Материалдар

БІЗДІҢ ЖҰЛДЫЗ ЖАНҒАНША, КІМ БАР, КІМ ЖОҚ?..

   Бағдат Мүбәрак - 1978 жылы 17 ақпанда Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы, Ақтоғай ауылында туған. 1998 жылы Ө.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінің филология факультетін тә-мамдаған. Қалалық "Балқаш өңірі", облыстық "Орталық Қазақстан" газеттерінде және "Қазақстан-Қарағанды" телеарнасында, "Қазақ радиосында" қызметтер атқарған. Республикалық жыр мүшәйра-ларының лауреаты. 2009 жылы мемлекеттік тапсырыспен "Жалын" баспасынан "Құсни хат" атты жыр жинағы жарық көрген. Қазақс-тан Жазушылар одағының мүшесі.


АВТОПОРТРЕТ

Сыр ашпайтын соқыр жанға

Жан екенмін төзімді.

Өлең жазып отырғанда,

Жақсы көрем өзімді.

 

Ішінде - мұң, ұшында - жыр,

Қарға бойлы қаламсап.

Жүрегімнің тұсында жүр,

Саусағымды әлі аңсап.

 

Жырға арқау ғып болмағанды,

Түнде кірпік қақпаймын.

Төс қалтамнан сол қаламды,

Кейде сілкіп таппаймын.

Уақыттың мінбесінде,

Түбінде бір сөз алам.

Не көрмедім жыр көшінде,

Өлеңі - адал, Өзі - арам!

 

Жан-Тәнімнің жақұты ұдай

- Кеудемдегі Ар-Намыс.

Бір өлеңнің бақытын-ай,

Бірнеше күн алданыш.

 

Дәтім бармайд сұрауға да,

Қаламымды кім ұштар.

Сәбиге ұқсап жылау ғана,

Мен бітірген жұмыстар.

 

 

ТАҒДЫР

Қасымның әні,

Қасымның жыры,

Арманда кеткен асылдың ұлы.

Дауылдан кейін қоя ма деп ем,

Дауасыз екен ғасырдың мұңы.

 

Қарағайлы өңір, Қарқара мекен,

Қайғыңда ептеп тарқаған екен.

Қарызы жоқ қой ақынның ұлтқа,

Арызын қалай арқалап өтем?!

 

Өлеңнен мүсін соға алған жасын,

Өзегін өртеп сол армандасын.

Өлімге басын ел үшін тігіп,

Өмірге мәңгі оралған Қасым!

 

Шағылып тауы, сағы сынбаған,

Бойдағы оқты ауырсынбаған.

Құрыштан құйған қарудан гөрі,

Қауыпты бізге қауырсын қалам.

 

Дәруіштің күнін мен кешіп келем,

Дәуренім барда белдесіп көрем.

Талдысай менен Кеңсайдай шығар,

Талбесік пенен жербесік деген.

 

Құрдымға кетіп құмға сіңбесе,

Қаңғыртқан қоғам тұлғасын кеше.

Қара өлең саған жан бітер еді,

Қара орман жақтан бір Қасым келсе.

 

Құласаң, солай заңғардан құла,

Жетесің түбі армандарыңа.

Қасым да өтті-ау, ғасыр да өтті-ау,

Не дейсің енді жалғанға мына?!

 

Бағдат МҮБӘРАК,

 

Қарағанды