Материалдар

ҚАРА ҚУ

Қазақ даласындағы бірден-бір шежірелі аймақ - Ақтөбе облысындағы Ырғыз өңірі. Сонан ба, осыдан қырық жылдан астам уақыт бұрын атақ-данқы алты алашқа әйгілі бұл жерде тұз-дәм бұйырып, ай жарым уақыт болғаным бар.

Ай жарым уақыт бойы бір топ балықшы осы өңірдің Ырғыз ауданына қарасты "Байтақ" көлінен емін-еркін су маржанын сүздік. Ау көзіне мың бұралып, қалашынан ілінген ылғи сары сазан. Сеп-семіз. Бұл көлде үйрек-қаз дегенің алты ай жаз жыртылып-айырылады. Кәдуілгі құс мылтығыңның түкке керегі жоқ. Құс атаулы, әсіресе, сүңгуір үйректерді сары сазанмен бірге ау көзінен ертелі-кеш жалықпай аршып алып жатасың.

Біз болған Ырғыз көліне таяқ тастам жерде Нұра өзені жайбарақат құйып жатыр. Жұп-жуас. Жергілікті тұрғындар "астының ағысы қатты" деп біздің өзен суына шомыл­мауымызды өтінген. Қайдан, біз анау емес, мынау емес кәдімгі асау Аралдан емеспіз бе? Ендеше бұл дегенің не тәйірі?!

Осы ақкөздігімізден бәріміз тапа тал түсте Нұраға кетіп қала жаздадық. Су ішкілігі бар екен әлгінің. Құдай сақтап қалды.

Оншақты күннен соң тап сол жерге қостанып-қораланып көшіп келдік. Ырғыздың бұл тұсы қалың қамысты ну жыңғыл екен. Қарауытып кісі көңіліне әлдеқандай үрей отын себелейді. Алдында сол жердегі ауылдың үлкендері: "Шырақтарым, бұл жердің бүге-шүгесін біле бермейсіңдер. Сырт бала­ла­рысыңдар. Осы тұста киелі қара қу бар көрінеді. Кісі көзіне көп шалына бермейді. Сонау соғыстың соңғы жылы балық аулауға келген әуесқой орекеңдердің (орыстардың) бірін зым-зия алып кетіпті. Құс қайығындағы серігі су жұтып, қақалып-шашалып жағаға әрең тырнақ іліктіріпті. Байқаңдар",- деп жиі-жиі ескертіп жүрген.

Бірақ біздер бұл жерге ит арқасы қияндағы Аралдан әлдеқайдағы үлкен адамның үрей төккен әңгімесінен үркіп-қорқу үшін келіппіз бе? Жоқ, айылымызды жимаймыз. Қайта жиырма жасқа жаңа ғана шыққан біздер үшін бәрі қызық. Бір кезде өзі төрткүл дүниені түгел шарлаған атақты Жюль-Верннің кейіпкерлерінен біздің қай жеріміз кем? Тәуекел!

...Балықшы атаулының таң алдындағы тәтті ұйқысын шырт бұзып, ау қарауға асығыс-үсігіс шығатын бұлжымас әдеті бар. Біз де сол күні таң қараңғысымен таласа-тармаса қос алдындағы қара қайыққа мініп қалың пішенді қақ жарып келе жатқанбыз.

Серігім:

-Анау не?- деді жайбарақат. Ойымда түк жоқ, мен:

- Қайда, нені айтып тұрсың? - деп ұйқылы-ояу қалғып-мүлгіп келе жатқанмын.

- Әне, анау шоқ қамыстың тұсында бірдеңе қарауытып тұр. Жоқ, жайлап жүзіп келе жатыр.

- О не?

- Білмеймін бізге қарай... Кенет серігім сөзінің соңын жұтып қойып, таяуға жармасты. Мен де апыл-ғұпыл көзімді уқалап жіберіп қарасам... Жүрегім атқақтап, зәрем ұшып кетті.

- Қара қу!

Тіліміз кәлимаға әзер келді. Айқайлап ну қамыстың о жер, бұ жерінде ау қарап жатқан серіктерімізді көмекке шақыруға қаралай қос үрейленіп тұрғанымыз. Кім білсін, ана жолы қара қу жайлы ескерткен қарт. "Киелі құс. Оны қорқытудың жөні жоқ. Қарсы ұмтылсаң өзіңді жазым етуі мүмкін" деген.

Үстімізде әлі таң сәулесі жү­гір­меген қара көк аспан. Жұл­дыз­дар да "бай­қаңдар" деген­дей қара қайық­тың түбінде қорқыныштан тастай қатып қалған бізге жалт-жұлт қарайды. Жан-жағымызда ну пішен. Асты­мыздағы Ыр­ғыздың атам заманғы тұңғиық суы қарауытып, о да біздерге аранын аша түсетін сияқты.

- Келе жатыр! Біздің қайығымыздың тұмсығы алдымыздағы шоқ қамысқа сыналай кіріп тұрған. Анау-мынау жел тұрмаса, қозғалар түрі жоқ. Әлгі серігімнің "келе жатыр" деген үрейлі сөзі үстімнен ұйытқып құйын өткендей қылды.

Қара қу міне, бізден таяқ тастам жерде жүзіп келе жатыр. Кәдімгі аққу. Тек мұның түсі шымай қара. Су бетінде тұтас бір төбешік салынды көшіп келе жатқандай. Мойынын иіп, қанаттарын оқтын-оқтын қомдап қояды. Қап-қара қыр төсімен тұнық суды қақ жарып жүзіп келеді...

Екеуміз қайық түбінде бүк түсіп жатырмыз. Құдды қасқырдан қашып тығылған қоянның көжектері секілдіміз. Зәре-иманымыз жоқ. Ойымызға жамандық дегенің он кіріп, он шығады.

- Қарашы-әй!

Серігім бүйірімнен түртіп қалды. Селк етіп барып, бойымды жинап алдым. Қайықтың ернегінен басымды қорқа-қорқа шақ созамын. Әне, әне!

Мойынын иіп алған дәу қара қу қайы­ғымыздың тұсынан өтіп барады. Басымды бұға қойдым.

Жанымдағы серігім бір кезде қайық ернегінен баспалай қарап:

- Тұсымыздан өтіп кетті, - деген соң ба­сым­ды қайта көтердім.

Шынында да қара қу артымыздағы шоқ қамыстың арасына сіңіп бара жатты...

Қосқа келген соң осы қара қу жайлы әріптестерімізге бас­тан-аяқ баяндап бердік. Сонда қос ағамыз тұрып:

- Қара қу кез келген кісіге кезіге бермейді. Мына отырған Жантас осыдан он шақты күн бұрын аққудың сыңа­рын атып алды... Осы қылығының жазасын әлі-ақ тартады бұл,- деп бір қойды да, қара қудың бағзы замандағы бір байдың еркек біткенге етегін түргізген қызы екенін, сонан қарғысқа ұшырап, осындай жағдайға душар болғанын баян етті.

Осы оқиғадан бері қырық жылдан астам уақыт өтті. Аққуды атып алған баяғы Жантастың бірер жылдан соң ағасы мен інісі кездейсоқ жағдайда бірден опат болды. Уыздай жас келіншегі бала үстінде қыршын кетті. Өзі болса елдің шетінде, желдің өтінде кісі көзінен таса жерде мекен етіп жүр дегенді естимін.

Міне, мен кездескен қара қудың қаралы тағдыры осындай еді.

 

Толыбай Абылаев