Материалдар

ЖУРНАЛИСТІҢ АР-НАМЫСЫН ТАРАЗЫЛАҒАН КЕЗДЕСУ

 Ортақ мәселеге келгенде топтасу – қиынның қиыны. Әсіресе, қоғамдағы түйткілді таразыға салып, халық пен биліктің арасынан дәнекер тауып, шырылдап жүретін журналистердің өз мәселесіне келгенде үнсіздік танытып, «мен салар да сен салар, атқа жемді кім салар» болатыны тілшілердің қайнаған ортасында жиі байқалады. Осы жайттан кейін бұқаралық ақпарат құралдарындағы кәсіби жағдайлар мінбелерден мәселе ретінде көтеріле бермейді. Шындыққа тура қарағанымызбен, байланыстың жоқтығынан аға буын мен кейінгі толқынның арасы алшақтап барады. Бұл басы ашық мәселенің бірі ғана.

 

 Сабақтастықтың жібін жалғайтын, журналистердің бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бір мақсатқа топтасатын арнайы ұйымның жоқтығы жазарман журналистерді (саланың дамуына шынайы күйініп жүрген) алаңдатады. Мұнан бөлек, елдің мұнын жеткіземін деп өзін сотқа сүйреп, құқығын талап ете алмай, тауы шағылып жүргендері қаншама?! Қарап отырсаңыз, дамуға тежеу салған осы мәселелер Сыр өңірі журналистикасының жаңа сатыға қадам басуына кері әсер етуде. Осы олқылықтың орнын толтыруда «Руханиятты жаңғырту» қоғамдық қоры қолына қалам ұстаған қаламгерлердің басын біріктіріп, Сыр өңірі журналистикасында алғаш рет «Ұрпақтар сабақтастығы. Журналист құқы мен әдебі» атауында кездесу ұйымдастырды. Кездесуді қор төрағасы Нұрлан Нұрмаханов жүргізді. Шараға баспасөз бетінде қолтаңбасы айқын аңғарылатын аға буын өкілдері, саланың салмағын саралайтын орта буын мен журналистиканың жалынын ұстаған жас журналистер жиналды. Еркін форматтағы кездесу Қызылорда облысының «Азаматтық Альянсы» қауымдастығының қолдауымен өткізілді. Содан болар, қауымдастық төрайымы Ақтолқын Шереханқызы кездесуге арнайы келіп, көп мәселелердің дұрыс айтылғанына қол соғып, бас изеп отырды.

 

 

 

Журналистермен жүздесудегі негізгі мақсат - Сыр бойы журналистикасының қоғамдағы белсенділігін, кәсіби біліктілігін, құқықтық сауатын арттыру, өңірде азаматтық журналистиканың деңгейін көтеру, осы арқылы Қазақстанда азаматтық қоғам қалыптастыруға қолдау білдіру.

 

 

 

Қолда бар мәліметпен сөйлесек, бүгінгі күні аймақта 83 бұқаралық ақпарат құралдары бар. Оның ұлттық бағыттағысы бір бөлек, қаржылық мақсатта шығып жатқандары қаншама. Бірақ, бұқарамен байланыс орнатып отырған БАҚ-тың бір-бірімен байланысы, ардагер журналистердің тәлімін тыңдап, пікірімен санасатындары саусақпен санарлық. Жиында арқау етілген мәселенің бірі осы. Тәуелсіздік жылдарынан кейінгі ашық алаң, еркін форматтағы ашық кездесуде өңірге белгілі, экология саласына маманданған сақа журналист Айжарық Сәдібекұлы «Ұрпақтар сабақтастығы: тәжірибе мен тәлім» тақырыбын талдап берді. Ардагер журналист тілшілердің қоғамда беделі болуы үшін бір үйдің баласындай бірігу керегін, жұмылған жұдырықтай жұмыс жасау қажеттігін баса айтты. Әрі жас толқынның ізденісінің төмендігі, шығармашылық материалдарға еркін көсіле алмайтындығын жасырмады.

 

 

 

Ардагер журналистің пікірін «Ақмешіт жастары» газетінің бас редакторы Айжан Абдуллаева да құптайды. Оның пікірінше, ғаламторға иек артқан заманда, ақпараттың қол жетімділігі, хабарларды жылдам білу ізденісті төмендетеді, енжарлықты қалыптастырады.

 

 

 

Тәуелсіз бағытта жұмыс жасайтын журналистер үшін құқықтық сауаттылық маңызды. Себебі алынған ақпаратты тексермей берудің арты құқықтық жауапкершілікке әкеледі. Жалпы құқықтық сауаттылық деңгейін арттырудың маңызды бағыттарын сөз еткен «Сыр бойы» газеті бас редакторының орынбасары Мұрат Жетпісбаев «Құқықтық сауаттылық және журналист мәртебесі» мәселесін қозғады. Аймақтағы бас басылымда қызмет ететін Мұрат Жетпісбаев құқықтық мәселеге келгенде ақсап жатқан осал тұстарымызды тізбелеп берді.

 

 

 

- Қазақ журналистикасының қазіргі кемшілігі – медиа құқықтық сауаттылыққа мән бермеуінде жатыр. Осыдан келіп, журналистің жауапкершілігі мәселесі туындайды. Тіпті даулы мәселелерді көтергенде өзімізді қорғай алмайтынымыз рас. Медиа құқықты жетілдіру үшін журналистердің білімін арттыру қажет. Мәселен, құқықтық журналистика жөніндегі бірде-бір кітап жоқ. Мұнан бөлек, осындай ашық алаң іспетті кездесулер ұйымдастырылмайды.

 

 

 

Бұрындары журналисті кен қазғаннан кейінгі ауыр мамандықтың қатарына кіргізетінбіз. Қазір біз саланы арзандатып алдық. Оның үстіне журналистердің мәртебесі айқындалмаған. Мұның жергілікті биліктің қолдауының аздығынан деп түсінуге болады. Бірақ, біз бел шеше кіріссек, мәселені шешуге болады. Себебі, біздің сөзімізді сөйлейтін ақпарат министрлігі құрылып жатыр. Саладағы өзекті мәселені қозғай беруіміз керек. Сонда ғана нәтижелі қызмет етеміз,- дейді ол баяндама соңында. 

 

 

 

Соңғы жылдары журналист әдебі мен этикасы халық арасында жиі айтылады. Биліктегі ел ағаларының сөзін бұрмалап, сала мамандарынан ақпарат алудағы салқынқандылық, бейәдеп сөйлеу халықтың журналистерге көзқарасын төмендетіп жатыр. Біздің аймақта да журналистердің ар мәселесі ішінара айтылып жүр. Бұл тақырыпты «Қазақстан-Қызылорда» телеарнасының редакторы, аймаққа есімі таныс тележурналист Айнұр Тұңғышбаеваға қозғады.

 

 

 

Кездесуде телеарна журналисі Айнұр Тұңғышбаева тақырыптың ауқымдылығының, әрі қызмет бабында көзі жетіп жүрген мәселеге мән беріп, журналистикадағы жан айқайын жеткізді.

 

 

 

- Бір-бірімізбен басқосу сиреп кетті. Әкімшіліктің жиынында не қоғамдық іс-шараларда кездескенімізге қуанып қаламыз. Бірақ кәсіби тұрғыда ортақ мәселені ортаға салған емеспіз. Мүмкін осыдан шығар, бір-бірімізді кейде мойындамай жатамыз. Журналистің ар ұяты - жиында ұштығы шыққан мәселе. Өкінішке орай, арды ұмытып жатырмыз. Қызылорданың өзінде, әріптестеріміздің қолдары конвертпен былғанғандары жайында деректер бар. Соңғы кезде соңымыздан осындай жайсыз хабарлар еріп жатыр. Бұл ардан алыс ағайындарынан себебінен туындайды. Жиі-жиі басымыз қосылып, ойымызда жүрген пікірлерімізбен бөлісу үшін, бізге бір ұйымның қажеттігі айқын сезіледі. Бүгінгі кездесуді ұйымдастырушыларға үлкен рақмет. Енді жалғасын тапса дейміз,-деді Айнұр Тұңғышбаева.

 

 

 

Мақаланың өн бойынан байқайтын болсаңыз, жиында қазақ журналистикасына жара салған келелі проблемалардың ұшы шықты. Оны шешудің жолдары қаралды. Кездесуде айтылған проблемалар сол жиында ұмытылып кетпесі үшін кеңеске жиналған журналистер қоғамдық қор тарапынан журналистердің «Сөз құны» атты кеңесу клубын құру жөнінде ұсынысты бір ауыздан мақұлдап, шешім қабылданды.

 

Жаңа кеңесу клубы алдағы уақытта журналистердің білім деңгейін көтеру, ортақ тақырыптарды талқылау, азаматтық қоғам құрудағы журналистердің ролін, қоғамдық белсенділігін арттыру, спорттық шараларды өткізу бағытында қызмет жасамақ.