Материалдар

КЕМЕЛІНЕ КЕЛГЕН КЕРІМ КҮЙШІ

 

Әлем жаралғалы адамзат тарихында күні бүгінге дейін ұмытылмай айтылып келе жатқан нәзік жандылардың есімі көп-ақ. Солардың бірегейі – ежелгі сақ ханшасы Томирис. Қазақ хандығы тұсында да ақыл-парасатымен ел басқарған, қолына қару алып жауға шапқан Айғаным, Бопай сынды қазақ қыздары аз болмаған. Кешегі қанды қырғын 1941-1945 жылдары ерліктің үлгісі болған Әлия мен Мәншүкті әлем білді емес пе? Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бүгінгі күні де әр салада қазақ қыздарының есімі үлкен құрметпен аталып жүр. Тек өнер саласында Жания, Айман, Майра, Нұржамал, Айгүл сынды аруларымыздың әлемдік мәдениетке қосқан үлестері, қазақ қыздарының осал еместігін айқындаса керек.

 

1981 жылы наурыз айында Алматыда өтетін жас орындаушылардың республикалық конкурсына Қызылорда музыкалық училищесінен іріктеуден өтіп жолдама алдым. Осы конкурста арықша келген әдемі қыз бірінші орынды жеңіп алды. Өмірі өнерімен өрілген әлгі әдемі қыз, бұл күні қазақтың күй өнерін әлемге паш еткен күйдің хас шебер майталманы Айгүл Үлкенбаева еді.

Айгүл Нариманқызы Үлкенбаева 1962 жылы 23 қаңтарда Атырау облысы, Новобогат ауданы, Тұщықұдық ауылында дүниеге келген. 1977 жылы П.И.Чайковский атындағы Алматы музыка училищесіне түседі. 1981 жылы Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының студенті атанады. 1983 жылы еліміздегі ең ауқымды Құрманғазы атындағы бірінші республикалық күйшілер сайысында белгілі күй майталмандарымен жарысып, жүлделі үшінші орынды жеңіп алып, лауреат атанады. Республикалық "Жігер", халықаралық У.Гаджибеков атындағы және бірнеше республикалық, халықаралық конкурстарда да жоғары деңгейлі өнер көрсетіп, жүлделі орындармен лауреат атағын иеленіп жүрді.

Айгүлдің "Күй-ана", "Құлағыңнан кетпесін", "Ақшолпан", "Ирең", "Күй-ғұмыр", "Айгүл-күйге бар әлем тамсанады" дискілері шығып, "Құрманғазы және ұлы дала сазы", "Музыка степи", "Қайран Нарын", "Музыкальный караван", "Мәңгілік сарын", "Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі" сынды музыкалық антологияларға Айгүлдің орындауында бірнеше күйлер енген. "Шалқыма", "Күй-ғұмыр", "Домбыраға арналған пьесалар" атты баспадан шыққан жинақтары, Республика сарайы, Абай атындағы МАОБ театрында, Қазақстан сынды еліміздің ең үлкен концерт залдарында өткізген жеке шығармашылық кештері көрермендердің көңілінде көпке дейін сақталары анық. Ұстаз ретінде, Айгүлдің шәкірттері қатысқан күй сайыстарынан жүлдесіз келмегенін айтсақ та жеткілікті шығар.

Жарты әлемді аралап, қазақтың қасиетті домбырасын насихаттап жүрген Айгүлдің еңбегі бағаланып, ҚР Еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік "Дарын" жастар сыйлығының лауреаты, Атырау облысының өнер саласындағы сыйлығының лауреаты, "Қызылқоға", "Исатай" аудандарының Құрметті азаматы, профессор ғылыми атақтарының иегері.

2014 жылы тамыз айының соңында, ҚР Еңбегі сіңген қайраткері, консерваторияның "Халық музыкасы" факультетінің деканы, профессор Карима Сахарбаеваның шақыруымен Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясына қабылданып, Айгүлмен қатар жұмыс істеу бақытына ие болдым. Өмірде де өнерде де сұлулық, тазалық, дәлдік ұғымдарын ұстанатын Айгүлдің пайым-парасаты мен адами болмыс-бітімі көбімізден биік екенін байқадым.

Текті қыздың талантына туа біткен еңбекқорлығы, үздіксіз ізденімпаздығы, ұлты мен өнеріне сүйіспеншілігі, елі мен жеріне деген махаббаты биік белестер мен асқар асулардан асуына, өнердің төрінен, халқының жүрегінен мәңгіге орын алуына жеткізді. Бүгінде кемеліне келген керім күйші, айтары анық, еңбегі ерен, талай қазақтың ұлы мен қызына арман болған Айгүл Нариманқызына сарқылмас шабыт пен талмас қанат тілеймін.

Төлепберген Тоқжанов