Материалдар

ӨЛЕҢ МЕНІКІ... ӨЗГЕНІКІ НЕ?

 

Ен далада емін-еркін аунап-қунап жыл­қы­сы мен түйесіне ен салып, ойша санап ой­дан-қырдан түгендеп жүрген елдің бала­сы емеспіз бе? Мұны неге айтып отыр деп аңырып отырған боларсыз, ойлы оқырман.

Жақында белгілі айтыскер ақын інім, марқұм Бекұзақ Тәңірбергеновтің 2016 жы­лы "Аралдың табанынан су кеткенмен, хал­қының жүрегінен жыр кеткен жоқ" атты мың таралыммен жарық көрген он төрт баспаға жуық өлеңдер кітабы қолыма тиді. Ой­ымда ештеңе жоқ, көзі тірісінде ағалы-інілі сыйласып жүрген марқұмның кітабын парақтап отырып, 125-бетіне келгенде ас­тым­нан су шыққандай атып тұрдым. Се­бе­бі, осы 125-беттегі "Балдызға" атты өлең ме­­нің бұрынырақта жазылған өлеңім бола­тын. Міне, сөзбе сөз келтірейін:

 

Қамысы "Қосжар көлдің" қозғалмай ма,

Қозғалса саф алтындай сөз қалмай ма,

Көлге кеп үңіле ме кербез балдыз,

Тотығып төс қалтада тозғанда айна,

Бұрымын бұғып аққан суға малып,

Бозғылт бұлт төбесінен шудаланып,

Көшкенде көктем жаққа аласұрып,

Қаз омырау кеудесі тулады анық.

Аңсайды балдыз жаны әлде алысты,

Қаз ұшты жалап төсі жал қамысты.

Отырды дүрия көйлегі дөңгеленіп,

Он сегіз бақыты - айдын,

                                арманы ыс­тық,

Қамысы "Қосжар көлдің" қауылдырық,

Құлағын отыр көлге ауыл тігіп.

Көл мен қыз қандай әсем, бүлдірмегей,

Құбыладан кешкі іңірде дауыл тұрып...

Бұл өлең марқұм Б.Тәңірбергеновтің кітабына қайдан тап болғанын мен білмеймін. Білетінім, осы өлең республи­калық "Жұлдыз" журналының 1983 жылғы №9 санында, онан кейін 1984 жылы рес­пуб­­ли­­ка жас ақындарының "Көңіл әуен­дері" (құрастырған Иранбек Оразбаев) ат­ты ұжымдық жинағының 12-бетінде жарық көрген. Бұған ешкімнің таласы бол­мас. Әлде көзі жоқтың өзі жоқ деп марқұм Бекұзақтың еңбегіне (құрастырып жинақ­таушылар ақын Д.Аяшұлы, Арал аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің меңге­рушісі Т.Дәрменов және Б.Тәңірбер­геновтің інісі, жыршы А.Тәңірбергенов) көзді жұмып еншілеп енгізіп жіберді ме екен? Ол арасын білмедім.

Баяғыда  ақ адал малын даулап бидің ал­ды­на келген шаруа барымта болған жыл­қысының түр-түсін, құлағына салған енін ежіктеп елдің есін шығарған екен. Менің еш­кім­де алты аласым, бес бересім жоқ. "Тек өлең менікі... өзгелердікі не осы?!" де­гім келеді. Өлеңге "жиендікті" өлген емес, жер басып жүрген тірілер жасап жүрсе не жорық?!

Толыбай Абылаев,

Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі,

Жарасқан Әбдірашев атындағы әдеби сыйлықтың иегері