Материалдар

Берік БЕРДІКЕЕВ, "Сарын" тобының әншісі: «Халық өз талғамынан шығатын әншілерді өнерде қалдырады»

 

Қазақ эстрадасына жаңа толқын, жаңа буынның келуі қазақ музыка өнерінің түрле­нуіне жаңа сипат берді. Эстрадаға үн қосуға келген әрбір әншінің өнер әлеміндегі шығар­машылық ізденісі, тың дүниелері тыңдарман талабынан шығуы өнердің өрісін кеңейтеді. Түрлі бағыт, түрлі талғам, түрлі мәдениет. Бәрі де музыка атты ұлық өнердің арнасында қалыптасады. Сол эстрадаға қадам басқан жас әншілер бүгінгінің музыка антологиясына өзінше өрнек салып жатыр. Қазақтың төл музыкасынан тәлім алған  әншілердің бірі - Берік Бердікеев.

 

Берік бүгінде елге танымал "Сарын" тобы­ның әншісі. Қызылорда қаласындағы Қазанғап атындағы музыкалық колледжінде білім алған ол Сыр елінде жүріп түрлі байқау­ларға қатысып, таныла бастайды. Ол- "Әлімсақ" журналының 5 жылдық мерей­тойына ар­найы­лап жазылған басылым әнұранын алғашқы орындаған әнші. Аз уақыттың ішінде Сыр халқына танылып үлгерген талант­ты әншінің талабын "Ринго" тобы­ның әншісі Данияр Өтеген өз қамқор­лығына алып, "Сарын" тобының құрамына қосады. Міне, өнерлі өлкеден ұшталған өрен бүгінде биікті бағындырып жүр. Жақында Сыр еліне келген Берік Бердікеев бізге арнайы сұхбат беріп, басы­лымның қонағы болды.

 

- Берік, "Сарын" тобына дейін сен Қызыл­ор­дада жеке әнші ретінде танылып жүрдің. Біреу білер, біреу білмес, алдымен өзің жайлы айта отырсаң.

- Негізі мен Оңтүстік Қазақстан облысы, Шымкент қаласында дүниеге келгенмін. Алайда отбасылық жағдайларға байланысты Байқоңыр қаласына көшіп келдік. Орта білімді Байқоңыр мектебінен алдым. Білім ала жүріп, домбыра кла­сын оқыдым. Кейін Қызылорда қаласындағы Қазанғап атындағы музыкалық колледжіне оқуға түстім. Ән салу бөлімінің "академиялық вокал" бөліміне бардым.

Қызылорда - қазақы жер, әрі өнерлілердің ордасы. Киелі топырақта жүріп ұстаздарымның тәлімін алдым, музыкалық ізденісімді арттыр­дым. Облыстық деңгейдегі байқауларда бақ сы­на­дым. Қарап отырсам, мұның бәрі өнер мекте­бі. Үшінші курс оқып жүргенімде Алматыдан ұсыныс түсіп, кастинг болатыны хабарланды. Ізін-ала барып, қатысып қайттым. Алла сәтін сал­­ды, Алматы қаласындағы П. Чайковский атын­дағы Алматы музыкалық колледжінде білімімді жалғас­тыруға мүмкіндік алдым. Мұнда эстрада әншісі бөлімінде білім жидым.

- Білуімізше, "Сарын" тобына келуіне ешкімнің ықпалы болған жоқ. Кастинг арқы­лы бағыңды сынап көріпсің. Қалай болып еді?

- "Сарын" - 2013 жылы құрылған топтардың бірі. Продюсері - Данияр Өтеген есімді білікті музыкант. Жалпы, мен осы кастингке дейін де Данияр ағама өлеңдерімді жіберіп байланысып тұратынмын. Бірақ топтың құрамына өтіп, ән айтамын деп ойлаған жоқпын. Маған дейінгі топ құрамында болған жігіттің белгілі бір себеп­термен шығуына орай әлеуметтік желі арқы­лы кастинг жарияланғанын естідім. Осы ретте айту керек, қоғамда әлеуметтік желі турасында түрлі әңгімелер бар. Меніңше, ғалам­торды тиімді пайдалану білу әр адамның өзіне байланысты. Алматыға барып, кастингке қа­ты­сып, өз әнде­рімді орындап бердім. Продюссерім маған дейін де бірнеше әншілерді тыңдаған. Менің табан­дылығым ұнаған болу керек, әнші ретінде жұмыс жасауға келісімін берді. Осылайша жолым болып, кәсіби сахнаға аяқ бастым.

- Жасыратыны жоқ, алғашында "Сарын" тобын көпшілік тани қоймады. Топтың жұмысын жандандыруға қандай үлес қоса алдың? Жалпы "Сарын" тобында жұмыс жасау саған не берді?

- Дуэтте ең бастысы үйлесімділік болуы керек. Әріптесім Алтынай екеуміз бір-бірімізді толық­тыра алдық деп ойлаймын. Қазір ән қоржы­нымызда 20-ға жуық әндер бар. Түрлі жанрдағы әндердің болуы біздің ерекшелігіміз. Мен "Сарын" тобында жұмыс жасау арқылы көп тәжірибе жинадым. Түрлі байқау­лар мен жобаларға қаты­сып, өз мүмкіндік­терімді көрсете білдім. Менің келуіммен топтың жұлдызы жанды деп айта ал­май­мын. Десе де, шығарма­шылық жағынан ізденістер болды. Әлі де топтың шығармашылық потенциалын арттыра береміз.

- Жүйріктің жүйрігін анықтайтын - байқау. Расында, "Сарын" тобы соңғы жылдары түрлі ән конкурстарына қатысып, марапаттар алып үлгерді. Соның алғаш­қысы, елдегі ең ірі музыкалық байқау - Turkvizyon. 2015 жылдың ең үздік ондығында өнер көрсеттіңіздер. Жас әнші үшін мұндай байқаулардың берері неде?

- Кез келген байқау болсын, дода болсын, ең әуелі кәсібилікті қажет етеді. Turkvizyon бізге сахнада қалыптасуымызға септігін тигізді. Жас орындаушылар болғандықтан, қобалжулар болды. "Мәңгілікке" атты әнді орындадық. Бұл байқауда халықтың дауысы сарапқа салынады. Күтпеген қоңыраулар мен халықтың бізге деген махаббатын сезіне алдық. Жеңіске жетпесек те, халықтың ыстық ықыласы бізді музыкалық шыңдалуымызға сара жол салды. Мұнан кейін ірі байқауларға қатыса бастадық.

- Өзін айтып отырған ән конкурстың бірі - "Новая волна-2016". Елдің музыкалық байра­ғын көтеретін ірі жобаға сіздерге дейін бірнеше әншілеріміз барды. Іріктеуден өтіп, жолдама ал­дыңыз­дар. Елдің намысын қорғаудың қиын­дығы қандай екен?

- "Новая волна-2016" - әлемнің 70-ке жуық елдерінен әншілер қатысатын мегаконкурс. Бірнеше кезеңдерден тұратын, кәсіби музыкант­тардың байқауы. Қазақ елінен атынан біздің баруымыз жауапкершілік жүгін екі есе артты. Ресейдің кәнігі әншілері Игор Крутой, Кети Топурия, Филипп Киркоров сынды әнші­лер­дің алдында өнер көрсету оңайға соқпады. Жарты­лай финалға барып, одан финалға өттік. Сочи қаласында өткен байқау үш кезеңді қамтыды. Алғашқы айналымда әлемдік кино-мультфильм­дерден саунтректер орында­дық. Біз "Красавица и чудовище" мульт­фильміндегі әнді ағылшын тілінде шырқадық. Кіл мықтылар ішінен көріну қиынға соқты. Десе де елдің үмітін ақтау үшін барымызды салдық.

- Ән конкурсының екінші кезеңінде ресей­лік жұлдыздармен ән айттыңыздар. Әсеріңмен бөліссең.

- Сол жылғы "Новая волна-2016" байқауы белгілі композитор Виктор Дробыш Яковлевичтің 50 жылдығына арналғандықтан, екінші кезеңде композитордың әнін орындау талабы қойылды. Бұл айналымда Ресейдің белгілі жұлдыздарының бірі Доминик Джокер­мен ән салу бұйырды. Ресейдің белді әншісі Доминик бізге ақыл-кеңестерін айтып, ризашыл­ығын білдірді. Бірақ бір айтатыны, байқау­дың техникалық талабы көңілімізден шық­пады. Біз өнер көрсететін кезеңде микрофон­дардың дауы­сы бәсеңдеп, аппарат жағы ақсап тұрды. Оның не себепті  болғанын біле алмадық. Дай­ын­дық кезеңде жоғары деңгейде болғаны бізді ойландырып таста­ды. Байқау болғасын түрлі жағдайлар болады екен.

- Елдің атынан барғаннан кейін, намысқа тырысу бар. Соңғы айналымда қазақ әнін орын­­дап­­сыздар. Өзге ортада қазақ әнін қалай қабыл алды?

- Байқау шартына сәйкес репертуары­мыз­дағы барлық әндерді режиссерлерге бердік. Олар өздерінің бағытына сәйкес әнді айту тура­лы талап қойды. "Сен болсаң жанымда" атты әніміз­ді орында­дық. Ол әннің машақаты мол болды. Бірнеше рет әрлеп, музыкалық дыбыс­тарын ауыс­тыр­дық. Негізі бұл ән таза қазақи бағыт­та емес, жастардың жаңа стилінде болған­дықтан көпшіліктің көңілінен шыға білді. Негізі, жеңім­паздар қатарынан көріне алмасақ та, біз рен­жі­ген жоқпыз. Себебі жас топпыз. Байқау халықпен етене жұмыс жасауды, сахналық қойы­лым­ды дұрыс жүргізуді үйретті десем артық айтпаған болар едім. Осы әнімізден кейін сахна сыр­тында Филип Киркоров бізге оң бағасын беріп, пікірін білдірді. Ішіміз жылып, қуанып қалғанымыз бар.

- Сырт елге барып, танылып келгеннен кейін отандық теледидарлар мен жобаларға түр­лі ұсыныстар түсіп, "Сарын" тобының аты жиі атала бастады. Мұнан кейін де музы­ка­лық бәйгелерде бақ сынадыңдар. "ЕМА - 2016" музыкалық жүлдесі жайында айта отырсаң.

- Қысқа қайырып кетейін, сіз айтып отырған конкурс тек халықтың дауыс беруі арқылы шешіледі. Біз "Ең үздік ұжым" аталымында бақ сынадық. Қатарымызда "Формат", "К7" топтары бар. Бірнеше күн бойы алда болғанымызбен, дауыс беру нәтижесімен үздіктер атана алмасақ та, тәжірибелі әншілердің тәжірибесін алып қалдық.

- Қазірде шоу-бизнес саласы қызып тұр. Оның үстіне бәсекелестік көп, жас әншілердің де қатары қалың. Топтар арасында даралану үшін қандай жұмыстар жүргізілуде?

- Музыка әлемінде шекара жоқ. Оны соңғы уақытта эстрадада жүрген бірқатар әншілер дәлелдеп жүр. Әншінің көп болғаны дұрыс, бәсекелестік артады. Халық өз талғамынан шы­ға­тын әншілерді өнерде қалдырады. Тек айта­тыным, қазір қазақы болмысымыздан айыры­лып барамыз. Сол себепті "Сарын" тобы қазақы бағытты жалғас­тырушы жас топтардың бірі ретін­де жұмыс жүргізуде. Елдің аузында жүрген танымал өнер жұптары Қанат пен Айткүл, Қыдырәлі мен Қарақат, Тоқтар мен Бейбіт, Жанболат пен Жазира сынды жұптардың жал­ға­сы ретінде қалыптассақ дейміз. Әрине, отба­сылық жұп емеспіз, біз бір-бірімізбен әріптестік, шығармашылық байланыстамыз. Топтардың кө­бей­гені рас, бірақ қыз бен жігіттен құралған дуэттерді көп деп айта алмаймын. Бізбен бірге ілесіп, жаңа әндер шығарып жүрген бірнеше дуэттер қазір жұмысын тоқтатты. 

- Сөз арасында, репертуарымызда жиырма­ға жуық ән бар деп қалдыңыз. Қай бағыттағы әндерді орындайсыздар?

- Біздің топтың төлқұжат әні - "Бір үйдің бала­сындай" әні. Бірлікке шақыратын сазды әндердің бірі. Патриоттық, концерттік бағытта­ғы әндерді шырқаймыз. Жақында "Күн мен ай" әніне бейне­баян түсірілмек. Менің ойымша, клипті түсіру бір сәттік болмауы керек, оның салмағы болуы керек. Мыңдаған клипі бар әншілер бар, бірақ даралану жоқ. Сондықтан аз болса да саз болға­ны дұрыс. Бізде тұрақтылық бар. Тұрақ­тылық - кәсібиліктің  жоғарғы сатысы.

- Репертуар дегеннен шығады, тек той бағы­тына ән жазатындардың қарасы көбей­ді. Сол арқылы қаржылық әлеуетін көтеріп алған­дары қаншама. Той бизнесін көзде­мей­сіздер. Топ­тың болашағын қалай елестетуге болады?

- Тойға әнші ретінде емес, қонақ болып бар­ған­ды ұнатамын. "Сарын" тобы тойдың әншілері емес. Біз қазақ өнерінің, қазақ әнінің бұрма­ланбай дұрыс жеткізілуіне жұмыс жүргізетін орын­дау­­шылармыз. Тойға шықпағанымызбен, түрлі думанды шаралар мен ашық концерттерге қаты­са­мыз. Жалпы тойға қарсылығым жоқ. Той­мен күн көріп жатқан әншілерді даттағым келмейді. Ол - әркімнің қалауы.

- Музыка тақырыбын қозғағанда фоног­рамма мәселесін айтпай кету мүмкін емес. Бұрынғыдай емес, қазірде техникалық аппа­рат­тардың молдығы жанды дауыспен ән айтуға мүмкіндік береді. Десе де әлі де Қазақстан эс-т­ра­­дасы фонограммадан айырыла алмай келеді? Не кедергі?

- Ниет деген ұғым бар. Жоқ дей алмаймын. Өзі­ңіз білесіз, Роза Рымбаева, Айқын Төлепбер­ген, Нұржан Керменбаев сынды әншілер әрдайым тірі дауыста ән салады. "Сарын" тобы да мүмкіндік жетсе, жанды дауыста ән айтады.

- Демек, қазақ эстрадасында фонограмма туралы заң шықса, "Сарын" тобы сол тізімнен көрінбей ме?

- Жоқ. Көрінбейді. Себебі біз музыка маман­дарымыз.

- Бүгінгі қазақ эстрадасында дамуға шек­теу қоятын дүниелер бар ма?

- Келісемін, әншінің әнші болып қалыпта­суына жағдай бар. Осы тұста продюссер Тимур Балым­бетов ағамыз­дың еңбегін ерекше атар едім. Эстрадаға шығу үшін қыруар қаражат керек деп ойлайды. Бәрі де еңбек­ке байланысты. Ізденіс, музыкалық талғам болса өнер өлмейді. Даму жолына түсемін деген әншіге қолдау табылады.

- 91 тобы эстраданың жаңалығы болды. Жас жеткіншектердің талғамынан шыға білді. Сен­дердің де сахнада жүргендеріне көп бола қой­ған жоқ, жалпы жастар аудитория­сына қандай бағыттағы әндер қажет?

-  Халық қашан да талғампаз. Бәрінің бірдей көңілінен шығу мүмкін емес. Әйтсе де, біз тың дү­ние­ні ұсынуымыз керек. Халық өз қажеттісін таңдап алады. 91 тобы өте өнімді тауар алып кел­ді. Әлі де өсе береді. Q-pop стилі елімізде қат­ты қар­­­қын алды. Біздің іні-қарындас­тарымызды бұ­зып жатыр деп айта алмаймын. Стилі, ол бө­лек әңгіме. Мен музыкалық жағынан айтып отырмын.

- Берік, Сыр елінің азама­тысың. Бүгінде Сыр топырағынан шық­қан әнші­лер өзінің ту­ған жерін ән арқылы жеткі­зіп отырады. Сыр­дың композитор­ларымен байланыс қалай?

- Әлі ән алып үлгерген жоқпыз. Барған жерім­ді үнемі айтып жүрмін. Алматыда жүрген бір топ қызылордалық әншілердің байланысы жақсы. Ал­да­ғы күндері қызылордалық компози­тор­лардан жеке орындауымдағы әндерді естіп қаларсыздар.

 

Сұхбаттасқан

Абай ТАҒЫБЕРГЕН