Материалдар

ЖАЛПАҚТА ДӘУЛЕТИЯР КЕСЕНЕСІ БОЙ КӨТЕРДІ

Ел азаматтары Досхан Қырымов, Қайырбай Зәкірұлы және мен тамыз айының 5 күні Қызылордадан қазыналы Қазалы топырағына жол тарттық. Үшеумізге жолбасшы Көктем деген жігіт. Жанымдағы ағаларым жол қысқарсын деп әңгіме тиегін ағытты. Мен де қарап қалмай, үлкендерден осы сапарға қатысты тың деректерді тыңдап қалуға тырыстым.

Оқырманның есінде болса, осыдан үш жыл бұрын 2013 жылы «Әлімсақ» журналының қазан айындағы нөмірінен Кіші жүздің Әлімінен тарайтын, Шекті Кішкененің Асан аталығынан дөритін Дәулетияр бабаның сүйегінің Ақтөбе өңірінен табылғаны туралы елден сүйінші сұраған мақала жарық көрген-ді. Дәулетиярдың Қызылорда облысындағы ұрпақтары жылт еткен жаңалықтан кейін Ақтөбе облысына бірнеше рет сапарға шығып, баба есімін болашақ жадында жаңғырту мақсатында жүйелі жұмыстарды қолға алған болатын. Біздің осы жолғы сапарымыз сол жұмыстардың нәтижелі қорытындысы.

- Дәулетияр атамыздың сонау ертеден белгілі дереккөздері соңғы 5-10 жылдың көлемінде жаңаша дәлелді сипат алып жандана түсті. Мәселенің осылайша бағыт алуының өзіндік себебі бар, - әңгіме бастады Қазақстанға еңбек сіңірген өнер қайраткері Қайырбай Зәкірұлы. - 1971 жылы Байқоңыр (бұрынғы Ленинск) қаласынан шығармашылық жетегіне еріп, Қызылордаға қоныс аударуға тура келді. Ағайыншылықтың алтын қазынасындай ағаларымыз Қареке, Ақтас, Ержігіт, Мұстафа Матаев ағалар ежелден егіз тіркес Әлім-Шөмен ағайынның қуаныш-қайғысына етене араласып, бар шаруасына жұбын жазбай, ағайын-туысты алаламай, бір топ болып ылғи да басшылық жасап жүруші еді.

Осы жылдары Қазалы-Арал топырағында тарихтан өткен небір дуалы ауыз тұлғалы ата-бабаларымыз жайлы жылы әңгімелерді жиі тыңдап жүрдім. Дәулетияр атамыз туралы әңгімелер еңсемді көтеріп отыратын. Себебі сонау 1960 жылдары Шалқар қаласынан сәл беріде орналасқан теміржол бойындағы шағын «Төсбұлақ» стансасындағы туыстарыма қыдырып барған сапарымда, әкем теміржолдың арқа бетіндегі үш-төрт шақырым жердегі «Маяқұм» атты төбені нұсқап, Дәулетияр атамыздың жаугершілік кездерінде сүйегі жерленгенін айтып отыратын еді. Әкемнің осы айтуына қарағанда, егіншілікпен қоса батырлықпен де аты белгілі болып, ел-жұртына қамқор тұлға болғанға ұқсайды.

Осындай дерек көздері дәлелді түрде жиі естіле бастағанда адами болмысы ерекше жаратылған білім саласындағы ғалым Мұстафа Матаев ағамыз інісі Темірбек Матаев екеуі Дәулетияр атаға туыстық қатысы бар, бас көтерер Сейтжан, Ерқанат, Әбубәкір, Жеткерген сияқты інілеріне жоғарыда айтылған мәселеге тапсырма беріп, жіті талап етіп, бақылап отырды. Бірнеше рет басқосу отырыстар өткізілді. Осындай жасалып жатқан ағайын-аралық іс-шаралардың жемісі осы Жалпақта өткелі жатқан салтанатты жиынға ұласқалы отыр.

Расында, Мұстафа ағаның қамшылауымен бұл жұмыс бір жағына шығып, орныққан секілді. Біз ағаның өзімен әңгімеге тартқанда осыған көзіміз жетті.

- Өткен тарихтың отын өшірмей, ата-баба салған сара жолмен жүру - қарға тамырлы әрбір қазақтың міндеті. Ес жиып, қарттыққа қадам басқан шағымызда ата-тек шежіремізді біліп, оны кейінгі ұрпақтың жадына сіңіру – парызымыз. Жеті атаны білу – тектілік дейтін болсақ, сол ата-баба жолымен жүріп келеміз. Арғы-бергі тарихтан белгілі, қазақ қанның тазалығын сақтаған, ғұрыпты бұзбаған. Сондықтан да жеті атаның қазақ үшін қанға сіңген қасиет екенін ұғындырған.

Мен – Кіші жүздің Әлімінен тарайтын Дәулетияр бабамыздың жетінші ұрпағымын. Негізінен, Дәулетияр атамыз Шекті Кішкененің Асан аталығынан тарайды. Соңғы уақытта бабамыздың сүйегі жатқан жерді іздестіріп, оны баспасөз басылымдарына жариялап, жүйелі жұмыс жүргізгеніміз бар. Өз шыққан тегімізді, арғы аталарымызды біліп, бабаларымызға құрмет көрсету, құран бағыштауды ниет еттік. Дәулетияр бабаның ұрпақтарының басын қосу, баба басына барып зерттеу жұмыстарын жүргізу – жауапкершілікті жұмыс. Себебі, халық арасында Дәулетияр ата жайында деректер ауызша айтылып, бүгінге жеткен. Кейінгі ұрпаққа Дәулетияр атаның кім болғанын, немен айналысқанын нақты айту үшін жан-жақтан жиналған ұрпақтары ата жайында деректерді жинақтады, шағын эскпедиция жұмыстарын жүргізді. Ұрпақтарының күшімен ата қорымы жанына ескерткіш орнатылғанын жақын-жуықтары, ел біледі,- деді Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің профессоры, елге сыйлы ағамыз Мұстафа Матайұлы.

- Қорым басындағы құлыптастар жазуы шағатай тіліндегі Иран орфографиясына негізделген арабтың Шикоста шрифтісіндегі әріптерге тиесілі болып шықты. Кейбірі әруақтар екен. Салынған таңбалар XIX ғасырдың орта тұсында қойылған. Сол мекенді жақсы білетін азамат Маяқұм деген төбедегі қорымдарға апарды. Ол қорымдар бұрынғылардан ескі екені байқалып тұр. Қайрақ тастардан қаланғандары болмаса біразы жерге батып кеткен. Ол жерді аралап қайтуға айнала беріп, Темірбек ағаның айтуымен, биіктеу қаланған қорым үстіне қойылған тасты барып қарадым. Жоқ іздегендей бейіт қабырғасының төбесіне шығып қарасам, араб әріптері байқалады, ойып жазылған. «ДәулетР» деген жазу. Қайтара қолыммен сипап, қарап шықтым. Негізінде дәл осы «ДәулетР» деген жазу араб әріптерімен жазылуында жеке-жеке таңбаланады. Бұны араб тілінің мамандары жақсы біледі. «Дәулетияр» деген жазу, тек «ия» жетіспейді. «Ия» әрпі араб жазуында тік әріп сызық болып төменнен солға қарай қисайып жазылады. Әдетте бұл шрифтіде екі әріп жазулардың төбесіне таңбаланады. Сол таңбалар мүжілген. Жазу белгілері шыққаны рас. Дәулетияр ата бейітінің табылғанына қуанамын,- дейді Қазалы көлік-техникалық колледж оқытушысы, дінтанушы Сұлтанғазы Төлегенов.

Осыдан кейін жұмыс қыза түскен. Қайрекең Мұстафа ағаның жиі-жиі бірнеше мәрте бас қосып, інілерінің арқасына қамшы салып, басталған істің оң қадам басуын үзбей қадағалап, шынайы тілектестігін байқатқанын айтады. Мұстафа аға елдегі Елшекең Қуанышбаев, Аймағанбет Тумаев сынды дуалы ауыз, ел таныған ағаларымен жиі байланысып, ақылдасып, істің барысын келісіп пішіп, бағдарлап отырған. «Қазалыға белгілі Әбдір ағамыздың Ақтөбеде тұратын баласының арғы атасы Дәулетиярға жасап жатқан еңбегіне дән риза. Жарбол Нұрымов ағамыздың балаларын жылы сөзбен жиі ауызына алып қояды»,- дейді.

Мұстафа аға Шектінің Асаны Сырлыбайұлы Дәулетияр атаның ұрпақтарының үлкені болғандықтан, жауапты істің басы қасында болып, ниет етіп жасаған жұмыстардың нәтижелігіне мән берді. Өзі денсаулығына байланысты бұл жиынға келе алмаса да, ағайынға тілектес болды. «Баба басына барып, құран бағыштап, елдің есінде қалған деректерді жинап, інім Темірбек Матайұлының жанына топтасып, игілікті істің қасынан табылған ағайындарға ризашылығымды білдіргім келеді»,- дейді көпті көрген ағамыз.

Қазалыға асығып келеміз. Машинаның құлағында ойнаған жігіт төрт сағаттың ішінде-ақ Әйтеке биге келіп бір-ақ тоқтады. Қалаға кірмей, әрі қарай Бекарыстан би, Майдакөл ауылдарының үстінен өтіп, Ақжона ауылдық округіне қарасты Жалпақ елді мекеніне жеттік. Ауыл іргесіндегі төбешікте орналасқан бейіттің жанында мен мұндалап тұрған кесенеге келгенде жанында жүрген үлкен-кіші бізді қаумалай қоршап, ат-көлік амандығын сұрастырды.

Ертеңіне бабаға арналған кесененің ашылу салтанаты болды. Жалпақ елді мекенінде Сырлыбайұлы Дәулетиярға тікелей ұрпақтарының алғаусыз ыстық ықыласымен бой түзеген жеті қыры жеті ұрпағының шартты бейнелі шешіміндей сәулетті, күмбезді кесенесінің ашылу салтанатына байтақ Қазақстанның әр аймағынан – Астана, Алматы, Қарағанды, Шымкент, Ақтөбе, Қызылорда тағы басқа қалалардан ата ұрпақтары, ағайын-туыс жиналды.

- Дәулетияр атаға ел болып орнатқан сымбатты күмбезді белгі алдағы ұрпақтың өскелең жолында қуат алатын, өткенді өгейсімей келешекке күмәнсіз қарайтын рухани мәйегі боларына сенеміз. Жеті атасын ажырата білген ұрпақ достың да, дұшпанның да алдында бойын тік ұстап жүрері хақ. Ата рухын ұлықтап, ел болып көтерген күмбезді ескерткіш белгі болашаққа бағыт алып, ел игілігіне жарай бергей,- деді Қайырбай Зәкірұлы ескерткіш-белгінің жанында тебіреніп тұрып.

Сегіз жүзден астам адамның басы қосылған жиынға Қазалы ауданының әкімі Нажмадин Шамұратов арнайы келіп, ағайынға ыстық ықыласын білдірді. Мәдени салада атқарылған келелі жұмыстарды, тарихи тұлғаларға көрсетілген құрметті атап өткен аудан басшысы ұрпақтарының Дәулетияр бабасына арнап қойып отырған ескерткішті өнегелі іске теңеді. Бабадан тараған жасы 90-тан асқан дана қариялар да сөз тізгінін алып, батасын берді. Кесененің ашылу рәсіміне аудан әкімімен қатар аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Оразғали Бекпанов, белгілі кәсіпкер, Парламент мәжілісінің депутаты Самұрат Имандосов, Мәлікайдар Дүйсенұлы, Ерқанат Бозғұланұлы, Телағыс Бұхарбаев, Әбубәкір Нұралиев, Әлимұса Досқожаұлы, Шынболат Жақсығұлов, ауыл ақсақалдары Пірназар Мырзатаев, Аймағанбет Томаев қатысты. Артынша Дәулетиярдың 7 баласының атынан ұрпақтары дайындаған қараша үйде ас берілді.

- Руға бөлініп жатқанымыз жоқ, тек әрбір қазақ өзінің шежірелі тарихын білуі қажет. Осы мақсатта ата ұрпақтары бірігіп, қаржы жинап, ойға алған ісімізді жасадық. Қазалының Аққожа ауылдық округі, Жалпақ елді мекенінде ас беріп, елдің әр қиырында жүрген ұрпақтардың басы қосылды. Дәулетияр бабамызға арнап салынған кесенені аштық. Түп-тамырымызды, арғы бабаларымыздың қандай болғанын дәлелдеп, белгі орнатып қалдыру – мақсатымыз. Біз, осы мойынға алған жауапкершілікті істі абыройлы атқардық деп ойлаймын. Бірақ, Дәулетияр баба жайында әлі де зерттеу жұмыстарын жүргізу қажет. Тарихтың өзі бірден тумайды. Ал, ұрпақтары алдында әлі шежіре жазу міндеті тұр,- деді Мұстафа Матаев.

Сонымен Дәулетияр бабаға жасалған құрметтен кейін Қызылордаға қайттық. Ұрпақтары бабалары алдындағы бір міндетті атқарғанына шүкіршілік етті. Кесене басында жыл сайын тамыздың алғашқы демалысында кездесетінін айтып тарқасқан-ды. Сондықтан болар, алда әлі атқарылар шаралардың тұрғанын біледі.

Нұрлан Көбегенұлы