Материалдар

АЛАШ ҚОЗҒАЛЫСЫНЫҢ БҰҚАРАЛЫҚ СИПАТ АЛУЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ БАСПАСӨЗІНІҢ РӨЛІ

 

Ел азаттығын аңсау, бұғаулықтан ада бостан­дықта өмір сүру, тәуелсіздікке қол сермеу жолында қазақ топырағында талай қозғалыстар мен көте­рілістер болғаны тарихтан белгілі. Халық қаһармандары Исатай мен Махамбет, Жанқожа мен Есет, Кенесары мен Наурызбай бастаған ұлт-азаттық қозғалыстар кеңестік жүйеде бірі діни, бірі феодалдық тұрғыда сипатталып келді. Тіпті, тәуел­сіздікке қол жеткенге шейін ХХ ғасыр басындағы Алаш қозғалысы ұлт-азаттық емес, буржуазиялық-ұлтшылдық бағытты мұрат тұтқан күрес ретінде бағаланды. Бүгінде сол "ұлтшылдар" деп, қара күйе жағып жүргеніміздің бәрі елінің болашағын, тәуелсіздігін ойлаған Алаш азаматтары болып шықты.

Алайда өзімізді тану оңайлықпен келген жоқ. Кеңестік қасаң жүйе 1917-1919 жылдардағы қазақ қоғамының саяси жағдайын оқырманына бір жақты таптық принциптер тұрғысынан баяндап, өрескел бұрмалап ұсынды. Сол жылдары жазылған еңбектерде берілген материалдар "Қазақ", "Бірлік туы", "Сарыарқа" газеттерінен алынып, кейбір тұстары коммунистік идеологияға сәйкестендіріліп орысшаға аударылып, оқырманға ұсынылғанын тарихшылар жоққа шығармайды. Алайда тәуелсіз­дік алған сәттен бастап қазақ тарихы қайта қаралып, қайта оқытылып келеді. Дегенмен сол кезеңге қатысты тарихи деректер мен тарихи жазбаларға әлде де тереңірек үңіліп, шын бағасын беретін уақыттың жеткені байқалады. Осы тұста өткен ғасыр басындағы басылымдар - "Қазақ", "Алаш", "Сарыарқа", "Жас азамат", "Бірлік туы", "Үш жүз" газеттерінде жарық көрген түпнұсқасындағы материалдарының құндылығы жоғары. Тарихшы ғалым М.Қойгелдиев: "... газет материалдары ХХ ғасырдың алғашқы жиырма жылдығындағы қазақ қоғамында болып өткен түрлі қоғамдық процестерді зерттеп тану үшін аса бағалы деректер",- деп өз бағасын береді.

 

Ә.Бөкейханов негізін қалаған 1913-1918 жылдар аралығында жарық көрген "Қазақ" газеті ұлт-азаттық қозғалыстың үніне айналды.

Газет-журнал оқысаң,

Көзіңді қазақ ашасың.

Дүние халің білмесең,

Ілгері қалай басасың?- деп ұрандаған "Қазақ" газеті ұлттық мемлекет құруда халықтың санасын ояту, сауаттандыру жұмыстарында, отарлық езгіге қарсы күрес идеологиясын қалыптастыру бағытын­да үлкен рөл атқарды. Осы арқылы жалпыұлттық басылым деңгейіне көтерілді.

"Қазақ" газеті әр кез халықтың үніне құлақ тосып отырды. 1918 жылдың 12 қаңтарындағы санында: "Торғай, Ырғыз уездері қараңғы бір түкпірде жатыр, дүниеде не болып жатқанынан бейхабар. Почта жүріп, Алашорданың бұйрық-жарлығы тараса, біздің ел Алашорданың тілегінен бас тартпас еді, халық қатарынан қалмас еді",- деп, жаңа үкімет құру жолында әрбір қазақ құлақтану үшін ақпараттың маңыздылығына мән берді.

ХХ ғасыр басындағы қазақ баспасөзінде жария етілген алашордашыл қаламгерлердің мақалалары мен шығармаларынан Кеңес өкіметінің қолдан жасаған таптық азаттығынан гөрі ұлттық бостан­дықты аңсайтынын аңғаруға болады.

"Мезгілсіз ерте келген таңнан қорқам,

Жауынсыз, құр желдеткен шаңнан қорқам,

Таң атты, мезгіл жетті деп адасып,

Құрылған қараңғыда заңнан қорқам",- деп жазған Омар Қараштың өлеңі күн-көсемнің көлең­кесінде күні өтетін заманнан сескенетінін бейнелеп берген.

Міржақып Дулатов болса, алашының намысын:

- Көзіңді аш, оян қазақ, көтер басты,

Өткізбей қараңғыда бекер жасты!

Жер кетті, дін нашарлап, хал һарам боп,

Қазағым, енді жату жарамас-ты!- деп, оятуға тырысса, "Сарыарқа" газеті арқылы: "Қазақ-қырғызды капиталист, буржуй, жұмыскер деп бөлуге болмайды. Бізде Европа халықтарындай зауыт, фабрика жоқ, бізде миллионер, жатып-ішер жоқ. Біздің халық ақсүйек, қара сүйек, бай, жұмыскер, жерлі, жерсіздерге бөлінген емес. Қалың қазақ-қырғыздың тіршілігі, шаруасы - мал бағу. Қазақ жері бұрыннан да жеке адамның еншісіне бөлінген емес",- деп, қазақтың ел болуға бекемдігін, ынтымақта тірші­лік етіп келе жатқан халық екенін жазады.

Ал, Әлихан Бөкейханов 1917 жылы 26 қарашада "Қазақ" газетіне жариялаған "Ел қорғау" атты мақаласында: "Ел қорғау екі түрлі: халықтың құқын қорғау бар, мал-мүлкі, жер-суын қорғау бар. Қазақ орысқа қарамай тұрған шағында ел басына дау келсе, халық құқығын қорғайтын билері болған, елге тиер жау болса, халықтың мал-мүлкін, жер-суын қорғайтын батырларына ерген азаматтары болған...

Қазаққа өз жабдығыңды өзің ойлап, өлмес қа­мың­ды істе деп отырғанымыздың мәні осы... Россия­­ға паналамаған кезде қазақ едің: өлер ме едің, яки өлмес қамыңды істер ме едің? Өлмес қамыңды істер болсаң, істейтін шақ міне туды",- деп, қазаққа қарата оятарлық сөз айтады.

Біз қарап шыққан, осы газеттерде жарық көрген мақалалардан Алаш көсемдерінің қазаққа жана­шыр­лығын, туған жеріне, еліне сүйіспеншілігін, болашағына алаңдауын байқадық. Бұқара халықтың көзін ашу арқылы жаңа ұлттық мем­лекетке адал қызмет етудегі жігерін сезіндік.

Қазақтың алғашқы тәуелсіз Алашорда үкіметі 1917-1920 жылдары аралығында өмір сүріп, аз уақыт ішінде Алашорда қазақ мемлекетінің алғашқы демократиялық дамуының негізін қалады. "Алаш" партиясының маңайына сол кезеңнің озық ойлы қоғам қайраткерлері  Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Ахмет Байтұрсынов, Халел Досмұхамедов, Жаһанша Досмұхамедов, Мұхамеджан Тынышбаев, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауы­тов сынды қазақтың ұлтжанды ұлдары топтасты. Олар қазақ газеттері арқылы әр кез халық­тың намысын қажап, тәуелсіз қазақ мемлекетін құруда белсенді болуға шақырып отырған.

"Атқа мінген азамат, сендерге ел керек, жұрт керек болса, басшылық қылып Алашты аман сақтау қамына кірісіңдер!

Намыстан, Алаш!

Жігерлен, Алаш!

Тас бауыр болма, Алаш!",- деп, "Сарыарқа" газеті (№33. 1918 жылдың 9 наурызы) арқылы Алашыңа үн қатады.

Алаш партиясының бағдарламасында ұлттық мемлекет құруды көздегені байқалады. Мәселен, "қазақ автономиясында жерсіз қазақ бұқарасы жер еншісін алып болғанша переселендердің келуі тоқтатылуы тиіс. Жер үлесін алдымен патша заманында ата қонысынан ығыстырылған жергілікті халық алуы керек" деп мәселені турасынан қойды. Және де "Атты казактардың жерге ерекше құқықтары біржола жойылсын. Жер сыбағасы жергілікті халыққа бұрынғы тұрған жерінен, яғни ата қонысынан берілсін",- деп нақтылады. Ең бастысы "Жерді сатуға тыйым салынады. Алаш автоно­миясының жері - үстіндегі түгі, суы, астындағы кені Алаш мүлкі болып табылады",- деп, ұлттық мемлекет ретінде жердің құнды екенін баса көрсетті. Алаш партиясының бағдарламасы мен Алаш қайраткерлерінің қазақ съездерінде оқыған баяндамалары, өзекті мақалалары қазақ газеттерінде үзбей жарық көріп тұрды.

Азамат соғысы қарсаңында Қазақстанда тұрақсыз саяси ахуал қалыптасты. Алаш қайраткерлеріне Кеңес өкіметі тарапынан тұтқындау қаупі төнді. 1918 жылы "Орынбор, Омбы һәм Семей большевиктері Әлихан, Ахмет, Міржақып үшеуін ұстап, атып өлтіруге хүкім қылған. Семей большевиктері Халел, Әлімжан, Бірмұхамед, Ахметжан төртеуін өлтіруге қаулы шығарған. Мұндай жан шошырлық қаулылар өзімізден шыққан большевиктердің ыждиғатымен болғандығы" "Сарыарқа" газетінің 12 маусымдағы №43 санында жарық көрді. Ал, "Жас азамат" газетінде (№16, 22 желтоқсан, 1918 жыл) керісінше, "хүкімет большевиктің қолында отырғанда, біздің азаматтарымыздың "өлтірілу" қаулысына қол қойып, біздің қазақтардың сиезін құрғызуды, тұнық судан таза, сүттен ақ қазақ балаларын жиып, сендер "большевик" болыңдар, "Алаш" деген сөз - оттаған сөз, ол болмайтын іс деп азғырғандары" сол алмағайып кезеңдегі саяси оқиғалардың бетпердесін ашып көрсетеді.

Бүгінде Алаш қайраткерлері армандаған, сол жолда жанын сала күрескен тәуелсіздікке қол жеткіздік. Кеңестік идеологиядан арылып, ұлттық сана-сезіміміз алға шықты. Мұстафа Шоқайдың: "Ұлтшылдық идеясы - халқымыздың жаны мен жүрегі. Ұлтымыз өмір сүрсе, ол да өмір сүреді",- деген сенімді сөзі ғасыр соңында жүзеге асты. Енді тәуелсіздігімізді баянды ету үшін ұлттық сананың жаңғыруы, ұлттық намыс пен ерік-жігеріміздің бойымызды жануы аса қажет. Ұлттық идеялардың қазаққа қызмет етуін қамтамасыз ету - бүгінгі күннің маңызды мәселесі. Себебі ұлттық идея - кешегі алашордашылардың бойтұмары болса, бүгінгі тәуелсіздіктің бағдаршамы.

Өткен ғасыр басында ұйқыдағы халқын оятпақ­қа Алаш қайраткерлері Ахмет Байтұрсынов "Маса" болып ызыңдаса, Міржақып Дулатов "Оян, қазақ!" деп, қаһарына мінген-ді. Ғасыр соңында, еліміз тәуелсіздік алған тұста Оразақын Асқар  "Оянып болдыңдар, енді ойланатын шақ туды" деп, халқына "Ойлан, қазақ!" деп жыр арнаған еді. Енді жаңа ғасырдың басында, жүз жыл өткен соң, дүние жүзіне танылуға дайындал, өркениетті ел болуға қамдан, қазақ дегіміз келеді.

Нұрлан Нұрмаханов,

филология ғылымдарының кандидаты,

Болашақ университетінің

аға оқытушысы