Материалдар

Нұрмахан Елтай, сатирик-жазушы: «Сахнада анекдот айтып жүргендерді сатираға қоспаймын»

 

"Қисық ұшатын доп", "Қай көзімді қысайын", "Пысық сиыр", "Бетіңді тегістеп алмайсың ба?" "Тесік қалта", "Үргім келіп тұр". Тақырыптары тәбетіңді ашатын бұл туындылардың авторы белгілі сатирик - Нұрмахан Елтай. Аз жазса да, саз жазатын жазушының бүгінде бірнеше кітаптары оқырманның ойынан шығып, бағасын да алып үлгерді. Әйтсе де, сықақшы қоғамдағы көріністерді әзілмен түйреп, сатира садағына іліп, оқырманға ой тастауды көпке көріну үшін жазбайды. Мұны сықақшының қаламынан туған туынды­ларынан айқын көруге болады.

Екі-үш күн аттасақ, сәуір айына қадам басып, күлкі күнімен қауышамыз. Сол күлкі әлеміне өрнек салған, бүгіндері кенже қалған сатира жанрына жанын беріп жүрген Қазақстан Республикасы Жазу­шылар және Журналистер одағының мүшесі Нұрмахан Елтаймен болған сұхбатты күлкіқұмар оқырмандарымызға ұсынып отырмыз.

 

- Нұрмахан аға, сатира - қиын да күрделі жанр. Сол сатира соқпағына түсуіңізге түрткі болар себеп бар ма?

- "Бұралқы сөз, күлмекке жақсы" деп қылжақ­таған сөздің бәрі сатираға жата қоймас. Рас, сатира жанрының өзіндік әлемі бар. Әр қаламгердің оңтайына келетін әзіл-сықақтың нәзік тұстары болады, сол шеберлікке жету үшін көп білімділік, терең зерделілік, асқан сезімталдық керек. Күлкі шақыра отырып, мақтамен бауыздау тәсілі деген де оңай шағыла қоймайды. Мұны мен сатира саласының алыбы Асқар көке Тоқмағанбетов, әйгілі сықақшы Оспанхан Әубәкіров, Шона Смаханұлы, Үмбетбай Уайдин, Көпен Әмірбектерге жақын жүрген кездерімде аңғардым. Өкше басып келе жатқандары да аз емес. Айталық, Толымбек Әлімбекұлы, Еркін Жаппасов, Доқтырхан Тұрлыбек сынды сатирик-жазушылар да сол баспалдақтан өтті. Содан болар, жазулары ширақ, ойлары анық қалыптасқан.

Бала кезімде, 6-сыныпта оқып жүргенімде Оспанхан Әубәкіровтің сықақ кітаптары кездей­соқ қолыма түсіп, бас алмай оқығаным бар. Содан әзіл-сықақ жазуға құмарта бастадым. Мектеп­те қабырға газетін әрлеп, белсеніп жүрдім. Бірте-бірте қаламмен бірдеңе сызғыла­май жүрмейтін әдетке душар болдым. Бірде ауылға келген халық ақыны Манап Көкенов шашылған техниканы көріп, "Темірді корозия құртады, әдебиетшіні пародия құртады" деген. Осындай сөздерді термелеп жүріп, өзім де жазарман қатарына қосылып кеттім-ау деймін.

- Сатираның өзін бірнешеге бөлеміз. Әрқай­сысының салмағы бар. Сіздің сати­раларыңыз қоғамдағы кері құбылыстардан, ішкі күйіктен шығады ма, әлде қиялы­ңыздың ұшқырлығынан ба?

- Әлі есімде, 1975 жылдары "Сериялы жина­лыс" атты сықақ әңгімемде салдыр салақтау жеңешемді әжуалаған өлеңім республикалық газет-журналдарда жарық көріп, содан қызығу­шылық арта бастады. Жазғандарыңның жария­ланып тұруы ынтаны арттырады екен. Қоғам­дағы келеңсіз нәрсені тез аңғарғаннан болар, күлкі шақыратын туындыларым солай жазыла кетеді. Мектеп бітірген соң бір маусым совхоздың терең құм ішіндегі ферма орталығында қаракөл елтірісін дайындайтын цехта жұмыс істедім. Ішім пысқаннан өзімше ермек тауып, "Кең өріс" деген қабырға газетін шығарып, тасқораның қабырғасына іліп қоятынмын. Өткен-кеткен шопырлар, жолаушы­лар жақын маңдағы шопандар әлгі менің "газет сымағымды" оқып, күлісіп жатады. Тіптен, "ендігі газет қашан шығады?" деп мені мазалап та қояды. Газеттің мақаласын жазушы, әзіл-сықақ пен суретін салушы да өзім ғой. Осыдан кейін жұрт оқитын дүниелер жазуға бейімделе бастадым.

- Қазіргі қазақ басылымындағы сатира­ның қауқары қандай? Кенже қалуымыз өзі­мізге байланысты емес пе?

- Бұл сауалға өз деңгейіме қарай жауап бергенім дұрыс шығар, "Егемен Қазақстан" газетінде "Сөз сойыл", "Айқын" басылымында "Жатыпатар" әзіл-сықақ беттері бар. Сол секілді, Қызылордада жарық көретін "Халық" газетінде де сын-сықақ жарық көріп тұрады. Басылым беттерінен Мұхтар Шерім, Ермахан Шайқыұлы, Алпысбай Боранбаев, Берік Садыр, өз жерлес­теріміз Қазыбек Әшірбекұлы, Нұрлан Нұрмахан, Ерғали Абдулланың әзіл-сықақтарын тұрақты түрде оқимын. Бірде, көшеде Ермаханның "Мынауың жынды екен" деген сықағы ойыма түсіп күліп келе жатсам, қарсы кездескен ерлі-зайыптылар маған аңтарыла қарап, "Мынау жынды ма?" дегені бар. Осындай жайттарға қарап, сатираның жазылу деңгейі жақсы деп ойлаймын. Әттең, ойлы оқырман аз, жеңіл-желпі қылжақ көбейіп кетті. Сахнаға шығып, анекдот айтып, топырлап жүргендерді сатираға қоспай­мын.

- Көңіліңіз толмайтынын байқадық.  Сати­раны дағдарысқа ұшыратпау үшін не істеу керек?

- "Бір адамның кітап оқымауы - ол сол адам­ның қасіреті, ал бүкіл адамның кітаптан алшақ­тауы - қоғамның соры" деген бар. Біздің заман­дастарымыз кітаптан, жалпы әдебиеттен алшақ­тап барады. Мұның ауыртпалығы әлден-ақ сезі­лу­де. Телеарналар жарыса хабарлайтын "атып кетті", "жарып кетті" дейтін ақпараттар адамның таяздығынан, мейрімсіздіктен, адами келбетінен арыла бастағандығының белгісі. Сондықтан қоғамда өнер мен шығармашылық дұрыс бағалануы керек. Сатираның ашаршылыққа ұшырамауы осы жағдайларға тікелей байла­нысты.

- Қазіргі қоғам сатираға өзі-ақ сұранып тұр. Алайда, жауынгер жанр саналатын фельетонды ешкім жаза бермейді. Мұның себебі неде?

- Болашақ журналистсің ғой, "Кімнің арбасына мінсең, соның әнін айтасың" дегенді естуің бар шығар, солай...

- Басылымдағы сатираның орны өз алды­на бір бөлек. Ал, теледидардағы езу тартар дүние­лерге халықтың сұранысы жоғары. Қазір әзіл-сықақ театрының саны көп, сапа­сы қандай?

- Республикалық телеарнадан "Ду-думан" атты әзіл-сықақ театрларының байқауы өткізіле­ді. Жастар жақсы өнер көрсетеді. Әсіресе, "Өнер қырандары" атты ұжым керемет дүниелер ұсы­на­ды. Театр әртістерінде ізденіс бар, тек автор­лар­мен дұрыс қарым- қатынас кемшіндеу секіл­ді. Өйткені, үш жақты түсіністік болмай, жетіс­тікке жету қиындау.

- Салмақты әңгімеңізге рахмет, аға! Көпші­лікке күлкі сыйлайтын әзілдеріңіз көп болсын!

Сұхбат құрған

Жұлдызай ҚАЛИЕВА,

"Болашақ" университетінің студенті