Материалдар

Өмір мен өлім арпалысы

 

Белгілі қаламгер, Халықаралық Жазушылар Одағының мүшесі Еркін Әбіл бұл күндері бірыңғай шығармашылық жолына түсіп, қаламын ұшқырландырып келеді. Содан да оның соңғы жылдары жарық көрген "Адам бір көшкен керуен", "Үлкен саясат: тұлғалар мен тағдырлар", "Теңізбен тағдырлас", "Өтпелі кезең өткелдері", "Шыңдағы Шынар" атты деректі хикаятты кітаптары оқырмандар олжасына айналған.

Жазушы-журналист Еркін Әбіл соңғы жылдары бүгінгі және кейінгі ұрпаққа ұлағат етер ниетімен көнекөз қариялардың ел аузындағы әңгімелерін жинақтауды мұрат тұтқан. Төменде адам баласына берер тәлімі мол осындай бірнеше әңгімені оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.

 

Өмір мен өлім арпалысы

Сәтін салған күні Өмір мен Өлім кездесіп қалып-ты. Өмірде өң жоқ, жүдеп-жадаған, киімінің де репеті кеткен. Өлім болса бетінің нұры тасып, гүл жайнап, құлпырып жүр. Етінен ет қалмаған, ілмиген қу сүйекті Өмірді көріп, айран-асыр қалған. Өлім бір қызық ұсыныс айтады.

- Сен ендігі жерде менің киімімді киіп, Өлім кейпіне келіп жүр. Ал, мен болсам аз ғана уақыт Өмір болып тірлік етейін. Сонда қайсымыз қалай болар екенбіз?

- Жарайды, - деп Өмір бұған қуана келісе кетеді.

Сонымен Өмір Өлім болып, Өлім Өмір болып, екеуара киім ауыстырады да жөн-жөнімен ел аралап кетеді екен. Арада бары-жоғы ай өтеді. Белгілі уақыт-та межелі жерде кездеспек уәделері бар. Өмірдің Өлім болып қадам басқалы тіршілігі құлпырып сала береді. Өлімнің кәрінен қорыққан көпшілік қолдарын қусырып, қойларын сояды. Жайылып жастық, иіліп төсек болып, үлкен-кіші алдында тәжім етіп тұрады. Аз уақытта мәртебесі өскен Өлім кейпіндегі Өмір құлпырып сала береді. Өңіне қан жүгіреді, жілігіне май жүгіреді. Жамағат жасап жатқан ізгілікке риза болады. Ал, бұл күндері Өмір кейпінде ел жағалап кеткен Өлімнің халі аса мүшкіл еді. Оны ауыл итінен басқа ешкім де қарсы алмайды. Көзі түскен бірді-екілі ауыл адамдары болса:

- Е-е, құдай-ай, кәдімгі Өмір ме еді, - деп келген-кеткенімен шаруасы болмайды.

Бұрындары шалқып басып жүрген ол бары-жоғы бір ай ішінде аштан өлуге қарап, қайыр сұрап, үнем айырып, жан тәсілім жасар мерзімде баяғы Өлім кейпіндегі Өмірге әрең жеткен екен дейді. Сонымен Өмір мен Өлім бір-бірін көргенде танымай қалады. Өмір болып кеткен Өлім ажал аузында екен де, Өлім болып аттанған Өмірдің мейманасы тасып тұрса керек.

Біздің тіршілік те солай ғой, адамға өмір сыйлап, бар ғұмырын жақсылық жасауға арнаған Өмірді жайлы көреміз де, құрметіміз кем түсіп жатады. Егер, Өлім секілді аузынан ажал шашып келе жатырса, қорыққаннан қол қусырып, алдынан иіле шығарымыз айғақ.

... Баяғы бір заманда үстіне жалба-жұлба қайыршының киімін киген бір дәруіш ханның қақпасын қағыпты дейді. Жасауылдар есік ашса, табалдырық үстінде жұпыны киінген жүдеу жан тұр екен.

- Саған не керек? - дейді жасауылдар.

- Маған хан керек, - деп жауап береді әлгі байғұс.

- Хан сендейлерді қабылдай алмайды. Ханға айтатын шаруаң болса бізге айт...

Дәруіш оған келіспейді.

- Жоқ, менің сөзімді хан ғана түсінеді. Айтарым-ды тақсырдың алдына барғанда естисіңдер. Ханға осылай деп сәлем айтыңыздар, - дейді дәруіш.

Жұпыны киімімен ханның қақпасына бас сұға алмайтынын білген дәруіш есік тосып, анадай жерде арқасын жарға беріп, тікесінен тік тұрып, көз ілдіреді. Мұны көрген жасауылдар:

- Жата кетсең қай киімің бүлінеді? - деп әлгіні келемеж қылады.

Хан кешкілік қақпа алдындағы жасауылдарын шақырып алып, бүгін өзімен дидарласуға кім келіп, кім кеткенін сұрайды екен. Жасауылдардың бастығы осындай бір жалба-жұлба киім киген дәруіштің мұны көргісі келетінін, "Менің сөзімді хан ғана түсінеді" деп бұларға әңгіме айтпастан, жарға арқасын беріп, тікесінен тік ұйықтап тұрғанын айтады. Хан ойланып отырады да:

- Сол дәруішті маған алып келіңдер, - деп әмір етеді.

Жасауылдар дәруішті безек қақтырып ханның алдынан бір-ақ шығарады. Табалдырықтан бері аттай берген дәруіш ханды көрісімен жаман шапанының етегін бір жағына түре, тізесін бүгіп, ханға басын иіп, сәлем береді. Дәруіштің мұндай тақуалығын келемеж қылған жасауылдың бастығы қолындағы найза ұшымен иіліп жатқан дәруіштің құйрығынан түртіп қалып, мырс етіп күледі. Тұрмақшы  болып жатқан дәруіш бұдан соң бүк түсіп, жерге құлай кетеді. Сол арада жан тапсырыпты. Дәруішке ары-бері қарап тұрған хан басын шайқаған екен дейді.

- Бекер істедің-ау сен пәтшағар, - деп жасауылдың бастығына жаратпай қарайды. "Менің сөзімді хан ғана түсінеді" деді-ау... Тізесін бүгіп, иіле амандасты. Бекзада әулетінен екені көрініп тұр. Тағдыр айдап осында әкелген екен, сен секілді құлдың құйрығынан түрткеніне қорланып, жан тәсілім етті. Енді мұны ақ жауып, арулап көміңдер, - депті.

Сөйтсе, Дәруіш еліне өкпелеп, салтанатты сарайға симай кеткен өзіңдей бір ханның баласы екен дейді. Қорлық та өлімнен күшті көрінеді. Әсіресе, ол адал адамға ауыр соғады. Елде де тегін қадірлеп, теңін сақтап жүретін ары таза адам көп. Шаншу болып қадалатын шайпау сөз қате тисе де, бата тиетіні сондықтан.

 

ҰРПАҒЫ ҮШІН ОТҚА ТҮСПЕГЕН...

Дағыстан деген ел халқы жағынан бір милли-оннан аспайды, бірақ бір-бірінің тілін түсінбейтін бөлек-бөлек отыз ауыл бар. Кешегі күнге дейін олардың елінде жер-су, барымта дауы, жаугершілік көп болған. Авар ауылының қорғанышы Хошбар батыр әрі сыбызғышы, әрі биші және аулының шаң жуытпас ері екен. Хошбардың көзін жою біраз ауыл биінің арманы болыпты. Сондай бір күні көрші ауылдан Хошбарға хабар жетеді. "Қатар жатқан елміз, ашу-ызаны қояйық. Алдағы болар тойыма құрметті қонақ бол" деп жазған екен. Батыр ойлан-бастан "Иә, барамын" деген уәдесін беріп қояды. Хошбардың уәдесін беріп қойғанын, той жасап жатқан байдың бір бүкпесі ішінде залым адам екенін білген ауыл ақсақалдары жиылып, Хошбарға келеді.

- Хошбар, бір әнтектік кеткен екен. Сөзіңді қайтып ал. Барған жеріңде жазым етіп жүрер. Осы сапарыңнан қайт - дейді.

- Байдың қандай адам екен білесіңдер ме? - дейді Хошбар шалдарға қарап.

- Сөзінде тұрлауы жоқ, жауыз адам. Ертең уәдесінен аунап түседі, өзіңе ауыз салады.

Хошбар қатты ойланып қалады. Қарттарын да, ауыл аймағын да, өмірді де қимайды. Ақыры, сөзге келместен ат үстіне мінеді. Қамшының сабын Қап тауына қарай созады:

- Қадірлі қарияларым! Анау тауға қараңдаршы... Басында не жатыр екен?

- Ақ қар жатыр, ақ қар жатыр, - деп шулайды ақсақалдар.

- Ендеше сол таудың басы ақ па, сендердің сақалдарың ақ па? - дейді Хошбар.

- Таудың басы ақ, - дейді қариялар.

- Мен сол ақ бас Қап тауының баласымын. Оның басы сіздердің сақалдарыңнан қадірлі. Уәдемді жұта алмағаным, - деп Хошбар желе жортып жүре береді. Қасына адам ертпейді.

Бай батырды құрметтеп, бөлек үйге түсіреді. Алдына дәм, шарап қояды. Шарап буынына түсіп, босай берген Хошбарға бірнеше жасауыл жабылады да, бір биік төбенің басындағы жалғыз ағашқа апарып байлайды. Жауыз бай жалғыз баласын үйлендіріп жатқан күні Хошбардан құтылмақ болған екен. Ағашты айналдыра қау ете түсетін құрғақ отынды үйеді. Халқын жинайды. Ағашты айнала от қояды да көпшілікке қарап:

- Қазір Хошбар өледі, өлер кезіндегі үш ауыз тілегін тыңдайық, не дер екен? - дейді.

Жұртшылық жанған оттан үрейленген Хошбар жанына сауға сұрар деп қалған, бірақ от жалынына шімірікпей қараған ол:

- Зұлым бай, тілегімді сұрасаң орында. Бірінші тілегім, екі қолымды шеш. Көз жұмар сәтімде өмірлік серігім болған сыбызғымды ойнайын, - дейді.

Бай батырдың тілегін орындап, оның қолын шешеді. Хошбар беліндегі сыбызғысын алып, бір мұңды әуенге басады. Мұны естіген аң мен құс, айналасындағы адамдар ауыздарын ашып тұрып қалады.

Хошбар екінші тілегін айтады:

- Енді менің аяғымды шеш. Ақырғы рет билеп көрейін. Қашпасыма кәміл сен, - дейді.

Бай Хошбардың аяғын шешеді. Сыбызғымен қосыла билеген Хошбар тамызыққа өз қолымен от қояды. Айналасы алауға бөленеді. Сол алаудың ішінде жанұшыра билеген батыр көпшілікті аң-таң қалдырады. Соның ішінде бай мен баласы қатар тұр екен. Аңдаусызда жалт ете қалған Хошбар байдың үйленіп жатқан жалғыз ұлын қағып түсіп, от ішіне қайта сүңгіп кетеді де, қайтып шықпай қояды. Баласының жан даусы шыққан кезде бай от айнала жүгіреді. Сонда Хошбар:

- Жауыз бай, тез арада қасыма кел. Егер ұрпа-ғыңа шын жаның ашыса, егер ұрпақ үшін өмір сүретін болсаң, егер шаңырағым қурап артта қалма-сын десең, жалғыз балаңның орнына өзің түс, балаңды босатамын. Ол бізден соң шындық пен жалғанды білетін болады, - дейді.

Бай баласы үшін отқа түсе алмай, шыр айналып жүгіре береді. Бұл кездері байдың баласын уысынан шығармаған Хошбар алаулап жанған оттың ортасында ағашпен бірге жанып тұр еді дейді.

Жалғыз баласынан да жанын аяп, Дағыстан еліне тірілей масқара болған жауыз байдың қалған өмірі қорлықпен өткен екен. Қай заманда да ұрпақ үшін отқа түспей, келешекке кемел мұра қалдыра алмайсың.

 

ҚАЙЫР ҚЫЛСАҢ, БҮТІН ҚЫЛ

Ертеде итке сүйек қимайтын, қайырымсыз қатал бай болыпты. Өмір-бақи жиып-терген дүние-малы өз кеңірдегінен де жүрмей, лақ мұрны қанаса қатты қайғырады екен. Қайырымсыз бай қатыгез сараң-дығымен есігінде жүрген жалшылардың зығырын шығарып, аздырып-тоздырып жібереді. Ең аяғында елден безген сараңның қара басы ығылым малға ие болуға шамасы келмей, жұмсаған құлы тіл алмай, өлуге келеді. Өрім-өрімі шығып, жалаң аяқ, жалаң бас бай қой соңында өзі жүрсе, бір әдемі қобдишаға кез болыпты. Дүние көкейін тескен бай әп-сәтте есінен айырылып, әлгі қобдишаны ашып қалады. Сол кезде қобдиша ішінен бұрқ етіп бу көтеріледі, әлгі бу құйынша бұратылып барып, үлкен жыланға айналады. Жылан бас көтерген сәтте не боларын күтіп, емініп тұрған сараң байды көреді де, сумаң етіп мойынына орала кетеді. Зәресі ұшып кеткен қаніпезер бай жыланнан шыбын жанын қиюын сұрап, зарлана бастайды.

- Жоқ, мен сені жеймін. "Жатқан жыланның құйрығын баспа" деген атаңның айтқанын тыңдаған жоқсың. Иманыңды үйіре бер, - дейді, жылан байды буындыра түсіп.

Бай малдың қызығына түсіп жүріп, кәлимесін қайыруды да үйренбеген екен. Екі көзі алақтап жан-жағына қарайды. Сөйтсе ауылдың маңымен өтетін соқпақ жолдың үстімен бес адам кетіп барады екен. Бай ойбайын салады:

- Мені мына жыланнан құтқара көріңдер! Жасаған жақсылықтарың үшін бір марқа қозы беремін.

Бірақ бес адам бұл жаққа мойын бұрып та қарамай, жөнімен жүре береді. Бай алақтай бастаған шақта сол жолдың үстінде топырлаған отыз адам көрінеді. Қуанып  кеткен сараң тағы да айғайға басады:

- Ей, адамзаттың балалары! Мені жылан шақ-қалы жатыр. Осы құрсаудан құтқарып, өмірімді сақ-тап қалған жанға құрбандыққа  шалатын бір қойым бар. Құтқара көріңдер!

Отыз адам да қайырылып қарамай, алған бағыт-тарымен жүре береді. Тек ортасынан құдайына қараған біреуі бұрылып:

- Сол құрбандықты жыланға шал. Бәлкім, босатып қалар, - дейді.

Бай жыланға қой бермекші болады, бірақ қатуланып алған жылан оған да көнбейді.

- Жоқ, мен бүгін сені ғана сорып жатуым керек.

Шошып түскен сараңның жан даусы шыға айғайға салады. Осы кезде жер астынан белуарына дейін жоқ жарым-жарты бір кісі шығады да, қолын-дағы таяғымен ширатылып тұрған жыланды қақ басынан бір қояды. Тағы да буға айналған жылан кілт көтеріліп, қайтадан сандық ішіне барып, жоқ болады. Сандықтың аузын жапқан соң сараң бай өзінің құтқарушысына қарап, аң-таң қалады.

- Ойпырмай, адамдар мұндай қатыгез болады екен ғой. Қой беремін десем де қайырылмады ғой. Анау маған көз қырын салмай өткен бес адамның кім екенін білесің бе? - деп сұрайды жарты адамнан.

- Ол сенің бес уақыт намазың, - дейді жыланнан құтқарған кәріп жан.

- Намаз болса, маған неге қайырылмады?

- Сен тіршілікте бес уақыт намаз дегенді білген емессің. Сондықтан олардың саған рақымы түспеді.

- Жақсы, намаз қайырылмасын. Онан соңғы топырлаған отыз адам кімдер?

- Ол - отыз күнгі оразаң. Ораза ұстап, құдайға құлшылық етпегесін олар да қайырылмады.

- Сол отыздың ішінен біреу: "Қойыңды жыланға шалсаң, жаның қалар" деді ғой. Ол кім?

- Ол оразаның бір күнінде кездесетін қайырымды қызыр таңы.

- Ал, сенің өзің кімсің?

- Мен сізден кезінде кішкене қайыр көрген өлі аруақ едім. Жан даусың құлағыма жеткен соң көрімде тыныш жата алмай, көмекке келдім.

- Ал, белуардан төменгі жағың неге жоқ?

- Сіздің тіршілікте берген қайырыңыздың өзі жарты күлше нан болатын. Менің жарымжан болып келуімнің себебі сол...

Ақсақалдар әңгімесін осылай қайыратын.

Еркін ӘБІЛ,

Қызылорда қаласы.