алмайтынмын. Кәдімгідей жәутеңдеп қалады. Содан жас журналистердің бас қосатын, кеңесетін, пікірлесетін, керек жерінде кеңес алатын орта керектігіне көзім жетті. Қоғамдық қордың жанынан клуб құру идеясы содан туындады. Кезекті жобамды журналистердің құқықтық сауатын арттыруға бағыттадым. Сол бойынша Алматыдан арнайы тренер шақыртып, екі күндік семинар-тренинг, одан журналистер арасында байқау, танымдық-сайыс ұйымдас­тыр­дым. Өңір журналистері бір серпіліп, өздерінің де шама-шарқын, білім деңгейін біліп қалды. Жақында Журналистер одағының Қызылорда облыстық филиалының директоры одақтың кезекті отырысында журналистер үшін жасаған жұмыстарыма ризашылығын білдіріп, "біздің жасамағанымызды жасады, бізге көмегін тигізді" деп, өз бағасын берді. Сондықтан бір-бірімізді толықтырып отырсақ, несі айып?

- Дегенмен, журналистер арасында толық­қанды байланыстың жоқтығы бүгінде бай­қа­лады. Бұл ретте клуб журналистерді бір арнаға топтастыра алды ма?

- Иә, бір ұйымның мүшесі болса да, олар әр ақпарат құралының қызметкері, әр түрлі мінезді адамдар. Оның үстіне, әр мекеменің ішкі тәртібі болады, соған бағынады. Сондықтан оларды бай­ланыстыру оңай шаруа емес. Біз аға буын, орта және кейінгі толқынның басын қосып, дөңгелек үстел ұйымдастырғанда осындай мәсе­ленің барына көзіміз жетті. Журналистер көбіне іс барысында, мәселен, брифингтерде, пресс-турларда ғана кездесіп қалады. Сосын өзара отырыстарда бас қосады. Ал, клуб - кәсіби тұр­ғыда бас қосатын орта. Бізде әлі ол жағы жолға қойылмағандықтан қиындықтар бар. Алайда, клубтың қажеттігі әріптестерімізге енді сезіндіріп жатыр. Себебі бүгінгі журналис­ти­кадағы өзге­рістер, бәсекелестік кәсіби журна­листерді түбінде бір арнаға тоғыстыруға алып келеді. Бұған дейін белсенді жастардан құрылған шағын тобы­мызбен бірнеше рет бас қосып, ділгір мәсе­лелерді ортаға салдық. Алдағы уақытта жалға­сын таба беретін болады.

- Клуб аз уақыттың  ішінде журна­листердің кәсіби сауатын арттыруда  бірқатар бастамалар кө­терді. Қалай ойлайсыз, өңірдің бұқаралық ақпарат құралдары нендей мәселелерге мән бер­мей келеді? Бізге не жетіспейді, қандай мәсе­лелер аяққа оратылып тұр? Журна­лис­тика­ны дамыту үшін не керек?

- Қазақ журналистикасының бір тармағы сана­латын Сыр өңірі журналистикасында соңғы 20 жылда көп өзгерістер орын алды. Кешегі санау­лы ақпарат құралдарының тіркелген саны бүгінде облыста тоқсанға жуықтады. Жаңа медиа дәстүрлі БАҚ-пен бәсекелестікке түсе бастады. Одан блогерлер, әлеуметтік желі қолданушылары ақпарат айдынына келіп қосылды. Ақпаратты қа­былдайтын, қорытатын аудитория өзгерді. Пікір қайшылықтары орын алып, медиа нарығы текетіреске айналды.

Осындай бәсекелестікке төтеп бере алма­ған­дар өз еріктерімен ығысты. Алайда, қоғам тала­бына сай даму үшін әлі де кемшін тұстар жетерлік. Әсіресе, мерзімді баспасөз көш соңында қалып ке­леді. Саны бар да, сапасы жоқ газет-журнал­дар бірінен соң бірі жарыққа шығып, оқырманды жиір­кендіріп, журналистиканың атына кір келтіре бастады. Қоғам талабына сай жеке сайты арқылы өнімін жандандыру кей газет-журнал бас­шылығын осы күнге дейін ойландырмай келеді. Салалық газеттерді саралап, бір жүйеге келтірудің уақыты жетті. Журналистикаға қатысы жоқ адамдар қолына қалам алып, газет бетін ши­майлауға көшті. Соның салдарынан бүгінде жанр жойылып барады, сараптама, журналистік зерттеу өз жайына қалды. Көпшілігі мемлекеттік тапсырыстың айналасынан шықпай, оң имидж қалыптастыру жолында іштері қыз-қыз қайнаса да, жұмған ауыздарын ашпайтын болды.

Телевидениеде де мәселе бар. Әсіресе, мен­шікті тілшілердің сыртынан айтылар сын көбейіп тұр. Ақпаратты бұрмалап беру, кәсіби тұрғыдан төмендігі, өз мүддесі үшін өзгені бопсалау, өз қалтасы үшін өзгенің қалтасына сыпайы қол сұғу әрекеттерінің ел ішінде айтылуы журналистерге теріс пікірдің тууына әкеп тіреуде.

Әрине, айта берсе, мәселе жетеді. Сондықтан журналистиканы дамыту үшін мамандыққа жа­на­шырлық, кәсібилік, білім мен білік, ар тазалығы керек. Мәселе ушықпау үшін құзырлы министр­ліктің талабы аса қажет болып тұр. Журналистер өз ішінен тазарып, кәсібилікті жолға қоймаса, әлеуметтік желі қолданушыларының сынына ұшырай беретін болады.

- Өзіңіз айтқандай, журналистерге тағылар айып­тар аз емес. Осы тұста "Сөз құны" жур­на­лис­тердің имиджін қалай көтермек?

- Расында, бұл бүгінгі күннің өткір мәселесі. Жур­налистердің құқықтық сауатын арттыруда олардың әдебі алға шығады. Мен ар тазалығы керек деп бекерден-бекер айтып отырғаным жоқ. Сондықтан өз-өзімізді қамшыламасақ, өз мінімізді өз арамызда айтып, талқылап, таразылап, одан қорытынды шығармасақ болмайды. Ең бастысы, өз ішімізден тазаруымыз керек. Ол үшін клуб оты­рыстарында жария болған қайсыбір мате­риал талқыланып, кемшілігі айтылып, журна­лис­тің кәсібилігін шыңдауымыз қажет. Журналистің үстінен айтылған қандай да болмасын, шағым, арыз өз арамызда қаралып, одан қатаң түрде, қоры­­тынды шығарып, заң аясында түсіндіріп отыр­сақ, журналистикаға кір келтіріп жүргендер теріс әрекеттен аяқтарын тартатын болады. Бүгін­нің өзінде әлеуметтік желіде таратқан ақпа­ратын бұрмалап көрсеткен бір тілшінің үстінен сотқа арыз түскенінен хабардармыз. Он­дай мәсе­лелер де назарымыздан тыс қалмайды. Журна­лис­тердің құқықтық сауатын арттыруды күн тәрті­бінен түсірмейміз, ақпаратты қалай бергенде заң алдында тұтылмау керектігін, ешкім­нің арына қол сұқпау қажеттігін әрбір журналист білуі тиіс. Әлеуметтік желі қолдану­шыларынан біліктілігі, кәсібилігі, әдебі, заңдық сауаты артық болғанда ғана нағыз журналист бола алады.

- "Сөз құны" клубының бірнеше отырыс­тарының өткенін айттыңыз. Ортақ мәсе­ле­лерді қозғауда журналистердің позициясы байқала ма?

- Әрине, бізде озық ойлы журналистер бар. Тек өз жұмыстарынан шыға алмайды. Оты­рыс­тарда олар тарапынан көп мәселелер тал­қы­ла­нады, алға жоспарлар қойылады. Мәселен, "Сөз құны" журналистер клубы облыс журна­листерін бір орта­ға біріктіретін, ауызбірлігіне себеп бо­латын еркін диалог алаңына айналуы тиіс. Ол үшін құ­ра­­мына жастар көптеп тар­тылып, тәжірибелі жур­налистермен кездесіп, пікір алмас­уына мүм­кін­­дік жасалса, басқа өңірлердегі әріптестермен бай­ланысты жолға қоюға септігі тисе" деп, жас­тар өз ұсыныстарын айтып, пози­циясын байқа­тып жатады.

Біз биылға жоспар құрып, жұмысты бастап кеттік. Жақында өзіңіз білесіз, Алматыдан белгілі тележурналист Ұлдай Ибадуллаеваны шақырып, журналистермен кездестіріп, семинар-тренинг өткіздік. Ол тележурналистиканың қыр-сырын жас журналистерге үйретті. Еркін сұхбат құрдық. Соның нәтижесі, жақында "Ақмешіт жастары" газетіне Ұ.Ибадуллаеваның сұхбаты жарық көрді.

- Ұйым мүшелерін саладағы кәсіби білікті журналистерден бөлек жергілікті билікпен кездестіру жоспарда бар ма?

- Жоспар көп. Аудан журналистерін де клуб жұмысына тарту ойымызда бар. Билікпен кездесу де жоспарда. Алайда бәрі өз ретімен жүзеге аса­тын болады.

- Әңгімеңізге рақмет, мақсатыңыз орын­да­лып, ел мүддесі үшін еңбек ете беріңіз­дер. Кәсіби мерекеңіз құтты болсын!

Сұхбат құрған

Абай ТАҒЫБЕРГЕН