Материалдар

Нәубет – нәлет!

 

Адамзат жер бетінде жаратылғалы оған сырттан төнер қауіп-қатер аз болмаған көрінеді. Біріншісі өрт, тасқын су, жер сілкінісі сияқты табиғи апат зардаптары болса, екіншісі бір тайпа немесе бір елдің бір елге соғыс ашуы салдарынан адам баласының көрмегені жоқ. Аспан асты, жер үсті адам өліктерінен қан сасыды. Сонан бері талай заман өткенде біздің дәуіріміздің ХХ ғасырының отызыншы жыл­дардағы сталиндік қуғын-сүргіннің сұрапыл дауылы басталды. Оған дейін де қазақ ұлтының басынан талай ашаршылық, жұт, кәмпеске жылдары, жаугершілік кезеңдері жауар бұлттай күркіреп өткені тарихи деректерден белгілі.

 

Кешегі келмеске кеткен кеңестік империя­ның құрамындағы қазақ елі де жоғарыдағы қуғын-сүргін кезеңінің батпандай салмағын басынан кешірген. Осы бағытта қалам тербеп жүрген сол тұстағы одақтас он бес республи­ка­ға қарағанда біздің еліміздің халқы зұлмат жылдардың зәбірін көбірек тартқан тәрізді. Жен­дет­тердің өз қылмысын бүркемелеу мақ­са­тында жасаған "әкесі үшін баласы жауап бер­мейді" деген әсіреқызыл саясаты көп ұза­май әшкере болғанын сол кездің куәгерлері са­раң айтса да, бекер айтпаған. Мысалы, халқы­мыздың ай маңдай перзенттері Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Темірбек Жүргенов, Тұрар Рысқұлов және басқала­ры­ның көрген қорлығы, шеккен азабы өз зар­дабын олардың отбасына, жақын-жуықтарына молынан тигізгенін білеміз. Тіпті алыс ауыл­дардың ішінде де сталиндік қуғын-сүргін маши­насы жолындағы бейкүнә, жазықсыз жандарды "жапон тыңшысы", "байдың құйыр­шығы" деп тапап өткені туралы талай мәрте жазылды.

Біз сөз етіп отырған сталиндік қуғын-сүргін басталған қанды 1937 жылдан 6-7 жыл бұрын байтақ даланы ашаршылық жайлағаны аға ұрпақ өкілдері жақсы білсе керек. Қазір олардың қатары да мүлдем сиреп қалды. Осыдан 5-6 жыл бұрынғы кезекті санында "Қазақ әдебиеті" газеті ашаршылық туралы ашық жазған. Онда 1918 жылдан 1920 жылғы қаңтар айына дейін 2 млн. көшпелілердің аштықтан қырылғандығы туралы мәліметтерді алға тартқан. Кезінде орыс әдебиетінің классигі, әлемге әйгілі жазушы Лев Толстой­дың "Бір халықты жойып жіберу үшін оны ата кәсібінен айыр" деген сөзіне қатты мән берген көрінеді. Себебі, қазақ халқының ата кәсібі мал болатын. Кеңес үкіметі 1928 жылғы кәм­пес­ке тұсында қазақты аса кәсібінен айырып,  аш-жалаңаш қалдырған. Малын тартып алып, өздері құлақ естіп, көз көрмеген алыс жерге айдалған ауқатты адамдардан нәпақасын айырған кедей-кепшік көптеп қырылды. Бұған тарихшы ғалымдарымыз қазақ халқының басынан өткен әйгілі "Ақтабан шұбырынды" оқиғасынан бір кем болған жоқ деп әділ ба­ғасын бергелі қашан.

Осылайша ХХ ғасырда пайда болған реформалар мен революциялық өзгерістер қазақ ұлтына, оның ішінде өзіміз өмір сүріп отырған Сыр бойы халқына да айтарлықтай зиянын тигізді, қазақтың басына түскен нәубетті, қуғын-сүргінді, ашаршылықты әлемдік деңгейде қарастырар болсақ, бізден басқа ешбір халықтың басында тап осындай сұмдық болмағанын көресің. Осындай сұмдық оқиғаның салдарынан халқымыз саны мен сапасы жағынан қатты төмендеп келген еді. Бірақ осындай тарихи қанды қасап кезеңді арнайы зерттеуге бізде не қолбайлау болып келе жатқаны белгісіз. Ал, Украина, Балтық бойындағы елдерде қуғын-сүргін кезеңдері арнайы зерттеліп, ғылыми айналымға әлдеқашан түсірген көрінеді. Тіпті бұған арналған ғылыми орталықтары құрылып, нәтижелі жұмыс атқарып жатқанын білуге болады. Қызылорда облысында осы зұлмат кезеңді толыққанды зерттеп, зерттеу нысанына алған бірде бір ғалымның жоқтығы, осы кезге дейін Қызылорданың арғы-бергі тарихы туралы жазылған ғалымдардың кітаптарында қайталанған деректердің кездесетіні таң қалдырады. Жергілікті тарихшылар осы күні "басқа басқа, тәуелсіздік жылдарында облыс тарихына қатысты "күрделі" көзбояушылық еңбектердің пайда болғандығы жасырын еместігін, айналымда жүрген сол бұрынғы деректер екенін" айтып отыр.

Біз осы мақаланы жазу барысында қуғын-сүргін, ашаршылық жылдары Сыр бойындағы ахуалды ойша шолдық. Біздің білуімізше, бұл кезең ежелгі Сыр өзенін бойлай өмір кешіп жатқан халықтың біраз бөлігін бас ауған жаққа еріксіз көшіріп жіберді. Қорқыныш пен аштықтан Өзбекстан, Тәжікстан елдеріне бас сауғалай үдерген жерлестеріміз біраз жыл сол жақта тұрақтап, кейін заман ағысы өз қалпына түскен соң қайта көшіп келген еді. Ал, кәмпеске хабарын алдын ала естіп, бар малын ағайын-туыстарына бөліп берген байлардың да маңдайынан ешкім сипай қоймаған болатын. Сондай адамдар көше-көше тіпті ел асып, жер асып, еріксіз Ауғанстанға да жеткен еді. Міне, осындай ақсақалдың тұяғы қайбір жылы еліміз тәуелсіздігін жариялағанда Тараз қаласының төңірегіне көшіп келіпті. Кездейсоқ жол үстінде кездесіп қалдық, жөн сұрастық. Аралдағы ағайын-туыстарын аралап, қонақ болып қайтып келе жатқан бағыты екен. Жетпістен асып, сексенді алқымдап қалған ақсақал өзінің жат елде жастай басынан кешкен оқиғаларды тізбектеп баяндай жөнелді. Ақсақалдың сөзіне қарағанда, Ауған жеріне табаны тигенде бір жарым жаста екен. Есін білер-білмес шағы. Әкесі қырықтың, анасы отыздың шамасында. Өзінен үлкен екі бауырын Тәжікстан шекарасында болған атыс тұсында жоғалтып алған, ата-анасының еңірегенде етектері жасқа толған. Бұл жайлы кейінірек есейгенде бір-ақ біліпті.

Сонан Ауған жеріндегі сұрқай өмір басталады. Бұл он бес жасқа толғанда ата-анасы бірінен соң бірі мәңгілік сапарға аттанып, бай өзбектің малын бағады, ауласын сыпырады.

Кейін үйленіп, үш ер бала, екі қыз сүйеді. Тағдырға не шара, өткен ғасырдың сексенінші жылдардағы Ауған жеріндегі соғыста екі баласы талибандардың қолынан қаза тауып, екі қызы Кабулдың маңайындағы кедей қырғыздың балаларына ұзатылады.

- Алла бергеніңе шүкір,- дейді ақсақал көз жасын қол орамалымен сүртіп. - Қазір кем­пірім мен жалғыз ұлым, келінім, немере­ле­ріміз бәріміз атамекенде бақытты ғұмыр ке­шіп жатқан жайымыз бар,- деген еді қарт кісі.

Расында да жат елде көрмегенін көріп, азапты әбден кешкен осындай қанша қан­дасымыз еліміз азаттық алған соң көш басын туған жерге бұрса, қаншамасына сырт елдің топырағы бұйырып, арманда кеткенін бір Алла біледі.

Тіпті бір уыс бидай үшін, бір-екі түйір балық үшін он-он бес жыл азап лагерьлерінде өмірлерін өксітіп өткізген қарапайым диқан мен балықшының тағдырларын әкімшіл-әміршіл жүйенің алып машинасы таптап өткенін тарих ұмытпайды. Бұл кейінгі ұрпаққа сабақ болуға тиіс.

Осының бәрі осыдан сексен жылдан астам уақыт бұрынғы ашаршылық, кәмпеске, қуғын-сүргін кезіндегі ел басына түскен екіталай уақыттың зардабы болатын. Лайым, енді сон­дай сұрқай заман халқымыздың қабырғасын қайыстырып, қара орманымыздың бүтін керегесіне кесірін тигізбесе екен.

Т.БӨГЕНОВ