Материалдар

Сара жолды Сәлімгерей

 

2014 жылдың сәуір айы болатын. Әдеттегідей класымда оқушыларыма домбыра үйретіп отырғанмын. Ұялы телефоным шырылдап қоя берді. Бейтаныс номер.

- Алло!

- Ассалаумалейкүм, Төлепберген бе екен?

- Ия, соның өзі.

- Құрманғазы консерваториясының, "Домбыра" кафедрасының меңгерушісі Сәлімгерей ғой.

Телефонмен танысып, амандық-саулық сұрасқан соң Сәлімгерей әңгіме ауанын негізгі жұмысына бұрды.

- Аға, еліңізге, Сыр бойына бір кісідей еңбек еттіңіз ғой. Сырдың мақам-саздарын алғашқы болып нотаға түсірдіңіз, Қорқыт күйлерін, Сыр термелерін бірінші болып оркестрге түсірдіңіз, қаншама шәкірттеріңіз үлкен сайыстарда лауреат атанып, жүлделі орындарды иеленіп жүр. Осындай еңбегіңіздің бәрін ескеріп, Қаршыға ағайымыз консерваторияға шақырды, келмедіңіз. Консерватория қазақ өнерінің "қара шаңырағы" ғой. Қазақтың барлық ұлы өнерпаздарының ізі сақталған жер. Мұнда көрінген кісіні шақыра бермейді. Биылдан соң сізге де шақыру бармайтын шығар,- деп, сәл кідірді.

 

Жасыратын несі бар? Ішім жылып тұр. Әсіресе, менің еңбектеріммен таныс болғаны көңілге қуаныш ұялатқаны рас. «Жақсы, барамын» деген сөз аузымнан қалай шығып кеткенін аңғармай қалдым. Көңіл шіркін ұшқан құстай жүйрік емес пе? Консерваторияда жұмыс істеп жүргенімді армандап қоямын. Шаңыраққа көзім түсіп, қайтадан бәрін ұмытамын. Сөйтіп жүргенде ҚР Еңбегі сіңген қайраткер, профессор Карима апайымыздың шақыртуымен консерваторияға келіп, Сәлімгереймен таныстым. Жасы кіші болғанымен сабырлы, мәдениетті, өз мамандығының хас шебері, пайым-парасаты биік ұлт жанды азамат екен. Ұлылардың ізін жалғаған, көненің көзіндей болған Сәлімгерей қандай қызметпен лауазымға да лайықты жан екеніне көзім жетті.

Сәлімгерей Бақытқалиұлы Садықов 1973 жылы 10 шілдеде Атырау қаласында дүниеге келген. 1997-2001 жылдары Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын домбыра және оркестр дирижері мамандықтары бойынша профессорлар К.С.Сахарбаева, Т.Ә.Әбдрашевтардан үздік бітіріп, домбыра кафедрасына ұстаздық қызметке қалдырылады. 2001-2003 жылдары профессор Қ.Ахмедияровтың класынан ассистентура-стажировка мерзімі бойынша білім алады. Ұстаздық қызметте Сәлімгерейдің бірнеше шәкірттері республикалық сайыстарда жүлдегер атанады. Ұлттық өнерді дәріптеуде де Сәлімгерейдің еңбегі ерен. 2000 жылы Атырау облысына ұйымдастырылған фольклорлық экспедицияның құрамында көптеген ән-күйлерді тауып хаттады, радио және телевидениенің алтын қорына ондаған дәстүрлі ән-күйлерді жаздырып қалдырды. 2004-2011 жылдары шетелдегі Қазақстан елшіліктерінің шақыруымен Швейцария, Германия, Оңтүстік Корея, Чехия, Англия, Қытай елдерінде гастрольдік сапармен концерт берді. 2005 жылы құрылған "The magic of Nomads" (Көшпенділер құпиясы) этно-джаз тобының белді мүшесі. Топтың негізгі мақсаты – қазақ халқының дәстүрлі музыкасын шет мемлекеттерге насихаттау. 2008 жыл топтың алғашқы "Бұлбұл заман" атты альбомы Лондондағы "Abbey Road" дыбыс жазу студиясында жазылған. Сәлімгерей орындаушылық өнерді ғылыми жұмыстармен ұштастырып жүрген бірегей маман."Ұстаздық машықтану", "Дайындық курсына мамандық пәнінен талаптар", "Дәстүрлі ән-күйлерді аспаптандыру" пәндері бойынша оқу талабына сай бағдарламалар жазып, ғылыми кеңестен өтіп, оқу жүйесіне енді. 2010 жылы "Халық аспаптары оркестріне лайықталып түсірілген күйлердің партитуралары", 2015 жылы "Домбыраға арналған шығармалар" (А.Жұмағалиевамен бірлесе) оқу құралдары үлкен сұранысқа ие.

Сәлімгерей – еліміздегі аз ғана шоғыр аспаптандырушы, өңдеушілердің бірі. Қазақтың дәстүрлі ән-күйлерімен әлемнің көптеген классикалық шығармаларын оркестрлерге лайықтап түсірген. Құрманғазы, Отырар сазы сынды оркестрлердің репертуарынан берік орын алған Сәлімгерейдің партитуралары, еліміздегі біршама оркестрлердің де музыкалық қорын молайтуда. Осы бағытта елуге жуық шығармаларды оркестрлерге өңдеп түсіргенін айтсақ та жеткілікті емес пе? Отыз жастан асқан шағында Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының "Домбыра" кафедрасының меңгерушісі болып сайланған Сәлімгерейге елімізге танымал, әрқайсысы "бір-бір төбе" майталман өнерпаздарды басқару әрине оңай болмағаны анық.

ҚР мәдениет қайраткері, консерватория доценті, қазақ өнеріне берері көп қадірлі Сәлімгерейге сарқылмас шабытпен талмас қанат тілеймін.

Төлепберген Тоқжанов