Материалдар

НАМАЗ – ДІННІҢ ТІРЕГІ

 

Намаз - ислами ғибадаттардың алғашқы сатысы, діннің діңгегі, иманның нұры, мүміндердің миғражы болған ерекше құлшылық.

Намаздың терминдік мағынасы - "тәкбір­мен" басталып, сәлеммен аяқтала­тын арнайы әрекет пен сөздерден тұратын құлшылық.

Намаз - құлды Раббысының разылы­ғына бөлейтін ғибадат көздерінің ең үлкені және ең маңыздысы. Өйткені, намаз қамтыған мазмұны мен дәрежесі тұрғы­сынан бүкіл ғибадаттардың шыңы, асылы.

Құран мен Сүннеттің аясында бүкіл Ислам үмметі бір күнде бес уақыт намаздың парыз болғаны турасында ижма жасаған. Яғни, бәрі бір пікірде.

Алла Тағала Құран Кәрімде: "Адамзат­ты, жындарды тек Маған құл болсын деп қана жараттым", - деп Зәрият сүресінің 56-аятында баяндап, адамның Аллаға құл бола алатындай жаратылыс пен қабілетке ие екендігін, сондай-ақ оның құл болуға аса мұқтаж екендігін білдіреді.

 

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай дейді: "Алла Тағаланың құлдарына парыз еткен бес уақыт намаз бар. Кімде-кім бұларға сал­ғырт қарамай, ақысымен толық орындай­тын болса, Алла Тағала ондай пендені жәннатқа кіргізетініне уәде еткен сөзі бар. Ал, кімде-кім бұларды орындамайтын болса, Алла Тағаланың ондай пенделеріне берген ешқандай уәдесі жоқ. Алла қаласа азаптайды, қаласа жәннатқа кіргізеді". (Имам Малик).

Ибн Омардан (р.а) риуаят етілгені бойынша Хазіреті Пайғамбар (с.ғ.с.) былай деген: "Ислам бес нәрсеге негізделген: Алладан басқа тәңірдің жоқтығына, Мұхаммедтің (с.ғ.с.) Алланың елшісі бол­ға­нына куәлік ету, намаз оқу, зекет беру, қа­жылыққа бару, рамазан оразасын ұстау". (Бұхари, Иман).

Ал, Әнәс (р.а) риуаят еткен хадисте былай деген: "Миғраж түнінде Хазіреті Пайғамбарға елу уақыт намаз парыз бол­ды, сосын азайтылып, беске түсті, сосын мынадай дауыс естілді: "Ей Мұхаммед! Менің алдымда сөз өзгермейді. Осы бес уа­қыт намаз үшін саған елу уақыт намаздың сауабы беріледі".  (Терми­зи,    Са­ләт).

Намаз - Алланың берген сансыз нығметтеріне шүкірлігіміздің көрсеткіші. Намаз - Алла мен құлдың арасындағы байланыс. Бұл байланыс - діннің тірегі мен негізі. Бес уақыт намазды шарттарына сай және уақытында оқыған адамның үлкен күнәлардан аулақ болса, басқа күнә­ларының кешірілетіндігі аятпен, хадистермен білдірілген. Құран Кәрімде былай делінеді: "(Ей, Мұхаммед!) Өзіңе уахи етілген кітаптан (Құраннан) оқы және (рүкундарын толықтап) намаз өте! Расын­да, намаз жиіркенішті істерден, жамандық­тан тыяды. Алланы еске алу - (басқа құлшы­лық­тың бәрінен) ұлы. Алла сендердің барлық істеріңді біліп тұрады". (Анкәбут).

"Расында, мүминдер (Алланың қаһарына ұшыраудан) құтылды. Олар - намаздарында именіп (хушуғ халінде) тұратындар". (Мүминун).

Хазірет Пайғамбар (с.ғ.с.) хадистерінде былай деп баяндаған: "Сендердің бі­реуіңнің есігіңнің алдынан өзен ағып жа­тып, сол өзенге күн сайын бес рет жуын­са, он­да кір дейтін ештеме қала ма?

- Жоқ, қалмайды, - десті. Сонда Расулуллаһ (с.ғ.с.):

- Бес уақыт намаз да сол сияқты. Судың кірді жойғанындай, намаз да күнәләрды жояды, - деді. (Бухари, Мәуақит).

Намаздың үлкен күнәлардан басқа кішкене күнәларға кәффәрат (төлем) болатындығы хадисте былай баяндалады: "Үлкен күнәларды істемесеңдер, бес уақыт намаз өз аралығындағы, жұма намазы да келесі жұмаға дейінгі аралықтағы жасалған (кіші) күнәларды жабады". (Муслим, Тахара).

Шынайы көңілмен оқылған намаз ықы­лас, тақуалық пен тамаша мінез-құлықтың қалыптасуына ықпал етеді.

Құран Кәрімде былай баяндалады: "Сабыр және намазбен жәрдем тілеңдер. Расында намаз ынталылардан басқаларға ауыр келеді". (Бақара). Яғни, намаз оларға ауыр келмейді, керісінше, олар ләззатта­нып, рахат сезімге бөленеді, тіпті, намаз оларға үйреншікті іс болады.

Хазіреті Пайғамбар (с.ғ.с.) былай деген: "Дүниелеріңнен маған әйел мен хош иіс сүйкімді қылды. Намаз көзімнің қарашы­ғымдай болды. (Нәсәи, Ишратун Ниса).

Намаз ұлт пен түрге, тіл мен елге айырмай, мүминдерді бір сапқа жинайды, қоғамдық сананы күшейтеді. Әлеуметтік көмек көрсетуге үйретеді, жамағаттың бір­лі­гін қамтамасыз етеді. Жамағатпен намаз оқылатын мешіттер халықтың өзара көмек­тесуіне, ұйымдасып, рухани тұтас­ты­ғының күшеюіне арна болады.

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) құтси хадисінде: "Мені кеңшілікте еске алыңдар, мен де сендерді таршылықта еске алайын" делінген. Яғни, дүниеде мені еске алың­дар, (ұмытпаңдар) мен де сендерді мах­шарда, қыл көпірде, тозақ отының ұш­қындары жауған уақытта еске алайын. Сендер Мені жастық шақтарыңда, күшті әрі қуатты шақтарыңда еске алыңдар, на­маз оқыңдар, мен де сендерді қартайғанда, әл-дәрмен кеткен шақтарыңда еске алып жәрдем берейін деуде. Алланы еске алу тілмен, зікір етумен ғана шектелмей, амал­дар арқылы да жүзеге асады. Амалы­мыз көбейген сайын иманымыздың да арта берері шындық.

Әбу Һұрайра Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) былай дегенін естіген: "Қиямет күні пенденің амалдарынан ең әуелі сұрала­тыны - намаз. Егер намазы дұрыс болса, онда пенде қуанышқа бөленіп, игілікке қол жеткізеді. Егер намазы дұрыс болмаса, онда апатқа ұшырап, қайғыға түседі. Егер оның парыз амалында кемшілік болса, Хақ Тағала: "Оның нәпіл амалдары бар ма екен? Онымен парыздардың кем-кетігін тол­тыр­сын",- дейді. Оның басқа амалдары да есептеледі". (Тирмизи, Сунан).

Сондықтан намаз оқып, оған қоса ізгі қасиеттеріміздің болуы ақыретте Алланың қалауымен сауабымызды молайтып, сұрағымызды жеңілдетеді. Шын мәнінде, жаратушы, өмір сыйлаушы және сыйлаған өмірін қайтарып алушы Алладан басқа ғибадат етілуге лайықты екінші бір тәңір не болмыс жоқ. Үлкен есеп күнінде "не істедіңдер?", "кімге және не үшін ғибадат жасадыңдар?" деген сұрақтар қойылаты­нын адам баласы есінен еш шығармауы тиіс.

 

Талғат СЕЙДАЛИЕВ