Материалдар

Ынсап пен ықылас

 

"Қанағат қарын тойғызады" дейді қазақ. Әу, біз қанағат қамын ойлаудан әлдеқашан озып кет­кен ұрпақпыз ғой. Біз адамзат баласына әр кез ке­рек, оның ұлық ұстанымы болатын осынау бір аяулы сезімді ұмытып кеткен жоқпыз ба?

Баяғыда ата-бабаларымыз "қазақ байыса қатын алады" дейді екен. Шүкір, соңғы жылдары байыған үстіне байып келеміз. Қорамыз толы мал, қалтамыз толы ақша. Мінгеніміз жалт-жұлт ет­кен шетелдік жеңіл автокөлік, ішкеніміз мыңнан бір дертке шипа қымыз, шұбат емес. Керісінше құ­дай­дан бір, адамнан екі сұрап алған денсаулы-ғымыздың соры арақ пен әртүрлі зиянды су-сындар. Баяғы "қазақ байыса қатын алады" де-ген қағида айдалада қаңғырып қалды. Оң жақта оты­рып қалған қыздар мен қырық жастың қыр­қасына шықса да, "жыламай тамағын ішпейтін" "қызылшақалар" көбейіп барады. Оның үстіне, базарлы нарық "ақшаң болмаса адырам қаласың" деген ащы талап қойды.

 

Айта берсек, тіршіліктің тоқсан түрлі толғауы бар. Сол толғаудың "гөй-гөйін" тоқсаныншы жыл­­­­дары әйел-аналар мен қыз-келіншектер кө­бі­рек тартты. Осы тұста еркектердің қазанға қа­рап, әйелдердің базарға қарап ала қаптарын ар­қа­­лап, арқыраған пойыздарға мініп-түсіп жүретіні.

Сол кездері елде жаппай жұмыссыздық жайлады. Барының өзі айлығы мен шайлығы-ның зарын барынша тартты. Сонан ба, тепсе темір үзетін жігіттеріміз бәріне қолын бір сілтеп, бала-шағадан гөрі бас қамын күйттеп, қазан-ошақ­тың қасында қалды. Еркектерден гөрі қыз-келін­шектер көнбістік танытып, нарықтың "нар­кескен" нәубетіне қаймықпай қарсы тұра білді. Сол үшін де әйел-аналарға мың да бір рахмет. Бұлар барға қанағат тұтты, жоққа көзін сатпады.

Ынсап дегеніміз қанағат, ықылас дегеніміз ниет қой. Бөрік кигендерден орамал тартқан-дардың ынсабы молырақ екенін сол жылдары көрдік. Әлі де көріп келеміз. Ықыластары да сол шамалас. Барды базарлайтын, жоққа сазармай-тын кезең осы. Ынсап-қанағатымыз мол, ықы­ласымыз түзу, адал болсын, ағайын!

 

Атақтың құнын арзаңдатып алмайық

Бұрын атақ абыройға тәуелді болады, адамды атақ пен даңқ өзі іздеп табады деуші едік. Қазір сол атағың ақшаға, сонан соң "Сәке, Мәкеңе" қарап ауызын ашып отырған көрінеді. Қаже­тсінсең мақтау мен марапатты теңгенің шетін көрсетсең, тегін алуға да болады екен. Мақтауға лайықты балаға ата-анасы мақтау қағазын дүкеннен өзі сатып алғанын көрдік. Осыдан кейін атақта қандай құн, қандай қадір-қасиет болмақ. Бұны көрген бала не ойлайды, жалған атақпен озуға бола ма екен? Оның мы­салын күнделікті өмірде көріп те, біліп те жүрміз. Жалған атақ, жалған намыс ешкімге де абырой бермейтіні аян. Сөйтіп жүрген заман­дастарымыз аз ба? Шынында адам баласы адал еңбегіне орай ақ­жарқын алғыс алып жатса жөн-ақ. Болса сол құны көк тиын атақ пен даңққа неге құмармыз? Айтарым, атақтың құнын арзан­датып алмайық­шы, ақ пейіл ағайын, жібі түзу жұртымыз.

Т.Нұржан-Балта