Материалдар

СӘБИГЕ ШАТТЫҚ СЫЙЛАҒАН КҮН

    Қызылорда облыстық перинаталдық орталығы - ана мен баланың денсаулығына алаңдайтын, сәбидің аман-есен дүниеге келуіне кәсіби тұрғыда атсалы­сып жүрген медициналық мекеме. Көпшілікке бұл ме­кеме "Ана мен бала орталығы" ретінде таныс. Со­нымен бірге ана мен бала үшін жасалуға тиісті ша­ралардың ұйытқысы болып жүргенінен де хаба­рымыз бар. Сондай шаралардың бірі жақында осы орталықта аталып өтті. Шараны орталықтың бас дәрігері Гүлнар Хамзақызы Жұмашева жүргізді.

Денсаулық саласына жаңа көзқарас қалыптас­тырып, жаңа бағытқа бетбұрыс жасау барысында 2008 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан Рес­публикасы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы­ның (ДДҰ) критерийлері енгізіліп, 22 аптадан бас­талатын жүктіліктің тірі және өлі тууын тіркеуге ала­тын болды. Шала туылған балалардың барлығы да аса ұқыпты күтімді, жоғары технологиялық құрал­дарды қолдана отырып сапалы емдеуді, пайда болған психосоматикалық бұзылыстарды түзулеу мен ұзақ бақылауды қажет ететіні белгілі. Себебі мерзімінен бұрын босануда ана немесе бала денсаулығы мен өміріне әкелетін қауіп жоғары. Шала туылған бала­лар­дың мәселесі тек медициналық қана емес, соны­мен бірге оларға әлеуметтік қолдауды дұрыс ұйым­дастыру да міндетті шарт екендігін айтуымыз керек.

Бала - болашағымыз дейміз. Ал, бала болашағы оның дүниеге аман-есен келуінен басталады. Нәрес­тенің дүниеге келуі - бұл әр ананың өміріндегі ең бір бақытқа кенелген шағы, шадыман-шаттыққа толы күні. Оның ар жағында тұтастай отбасының қуаны­шы, мемлекеттің тірегі тұр. Ал, айналаны сол қуа­ныш­қа бөлейтін ақ халаттылардың еңбегі орасан зор.

Нәрестенің өмірге бейімделуіне жайлы мерзім - жүктіліктің 40 аптасы. Алайда, барлығы бірдей осы мерзім ішінде босануға мүмкіндігі бола бермейді. Бүгінде медицинада мерзімінен бұрын босану мен шала туылу өзекті мәселенің бірі болып отыр. Сондықтан ата-анаға, сәбиге қол­дау білдіру мақсатында белгілі бір күнді белгіленіп отыр. Бұл күн жүздеген отбасының - шала туылған нәрестелері бар ата-ананың аса салмақ­ты өмірлік сыннан сүрінбей өтуіне арналады. Шала туылған нәрестелердің күтімі мен емінің нәтижелі болуы медицина қызметкер­ле­рінің мол тәжірибесінің, сондай-ақ болашақ ана мен оның отбасының, тұрғын­дардың біліміне де бай­ла­нысты, сонда ғана барлығының қолдауы­мен оң нәтижеге қол жеткізуге болады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 17 қарашаны шала туылған нәрестелер күні деп бекіткен. Бұл күн 2009 жылы алғаш рет халық­аралық деңгейде аталып өтілген. Еліміз де жылда ұмыт қалдырмайды. Биыл да Қызылорда қалыс қалған жоқ, облыстық перинаталдық орталы­ғында 17 қарашада шала туылған нәрес­телердің халықаралық күнін атап, мерекелік іс-ша­ра өткізді.

- Көбіне Қызылорда облыстық перинатал­дық орталығында шала туылған нәрестелер дү­ние есігін ашады. Ал, олардың өмірін аман сақ­тап қалып, дені сау етіп жетілдіру - ақ ха­лат­тылардың басты міндеті. Сондықтан бұл мере­кенің дәрігерлер үшін маңызы зор. Облыстық перинаталдық орталығы - үшінші деңгейлі босандыруға көмектесетін мекеме. Ана өмірін сақтау және жаңа туылған нәрестеге өмір сүру мүмкіншілігін беру үшін мұнда мамандан­дырылған білікті дәрігерлер жұмыс атқаруда. Үкіметтің, Елбасының саясатының арқасында медицина саласында барлық жағдай жасалуда. Заманауи қондырғылар орнатылуда. Бала өлімі төмендеп, шала туған нәрестелердің өмір сүру сапасын көтеру үшін, орталықтың дәрігерлері мен мейірбикелерінің қазіргі заман талабына сай кәсіби біліктілігін жылдан-жылға жоғарылату үшін алыс-жақын шетелден келген маман­дар­дың қа­тысуы­мен  семинарлар мен бағдарла­ма­лар жүр­гізіледі. Бұдан басқа да, біздің дәрігерлер шетелдерге оқуға барады, -дейді об­лыс­тық пери­наталдық орталығының бас дәрігері Гүлнар Жұмашева. - Біздің ең басты мақсатымыз - ана мен бала өлімін азайту. Қазір дене салмағы 1000 граммға дейінгі шала туылған сәбилерді өсі­ру үшін барлық нәтижелі жағдайлар жасалған. Соңғы 6 жыл ішінде облыстық перинаталдық орта­лықта туылған сәбилер саны 8000-нан 11314-ге дейін көбейді. Сол көрсет­кіш­тердің ішінде, мерзімінен ерте туылған, барлық туыл­ғандар санының 7,5 - 8,0 %-ын құрайды. Ең бастысы, дәрігерлер мен ата-аналардың бірге жұмыс жасауларының арқа­сында шала туылған сәбилер де өмір сүруде.

Деректерге сүйенсек, облыстық перинатал­дық орталығында 2017 жылдың 10 айында 8899 нәресте туылып, оның ішінде 638-і, яғни 7,2 % бала мерзімінен бұрын дүние есігін ашқан. Оның ішінде 7 нәрестенің салмағы 1 келіге де жетпеген. Мерзі­мінен бұрын дүниеге келген баланың ағзасы толық жетілмегендіктен қан айналымы әлсіз бо­ла­ды. Әрбір бала дені сау болып туыла бермейді. Жөргекте жетілуге тиісті нәрестенің бабын табу оңай шаруа емес. Ұйықтап кетсе оянуы қиын. Тоқыма киімдердің шала туған балалардың өсіп-жетілуіне пайдасы орасан екені медицинада дә­лел­денген. Сондықтан, денесін жылытып әрі то­қы­маның түгі денесін тітіркен­діретіндіктен қоз­ғалыста болады. Қазіргі таңда облыстық пери­наталды орталық еріктілер­ден құрылған "28 іл­мек" клубымен тығыз байла­ныста. Бұл қайы­рым­дылық ұйымы шала туған нә­рес­телерге қажетті тоқыма бұйымдарын дайын­дайды. Сол күні клуб мү­ше­лері шала туылған сә­би­лер тез сауығып шықсын деген тілекпен ке­зекті дайын бұйымда­рын орталыққа жеткізіп берді.

Орталықтың ұйымдастыруымен өткізілетін бұл шарада орталықтың атынан шала туған балаларға сыйлықтар таратылды. Биыл жоғары орнын бітіріп, орталыққа жұмысқа орналасқан жас дәрігерлерге құрмет көрсетіліп, ақшалай сыйлықтар табысталды. Шала туған балалары бар отбасыларында кездесетін проблемаларды шешу, оларға түсіністікпен қарап, қолдау көрсету мақсатын алған қойған шара өз мақсатына жетті.

К.ШӘРІБЕКҚЫЗЫ