Материалдар

ЗИЯЛЫЛЫҒЫМЫЗ, ҚАЙРАТКЕРЛІГІМІЗ ҚАЙДА?

 Жасы келген, самайын ақ шалған өзім қатарлы қарияларға таңым бар. Айналасындағы болып жатқан қолайсыз көріністер жайлы ылғи да әңгіме айтып, пікір білдірген боп жүреді. Бірақ, әңгімелері алқалы жиында емес, тек дастархан басында немесе екеуара, үшеуара пікірлескенде: «Бәрін құртты, тындырды!» деп толғатып жүрген наразылықтарын естіп те, көріп те жүрміз. Толғатқан адам ішіндегі шерді шығарып босануы керек емес пе? Бірақ босанбайды. Әрбір жеке адамның өмірінде қоғамның орны мен рөлі қаншалықты болса, адамдар да қауымдаса келе қоғамның қалыптасуына  ықпал ете алады деп ойлаймын. Олай айтатын себебім, қоғамда өмір сүре отырып, қоғамнан тыс болуың мүмкін емес. Бұл – адамзат жаратылғалы бергі келе жатқан қағида.

 

 

Жер тағдыры таразыға түскен кешегі халық толқуларында, жер реформасына байланысты басқосулар мен түрлі жиындарда зиялы ел ағаларына қарағанда жастар көбірек белсенділік танытты. Жастардың белсенділігі құрғақ сөз емес, негізі бар, қисыны келіскен сауатты талаптар болды. Осы жылдың 5 мамыр күні Қызылордада өткен Мәжіліс депутаттарының (Бақытбек Смағұл, Абзал Ералиев, Геннадий Шиповских, Балайым Кесебаева, Наталья Жұмаділдаева) қоғамдық ұйымдар және БАҚ өкілдерімен  кездесуінде, 19 мамыр күнгі аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев, 2 шілде күні Үкімет басшысының орынбасары Асқар Мырзахметов жүргізген жер реформасына байланысты қоғамдық кеңес отырыстарында Серік Теңізбаев, Болат Нұрхожаев, Ерлан Мұсаев сынды жастар келелі пікірлер айтып, өз қатарластарына ғана емес, әкелеріне үлгі-өнеге көрсетті. Жалағаштық Біржан Көштаев сынды қариялардай бірен-сараны болмаса, ұрпақ тәрбиелеп немере, шөбере сүйіп отырған үлкендеріміздің басым көпшілігі қалыс қалды. Тіпті бұрын аудан, облыс басқарған мемлекет және қоғам қайраткері деген атақтары бар жастары 70-85 жас аралығындағы ел ағалары өз атақтарына сай азаматтық белсенділік таныта алмады. Дұрысы – батылдықтары жетпеді. Бабаларымыздан мұраға қалған ЖЕРІНІҢ (Анасының, Отанының десе де болады) кім көрінгеннің қолында кететініне жаны күйзелмей, намыстанбай талқылау кезінде «Жер сатылуы керек, инвестиция тартуымыз керек» деп  арамтер болды. Екі мәрте сенатор болып, жердің сатылуына қарсы дауыс берген жерлес інімнің қарапайым халықтың жер сатып алуға мүмкіндігінің жоқтығын білмеуін ақылыма сыйдыра алмадым. Қариялардың көпшілігі билікке жағынуды мақсат тұтты деп ойлаймын. Бір ғана С.Кулагиннің иелігінде 80 мың гектар жердің бары рас болса, әр адамға он сотықтан бөліп берсе, 800 мың адамға үй салуға жетеді екен. Осы да әділдік пе?! Осылай жалғаса берсе, Кулагин сияқты байларға қазақ құл болмай қайтеді?!

 

 

 

Халық толқуларына қарсы биліктің әрекетіне азамат ақын Ұлықбек Есдәулеттің «Қасіретті қара пима» мен қасиетті қара жер» атты толғанысында: «Шынында да құқықтық ел болу – арманға, ал арман сағымға айналғаны ма? Билік өз халқынан өлердей қорқатын болғаны ғой? ... Халықты құлға айналдырып алғаннан кейін - «Құлға жердің керегі не?» демей ме?» деп шамырқанатыны бар.  Тығылып, бұқпантайлап екіжүзділікпен өмір сүру кімге опа берген? Нағи Ильясов (Қызылорда облысы) ауылында өткен Үкімет басшысының орынбасары Асқар Мырзахметов жүргізген республикалық қоғамдық кеңестің отырысында бір ана: «Мың өліп мың тірілген қазақ едік, мың бірінші рет өлмейікші!» - деді.

 

Қай заманда, қай кезде де ел басына түскен ауыртпалықты, қиыншылықты ақын-жазушылар бірінші боп сезінген, елді рухтандырып отырған. Баспасөз беттерінде, әлеуметтік желілерде дауылпаз ақын Махамбеттей, данышпан жырау Бұқардай болып қуатты жыр жазғандар:

 

Қуаныш Мұқтай: ...«Жетісерсің», Қазағым, Жер сатылса, Қытайларға төріңнен «бас тартылса»... «Елім-айың» кешегі аз болды ма? «Жерім-айың!» Сол болмақ – Жер сатылса!».

 

Ақын Серік Тұрғынбекұлы: «Бар байлығым бұйырып бөтенге, - деп, Жер жылайды: - Сатылып кетем бе?! - деп. Ер жылайды: - Қол жинап, Бас көтерсем, Баяғыдай атылып кетем бе?! – деп».

 

Күрескер, қайсар ақын Темірхан Медетбек: «Жер бес метр кездеме емес, Сатылмайды!  Сататындарды - Әруақ атады!..» деп айбаттанды. Қабдеш Жұмаділов, Ғаббас Қабыш, Мұхтар Шаханов бастаған зиялы қауым өкілдері Республика басшылығына: «Халықты ашындырмаңыздар, мырзалар! - деп,- ашық хат жазып: «Әкімшілік жазаға тартылғандарды дереу босаттырыңыздар! Бабаларымыздың қан төгіп қорғаған киелі жерімізді саудаға салдырмай, шетелдіктерге жалдатпай халық тілеуін орындаңыздар!», - деп талап қойды. Жанында Абылайдай көсем сөз тыңдар ханы болған Бұқар жырау да бақытты екен. Жарық көрген өршіл жырларды, олардың авторларын тізіп шығу міндетім емес. Осының бәрін айтып отырған себебім, мен айтып кінә артып отырған қатарластарым селт етпейді-ау, селт етпейді. Сол баяғы паң, сырбаз, кербез күйлері. Ақын Серік Тұрғынбекұлының: «Билікке жағынып айтқан бір ауыз сөзім үшін көпке дейін қысылып жүремін»,- дегені бар. Көжесінің бүгінгі қоюлығы, ұл-қыздарының мемлекеттік қызметкер немесе бизнестерінің жайлы жүріп тұрғанына қанағаттанып, ертеңгі ұрпақ пен тәуелсіз мемлекетіміздің болашағы, ата-бабамыздан мұраға қалған жерді жат-жұрттықтың иеленіп кетуі, тіпті Қазақстанның мемлекеттігіне қауіп төніп тұрғаны ел ағаларын ойландырмайтыны - қасірет! Сонда, зиялылығымыз, қайраткерлігіміз қайда? Зиялылық алдымен көп білу, сонан соң сонысын өмірге пайдалана білу, тәрбиелілік, үлгілілік. Адалдық, арлылық. Әсем галстук, қымбат көзілдірік немесе сұлу таяқ зиялы етіп көрсететін кез өтті. Тауысты (павлин) әсем етіп тұрған құйрығы. Егер құйрығын кесіп тастасаң, жай құстан айырмашылығы шамалы. Адамның да киімі мен сырт көрінісі оны озық етіп көрсете алмайды. (Мырзагелді Кемел).

 

Тәп-тәуір қызмет істеген өздерін ешкімнен кем көрмейтін, мен сияқтыларды өзіне тең көрмейтін кейбір азаматтар «Жас Алаш» газетіндегі «Жер жекеге сатылмасын, шетелдіктерге жалға берілмесін» деген парақшаға қол қоюға қорқатынын білдірді. Бұған не дерсің?! Олар осындай енжар, бейтарап ұстанымдарымен ұл-қыздарына өнеге бола алмай, жасық ұрпақ тәрбиелеп отырғандарын сезінбейтіндеріне қайранмын. Абайдың: -«Туғызған ата-ана жоқ, Туғызарлық бала жоқ, Туысқан туған, құрбылар Қызығымен және жоқ» дегенін жақында марқұм болған ақын, көсемсөзші Әуезхан Қодар: «Әрбір адамның ата-анасы бар ғой. Ал, Абай оны ата-ана баланы физикалық түрде туғызғанымен, баланы рухани түрде туғызбаған оны рухани тұрғыда жетілдірмеген, баланың ішкі психологиясын құрып, оған бағыт бермегенін айтқан», деп түсіндірген. Қазақ ұрпағын үлкенге жол беріп, ақсақалдың ақылын тыңдап оған бағынуды міндеттеп тәрбиелеген. Тәрбие «Сен жақсы бол» деген құрғақ уағыздан тұрмайды. Ұрпағымыздың рухани жетілуі отбасымыздан, өзіміздің жеке дара болмысымыздан».  

 

Жер реформасына қатысты жаңадан құрылған қоғамдық кеңестер өзекті мәселелерді талқыға салып, ел-жұрттың жанайқайы айтылып, шер тарқалып ортақ келісімге келу арқылы қарапайым халық пен биліктің арасы біршама жақындады деп түсінемін.

 

Құдайға шүкір, жер сату дауына нүкте қойылғандай болды. Комиссия біршама тәуір шешімдер жасады және оны Президент мақұлдап, бұл заң ережелері бес жылға дейін тоқтатылды. Бұл, сөз жоқ, халықтың, оның жастарының жеңісі. Қазақ ояныпты. Өз мүддесі үшін күресуге әзір екен. Ата буын өкілі ретінде осыған шүкіршілік етемін.

 

Дегенмен «Кейінге қалдыру ұсынысты орындамаудың бір тәсілі» деген мәтелді еске алсақ, біз әлі бұл проблеманы толық шешкен жоқпыз. Оның үстіне бұрын қомағайлықпен көп «асап» қойған жер иеленушілердің мөлшерден тыс жерін қайтарып алу мәселесі назардан тыс қалып тұр. Басқа кәсіпте шексіз байлықты мақұлдаған күннің өзінде жерді шексіз иемденуден пайда болған олигархтарға тосқауыл болуы тиіс. Өмірде артық үлес жоқ. Біреу көп алса, мыңдаған адам үлестен тыс қалады. Жерге қатысты бұлай болуы тиіс емес.

 

Халық деген Құдайдың бір аты. «Көп қорқытады, терең батырады» дегенді де айтқан халық. Ауызбірлік пен ынтымақ ел басқарған, көш бастай алатын азаматтарға байланысты. Халыққа да, билікке де мылтықтың ұңғысынан сескенген үрейлі тыныштықтан, саналы, ақылмен шешілген парасат-пайымға негізделген түбегейлі тыныштық қажет деген ой түйемін.

Сәпен Аңсатов,

Еңбек ардагері, Қызылорда облыстық қоғамдық кеңес мүшесі