Материалдар

Болашаққа нәр берген

 

"Егінші мәрт - жер жомарт". Бұл - атақты күрішші Ыбырай Жақаевтың өмірлік философия­сынан түйіп айтқан нақылы. Сыр елі - күріштің отаны. Ал, бүгінде оның атын шығарып жүрген Жақаевтың ізбасарлары жетерлік. Соның басында Мемлекет және қоғам қайраткері, "Абзал және компания" толық серіктестігін өз маңдай тер еңбегімен құрған Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиев тұр.

Иә, А.Ералиевтің есімі ақ күрішпен таныл­ды. Жердің жомарттығын адал еңбегімен тер төккенде сезінген жан. Өз ісінің шебері әрі өз туған жерінің жанашыры атанған оған қызықпайтын адам жоқ. Даладай дархан мінезі, қарапайым қалпы оны әрбір адамға жақындата түсті. Елдің ішінен шығып, елдің сөзін сөйлеп жүрген ол бүгінде ҚР Парламен­ті  Мәжілісінің депутаты.

 

Биыл "Абзал және Компания" толық серіктестігіне 23 жыл толады. Осынша уақыт ішін­де күріш нарығында сүрінбей, жоғары сапалы транспорттық қызмет көрсетіп, өнімдерін әлемнің 7-ден астам еліне экспортқа шығару үстінде. 130-дан астам жоғары білікті мамандардың өнімдерін ТМД халықтарының 12 млн. тұрғыны тұтынады. Компания өз өнімдерін егістіктерінде өсіріп қана қоймай, заводтарында өндіру, одан қалды сату жұмыс­тарын да өздері жүргізеді.

Компания өз қызметінде ауылды қолдауға, мәдени әлеуметтік жобаларға, қоғамдақ іс-шараларға демеушілік жасайды. Әсіресе, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт шара­ла­р­ында кәсіпорын алдыңғы қатарда жүреді. Аянып қалған күні жоқ. Ел қаншалықты компанияға тілекші болса, компания да елдің әл-ауқатының жақсаруына, мәдени дамуына жәрдемші. Сондықтан болар, әлеуметтік жауапкершіліктің жоғарғы деңгейге жетуі серіктестіктің корпоративтік мәдениетінің бір бөлігі саналады.

"Абзал және Компания" толық серіктестігінде әлеуметтік жауапкершілік қызметті жүзеге асыруға арналған арнайы Корпоративтік дамыту бөлімі құрылған. Кор­по­ра­тивтік дамыту бөлімі өзінің үш жылдық белесінде Қызылорда облысы, Сырдария ау­даны, Нағи Ильясов атындағы ауыл және Бесарық ауылдық округтерінде құны 250 миллион теңгеден асатын "Нағи Ильясов атындағы ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуы" және "Бесарық ауылының әлеуметтік-экономикалық дамуы" атты екі ірі жобаны қолға алып, оның орындалу барысын және де жұмыстың нәтижелі жүргізілуін қадағалап, шағын ауылдың көркеюіне үлкен үлес қосты. Бүгінде Нағи ауылына тамсанбайтын, таңқал­майтын адам жоқ. Сырттан келген қонақтарға "біздің ауыл осындай" деп, ұялмай көрсететін жерге айналды.

Осы күні компания басшылығы "Абзал және Компания" толық серіктестігінің стра­тегиялық даму бағыттарының айрылмас бөлшегі болып табылатын әлеуметтік жауап­кершілік қағидасын қашан да назардан қалыс қалдырмай, алдағы уақытта да ауыл өмірінің жағдайын жақсартуға байланысты өзіне алған міндеттерін орындауды жалғастыра бере­тіндерін айтып отыр. "Әлеуметтік жауап­кершілік - бұл тек қана қайырымдылық жоба­ларды қолдау ғана емес, қоғам алдындағы жауапкершілік, болашаққа құйылған инвес­тиция!". Бұл - әрбір ісін жауапкер­шілікпен қарайтын жүрегі жомарт жан Абзал Ералиевтің қағидасы. Бүгінгі күні ірі көлемде жасалған жұмыстардың өз жемісін беріп отырғаны - оның өмір сабақтарынан сәтті қадам атта­уы­ның нәтижесі.

Рас, А.Ералиевтің мықты қадамдарға бару­ы­на өмірдің өзі үйретті, өзі ширатты. Басты себебі - еңбек, адалдық, ұлтжандылық. Ұлтын сүйген адамның қолынан жанашырлық, өткенін бағалау, тарихын сыйлау, әдебиеті мен мәдениетіне қамқор болу келеді. Ал, ондай қасиет Ералиевтің бойында бар. Оның өмір жолы соны байқатады.

Еңбек жолын Қызылорда үй құрылыс комбинатында құрылыс шебері болып бастаған А.Ералиев 1994 жылға дейін аталмыш мекемеде 10 жылға жуық мастер, прораб, құрастыру учаскесінің бастығы қызметтерін атқарады. 1994 жылы Қызылорда облысының негізгі еңбек көзі болып есептелетін күріш өндірісімен айналысуды жөн санайды. Содан соң, дәл осы жылы күріш өсірумен және оны өңдейтін "Абзал және Компания" толық серіктестігін ашып, компанияның басшылық қызметін бүгінгі күнге дейін атқарып келді. 2008 жылдан бастап облыстық күріш өндірушілер және өңдеушілер қауымдас­тығының президенті ретінде іске кіріссе, 2011 жылдан бастап "Нұр Отан" халықтық-демократиялық партиясының белді мүшелерінің қатарына қосылды. Ал, 2012 жылдан бастап Қызылорда облыстық мәслихат депутаты болып сайланды. Бәрі еңбекпен келді. Жүріп өткен жол оның болашағына дұрыс жол нұсқады.

Абзал Ераливтің жүріп өткен еңбек жолында жеткен жетістіктері де аз емес. Соның ішінде ең маңыздысы 2010 жылы мемлекеттік және қоғамдық қызметі үшін, еліміздің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына үлес қосқаны үшін Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік наградасы - "Құрмет" орденімен марапатталғаны. Ал, 2012 жылы Қазақстан Республикасының білім беру саласына қосқан айрықша үлесі үшін "Меценат" алтын медалі берілгені - таза бағаланғаны. 2013 жылы Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің "Ауыл шаруашылығы сала­сының үздігі" төсбелгісімен наградтал­ғаны өз алдына, сол жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы бойынша "Қазақ­станның Еңбек Ері" атағы мен "Отан" орденімен марапатталғаны да елге жасаған өз еңбегі.

"Абзал және Компания" толық серіктестігі қызылордалық өнерпаздардың өнер биігінен көріну жолында демеп келеді. Дарынды жас буын қанаттанар тұста кейде қаржы мәселесі қиындық тудыратыны рас. Тығырықтан шығар жолда компанияның қол ұшын созуы жастардың болашағының жарқын болуына көп септігін тигізіп жүр. Ондай шақта еңбектің тәтті болатынын білетін компания еш тарылған емес. Тіпті көпшілік қатысатын облыстық ша­ра­ларға да өз үлестерін қосып отырады. Қаңтар айында "Қажет" продюсерлік орталығының ұйымдастыруымен Н.Бекежанов драма театрында өткен "Сыр аруы - 2017" сұлулық байқауына компания қаржылай көмектескен.

Компанияның қазіргі басшысы Мұрат Абайұлы Сәрсенбаев мұқтаж жандарға серіктестік атынан қайырымдылық көмектерін аяған емес. Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасының облыстық маманды­рылған сәби үйі мекемесінде тәрбиеленіп жатқан 60 сәбиге жаңа жылдық көңіл-күйінің жоғары деңгейде өтуі үшін қаржы бөлсе, "Альтаир-Бөбек" қайырымдылық қорына да қамқорлық танытқан. Көмекке зәру бүлдір­шіндердің денсаулығын жақсарту мақсатында жаттықтырушы құралдармен қамтамасыз етуге қомақты қаржы қарастыруы жылы жүрек жандардың ғана қолынан келетін шаруа.

Өнер саласындағы біздің дарындыларымыз Сыр елінің өнердің ордасы екенін көпшілікке танытып жүр. Есімі ел асатын атақты әншілер мен әртістер Қызылорда өңірінің тумасы екеніне мақтанамыз. Осы қатардың қарасын көбейткелі жүрген жас буын өкілдерінің талантына қамқор болып жүрген компания "Абзал және Компания" толық серіктестігі десек қателеспейміз. Компанияның демеуші­лігімен сырт жерлерде өткен байқауларға барып келген жастардың бағы жанып, Сыр өңірінің мақтанышына айналғанына серіктестік қызметкерлері де қуанады. Сондай жас балғындардың бірі - жас талантты әнші Қазына Жылқайдарова. Ол 2016 жылы облыстық ХVІІІ "Бозторғай" балалар шығармашылық байқауында І орын, "Темірқазық" облыстық байқауында бас жүлде алса, "Ботақан" телефестиваліне қатысып, Грузия халық­аралық ән байқауына жолдаманы ұтып алды. Тек бұл емес, спорт саласы бойынша да, жайдарман жастарына да, тіпті студенттерді де білім гранттарымен шетел­дерде оқуларына қаржылай көмек көрсетіп отырғаны компания басшылығының жан жомарттығы емес пе!

Әр кез игі шаралардың басы-қасынан табылатын компания - ел алғысын алып, батаменен көсегесі көгерген құтты орын. Қайбір мекеме, болмаса адам болсын, алғы­сын алғаусыз айтып, ақжарқын тілегін ақтарып жатқаны.

Тынымсыз еңбек етіп жүрген ұжымның ұлттық мерекені қалай тойлайтынын білгіміз келген. Керемет қуаныш алып келетін көктем мерекесі "Абзал және Компания" толық серіктестігіне де қуаныш сыйлап, арқа-жарқа болып қалады екен. Ұлыстың ұлы күнін ұжым мүшелері өз ғимараттары мен ауласында атап өтеді. Әуелі наурыз көжеден дәм татып, ұлттық ас мәзірімен дастархан жайылады. Ұлттық ойындар ойнатылып, мерекелік қойылым қойылады. Ең ерекшелігі, осы күні ұлттық тағамдардан сайыс өткізіліп, аспаз­шылардың қарымын байқап көрмек. Облысқа, қала берді елімізге белгілі тұлғалар қонақта болып, компанияның берекелі шаңырағынан дәм татып, Наурыз мерекесін лайықты түрде атап өтеді.

Дала жұлдызы, даңғайыр диқан Ы.Жақаевтың "Әуелі тәңірі жерге береді, жерге берсе елге береді, елге берсе ерге береді" деген даңқты сөзі бар. Тәңір берген нәсіпті қажырлы еңбек арқасында іске жаратып отырған серіктестіктің жұмысы қашан да табысты. Егін шаруашылығын дөңгелетіп, елінің өсуіне дем беріп, істің ебін тапқан "Абзал және Компания" толық серіктестігі елдің мәдени дамуына да айтар­лықтай үлес қосуы - олардың ұлтына жана­шыр­лығы, еліне қамқорлығы. Қашан да ел назарында жүрген Абзал Ералиев бастаған компания ақ күрішімен қоса ақ пейілін де елге шын көңілімен ұсына беретініне сенеміз.

Айдар САЙЛАУОВ