Материалдар

ҚОРҚЫТ ҚОБЫЗЫНЫҢ ҮНІН ЖАЛҒАҒАН

 

1996 жылы Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжіне Қалжан ахун ауылынан әдемі қыз келіп құжаттарын тапсырды. Ешқандай, арнайы дайындықсыз прима-қобызды қалаған қыздың оқуға түсетініне күмәнданғандар да болғаны рас. Ауылдың ұяңдығына қоса өзіне ғана тән өжет мінезі алға жетелеп, әдемі қыз оқуға түсті. Әрине, бойындағы табиғи музыкалық қабілетінсіз оқуға түсу «арман» болып қала берер еді, өйткені арнайы дайындықсыз прима-қобызға түсу сирек құбылыс болатын.

 

Гүлзира Өміртайқызы Әбжаппарова 1981 жылдың 18 сәуірінде Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, Қалжан ахун ауылында дүниеге келген. 1996 жылы 9-класты үздік аяқтаған Гүлзираны арманы жетелеп, соқпағы көп көне сүрлеу қобызды игеруге музыкалық колледжге түседі. Төрт жыл бойы үздіксіз дайындық арқылы қобызды жақсы меңгерген Гүлзира 2000 жылы Астана қаласындағы қазақ ұлттық музыка акамдемиясына ешқандай кедергісіз қабылданады. Елімізге белгілі ҚР Еңбегі сіңген қайраткері, профессор Раушан Мұсаходжаевада тәлім алып, қобыз аспабының қыр-сырына қаныққан Гүлзира 2005 жылы оқуын ойдағыдай тәмамдап, туған жеріне келеді.

Өзі оқып бітірген Қазанғап атындағы музыкалық колледжде оқытушы және иллюстратор қызметіне қабылданады. Осы жылдың қараша айында Астана қаласында өткен халықаралық «Шабыт» фестиваліне қатысқан Гүлзира, жүлделі ІІІ орынмен лауреат атағын жеңіп алады.

2007 жылы Сыр бойында алғаш ашылған қазақ ұлт аспаптар оркестрінің қобыз тобына Гүлзира да шақырылады. Оркестр құрамында талай ел мен талай сахналарда өнер көрсетіп жүрген Гүлзираның бұл күндері мұғалімдік қарым-қабілеті де толысып, біраз тәжірибе жинаған-ды. Еңбегі шәкірті арқылы бағаланатын осы бір мехнаты көп салада да Гүлзира нәтижесіз емес.

2010 жылы облыстық дельфилік ойындарда Балнұр Уәлиханқызы ІІ орын, 2011 жылы осы сайыста Ләйла Хайролла ІІ орынды иеленді. 2013 жылы Алматы қаласында, Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясында өткен «Кіші олимпиада» өнер сайысында Хайролла Ләйла ІІІ орын мен лауреат атағын жеңіп алады. Ал, 2014, 2015 жылдары осы сайыстарда Айгерім Нұрман, Алуа Бердіханов жүлделі үшінші орындарды иеленеді. Кез келген іс-шараға белсене араласатын жас маман Гүлзираның бүгінгі таңдағы еңбегі осындай. Жас мамандарға көз салып, еңбегін бағалап көтермелеп отыру үрдісі бұл күндері ұмыт болған.

Дегенмен бойында өнерге құлшынысы көп білімді жастардың жігерін жонып, үкілеп, жол көрсетіп алға бастап отырса, алынбайтын қамал, аспайтын асулар қалмас еді. Бұл өмірдің өзі дәлелдеген қағидасы ғой. Киелі Сырда, қасиетті Қорқыт қобызының үнін жалғап, жастардың жүрегіне сенім ұялатып, өмірдің қиындықтарынан қаймықпай, күлімдеп жүретін Гүлзираға шабыт пен сабыр тілеймін.

Төлепберген Төреахметұлы