Материалдар

ҰЛБИКЕ АҚЫН ТУРАЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?

Былтыр бір кездескенде журналист Өтеген Жаппарханов: «Қазақтың әйгілі ақын қызы Ұлбикенің 190 жылдығын туған жері Тереңөзек атап өтпеді ғой», - деп, өкініш білдірді. Бұл қазақ халқы сүйіп тыңдайтын айтыстың негізін салушы Ұлбике ақынға көңіл бөлмей жүрген аудан әкім­шілігіне айтқан ағамыздың тілектестік сыны бол­са керек. Дегенмен, Тереңөзектің тумасы болған соң қатты қысылдым. Расын айтқанда, Ұлби­ке­нің ірі айтыс ақыны екенін білетінмін, бірақ өмі­рі мен шығармашылығы туралы терең білмейді екенмін. Кеш болса да Ұлбике ақынның артында қалдырған мұрасымен танысып, жиырма төрт жасында жұлдыздай ағып, мәңгілік мұра қал­дыр­ғанына қатты таңғалдым.

Ұлбике Жанкелдіқызы ХІХ ғасырдағы ірі ай­тыс ақыны. Деректерге қарағанда, 1825 жылы Қы­зылорда облысы, Тереңөзек ауданында дү­ние­ге келген. Әкесі Жанкелді дәулетті, өлең сөз­ге жүйрік ақын кісі болған. Анасы Жаңыл да ой­лы, сөзге шешен ақын болған. Ұлбикенің бо­­йын­дағы туа біткен ақындық ата-анасынан да­рыған болса керек. Ол 12-13 жасында-ақ өзінің өлең-жыр­ларымен көзге түсе бастаған. Бір қызы­ғы, Ұлбике ақын он екі жасқа келгенге дейін сөй­ле­меген. Тек, он екіге келгенде өлеңмен сөй­леген. Мәшһүр Жүсіп Көпеев: "Ұлбике өмі­рінде қа­ра сөз сөйлемеген. Не айтса да, өлеңмен айт­қан" деп, мұны қолдайды. "Ұлби­кенің таң­да­йын­да өлеңнің ұясы болған" дейді аңыздардың бі­рін­­де. Бұл да бекер айтылмаған шығар. Ұлбике ақын 15 жастан бастап жұрт мойын­даған ақын­дар­мен айтыстың додасына түсе бастайды. Кү­дері­­қожа, Майлы­қожа, Мәде­лі­қожа, Таспақожа, Се­рәлі­қожа, Жанкел ақын және басқаларымен ай­­тысқан. Айтыста алдына жан салмаған көрі­неді.

Ұлбике ақын арнайы оқу орнын да оқымаған. Алайда, жастайынан өз бетімен оқу-білімді игер­ген, сауатты, ой-өрісі кең адам болған. Ақындар онымен айтысуға үлкен дайындықпен келеді екен. Оған дәлел Еркөшек қожаның баласы Күде­ріге берген мынадай кеңесі: "Балам, Ұлбикемен айтысамын десең, Бұхараға барып, үш жыл оқып кел. Әйтпесе, онымен айтысуға жара­майсың". Күдеріқожа мен Ұлбике ақын үш мәр­те айтысып, "бірде тең, бірде кем" түскен. Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің қолжазба мұрасында былай деп жазылған: "Күдеріқожа әкесіне Ұлбике ақынды тоқтататын бір сөз тауып бер" депті. Сон­да әкесі: "29 ғаріпті бір-ақ ауыз өлеңге сый­ды­рып айт. Екі ғаріпті қалдырып кет. Соның қалғанын Ұлбике ақын білсе, одан әрі айтыспай-ақ қой. Оның өкпесінде өлең жазылған" депті. Айтыс кезінде Күдеріқожа әкесінің кеңесін тың­дап, "шын" мен "жиымды" сөзден аяқсыз қал­дырып өлеңмен айтыпты. Сонда Ұлбике ақын: "Қожеке, өлең айттың, кітап аштың. Жау қуды ма, асығып, неге састың? "Шын" мен "жиымды" қал­дырып қара басып, Құранды аяғыңа қалай бастың?!" деп, сол жолы да Күдеріқожаны жең­ген екен.

 

Ұлбике ақынның Күдеріқожадан жеңілгені туралы бір-ақ жерде, яғни 1965 жылғы жинақта кез­деседі. Бұл жерде құрастырушылардың қа­тысы болған сияқты. Жалпы, Ұлбике ақын мен Кү­деріқожаның айтыстарының бір-біріне ұқса­майтын бірнеше нұсқасы бар. Кейде зерттеу­шілер белгілі себептермен айтыстың кейбір тұс­та­­рына сөз қосып, еркін түсіндеме беріп жата­ды. Қоғам қайраткері Сейілбек Шауха­манов "Бес ғасыр жырлайды" және "Айтыс" кітаптарына кір­мей қалған Ұлбике ақын мен Күдеріқожаның ай­тысынан үзінді келтіріп: "Осы жолы Ұлбике жеңіл­генін мойындап, Күде­рі­нің иығына шапан жауып, басына кәдімгідей құндыз бөрік кигізген көрі­неді" дейді. Бұл да көптеген аңыздардың бірі болуы мүмкін. Ақиқаты, Ұлбике ақын мен Кү­дері­қожа ақындық айтыстың негізін салушы, ор­нық­тырушы ретінде қазақ халқының тарихында қалады.

Өкінішке қарай, айтыста алдына жан салмаған Ұлбике ақын 1849 жылы небәрі жиырма төрт жасында күйеуінің қолынан қаза табады. Мәшһүр Жүсіп Көпеев бұл қанды оқиға туралы былай дейді: "Ұлбикенің өзін жүн жеп, жабағы тышқан бір байдың баласы қатындыққа алған екен. Қолына келін болып түскен соң: "өлең айтсаң көзіңді жоғалтамын, қарашығынды баты­ра­­мын", - деп қалды. Жаман шірік иті үйде жоқ бол­ған қарсаңда бір той болып, ауыл-аймағы мен қайын ағалары: "Сені біз сабатпаймыз",- деп той­ға алып барып, тойдан қайтып келсе, иті ке­ліп қалып, "сені ме" деп кіжініп, отырған үстіне оқ­тай ұшырып, қойдың бір қатқан санымен қақ бас­тан періп қалғанда, мұрттай ұшып, кете барыпты...".

Белгілі ақын Күләш Ахметова "Қайсар дарын­ның жауһар мұрасы" атты мақаласында: "Қарашадай қайсар ақынның қатал заманда жүрегі дауалап топқа түсіп, бетіне жан қаратпай жарып шыққаны, төпеген тіл мен өртенген өсек­ке төтеп беріп, өнер үшін, азаттық үшін дара кү­рес­­кені, ақырында жауыздықтың құрбанына ай­налып, 24 жасында мерт болып, қа­пы­да кет­ке­ні ерлікпен пара пар емес пе?" деп жазды.

Иә, Ұлбике ақынның өмірі қысқа болды. Десе де соңынан мол мұра қалдырды. Алайда, сол мол мұрадан бізге жеткені жиырмаға тарта ай­тыс­тары мен санаулы ғана өлеңдері. Ұлбике ақын­ның айтыстарын алғаш хатқа түсіріп, кітап­қа басып шығарған академик В.В.Радлов. Күде­ріқожа мен Ұлбике ақынның айтысы Петер­бург қаласында басылып, кейін орыс және неміс тілінде жарық көрді. Ұлбикенің асыл мұра­сын зерттеп, жоғары бағасын берген ғұлама ға­лым­дар Мәшһүр Жүсіп Көпеев пен Әбубәкір Диваев. Ұлбике ақынға лайықты баға бергендер қата­рын­да Мұхтар Әуезов пен Сәбит Мұқанов бар. Одан кейін ақынның шығармашылығын жинап, ғылы­ми айналымға түсірген профессор Мырзатай Жолдасбеков.

Ұлбике ақынның еңбегімен кейінірек та­ныс­қан халық ақыны Қадыр Мырза-Әлі былай депті: "Мен оның айтыстарымен және өмірбая­нымен кештеу таныстым. Ол мені қатты таңғал­дырды". Халық жазушысы Шерхан Мұртаза: "Ұл­бике - ұлы поэзияның ақ періштесі. Періште жүр­ген жер­де қара күш иесі - диюлар аңдиды. Небәрі жиыр­ма төрт жасында асыл өмірі қиылған Ұлби­кені құрмет тұтқан абзал.

...Үлкен дүниеге, көркем туындыға сұранып тұр­ған тұңғиық әлем және терең тағылым" деген екен.

Расында, Ұлбике ақынның айтыстары мен өлең­дері қазақ әдебиетінен лайықты орнын алып жатса; өмірі мен тағдыры туралы тарихи роман­дар жазылып, жастар қызығып оқып жатса; тари­­хи-драмалық пьесалар жазылып, театрларда қойылып жатса; туған жері ескерткіш орнатып, жылда еске алып отырса; аймақтағы үлгі тұтатын айтыстар бәйгесінде Ұлбике ақын атындағы жүлде белгіленсе, құба-құп болар еді.

Әмірхан БӘКІРҰЛЫ