Материалдар

АЛАШ ИДЕЯСЫН ЖЫРЛАҒАН АҚЫНДАР

 

Қай қоғамда болмасын, жалпы адамзат ұлты­на, тегіне, жынысына қарамастан азаттықты аңсаған. Тіпті дүниеге келген сәби де өз еркімен қозғалып, тәуелсіз әрекет етуге ұмтылады. Қазақ баласының санасындағы азаттыққа деген аңсар, бостандық пен теңдікке деген құлшыныс сан ғасырлардың жемісі деп қараған жөн. Алаш қозғалысы соның заңды жалғасы. Алаш қозғалысының басты мақсаты - қазақ елінің өзін-өзі басқаруы, тәуелсіз дербес мемлекет болуды аңсауы десек, ол халық шығармасындағы тарихи өлең-жырлардан бастау алады.Тоталитарлық кезеңде ұлтжан­дылыққа, имандылыққа, елдің біреуге бодан болмай, тәуелсіз ел болу үшін рухани күрес шақырып, ұлттық рухты оятып жігерлендіретін өлең-жырларды ұрпаққа оқытпай тастағаны да белгілі.

 

Әдебиетші ғалым Ж.Ахметжанова мұндай тарихи өлең-жырларды тақырыптық жағынан төмендегіше дәуірлерге топтастырады:

1.ХVІІІ ғасырдағы Ақтабан шұбырынды оқиғасына қатысты туған өлеңдер.

2.ХІХ ғасырдағы отарлау саясатына байла­нысты тарихи өлеңдер.

3.1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс өлеңдері.

Ал, Міржақып Дулатұлының "Оян, қазақ" (1909), Байбатыр Ержанұлының "Тұр, қазақ" (1914), Әбілқасым Арғынидың "Жатпа, қазақ" (1917) өлеңдерінің негізгі мазмұны патшаның отарлау саясатына қарсы елді оятып, қозғау салудың бір түрі еді. Мысалы, 1909 жылы Орынборда басылған "Оян, қазақтың!" мұқа­басы:

Көзіңді аш, оян, қазақ, көтер басты,

Өткізбей қараңғыда бекер жасты.

Жер кетті, дін нашарлап, хал һарам боп,

Қазағым, енді жату жарамас-ты,- деп басталады. 1914 жылы Қазанда жарық көрген Байбатыр Ержанұлының "Тұр, қазақ!" кітабы:

Қазағым, халың жаздым бұл кітапқа

Алыңыз оқуменен ілтипатқа.

Жер кетіп, халің нашар болып қалды

Аярып, мәз болмаңыз құр атаққа!- деп басталса, 1917 жылы Ташкентте басылған Әбілқасым Арғыни "Жатпа, қазақ!" кітабында:

Қазағым, мұнан былай қарап жатпа,

Муафық іс қылайық шариғатқа.

Ілгері озғандарды қуып жетпей,

Алашым, күнің келді осы шақта!- деп толғайды. Үш ақын да қазақ жерінің өзгенің иелігіне кетіп жатқанын сезеді. Қараңғылықта, қамсыз жатқан халықты оятуға тырысады. Алаш жұртының ауыр жағдайына, келешегіне алаңдайды.

Ал, "Алаш" идеясын алға тартқан Әлихан: "Қазақ ұлтшылдығы - ол өз ұлтын, тілін, мәдениетін, салт-дәстүрін, ата-баба жерін, Отан­ды сүю, қорғау және қамқор болу",- деп насихаттады.

Алаш көсемдерінің көпшілігі ақындар еді. Олар туған халқының ұлттық санасын оятып, азаттық үшін күресуге қызмет етті.

Олар - халықтың ұлт-азаттық пен теңдікке деген сенімін нығайтты, осы жолда өздерінің жеке басын ұлт пен мемлекет мүддесін жоғары қойып, күрескер, қайраткер деңгейіне жетті. Қазақ халқының саяси жағынан да, ілім-білім жағынан да, мәдени-әдеби жағынан да әлеуеті жоғары ұлт екендігін таныта білді. Ел басқарудың, ғылыми мектеп қалыптастырудың, әскер жасақтаудың, шаруашылық жүргізудің, өнер игерудің үлгілерін көрсетті. Яғни, қазақ мемлекетін құру сәтсіздікке ұшырағанымен, жалпы ұлттың бойындағы мемлекеттілікке деген құлшынысты, елшілікті аңғартты.

Ахмет Байтұрсынов:

Тән көмілер, көмілмес еткен ісім,

Ойлайтындар мен емес, бір күнгісін.

Жұрт ұқпаса, ұқпасын жабықпаймын,

Ел - бүгіншіл, менікі - ертеңгі үшін,-деген еді.

Ұлттың өзін тануы, өзіне сенуі - ерте ме, кеш пе, оның тәуелсіздікке жетуінің кепілі болатын. Бұл кезең қазақ әдебиетіне, соның ішінде  поэзия мен көсемсөзге ерекшелеп, жалынды үн әкелді.

Алаш автономиясы құрылғанда Сұлтан­махмұт Торайғыров:

Алаш туы астында,

Күн сөнгенше сөнбейміз.

Енді ешкімнің Алашты,

Қорлығына бермейміз!

Жасайды Алаш, өлмейміз!

Жасасын, Алаш, жасасын!-деп шабыттана жырлады. Алаш қозғалысының қарқынынан, ел келешегіне деген ұлы үміттен бастау алып жатты.

Жүсіпбек Аймауытов:

Ұраным, қорғаным сен Алаш,

Жолыңа  құрбандық мал мен бас!

Өнер тап, өрге шап, қару ап,

Аллалап алға бас, ал Алаш!!! (1918 жыл №1 11-12 бб.) деп, "Абай" журналында жариялаған "Ұран" өлеңінде еркіндік, теңдікке ұмтылған ұлттың кешегісі мен бүгіні хақында сыр толғайды. Сондай-ақ "Ғаскер" өлеңі де (кейбір деректерде "Алаш ұраны" деп жүр) алаш баласын құран сөзіндей толқытып, алаш көсемдерінің қандай бағытта екенін көрсетті. Алаш жұртының елдік, ерлік сипаттарын, тәуелсіздік жолындағы іс-қимылдарын көрсететін өлең өрімдері - азаттықты арқау еткен. "Бірліктің - береке, ынты­мақ­тың - жемісті жолға бастап, нақтылы еңбек нәтижесін беретіні бүгінде маңызды. Өлең мұратының негізгі нысанасы осы", -дейді Рақымжан Сағынбекұлы "Жүсіпбек" деген еңбегінде.

Алаш қозғалысының негізін қалаған Ахмет Байтұрсынұлы 1909 жылғы "Қырық мысал", 1911 жылғы "Маса"  жинақтарында құлдықта отырған езілген еліне ой тастап, қозғау салды, халықтың санасын оятуға, бостандыққа ұмты­луға жетеледі де, ол үшін ең алдымен ел ішінде бірлік болу керектігін айтты. "Аққу, шортан һәм шаян" мысалында бірлігі жоқ елдің ісі алға баспайтынын айтса, "Қазақ қалпы" өлеңінде елінің қазіргі күйін "еспесі жоқ қалтылдақ қайыққа" теңей отырып:

Бұл күйге бүгін емес, көптен кірдік,

Алды-артын аңдамаған бетпен кірдік.

Шығармай бір жеңнен қол, бір жерден сөз,

Алалық алты бақан дертпен кірдік,- деп, қазақтың алауыздығын бойға сіңген "дерт" деп түсінеді. Осы ой "Жұртыма" деген өлеңінде де өріледі. Ахаң бірлігі жоқ елдің берекесіз тірлігіне қынжылады.  Отаршылдық езгісінде тұрған еліне:

Талауда малың,

Қамауда жаның,

Аш, көзіңді оянып.

Қанған жоқ па, әлі ұйқың

Ұйықтайтын бар не сыйқың?!,- деп патша өкіметінің озбыр саясатына қарсы тұруды үгіттейді, маса боп ызыңдап ұлтын надандық ұйқысынан оятуға ұмтылады. Елінің надандық­та, қалың ұйқыда жатуының бірден-бір себебі патшаның отарлау саясатында жатқанын түсінген ақын өнер-білім жолын қараңғылықтан, надандықтан құтылудың басты жолы деп түсінеді. Қарулы көтеріліс арқылы жету мүмкін емес, оның ішінде ел ішіндегі берекесіздік, алауыздық та елдің саяси санасын оятуға үлкен кедергі екенін аңғарады. "Ақын ініме", "Досыма хат" өлеңдерінде орыс өкіметінің шеніне, шекпеніне семіріп, елінің келешегін ойламай, бүгініне мастанған, халқының қамын ойламай, жақсылығы өз басынан артылмайтын "жаны - мал, жақыны - мал, малдың құлы" болғандарды сынайды.

Ахмет Байтұрсыновтың көзі тірісінде-ақ  М.Әуезов "Қырық мысал" жинағына енген өлеңдерін "революциялық рухтағы алғашқы сөз", "елшілдік ұраны" деп бағаласа, С.Сейфуллин: "Өзге оқыған мырзалар шен іздеп жүргенде қорлыққа шыдап, күйікке көніп, ұйқы басқан қалың қазақтың ұлт намысын жыртып, ұлттық арын жоқтаған патша заманында жалғыз-ақ Ахмет еді" және Ахаңның 50 жылдығына арналған салтанатты жиналыста: "Ахмет Байтұр­сынов қарапайым кісі емес, оқыған кісі, оқығандардың арасынан өз заманында халықтың намысын жыртып, даусын шығарған кісі. Қазақ халқын байға, кедейге бөлмей, намысын бірдей жыртты, арын бірге жоқтады. Ахмет Байтұрсынұлы ұлтын шын сүйетін ұлтшыл. Ұлтын сүюдің зорлығынан "Алаш" партиясында болды, сол ұлт қамы үшін комму­нист партиясына да кірді. Байын, кедейін айырмай қазақты ғана сүйетін адал жүрек таза ұлтшыл", - деуі ұлт көсеміне берілген баға еді.

С.Сейфуллин, С.Мұқанов сияқты кеңестік платфор­мадағы жазушылар олардың "ұлтшыл­дық-буржуазия­шылдығын" сынағаны­мен, шығармаларындағы суреткер­лікті әділ бағала­ды. Қазақ ақындары осылайша халық өмірін танып, оны жігерлендіру, ояту қарекеттеріне шығарма­лары арқылы кірісті. Нәтижесінде Алаш ұранды әдебиетті дүние­ге келтірді, алаш әдебиеті ұлттың тарихымен тығыз байланыста дамыды. Ел бірлігі, ұлт намысы, тәуелсіз ел болуды алаш әдебиетшілері бізге осылай жеткізді.

Сара Тайманова,

филология ғылымдарының кандидаты, доцент.

Болашақ университеті