Материалдар

ЗАМАН ЖӘНДІКТЕРІ

Қандала мен кене,

Бұлар оңбаған, неме!

Осылардан ойпырмай,

Даладай болды дене.

 

Сумаңдап келген сонаға,

Қақпайлап десең "жолама!"

Жасқансаң да жұтынып,

Жаудай тиер сона да...

 

Шыбын да "шырын" тауыпты,

Желпігенді білмейді.

Қапелімдегі қауіпті,

Қаперіне де ілмейді.

 

Сірке екеш сірке,

Бит пенен бүрге.

Пендеге "покой" бермеуде,

Бәрі қосылып бірге...

 

Құрлықтағы ну да,

Көлдегі лай су да.

Түлкі, шортан секілді,

Толып кетті қуға...

 

Жыланбаста жымысқып,

Жайына қарап жүзбейді.

Өзенді түгел тіміскіп,

Өзіне жемтік іздейді.

 

Иірілген жылан да,

Үйір болды лаңға...

Қырғидай тиді қасқырлар,

Қырдағы киік құланға.

 

Жалғанда мынау жамағат,

Көп сияқты, ұқсастық.

Құлқынды жайлап қанағат,

Құрыса екен қысастық!

 

Құмырсқа, кірпі, басқа да,

Келтірмей залал басқаға,

Тып-тыныш тойған қозыдай,

Тап-таза жүр ғой тасбақа.

Неге осындай болмасқа,

Құлқынқұмар қасқаға?!

 

Қазыбек ӘШІРБЕКҰЛЫ