Материалдар

Есектің құйрығына байланған түйенің тағдыры

 

Экономика ғылымдарының докторы, Лев Гумилев атындағы Евразия мемлекеттік университетінің про­фессоры, екі мәрте ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты болған, академик жазушы Кемел Мырзагелдінің "Ақыл қалта" деп аталатын кітабын оқып риза болғандығымнан ол кісіні іздеп тауып, сөйлесіп Астанада үйге шақырып, сырбойылық азаматтармен шағын дастархан үстінде тереңірек танысып, кеңірек білуге мүмкіндік туды. Мен де "Болмыс" деп аталатын шағын кітабымды сыйладым. Осы танысудан кейін электронды пошта арқылы хат жазысып тұрдық. Рухани аға, іні, әлеуметтік желіде дос болдық. Кітап атына сай нағыз ақыл қалта екен. Оқы­ғанда Конфуцийден бастап әлемдегі ірі ойшылдардың түйін-тұжырымдарымен сусындайсың, ұлылармен үн­десесің, өмірлік ұстанымыңда, ұрпақ тәрбиесінде қаже­тіңе жарарлық ғибратты әпсаналар мен мысалдарға толы әлемге енесің. Автордың ішкі мәдениетін, сыпайылығы мен сырбаздығын сезініп отырасың. Қазіргі ең көп оқы­латын шығармалар, ең көп оқырманы бар жазушы Мырзагелді Кемел екені даусыз.

 

Жақында Мырзагелдінің "Кемел" деп аталатын бес томдығы 1000 данамен жарық көрді. Әр томына "Ой­тұ­мар", "Ойдана", "Ойсана", "Ойтаным", "Ой-дәптер" де­ген атаулар берген. Осы бестомдыққа "Ақыл қалта", "Өзі­ме сабақ", "Өмірге көзқарас", "Өзіңді таны" деп аталатын кітаптары енген. Оқығанда өзіме ұнаған, қызыққан шы­ғармаларды насихаттап, ой бөлісіп, ғибратты мысалдар мен аңыз, әпсаналарды зердеме тоқып, жадымнан өші­рі­ліп қалмас үшін көпшілікке айтып жүретінім бар.

Енді Мырзагелді Кемелден Рахман ағаның мысалын айтайын. Бұрынғы бір кездері, Жібек жолының Қызыл­құмды жағалап өтетін бір тармағында құмдағы сек­се­уіл­дің ес­кір­гендерін күйдіріп көмір етіп, соны түйемен өз­бектің қа­лаларына апарып мата-мүлікке айырбастап күн кө­ретін, әркімнің жүктерін бір бекеттен бір бекетке тү­йе­сі­мен тасымалдап ризығын айырып жүретін бір түйе­кеш­тің ажалы айдалада құм ішінде келіпті. Жалған дү­ниенің тау­сылып бара жатқанын сезген ол өз өмірі ту­ралы сы­рын айтар, ризаласар адам таппай, түйесіне тіл қатыпты:

- Түке, айналайын, мен сенімен жиырма бес жылдай жол­дас болдым, екеуміз ұдайы бірге жүрдік, ыстықты да, суықты да, аштықты да, шөлді де бірге көрдік. Сенің ма­­ған серік болғандағы еңбегіңе, төзімділігіңе, адал­ды­ғыңа ризамын. Қаншама қиын болғанымен, қандай ауырт­палықтар болса да, ешқашан менің айтқаныма қар­сылық білдіріп, мінез көрсеткен жоқсың. Енді мәңгіге ай­­рылысар сәтте мен саған ризалық беріп, сенің ең­бегіңе, адалдығыңа толық қанағаттанғанымды айтқым ке­леді. Риза болсаң, мен о дүниеге аттанғалы жатқанда ри­залығыңды бер. Сонымен бірге саған қояр бір сауа­лым бар: менен өткен кемшілік, көңіліңе тиген қандай жағдайлар болды, осыны айтшы, біліп кетейін, - депті. Сонда түйе тілге келіп, былай деген екен:

- Айналайын, ием менің, алдымен сізден қиянат көр­мегенімді, ыстық-суықты, аштық пен шөлді, ауыртпа­лық­ты бірге көтергенімді, тағдырымда белгіленген жо­лымда сіз секілді қайырымды, адал адамды кездес­тір­геніме сізге де, құдайыма да риза екенімді айтайын.  Бі­рақ бір рет көңіліме тиген бір жағдай бар еді, рұқсат етсеңіз соны айтайын...

- Екеуміз әдеттегідей ұзақ жолдан Қызылқұмның етегінде бірге келе жаттық. Жолда есекке мінген, екі жа­ғына екі көзені теңдеп артып алған, суға бара жатқан бір жас әйелге кездестік. Олармен қатарласып біраз жүр­дік, сіз екеуіңіз әңгімелестіңіздер, еке­уі­ңіз де тү­сіп, қол ұстасып жаяу жүрдіңіздер. Біраз жүр­геннен соң тоқ­­тап, есектің қазығын жерге қадап, менің бұй­дамды есек­­тің құйрығына байластырып, бізді қалдырып, еке­уіңіз құм асып кеттіңіздер. Шай пісірім уақыт өтті, кел­ме­діңіздер. Мен зерігіп, есекпен сөй­лес­пекке жақындап едім, ол артын беріп, мені теппекке ың­ғайланды. Аула­ғырақ кетейін десем, жібім есекке бай­лаулы. Сонда: "Есек­тің құйрығына байланған тағдырым-ай",- деп, өмірі бі­реуге тәуелді болмаған басым, тағ­дырыма бір рет на­лып едім. Сіздер біраз уақыттан кейін белден түсіп, қайта орал­дыңыздар, біздердің жолымыз екі айырылды, бірақ тү­йе басыммен сол жолғы есектің құй­рығына бай­лан­ғаныма қорланғаным осы күнге дейін есім­нен кетпей, көңілімнің бір бұрышында жатыр еді. Сіз сұраған соң есіме түсіп, айтып жатқаным ғой, - деген екен.

Шымкент қаласында Базарбаев Марат есімді інім тұ­рады. Сол Мараттың азаматтарға беретін өзіндік ба­ғасы бар. "Базар нарқы сияқты әрбір азаматтың парқы бо­лады. Қарапайым тілмен айтқанда, әрбір азаматтың не­месе қайбір саланың болмасын, басшысының сол қатарлы қызмет атқарып жүргендер ортасында салмағы болады. Бір азаматқа көңілі толса, ол 1 кило ғой дейді. Көңілден шықпаса 100 немесе 200 грамм ғой", -дейтін.

Мараттың осы тұжырымының қисынды екенін тарқатайын. Толыққанда азамат 1 кг., содан төмен қарай 700, 500, 300 немесе 100 грамм тартатыны болады. Рей­тинг сияқты ғой. 200-100 грамм тартатын басшының қа­рамағында білім-білігі, ұйымдастыру қабілеті, аза­мат­тық ұстанымы 1 кг, 800 гр, 700 гр тартатын қыз­мет­кер­лер отырады. Осы 1 кг. немесе 800-700 грамдық маман 200-100 грамдық басшыға бағынышты. Одан күн­делікті тапсырма алады, парқы шамалы, салмағы жеңіл бас­шы­ның тапсырмасы салмақты, сөйлеген сөзі де түйеден түскендей дөрекі келеді және көбіне қисынсыз болады. Осы қисынсыз бұйрықты білікті маман орын­дауға мәж­бүр болады. Орындай алмағаны үшін сөз естиді, қысым көреді. Жұмыстан шығып кетейін десе, жаңа жұмыс табу қиын. Бала-шағасын асырау үшін амалсыз есектің құйрығына байланған түйенің тағдырын кешеді.

Қазіргі өмірдің көрінісі осыған келеді.

Сәби Аңсат,

Т. Жүргенов қоғамдық қорының төрағасы