Материалдар

АЛАШОРДА ТАРИХЫ

 

Ресей империясында патша үкіметінің құлауы қазақ жерінде Алаш қозғалысының дүниеге келуіне ықпал еткені тарихтан белгілі. ХХ ғасырдағы қазақтың алғашқы тәуелсіз Алашорда үкіметі 1917-1920 жылдары аралығында өмір сүрді. Алашорда үкіметі қазақ мемлекетінің алғашқы демократиялық дамуының негізін қалады. Алаш автономиясының құрамына сол кездегі Бөкей ордасы, Орал, Торғай, Ақмола, Семей облыстарындағы, Каспий сырты облы­сындағы, Алтай губерниясындағы қазақтар мекендейтін аудандар енгізілді.

Алаш үкіметі 1917 жылғы желтоқсанда өткен екінші жалпықазақ съезінің шешімдері бойынша Алашордаға қарыздар алуға және автономиялық көршілерімен келіссөздер жүргізуге уәкілдік берілді. "Келісім жасау құқығы Алаш құрылтай жиналысына жүктеледі" деп көрсетілді. Әлихан Бөкейханов Алашорда үкіметінің тұңғыш төрағасы болып сайланады. Cъезд делегаты Әлімхан Ермековтің мақаласы үкіметтің жасақ­талған уақыты мен автономия туралы қуанышты хабардың қай сағаттарда айтылғанын нақтылай түседі: "Декабрьдің 12-күні, түс ауа, сағат 3-те дүниеге "Алаш" автономиясы келіп, азан шақы­рылып ат қойылды. Алты Алаштың баласының басы­на ақ орда тігіліп, Алаш туы көтерілді… Жаса­сын Алаш автономиясы!".

 

Алашорда үкіметі өте күрделі жағдайда қыз­мет атқарды. 1918 жылы Ресейде Азамат соғы­сы басталды. Қазақ жерінде қамтыған бұл соғыс­тың салдарынан Алашорда үкіметі Батыс және Шығыс бөлімдері құрылып, Батыс бөлім­шесін (Батыс Қазақстан, Жымпиты ауылы) Жаһанша Досмұхамедов, Шығыс бөлімін (Семей) Әлихан Бөкейханов басқарды. Семей­дегі билік орталық үкіметтің рөлін атқарды. Алашорда Батыс бөлімі барынша табанды күрес жүргізіп, азаттық жолындағы күресін азамат соғысы аяқталғанға дейін тоқтатпады.

Большевиктер партиясы мен Кеңес өкіметі ұлттық-мемлекеттік құрылыс мәселесін шешудің негізіне таптық жіктелу принциптерін алса, Алаш көсемдері бұған керісінше ұлттық бірлік саясатын таңдап алды. Сондықтан олар қазақ халқын ұлттық тұтастық пен бірлікке шақырды. Ә.Бөкейханов қазақ автономиясы құрыла сала, "Қазақ" газеті арқылы зиялы қауымға былай деп жар салды: "Ресей мемлекеті енді жақын арада үйірге қосылмайды. Бірліктен айырылсақ, мына орысша қаңғып кетеміз. Көш бастаған ақсақал аға, зиялы іні, жергілікті жұрт, қызметін таза атқар. Жалпы жұртқа мұрындық бол!". Ал, екінші жалпықазақ съезінің қазақтың автоно­миялы ұлттық-территориялық мемлеке­тін құру туралы шешіміне саяси баға бере келіп, Ә.Бөкейханов кейінірек 1919 жылы 11 ақпанда былай деп мәлімдеген: "Съездің бұл шешімі қазақтар мекендеген территорияда анархиямен болдырмау, өлкеде большевизмнің дамуына жол бермеу мүдделерінен туындады. Сол кезде Ресейде орын алған жағдайда қазақтардың жарияланған автономиясын жүзеге асыру мүмкін емес еді. Кезекте бостандықтың жауы - большевизммен күрес тұрды". Әлихан Бөкейханов­тың тікелей жарлықтарында Алаш әскери жасақтауға қатты көңіл бөлінді.

Қазақстандағы қоғамдық-саяси өмірдің соғыс жағдайына бет алуына қарай Алашорда әскерін жасақтау ісі қазақ өлкесінің әр аймағында әр түрлі уақытта жүзеге асырылды.

Уақытша Бүкілресейлік үкімет - Директория жарияланды. Бірақ бұл Директория өзі жойы­лардан аз ғана бұрын 4 қарашада шыққан бұй­рығымен бөлінбейтін Ресейді қалпына келтіру үшін барлық облыстық үкіметтермен бірге Алашорданың орталық үкіметін таратып, оның облыстық, уездік ұйымдарын ғана қалдырды. Орнына мәдени-тұрмыстық мүдде­лерді басқаратын Бас Уәкілдік қызметін енгізді.

Колчактың қазақ даласын басқаратын Бас уәкілдік тағайындау туралы жаңа Ережені жаң­ғырт­қан әрекеті алайда жүзеге асқан жоқ. Мұның себебі, бір жағынан күннен-күнге жеңі­ліс­ке ұшырап жатқан Ақ Армиядағы сәтсіздіктер болса, екінші жағынан ұлттық қозғалыстарға жауыға қарайтын орыс үкіметтеріне тән қасиетті бойына сіңірген Колчак билігінің өзінен болды.

Алашорда Кеңес Үкіметімен байланыс жасау­ға тырысты. Жаһанша Досмұхамедов Ленин­мен, Халел Ғаббасов ұлт ісі жөніндегі халық комиссары Сталинмен келіссөздер жүргізді. Мұның нәтижесі автономияның мәдени мұқта­жына орталықтың көмегі, бүкілқазақтық құрылтайды шақыру, өлкеде азаматтық бітімге келу туралы уәделер болды.

Кеңес өкіметі Азамат соғысының алғашқы жылының қорытындыларын шығара келіп, кеңес өкіметін ұлт аймақтарында нығайтудың тиімді жолдарының бірі - ұлттық-мемлекеттік құрылысты тереңдету қажет деп санады. Бұл ба­ғыт­та кеңестік негіздегі Татарстанның, Башқұрт­станның және Қазақстанның автономиялық мемлекеттігін тез арада құру большевиктердің ұлт саясаты саласындағы маңызды міндеттерінің бірі деп анықталды. Бұл бағыт большевиктер пар­тияс­ының VIII съезінде (наурыз, 1919 жыл) бекітілді. Кеңес өкіметі, ақгвардияшылар жағындағы уақытша үкіметтерден түңілген Алашор­да үкіметімен байланысқа барып, өз жағына тартты. Ең алдымен мұндай байланысқа Алаш орданың белгілі қайраткері А.Байтұрсынов басқарған тобы барды. 1919 жылы қазақ даласында большевиктердің нұсқауымен Қазақ АКСР-ін құруды ұйымдастыру мәселесімен айналысатын Қазақ революциялық комитеті құрылады.

Алаш қайраткерлеріне Бүкілресейлік Орта­лық Атқару комитетінің 1919 жылғы 4 сәуірдегі және 1920 жылғы 15 сәуірдегі шешімімен амнистия жарияланса да, Кеңес үкіметі күшіне мінгеннен кейін, олардың өткенін ешуақытта ұмыта да, кешіре де алған жоқ. Түрлі әдіспен бүркеленген қудалау ақыры, Алаш зиялыларын жаппай қырғынға ұшыратты. Бұл зобалаңнан аман қалған зиялылар өмірлерінің соңына дейін назардан тыс қалмады. Ал атылғандардың үрім-бұтақтары да соңғыларының кебін киді. Осы орайда Елбасы Н.Ә.Назарбаев "Ұлттық мүддеге қызмет етудің тарихи ұлы үлгілерін шын мәнінде көрсетіп берген әйгілі тарихи қайраткерлердің, мемлекет басқарушыларының тұтас легі біздің көз алдымызда. Олар қазақ мемлекеттігін дамытудың нысанасын жиырмасыншы ғасыр-д­ың бас кезінде-ақ көрсетіп берген бола­тын. Біз асқақ сезімге бөлене отырып, ұлттық әрекет­шілдігі­мізге қатысты ғасыр басында Алаш қайраткерлері бастап берген жолнұсқалар ғасыр соңында жалғасын тапты деп айта аламыз". деп әділ бағасын берді.

 

А.Кенжебаева,

Қалтай Мұхамеджанов атындағы

№1 мектеп-гимназиясының

тарих пәнінің мұғалімі