Материалдар

«Қоғамның жоғын жоқтап, мұңын мұңдаған журналистер қорғансыз»

 

Ғалия Әженова,

«Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау қорының сарапшысы:

Әдетте қазақ «Тілмен байланған қолмен шешілмейді» дейді. Яғни тіл байлығына тең келер ештеңе жоқ. Бірақ тілді пайдаланудың да реттілігі бар. Мұны баспасөз туралы заңның өзі айшықтап тұр. Бүгінгі ақпарат көздерінде сөзді орынды-орынсыз қолдану, біреудің ар намысына тию – әдепсіздіктің белгісі. «Жалғыз ауыз сөздің жыланның құсығы секілді кісіні өлтірер уы болады» осыны ойлап, сана сарайында сергітіп, қалың көпшілікке сөзді дәйекті жеткізудің мәнісі жоғары.

«Әділ сөз» қоғамдық қорының жұмысы қай бағытты қамтиды?

— Тәуелсіздік алған жылдары жаңа зандар пайда болды. Сол кезде аяқ асты журналист деген қауымға қоғамның бірқатар мүшелері бас салып, үлкен мөлшерде моральдік залал өндіруді сұрап, сотқа қайта-қайта жүгінді. Сондағы көздеп отырғаны әділеттілік емес, қалтасын ақшаға толтыру. Жалпы қоғамның жоғын жоқтап, мұңын мұңдаған журналистер қорғансыз екеніне көз жеткіздік. Осылайша Елбасының ықпалымен журналистерге заң тұрғысында кеңес беруге, құқығын қорғауға «Әділ сөз» қоғамдық қоры жұмысын бастады. Әрине, басында көптеген сот процестерімен қатар шиеленістерді де өткердік. Енді біразын мәмілеге келтіруге мүмкіндігіміз болды, кейбіреуіне болмай жатты. Олардың шешіміне біз кінәлі деп танылмадық. Өйткені сот шешімі немесе заң солай болды.

— Елімізде әділ сөз, сөз бостандығы жандану үшін қор қызметкері ретінде қандай қайшылыққа ара түсе алдыңыз?

— Біз журналистердің қызметін зерттейміз, мәселен, дауға қалай тап болғанын анықтаймыз. Оларға арандатушылық жасалып отырған жоқ па? Журналисті бекерге кінәлі деп айып тағып жатқан жоқ па? Егер журналист кінәлі болса, оның мәтіні қандай болды? Ол расында біреуге тиісіп жазды ма? Әлде әділеттілік іздеп жазды ма? Осыған байланысты сараптама жұмыстарын жүргіземіз. Бұдан ертеректе Кеңестік сайлау кодекс заңдары қатаң болмайтын. Ол кезде журналистерге журналист одағының мүшесі ретінде араша түсуге мүмкіндігім болды. Қазір бұл жүйеге шектеу қойылды. Тіпті азаматтық іс болса да, тек заңгерлік білімі бар адам ғана сот жүйесіне қатысатыны мәлім. Сондықтан екінші білім алуға тура келді. Енді Азаматтық іс жүргізу кодексі бойынша сенімді өкіл болуға толықтай құқығым бар.

 

— Сыр журналистері сіздің көмегіңізге жүгініп көрді ме?

— Сыр өңіріндегі білікті журналист Баян Құлтановаға көмек көрсеттік. Сюжетке байланысты журналистке шағым келтірсе керек. Содан «Қоғам тв» арнасында көрсетілген сюжетті арнайы алдыртып, лингвистикалық сараптама жұмыстарын жүргіздік. Сараптама жұмысы барысында кінәсіз екенін анықтап, бағыт-бағдар бердік. Бірақ біз жол ұзақтығына байланысты сот процесіне қатыса алмадық. Сот жұмысында берілген шағым қанағаттандырылмай, яғни «Қоғам ТВ» арнасы кінәсіз деп танылып, жеңіске жетті. Негізінде Сыр өңірінде жиі даулы оқиғалар болады деп айта алмаймыз. Өйткені бұл жер – ұлттың ұйыған ордасы. Әдептілік шеңбері кең. Үлкен мен кішінің арасында сыйластық қалыптасқан, ар-ұятты биік қоятын аймақ. Сол себепті болмашы нәрсеге сотқа жүгіну жоқтың қасы.

— Сыр бойындағы журналистиканың дамуын қалай бағалайсыз?

— Жалпы қазіргі жастардың әдебиетке әуестігі, журналист болсам деген арманы жоғары. Біріншіден, мені осы үміт қуантады. Екіншіден, оңтүстік аймақтардан журналистер шоғыры көп шығады. Бұл – қазақы табиғаттың, мәдениет пен әдебиеттің маздауынан туындаған ерекшелік. Мұнда тілдің шұрайлы таңбасы бар. Әсіресе, Сыр бойында қаламгерлік қазығы бекем байланған. Мұнда сонау Қорқыттан, Сыр сүлейлерінен, әдебиет алыптарынан жалғасқан дәстүрлі жол жатыр. Ұрпақ сабақтастығы осы дәстүрден дәріс алып, үлгілі үрдісті үзбей келеді. Демек, ықылым заманнан бүгінгі ғасырға дейінгі аралықтан белгілі дәстүр қалыптасқан. Сондықтан мұндағы ақпарат көздерінде сөз қолданыстар, тағылымды теңеулер, тапқыр тақырыптар мол. Осы жағынан келгенде Сыр бойы журналистикасы өзге аймақтардан үстем тұр.

Аймақ журналистерінің кәсіби деңгейін көтеруге қандай кеңес берер едіңіз?

— Ең алдымен журналистер заңды жақсы білген жөн. Заңды білген жағдайда өзінің құқығын толықтай біле отырып, журналист құнды ақпаратқа қол жеткізуі мүмкін. Қандайда бір мәтін жазу тұрғысында өсек-аяңды қолданбауы тиіс. Естігеннен көрі, аяғымен барып анықтап жазған дүние бір бөлек.


Нұрлан Нұрмахан,

«Руханиятты жаңғырту» қоғамдық қорының директоры:

 

«Сөз құны» ділгір мәселелердің шешімін тарқатады

- Журналистердің қадір-беделі туралы не айтасыз? Біз ұсақталып бара жатқан сияқтымыз ба, қалай?

- Әрбір азамат қандай жағдайда әрекет жасасын, әуелі өзінің ары алдында, содан соң өзі өмір сүріп отырған қоғам алдында жауап беруі тиіс. Ал, елдікті ту етіп, қоғам жаршысына айналып жүрген журналистке артылар салмақ, жауапкершілік жүгі тіпті ауыр. Сондықтан журналист беделі туралы сөз еткенде, «бүгінгі қоғамда өзіміз өз қадірімізді қашырып алып жүрген жоқпыз ба?» деген сауал әрбіріміздің көкейімізде тұруы тиіс. Әрине, «ұсақталып бара жатырмыз» деген сөзден аулақпын. Дегенмен бүгінгі күні әлеуметтік желі қолданысқа енгелі журналистік сауаты болмаса да, желіні тиімді пайдаланушы жекелеген адамдардың (блогерлер, фейсбукерлер т.т.) ықпалы артып келеді. Тіпті, әкім-қаралардың өздері олармен санасатын халге жетті, олардың басын қосып жасаған жұмыстарын көрсетеді, жылы сөйлеседі, ақылдасады, жиі кездесуге тырысады. Оның себебін, саясатын, мәселенің арғы жағына үңіліп жатқан журналист жоқ. Керісінше, билік иелері заңды тіркелген ақпарат құралдары арқылы жұмыстарын жүргізіп отырған қаладағы мемлекеттік емес БАҚ-тарды білгенмен, олардың мекен-жайларын, жекелеген журналистердің хал-жайын білмейді. Осыдан кейін бүгінгі қоғамда «төртінші билік» атанып жүрген журналистер өздерінің қадір-қасиеттерін төмендетпеу жолында жұмыс жасау керектігі көрінеді. Тоқсан жылдық тарихы бар Сыр өңірі журналистикасының кешегісінің бүгінгімен сабақтастығы жоғы байқалады. Бір-бірінен бытыраңқылығы, байланыстың жоқтығы өзара мәселелердің шешілуіне кедергісін тигізеді.

Осындай олқылықтарды жою жолында, журналистердің қоғамдағы беделін көтеру мақсатында аға буын мен кейінгі толқын жастардың басын қосып кездесу ұйымдастырған себебім сол. Басқосуда «Сөз құны» деп аталатын журналистердің кеңесу клубын құру жөнінде ұсыныс айттым, ол қолдау тапты. Бір сөзбен айтқанда, серпіліс жасалды, сең қозғалды. Енді журналист мәртебесін биіктетуде жаңадан құрылған клуб жұмыс жасайтын болады.

- «Сөз құны» клубының жоспарлары айқын ба? Не күтсек болады?

- Рас, журналистердің кеңесу клубы өңірде алғаш құрылып отыр. Сөз қадірін аудиторияға түсіндіру үшін «Сөз құны» деп бекер атаған жоқпыз. Оның үстіне, әріптестердің басын қосып, тек бос әңгіме айтып кететін орын емес, аймақтағы ділгір мәселелерді шешуде ұйытқы болуда журналист ретінде роль атқаруды алға мақсат етіп қойдық.

Біз азаматтық қоғам туралы көп айтамыз, бірақ мәнісіне түсініп жүргеніміз шамалы. Сондықтан азаматтық қоғамды шынайы қалыптастыруда журналистердің ролін айқындау, қоғамдық белсенділігін арттыру, ортақ тақырыптарды талқылау, журналистердің білім деңгейін көтеру, құқықтық сауатын арттыру – басты мақсатымыз. Осы күнге дейін клубтың екі отырысын өткізіп, алдағы атқаратын жоспарларымызды айқындап алдық. Енді сол бағытта жұмыс жасайтын боламыз. Жұмысымызға ешкім кедергісін келтірмесе, клубтың болашағынан көп нәтиже күтуге болады. Бұл жолда әріптестеріміздің кәсіби адалдығына, табандылығына, еңбекқорлығына байланысты. Бірігіп жасалған жұмыс қоғамның дамуына да пайдасын тигізеді деп есептеймін.

Сұқбаттасқандар

Назерке Қазыбайқызы,

Ерасыл Шәрібек