Бас редактор бағаны

"Әлімсақ" журналының бас редакторы, филология ғылымдарының кандидаты

Нұрлан Көбегенұлы Нұрмаханов

 Бас кеспек болса да...

Журналға тіркелу

Валют бағамы

Ежедневные курсы валют в Республике Казахстан

Серіктестер

Материалдар

Өмірдің шындығын өнермен танытқан ақын қыз

        "Есіңе мені алғайсың", "Сыр елі", "Маңғыстау", "Көздеріңе ғашықпын", "Барады жылдар жылжып", "Аманат", "Қазақ елі", "Доспен қоштасу" секілді біресе жүректі тербетіп, біресе толқытып, біресе шаншып өтетін әндердің авторы әрі орындаушысы, әнші-композитор, Сырдың сыршыл ақын қызы Елена Әбдіхалықованы білмейтін қазақ аз шығар. Оның үстіне белгілі әндерді Мәдина Ералиева, Роза Рымбаева, Мақпал Жүнісова, Майра Ілиясова, Рамазан Стамғазиев, Тамара Асар, Жұбаныш Жексенұлы сияқты белгілі әншілер орындап, халықтың жүрегіне жол тартса, ақын қыздың өмірі мен өнері туралы білгісі келетіндер тіпті көбеюі мүмкін.

Рас, Елена Мәжитқызы мектеп қа­бырғасында жүргенде-ақ өнерге өмірін арнайтынын байқатқан. Ән байқауларына қатысып, өз-өзін шыңдады, көптің көзіне түсті.

- Үшінші кластан ағам домбыра тартуды үйретті. Бесінші кластан бастап ән айта бастадым. Апайлар "өлең жазып әкел" деп тапсырма береді, жазып апарамын. Оныншы класс оқып жүргенімде ақындар Жақсыбай Сарыбалаев, Мәлік Аяповтар көмектесіп, дайындап, мені айтысқа шығарды,- деген-ді бізбен әңгімесінде.

 

 Қызылорда облысы Жалағаш ауданында өткен сол айтыста жүлдеге қол жеткізді. Келесі жылы облыстық ақындар айтысында жұлдызы жанды. Студент жылдарында есімі Сыр елінде ерекше аталатын еді. Елена жас кезінен жыр әлеміне именбей кіріп, поэзиядан енші алып үлгірді.

- Поэзия қай кезде де қоғаммен онша бірлікті ұстай бермеген ғой. Кей жағдайда қоғамның алдына шығып, үлкен жетекшілік роль атқарған кездері де болған. Поэзияның дені, тәуірі өмірдің жалғандығын айтқысы келетін сияқты,- дейді ол. - Қазіргі поэзияның деңгейі өте қатты көтерілді. Төлеген, Жұмекен, Мұқағали, Сағи, Фариза, Кеңшілік, Қадырлардан кейін Тыныштықбек, Ұлықбек, Ғалым, Светқали, Сабыр, Маралтай, Жанна, Жанат, Асылзат, Ақберендер шықты.

"Кейде шақырған түсірілімдер мен хабарлардан бас тартып, өз-өзіммен қаламын. Оқимын, ізденемін, ойланамын. Әйтпесе, ана жақта концерт, мына жақта телехабарлардың түсірілімі, барлығына жүгіремін деп, шығармашылығымыз жетімсіреп, тіпті, қолға қалам ұстауға уақытымыз болмай кететіні жасырын емес. Ондай сәтте өзімді қатты жек көріп кетем",- деп, әр кез уақытты бағалайтын ақын қыздың бала кезгі ұстанымы осы. Өсек-өтірікпен шаруасы жоқ ол шығармашылыққа, оның ішінде ақындыққа ден қойды. Соның пайдасы, 1991-2002 жылдар аралығында 60-қа тарта республикалық, 20-ға тарта облыстық, облысаралық, 5 рет халықаралық ақындар айтысының жеңімпазы атанды. Содан бері Сыр бойының ақындық, әншілік, өнерпаздық құдіретіне табындырған Еленаның республика халқының аузында жүруі тегіннен-тегін емес еді.

"Әндерiңiз көптiң жанына рахат сый­лай­ты­нына сенiмдiмiн. Себебi, әндерiңiз жоғалып ба­ра жатқан адами құндылықтар мен таза да ш­ынайы сезiмдерге толы. Сахнада өздерiн "жұл­дыз" сезiнетiн жастардың Сiзден үйренерi көп-ақ!"- деген тыңдарманның пікірі өмірін өнер­ге арнаған жанға қуат берері сөзсіз. Ал, "Елена десе елеңдеп отыратын жандардың бірі­мін. «Не істеп жүр, қандай жаңа өлең-әндер туып жатыр екен?» деп ойлаймын да жүремін. Өйткені ол адамның жанына жақын, сезімін қозғайтын, бір тыңдасаң, я оқысаң ойыңнан кет­пейтін шығармалар ғана жазады. Елена ел үшін жаралған жан, оған ешкімнің дауы жоқ шы­ғар. Біз көп қазынамызды өткеннің енші­сі­не қалдырған халықпыз ғой, кейде ол маған жо­ғалтып алған алтынның сынығындай көрі­неді",- деп, шынайы ойын жеткізген екінші тың­­­дарманының лебізі бізді де ойландырып тастады.

Елена марапаттан кенде емес. Халық та, мемлекет те лайықты бағасын беріп жатыр. Өзі де халықтан бір елі ажыраған емес. Қазақстанның барлық аумақтарында, Түркия, Монғолия, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей қазақтарының арасында өнер көрсетті. 2000 жылы Алматыда өткен "Жаңа ғасырға - жаңа ән" халықаралық ән байқауында 2 әні лауреат атанып, 1 әні дипломат атағына ие болса, 2003 жылғы І Ұлттық "Астана-Бәйтерек" респуб­ликалық байқауында "Астана туралы әні" дипломант атағын алды.

2000 жылы Қызылорда қаласында "Сыр елім менің" атты шығармашылық кеші өтті. Өміріне шындықты қалқан етіп ұстайтын, көп нәрсені біреуден күтпейтін, біреудің келіп жалпылдағанын, мақтағанын ұнатпайтын, өзінің таланты мен талапқойғыш қасиетіне сенім артатын қайсар қыз Елена сол уақытты сынға алған еді.

- Міне, алтыншы ай, мәдениетті қолдау жылына орай облыста айтатындай не өтті? Өзі бір жыл ғана қолдайды екенбіз. Оның жартысы өтті, одан қандай қолдау болды? Қазірде ақындар кітабын, әншілер бір аудиокассетасын шығара алмай, халықпен кездесіп, концертін өткізе алмай жүр. Қолдау деген бір жылдың уақыты емес. Мәдениет адамға жарық дүниеге іңгәлап келгеннен өлгенше керек!- деп, кезеңнің шындығын алдымызға жайып салған.

Сыр елінде өткен Елена Әбдіхалықованың шығармашылық кешінде ақын-сазгердің танымал әндері құлақ құрышын қандырды. Әдетте, ер азаматқа "отызға келіп, орда бұздың ба?" деп сұрап жататын. Елена отыз жасында қыз баласы болса да "орда бұзды". Биіктен көрінді, өзін мойындатты. Оның әрбір шығармасынан көркемдік бояуымен бірге қайсарлық мінез байқайсың.

- Мінезсіз ақын болмайды,- дейді ол. - Әрине, мінездің түр-түрі болады. Бірі жағымпаздықпен қуыс-қолтықтардан өтіп кетеді, бірі шындықты тура айтады. Енді біреулердің қысастыққа көнбейтін, тулайтын мінезі болады. "Алты ай атан болғанша, бір күн бура бол" деп қазақ айтады ғой. Соның бәрі қазақы еркіндіктен шықса керек. Халқымыз момын емес. Ішкі дүниесі қайнап жатыр. "Қазақ момын, қазақ жалқау" деген сөзді естігім келмейді. Ол өтірік!

Еленаның сол кезде жан-дүниесі тулап жатқандай көрінген. Тұла бойын бір жағы шабыт қысса, бір жағы жан-жағындағы жа­ғым­сыз әрекеттер оны оңайлықпен отырғыз­байтын секілді. Шағымданса да, жанына жұбаныш іздесе де, оны тек өз шығарма­шы­лығынан табатындай. Содан болар, ол тынымсыз болды. 2002 жылы Алматыдағы Ғалымдар үйінде, 2004 жылы Астанадағы Конгресс-Холлда "Есіңе мені алғайсың" атты шығармашылық кештерін өткізді.

Негізі, Елена халыққа айтыспен танылған жан. Айтыстың табиғатына суырып салмалық, тапқырлық, уәж айта білу жатады. Ал, сол кездерде жанды сөз, сүбелі ой, көркем тіркесті Елена Әбдіхалықовадан естідік. Бірақ жүлделі орындарға өзгелер жайғасады. Ақынның өзінен сол кезде себебін сұра­ғанбыз.

- Біреулер "ана жерге барып айтысып, жеңу керек" деп ойлайды. Айтыс жеңілгендігімен қызық. Айтыс - үлкен театр. Ақын бірде басты рөл, бірде екінші сатыдағы рөлді ойнайды.

Бұрын жылына төрт-бес рет айтыса­тынмын. Соның ішінде бір-екеуінен ғана рахаттанып қайтатынмын, қалғанына көңілім толмайтын. Айтысуға сол жақта әділдік болатынына көзім жетсе ғана барамын. Қазір айтысқа ақша араласып кетті, тамыр-таныстық және бар. Олар көзіңше сені мойындағанымен әрекеті басқаша. Осындай келеңсіздіктерді білген соң көңілге қаяу түседі, адам шаршайды. Қазір көпшілік сенен жақсы емес, жаман нәрсе, жетістіктен гөрі кемшілігіңді іздейді,- деп, шындықтың бір ұшын шығарған. Содан кейін Еленаның сөз додасына түскенін көрген жоқпыз. Жазба ақындық пен сазгерлікке мойын бұрды.

- Кейбір адамдар: "Мен ән жазып жүрмін облыс үшін, мен өлең жазып жүрмін әкім үшін, мен айтысқа шықтым халқым үшін",- деп жатады. Мен өлеңді өзім үшін жазамын. Айтысқа шықсам да өзім үшін, ән жазсам да өзім үшін. Маған "әкім үшін өлең жаз" деп, қаптап алтын әкеп тастаса да, жазбаған болар едім,- дейді Елена. - Әннің сұлу болмағы оның мәтінінен деп ойлаймын. Менің негізгі мамандығым - әдебиетші. Сөздің қадірін ұғып, пайымына барған соң, әндер де солай туады. Сондықтан, ән жазатындар сөздің парқын білсе деймін. Алдымен сөздің дертімен ауырса деймін. Себебі ән - зар. Мен қуанғаннан емес, қатты қайғырғаннан ән шығарамын. Қараңғы адам: "Әнді шаттықпен шығарады, ән шығаратындарда қайғы-мұң болмайды" деп түсінеді.

Шынында Еленаның поэзиясымен таныс адам ақынның бұл ойын құптар еді. Оның жүрек музасында мұң, ән ырғағында күрсініс бары сезіледі.

Тұнжырап тұрған орманға,

Тұнжырап жалғыз барғанда...

Жапырақ жанып жатқанда,

Ағаштар мұңға батқанда...

Есіңе мені алғайсың!- деген мәтінді жанына жақын тұтқан ақын қыз Мұқағалидың сөзіне жазылған "Есіңе мені алғайсың" әнін жарыққа шығарды. Ал, "Жайықтың асау толқыны жасып, жылайды үнсіз жағалау",- деп басталатын Табылды Досымовқа арналған "Доспен қоштасу" әнін естіген адамның мұңаймауы мүмкін емес.

- Өзім біреулердің ізін аңдып, жалынып ән ұсынып көрген емеспін. Ондай қасиет менің болмысыма жат. Менің әндерімді орындайтын әнші менен асырып орындаса, неге бермеске?! Өкініштісі сол, өзі ізденетін, нағыз өнер жасаймын деген әнші бізде өте аз. Көбісі тойдың тарсылдаған әнін айтып, көбірек тиын табу үшін ғана фонограммамен әнші болып жүргендер. Біздің шоу-бизнес деңгейсіз, талғамсыз секілді көрінеді,- деп, қазіргі қазақ музыкасының тағдырына алаңдап жүрген Е.Әбдіхалықова көбіне өз әндерін өзі орындайды. Тыңдарманның талғамын таза өнерге баулығысы келеді.

Елена Мәжитқызы қазақ ғылымына да үлес қосты. Ұзақ ізденістің нәтижесі "Сыр сүлей­лерінің жазба айтысы" деген тақырыпта  ғылы­ми дәрежесін қорғады. Зерттеу еңбегі де ұза­май жарық көрді. Қазір филология ғылым­дарының кандидаты. 1996 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен "Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері" атағымен наградталды. Өткен 2017 жылы "Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері" құрметті атағына ие болды.

- Армансыз адам болмайды ғой. Әсіресе, өнер адамы романтик болып келеді. Менде де арман жетерлік. Құдай берген сол азды-көпті өнерімізді аман-есен халыққа жеткізіп үлгерсек дейміз, осыны бағалап, қадірімізге жететін халық аман болса дейміз,- деп, сөзін түйіндеді. Біз де Сыр елінің атын аспандатып жүрген ақын қызға шығармашылық жолда жыр әлемін шарлауын, ән көгінде самғауын тіледік.

Нұрлан Көбегенұлы

 

 

Пікір қалдыру


Қорғаныс саны
Жаңарту

Іздеу

Сауалнама

Қазір қай бағыттағы кітаптар оқылады?

Бизнес туралы - 53.8%
Әдеби - 7.7%
Мотивациялық - 0%
Шытырман оқиғалы - 7.7%
Саяхат туралы - 30.8%

Дауыс саны: 13
The voting for this poll has ended on: 17 Мам 2018 - 00:00

Жоба туралы

Сыр өңірінің тумасы, қайсар қаламгер, ақын Зейнолла Шүкіровтің рухына арналған «Бір жұлдыз болып жанам мен» атты облыстық жас ақындар мүшәйрасы өтті.

 «Руханиятты жаңғырту» қоғамдық қоры мен республикалық әдеби-мәдени, тарихи-танымдық «Әлімсақ» журналы Зейнолла Шүкіровтің рухына арнап биыл төртінші рет дәстүрлі «Бір жұлдыз болып жанам мен» атты талантты жас ақындар мүшәйрасын ұйымдастырды. Биылғы жылдың жеңімпазы - М.Мәметова атындағы Қызылорда гуманитарлық колледжінің студенті Нәбира Ешниязова.

 

 

Редакцияға хат

Email:
Тақырып:
Текст:

Әлеуметтік желілер

Күнтізбе

<< < Наурыз 2018 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
      1 2 3 4
5 6 8 9 10 11
12 13 14 15 16 17 18
19 20 21 22 23 24 25
26 27 28 29 30 31  

As we continue our list of fantasy football”s top 101 PPR players of 2017 we have three players who have recently finished in the top-15 at their positions.

In fantasy football there will always be players who have an unexpected drop or rise from one year to the next. One player on today’s list was a top-six wide receiver in 2015. The next year,Vince Wilfork Jersey he wasn’t even a top-20 wide receiver.

The same can be said about a running back on today’s list who was a top-five running back in 2015. Last year, he wasn’t even a top-18 running back. Who are these players and what should we expect from them in 2017?

To be clear,J.J. Watt Jersey the top 101 PPR players are for re-draft leagues only. Here’s a look at players ranked No. 38-36:

Last season Patriots wide receiver Julian Edelman finished fourth in the NFL in receptions with 98. He also set a career-high in receiving yards with 1,106. In the end,Brian Cushing Jersey Edelman finished 2016 as the 15th PPR wide receiver. Unfortunately for Edelman, I see a regression coming his way in 2017.

The 2016 season was only the second time in Edelman’s eight-year career he played in all 16 games in a season. The other time came back in 2013. Going into 2017, the odds are against the 31-year old receiver to play in all 16 games in back-to-back years for the first time in his career. Even if he somehow manages to stay healthy for all 16 games, he’s sure to lose targets and receptions.

Last year Patriots star tight end Rob Gronkowski had a career-low 25 receptions. Gronk was never 100 percent during the 2016 season and only appeared in eight games. Going into 2017,DeAndre Hopkins Jersey he will be back to full strength. Also, the Patriots traded their 2017 first-round pick for Saints wide receiver Brandin Cooks. The former Oregon State Beaver will be the team’s new No.1 wide receiver.

Журнал туралы

«Әлімсақ» журналы – рухани серігіңіз

 Қазақтың ғасырлар қойнауынан тамыр тартқан, әлімсақтан келе жатқан хатқа түскен тарихының, ұлттық болмыс-бітіммен астасқан әдебиеті мен мәдениетінің, тілі мен дінінің, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрінің бірден-бір насихатшысы, Сыр бойының тарихында алғаш рет әдеби-мәдени, тарихи-танымдық бағытта жарық көрген «Әлімсақ» журналының оқырманына жол тартқанына алты жылға жуық уақыт болып қалды. 2009 жылдың сәуір айынан бастап алғашқы нөмірі жарыққа шыққалы бері қазақ әдебиеті мен тарихына қатысты мақалаларды ортаға салып, Сыр өңірінің мәдениеті мен өнерін насихаттап, облысымыздың бүгінгі мәдени, әлеуметтік дамуындағы өзгерістерді ақпараттандыруда журналдың қосып келе жатқан үлесі салмақты.