Материалдар

ҰЛТЫНЫҢ ЖОҒЫН ЖОҚТАҒАН

 

Қазақстанның халық жазушысы, драматург Қалтай (Қалиолла) Мұхамеджанов 1999 жылы 70 жасқа толған мерейтойын өткізуге елге - Қызылордаға келгенде: "Есіңде болсын, Шым­кентте ұстаз-ғалым, жорналшы, аудармашы Әсілхан Оспанұлы есімді ағаң бар. Ол саналы ғұмырын зар заман ақындарының мұраларын қазіргі жастарымызға жеткізген үлкен тұлға, турашыл әм еңбекшіл азамат",- деген-ді. Кейі­нірек оның ұлы Ералымен танысқаннан кейін Қалтай ағамның тапсырмасы жадымда қайта жаңғырып, Әсілхан ағаның қиын да қыз­ғы­лықты, тартысқа толы, нәтижесі көбіне табыспен аяқталатын, Қалтай ағамның өмір тарихына ұқсайтын көптеген жәйттерді зерделей баста­дым.

Қазіргі жастарымыз тамсана, таңырқап оқитын өмірбаян.

Әсілхан Оспанұлы 1934 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, бұрынғы Арыс ауданының Көмешбұлақ аулында дүниеге келген. Бабасы Тұрлықожа ескіше діни сауатты, қажылыққа барған, мешіт имамы болғандықтан, әкесі Оспанқожа да қуғын-сүргін зардабын көп көрген. Ол кісі әдетте Сібір-Түркістан теміржо­лында жұмысшы болып, кейін балаларын оқыту үшін Шымкент қаласына көшіп келіп, Қорғасын зауытында жұмыс істейді. Әсілхан ағаның әкесі де, анасы Алтын Дәуренбекқызы да сауатты болғандар. Есейе келе мектепке барған Әсілхан аға әкесінен жастайынан құлағына сіңіріп өскен мектеп оқулықтарынан Майлықожаның, Құлын­шақтың, Молда Мұсаның шығармаларының болмауына іштей таң қалатын. Соғыс жылдары (1942-1944 жж.) Шымкент мұғалімдер инсти­тутын, кейін (1948-1955 жж.) ҚазМУ-нің фило­логия факультетінің журналистік бөлімін тәмам­даған ағаның бала кезінен оянған құштарлық сезімі оны ғылыми жолға жетелейді. Академия президенті Қ.Сәтпаевқа жазған сансыз өтініш­терінен кейін 5 перзентін, қарт әке-шешесін қал­дырып, 1959 жылы Қазақстан Ғылым Акаде­миясының аспирантурасына қабылданып, "ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ әдебиеті тарихының мәселелері (Мәделіқожа, Майлы­қожа, Құлыншақ, Молда Мұса, Нұралы, Ергебек ақындардың шығармашылық қызметі негізінде" деген тақырыпта диссертация жазады. Мұхтар Әуезовтің ғылыми жетекшілігімен басталған жұмыс, ол кісі өмірден озғаннан кейін көп қиын­дықтар мен кедергілерге ұшырап, аспирантураны бітіргеннен кейін 2 жылдан соң, 1964 жылы 14 қаңтарда диссертациялық жұмысын қорғап, (академиктер Қажым Жұмалиев пен Сәбит Мұқанов­тар қарсы болады) филология ғылымда­рының кандидаты ғылыми дәрежесін алады. Сөйтіп қазақ әдебиеті тарихында алғаш рет жоғарыда аталған 6 ақынның шығармалары ғы­лыми айналымға түсіп, туған халқымен қауыша­ды. Кейін бұл саладағы ғылыми ізденістерінің нәтижесін жинақтап, 20-дан аса кітап бастырып шығарады.

 

Зар заман ақындарының бірде-біреуі орта мектеп оқулығына енгізілмегендіктен, Әсілхан аға осы бағытта тынымсыз еңбек етті. Жоғары билік­тегілерге бірнеше рет хат жолдайды. (Мырзатай Жолдасбековке) Қазіргі Сыр елінің басшысы, халықтың құрметіне бөленіп отырған Қырымбек Көшербаевтың Министр кезінде (1988 ж.) Майлықожа шығармалары алғаш рет мектеп оқулығына енгізілді. Сондықтан Әсілхан ағаның Қырымбек інісіне деген алғысы шексіз болыпты.

Ағаның ерекше атап өтетін жаңалығы: түрлі нәсілдес халықтардың әдебиет тарихын біздің дәуірімізден (эрамыздан) бұрынғы VІ-V ғасыр­лардан, яғни сақ-скиф замандарынан бастау қажеттігін дәлелдеу жолында тынымсыз еңбек етті. "Сақ-скиф сырлары" ("Түркі халықтарының әдебиетінің тарихын қашаннан бастаймыз?") деген ғылыми жұмысы қазақ әдебиеті тарихы­ның маманы Бейсенбай Кенжебаевтың берген межесінен тоғыз-он ғасырға тереңдетуге мүм­кіндік береді. Бірақ осы еңбегінің нәтижесін өзі көре алмай кеткені өкінішті-ақ!

Қазір қоғам қайраткері деген жауапты, қа­сиетті, мәртебелі, мәнді ұғымның дәрежесін түсі­ріп жібердік. Бұл ұғым күнделікті кім болса соны мадақтаудың құралына айналып кетті. Мен Әсілхан ағаның өмірбаянымен жете танысып, оқып біліп, жүрегіме терең қабылдағаннан кейін аға тұлғасын, болмысын нағыз қоғам қайраткері қатарына жатқызар едім. Сөзімді дәлелдейін. Шын мағынасындағы қоғам қайраткері өзі өмір сүріп отырған қоғамның құлы емес, оның қоз­ғаушы күші болуы тиіс. Қоғам қайраткері өзі бел ортасында жүрген қоғамды кері тартатын түйт­кілдерін біліп, сезініп, оның себептерін тұ­щ­ы­нып, тығырықтан шығаратын жолдарын көп­шілік сахнасына шығарып отыру керек. 1986 жылғы ақ­пан айында желтоқсан оқиғасына дейін Әсілхан аға М.С.Горбачевке хат жазып, онда қазақтардың тілінен айрылып бара жатқанының себептері, орыстану саясатының шұғыл жүріп ба­ра жатқанын, қазақ халқының ұлттық бо­лашағына қауіп төніп тұрғанын, қазақтардың да ұлтшылдық намысы бар екенін дәлелдеп жаза­ды. (Қалтай ағаның "Бойся равнодушных" деген мақаласы) 10 айдан кейін көпке мәлім Алма­тыдағы Брежнев алаңында Қазақ жастарының бас көтеруі жазықсыз жастардың қантөгісімен аяқталып, 1987 жылы ОК арнайы қаулысымен қазақ ұлтына ұлтшыл деген жала жапты. Оқу орнында, мекемелерде арнайы жиналыстар өткізіліп, аталған шара Шымкент пединститу­тында өтеді. Партбилетті өтірік қалқан еткендер жастарды айыптап сөз сөйлегенде, Әсілхан аға мінбеге шығып бір жыл бұрын Қазақстандағы жағдайды айтып М.С.Горбачевке хат жазғанын, жеделхат салғанын айтпақшы болғанда, инсти­тут ректоры, Ә.Омаров: "Желтоқсанда алаңға жастарды осындай доценттер бастап шыққан" деп жала жауып сөйлетпейді. Жастардың әрекет­терін жақтап сөйлегені үшін қатаң сөгіс беріліп, жиырма жылдан аса ұстаздық етіп, мыңдаған шәкірттер дайындаған аға жұмыстан кетуге мәжбүр болады. Жиналыс барысында Н.Ахме­тов сияқты азаматтар мен коммунист студенттер сүйікті ұстазын қаншалықты қолдағанмен, ректордың тегеурінді салмағы оларды басып тастайды.

Шындықтың салтанат құруы ұзақ процесс. Үш жылдан кейін Әсілхан ағаның "Оңтүстік Қазақстан" газетінде (13 қазан, 1990 ж.) "Мен қа­лай "ұлтшыл" атандым" деген мақаласы жарық көргеннен кейін, Шымкенттегі Олжабай Сүйер­құлов т.б. көптеген азаматтардан, шәкірттерінен әділеттілікті жақтаған хаттар алады. Сол кезде атағы айға біленген Ә.Қ.Омаров сияқты "ком­мунистер" шындықтың шынжырына қалай буынып өлмеді екен! Ал, Әсілхан аға болса өз принципшілдігінің, адалдығының ескерткіші болсын деп әділетсіз жазаны алуға өтініш те жасамапты. Алдағыны көрегендікпен болжай­тын аға тәуелсіздік таңының да қашық емес екенін сезінсе керек! Жамандық деген ұғымның жақсылық ұғымымен қатар жүретінін ескерсек, қайсар мінезді Әсілхан аға институттан кеткен­нен кейін қол қусырып отырмай, бұған дейін жариялаған 8 кітабынан басқа, тағы да 3 кітап жазып, баспаға тапсырады.

Ұлтым дегенде ештеңеден аянып қалмайтын Әсілхан ағаның айтпасқа болмайтын ұлтжан­дылық бір ерлігі - Өзбекстанда оқып, білім алып, әскер қатарына қабылданып, Ұлы Отан соғысы жылдары генерал-майор әскери лауазымы мен Кеңес Одағының Батыры атағын алған Сабыр Рахимовтың қазақ екендігін дәлелдегендігі. Шыңырауда қала жаздаған шындықты шығару үшін көп ізденіп, баспасөз арқылы мәселені халық талқысына салып, қазіргі Қазығұрт ауданындағы туыстарымен кездесіп, құжаттар жинап, Қазақстан, Өзбекстан үкіметтерінің алдына мәселе қойып, Сабыр Рахимовтың қазақ екен­дігін жанкештілікпен дәлелдеп, 1972 жылдың 9-мамырында "Оңтүстік Қазақстан" газетінде, "Лениншіл жас" газетінің 6-маусым күнгі санда­рында С.Рахимовтың әкесі қазақ екенін елге жария етті. Генералдың майдандас досы, әрі жары Құралай Әлібиқызы Натуллаевамен байланысып, туыстасып кетті. Аға еңбегінің тағы бір жемісі - Шымкент қаласындағы әскери колледжге Сабыр Рахимовтың есімінің берілуі. Бұл ретте де қазақтың аяғына тұсау боп жабы­сатын пендешілік пердесі Әсілхан ағаны да ай­налып кетпепті. Егемендіктен есі кеткен өзінің кейбір шәкірттерінің баспасөз бетінде Сабыр Рахимовтың қазақ екенін дәлелдеуде "аянбай" еңбек еткендерін жариялауы, аталмыш оқу орнының 30 жылдық мерейтойына құрметті қо­нақ ретінде шақырылған Әсілхан ағаның жасаған еселі еңбектерінің оқу орнының басшысына телінуінің куәсі болғаны қандай аянышты де­сеңізші!

Әсілхан ағаның ұлтжандылығын айтқанда, өзінің құжатын 3 рет өртеп, сонша рет 100 сом­нан штраф төлеп, Оспанұлы деген фамилиямен паспорт алғанының өзі не тұрады. Көзі от ша­шып тұратын батыр Бауыржан ағамыз сол кездегі "Жұлдыз" журналының бас редакторы Әбден Сатыбалдиевке Әсілхан ағаны нұсқап: - Сен мына кісіні білесің бе? - дегенде, ол: - Иә, жер­лесіміз, жас ғалым,- депті. Оның жауабына қа­нағаттанбаған Баукең: - Сен оны білмейді екенсің. Мен - Бауыржан Момышұлымын, ол - Әсілхан Оспанұлы, ал - Сен Сатыбалдиевсің",- депті. Осы үш ауыз сөз батыр Бауыржанның Әсілхан ағаға риясыз көңілінің көрінісі іспеттес.

Көркем аударма саласында өзбек (А.Қаһһар), Түрікпен, Әзербайжан, Әрмән, Грузин, Венгер, Румын, Болгар, Ағылшын, Шотланд халықтары, жазушыларының шығармаларын қазақ, орыс тілдерінде сөйлетіп, "Анар" және "Тарту" атты ұжымдық жинақ шығарған.

Әсілхан ағаның тағы бір кемел қасиеті - от атасы ретіндегі бала тәрбиесіне үлкен мән бер­гендігі. Зайыбы Оразкүл Батырбекқызы Оспан­қожа келінімен дүниеге келген алты ұл, екі қыз баласы (Шаһарбану, Нұралы, Шарипа, Бердалы, Есәлі, Ерәлі, Серәлі, Қанәлі) ата-аналарының ғана емес, елдің қуанышы мен қуаты болып өсті. Жарық дүниемен жастай қоштасқан Нұралы ініміздің лирика-психологизмге суарылған көркем шығармасы оқырмандарын сан-салалы ойларға жетелейді. Әсілхан аға бір жазбасында (1962) "Құдай әділ: бақ пен байлық бермесе де, бала-шағадан құр қоймайды" деп жазыпты. Інілеріміз Бердалының "Әкені түсіну", Ералының "Көкем - Әсілхан Оспанұлы" деген естеліктерін ерінбей оқып, ой елегімнен өткізіп көп жайларды  ұғынғандаймын.

Ер баланың үлкені Нұралы физика-матема­тика факультетін аяқтап, кейін жазушылыққа бой ұрып, Мәскеудегі М.Горький атындағы әдебиет институтын бітірген. Бердалы Шымкент пед­инсти­тутының көркем сурет факультетін, Ералы Ташкенттегі Театр және көркемсурет институтын тәмамдаған. Өте еңбекқор ініміздің Алматы, Астана қалаларындағы жеке көрмесі жоғарғы деңгейде өтті. "Абылай" атты кинороманы да жұртшылықтың зор бағасына ие болды. Орыс тілінде жазылған кинороманның Астанада тұсаукесері өтіп, "Хабар", "Қазақстан", "Астана" телеарналары түсіріп, елге жария етті. "Таңатар" пьесасы Алматыда жүлделі орын алды.

Тегінен берілген талантты ұлдардың өнерге деген құштарлығын Әсілхан аға ұстазға тән байсалдылықпен жани берді. Өйткені өзі де өнерді құлай сүйіп, бағалай білетіндіктен, олар­дың шабыттарын ширата түседі. Бір мысал: Бердалы мен Серәлі гитара аспабында жақсы ойнайтындықтан "Музей" атты топ (1987) құрып, сол кездегі әйгілі болған "Битлз" тобының әндерін айтатын. 1994 жылы Ұлыбританияның Ливерпуль қаласында өткен "Битлз" тобының музыкасына арналған Бүкілдүниежүзілік фес­тиваліне қатысып, өнер көрсетеді. Қазақтың тақияларын киіп сахнаға шыққан тәуелсіздікке енді қолы жеткен Қазақстан атты жас мем­лекеттің ұлдарын көрермендер зор ықыласпен қарсы алды. "Ливерпуль жаңғырығы" атты газет Әсілхан аға ұлдарының өнері жайлы мақала жариялады. Сәл кейін фестивальдың басшысы Н.Ә.Назарбаевтың атына "Құрметті Президент! "Музей" тобы Сіздің еліңіздің атын әлемнің музыкалық картасына енгізді" деп жазылған хат жолдапты. Әсілхан ағаның өзінің басынан кешкен қазақтың пендешілік пердесі ұлдарының да келешектерін кес-кестегені өмір шындығы. "Музей" тобының табыстарын орыс газеттері жарыса жазып жатқанда қазақ тілді баспалар ләм-мим демеді. Осы уақытта "Әсілхан ағаның бұл тек бір жанұяның табысы деп емес, елімізді танытуға қосқан үлес деп қарау керек қой" деген өкінішті ойда жүргені де анық.

Әсілхан ағаны жоғарыда қоғам қайраткері деп атап өттім. Сол ойымды толықтыра түсейін. Өткен ғасырдың 70-жылдары Арал проблема­сының шиелініскені соншалық, ол жерден халықты көшіру жайлы мәселе көтерілгенде Әсілхан-аға бір-екі отбасына жағдай жасай­тындығын жария етті. Қазақстанның біршама жерлерінің Өзбекстанға өтуіне өзінің дәлелді, дәйекті қарсылығын да білдірді. Ленинградтағы эрмитаж директоры Пиотровскийге хат жазып, қасиетті Тайқазанды Түркістанға қайтару мәселесін алғаш рет көтерген де Әсілхан-аға! "Игорь полкі жайлы сөзді" аударған И.Шкляровский­ге "Далалықтарды (біздерді) жабайы" деп суреттегені үшін "Правда" газеті арқылы наразылық пікірін жеткізіп, қателіктерін мойындатты. Шымкенттегі Рубенштейн көшесіне А.Байтұрсыновтың есімін беру кезіндегі орасан еңбегі тағы бар. Әсілхан аға өзінен гөрі ұлтының жоғын жоқтаған, қиындықтарға қайыспаған, турашылдығымен тұғырын биіктеткен қайсар тұлға еді. Ағаның өмірден озған уақыты біздер­ден алыстаған сайын, оның намыстан жаралған ұлы бейнесі сомдала түсіп, кемел келешегіміздің бағдаршамындай жарқырай бермек!

Қазбай Құдайбергенұлы,

Қорқыт ата атындағы  ҚМУ профессоры,

Күнімжан Құдайбергенова,

"Қорқыттану және өлке тарихы"ғылыми-зерттеу

институтының ғылыми қызметкері