Құпиясын ішіне бүккен Сортөбе

Қойнауында талай тылсым тарихи құпия жат­­қан Тұран ойпаты таң қалды­р­уын доғарар емес. Тым тереңнен сыр шер­тетін Сыр өңірінің өткені бүгінгі буынға ауадай қажет. Тарихын та­­ны­маған ел мәң­гүрт екені рас. Қызылорда об­лысында ары­сы Арал, берісі Жаңақорған то­пырағынан небір тарихи жәдігерлер табылу­да. Соның бірі жақында ғана табылған  Қармақ­шы ауданындағы Сортөбе (Ордазы) қалашы­ғы. Қызылорда облыстық тарихи және мә­дени ескерткіштерді қорғау мекемесінің ди­ректоры Сапар Көзейбаевтың ұйым­дас­тыруымен архео­­логиялық зерттеу жұмысы жүріп жатқан жерді көзбен көріп, Сыр­дария жағалауын көбе­лей жүріп ашық ас­пан астындағы музейдің іші­не бүккен тыл­сымына тәнті болып қайттым.

Сортөбе. Сорлы төбе деген мағынаны мең­­зейтіндей. Жергілікті тұрғындардың айтуы бо­йынша мұнда келушілердің мүл­де жолы бол­май, соры қайнап жүреді екен. Көлігі бұзылып, көрігі қашып, абыржып тағысын тағы келеңсіз жағдайларға тап бола беретін көрінеді. Ол ол ма, мұнда зерт­­теу жүргізіп жатқан археологтар да жұ­мыс барысында бір өлімнен аман қалған. Қаланың қалың қабырғасы құлаған кезде тө­менгі жағын тазалап жатқан жұмысшы дер ке­зінде қашып құтылған. Жеңіл жа­ра­қаттар, еш­теңе етпейді деп отыр. Тек ес­керткіштің бұ­зыл­­ға­нына қапалы. Осындай құпия, әрі тылсым тарихтың бүге-шүгесіне дейін Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дің "Архе­ологиялық және этно­­графия" ҒЗО жетекшісі Ә.Тәжекеев таныс­тырып берді.

Төрт қабырғасы төрткүл дүниенің төрт бұры­шына қаратылып салынған қала­шықтан төрт адамның мүрдесі табылған. Бірақ, олар бергі дәуірдің адамдары болған­дықтан, мәйіт­тер аруланып, ақ бозға ора­лып қайта жерленген көрінеді.

Ескерткішті лайсаң суы сылбырай аққан Сырдария өзені шайып кетуге шақ қалған. Қазірдің өзінде қаланың үштен бір бөлігі ғана дін аман. Өзгесі, өкінішке орай, су астында қи­рандыға айналған. Осы­лай­ша жойылу алдын­да тұрған ежелгі Сор­тө­бе қаласындағы құры­лыс­тарды сақтау, ашық аспан асты мұражайына ай­налдыру, оны туристік бағытқа енгізу жұ­мыс­тарын жүргізу бүгінгі күннің күн тәрті­бінде бірінші болып тұр. Маңызы терең, өске­лең ұр­пақ үшін ең қымбат қазыналарды сақ­­тап қалу жұ­мысы мұнда қарқынды жүргізілуде.

Исі қазақтың бұрынын бағамдайтын игі істің басы-қасында нағыз мамандар жүр. Атап ай­тар болсақ, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттің университетінің "Археология және этнография" ғылыми-зерттеу орталығы, Шы­ғыс музейі (Ресей), Измир университеті (Түр­кия), Кемерова университеті (Ресей), ҚР Ұлт­тық музейі (Астана), Ә.Х.Марғұлан атын­дағы Архео­логия институты, Қармақшы аудан­дық та­ри­хи-өлкетану музейі және Қызылорда об­лы­сының тарихи және мәдени ескерткіш­терді қорғау мекемесінің мамандары арнайы жа­сақталған құраммен тарих құндылығын ашуда өз іздерін салмақ.

Тарихшылардың айтуына қарағанда, б.з VII ғасырда Арал маңы археологиялық кешені тұр­­ғысы­нан қарағанда Сыр өңіріндегі бай­ланыстар төмендегідей аймақтарға бөлінеді: Оңтүстік Хорезм (солтүстік-шығысындағы мал шаруа­шы­лы­ғымен айналысатын өңірмен тығыз бай­ла­ныста болған афригид мәдениеті), Әму­да­­рияның оң жағалауындағы солтүстік Хорезм - Кердер аймағы (кердері мәде­ниеті), екі ауданға бөлінетін Шығыс Арал маңы: ежел­гі Қуаң­да­рия мен Ескідариялық арналардағы Жетіасар кешені және қазіргі арнаға жақын, Сыр­дария­ның сол жағала­уындағы "батпақтағы қалалар" ау­даны. Бұл аймақтар мен аудандардың бар­­лығы тығыз мәдени және этникалық байла­ныс­та бол­ған. Сортөбе солардың қатарын то­лық­тырмақ.

Осы тұста Сортөбе қаласының өзге өңір­­лер­мен байланысын және пайда болуын нақты­лау үшін тарихқа шолу жасалық. Әуелі Сырда­рияның төменгі ағы­сында б.д І мыңжыл­ды­ғын­да тұрақты, өзін­дік ерекшелігі бар мәдениет өр­кендеген. Жетіасар І және ІІ кезеңдерінде (б.д. І мыңжылдықтың жартысы) ортаңғы Сыр­­­дария аудандарындағы мәдениет­терден (Отырар-Қаратау, Қауыншы) басқа көршілес аймақтармен тығыз байланысты болғандығын көреміз. Халық санының көп болуына, өмір сүру­­ге ыңғайлы фактор­ларға байланысты, сол уақытта жергілікті жерді, яғни Сырдарияның төменгі алқабын мекен етіп қалуы мүмкін. Сол уақытта Жеті­асар мәдениетінің территориясы ба­рынша ұлғайып, Әмударияның оң жаға­лауы мен Сырдария өзені арасындағы ау­дан­дарды қамтып, Жетіасарлық халықтың үлкен бөлігі осы аймақтарға көшкен екен. Ғалымдардың пікірінше, Жетіасар ІІІ ке­зеңінде (VI-VII ғғ.) Жетіасар шатқалын­дағы ескерткіштердің ба­сым көпшілігі өмір сүруін тоқтатады.

Сонымен үшінші кезеңнің аяғында Жеті­асар шатқалы шөлге айналып, Жетіа­сар мәде­ниеті Сырдарияның төменгі ағы­сында жоғала бастайды. Алайда, Шығыс Жетіасар қалалары­ның тобы (қазіргі Жала­ғаш, Сырдария аудан­дары аумағы) және Же­тіасар шатқалының сол­түс­тігінде, қазір­гі Сырдарияның сол жағала­уын­­дағы Сортөбе І, Сортөбе ІІ сияқты қалалар өмір сүруін жалғастырып, Арал теңізінің шы­ғыс маңында Кескен-күйік қала, Күйік қала, Жан­кент сияқты Оғыз қалалары қалып­таса бастаған болатын.

Осы тізбекті жалғастырып, Сортөбе қала­шығы да зерттеле бастады. Сортөбе І ескерт­кі­шіне 2007 жылы Ж.Құрман­құловтың бас­шы­лығымен Шірікрабат археологиялық экспедициясының архео­ло­гиялық барлау отря­ды (отряд жетекшісі Ә.Тәжекеев) және "Археолог" халықара­лық ғылыми-зерттеу орта­­лығы" (дирек­торы М.Елеуов) жауапкер­шілігі шектеулі серіктестігінің археологиялық тобы Сор­төбеде болып, оның жобасын сызып, су­рет­ке түсіріп, су жайып жатқан құлама жар­қабағында тазарту жұмыстарын жүр­гізіп, судың жағасында, суда жатқан зат­тарды жинап, олардың суретін салған. Алғашқы жұмыстар легі осылай басталып, қазіргі таңда тың ақпа­раттар табылуда.

Жаңадан табылған қалашықтың батыс қабырғасы 80 м, оңтүстік қабырғасы 70 м ұзындықта сақталған. Биіктігі 3,5-4 м ша­ма­­сында. Сортөбенің солтүстік және шы­ғыс қабыр­ғаларын Сырдария өзені толық шайып кеткен. Оның өзен шайып кеткен солтүстік-шығыс бөлігінің оңтүстік-шы­ғыстан солтүс­тік-батысқа қарай ұзын­дығы 120 м, осы бө­лігіндегі мәдени қаба­тының қалыңдығы 3,5-4 метрге дейін жеткен.

Зерттеушілердің бағына қарай қала­шықтың керамикалық кешені өте бай, онда VII-VIII ғғ. мерзімделетін бүйірі иінді, қабырғасы бүйірі­нен ернеуіне сыртқа қа­рай иілген тостағандар (қызыл ангоб) Жетіасар ІІІ кезеңімен мерзім­делетін жәдігерлер арасынан және Отырар қаласынан табылған заттарда осында ке­зіккен. Со­нымен қатар, Жанкент қазбала­ры­нан табы­лып жүрген ІХ-Х ғғ. мер­зім­де­летін үстінде ойып салынған сызықты өр­нектері бар қақ­патар, ернеудің сыр­тындағы жапсармаға қат­ты затпен ба­тырып салынған өрнегі бар ыдыс­тар және әртүрлі мақсатта пайдаланылған "қошқар" бейнесіндегі культтік бұйымдар молы­нан табылған. Қошқар бейнесіндегі ошақ бұл дәуірдегі адамдардың мұсылман болма­ғандығын, отқа табыну рәсімі жүргенін дәлел­дейді дейді мамандар.

Ескерткіштің құрылымын, қызметін және материалдық кешеннің жан-жақты зерттеу ша­ралары тыңғылықты ұйымдас­ты­рылуда. Бү­гін­де екі жерге қазба салын­ған. Қызылорда об­лы­сы әкімдігінің қол­дауымен жүргізіліп жат­қан археологиялық зерттеу нысаны әлі та­лай жаңалықтарды жария етеміз дейді.

Сырдария өзені шайып, бұзылып жат­қан тік құлама жарқабағында және ескерт­кіштің жалғыз бұзылмаған бөлігіндегі қысқа мерзім­де жүргізілген жұмыстар ба­ры­сында қол жет­кен заттай деректер бо­йынша қалашықтың жо­ғар­ғы мәдени қа­баттары VIII-IX ғғ.мерзім­де­леді екен. Ша­масы, қаладағы тіршілік Сыр­дария өзені арнасының ауысуына байла­нысты тоқтап, осындағы халық Жанкент бағы­тында ығы­с­уы мүмкін деген болжам айты­луда. Сор­тө­бенің пайда болған уақыты, өмір сүрген ке­зең­дері және ондағы тіршіліктің тоқ­тауына се­беп болған жағдайлар осы ес­керткіштің ке­лешекте жүргізілетін архео­ло­гиялық зерттеу­лердің нәтижесінде анық­талады.

Тағы бір таңқаларлық дерек, Қуаң­да­рия, Ескі­дария және Сырдария өзендерінің Арал теңізіне құяр маңы, яғни Жанкент қала-жұрты оазисі көне заманнан тұрақты сауда, евразия аудандары көшпенділерінің мәдени және этни­калық қарым-қатынас, сонымен қатар, көш­пен­ділер өркениеті мен Орта Азиялық оты­рық­шы оазистерін бай­ланыстырған аймағы бол­ған. Осы жер­де атақты сауда жолдары мен (әсі­ресе Ұлы Жібек жолы) бірге, тарихи миг­рация жол­дары және олардың өзіндік тоғы­су­лары осы Сортөбеден бой көрсеткен.

Сортөбеде жүргізілетін ғылыми-зерттеу жұ­мыстарының ерекшелігі сонда, оны зерт­теудің нәтижесінде қазақстандық ортаға­сыр­лық археологиясымен осы күнге дейін ше­шімін таппай отырған ақтаңдақтарының бірі-Оғыз кезеңінің археологиялық мәде­ниеті тура­лы жан-жақты, кешенді деректер алуға болады. Сортөбеде келешекте орта­ға­сырлық Қазақс­тан археологиясының Оғыз кезеңіне қа­тысты үл­гілі (эталонды) ескерткіштердің бірі болып қалуы ғажап емес.

Сортөбе (Ордазы) Қорқыт ата қоры­мына ең жа­қын Оғыз қалашығы болып та­былады. Сол се­бепті Қорқыт ата кешені - Жосалы - Сор­төбе ба­ғыттары бойынша турис­тік мар­ш­рут енгізу керек. Қалашық­тың жоғарғы қабаты IX ғ. мер­зімдері Қор­қыт атаның өмір сүрген кезеңіне сәйкес келеді. Сортөбе қалашығын­дағы ар­хео­ло­гиялық қазба жұмыстарының арқасында Қорқыт баба заманындағы халықтың немесе өзі тұрған тұрғын үйлердің қандай болған­ды­ғын білуге мүмкіндік туған. Қорқыт ата қоры­мы мен Сортөбе қалашы­ғы бір кезеңмен мер­зім­деледі. Оның үстіне бұған дейін ешбір жер­ден табылмаған қо­бызға ұқсас тас осы Сор­тө­бе­ден табылған. Тас қобызға қарап және Қорқыт ата қо­ры­мының тым жақын болуына бай­­ланысты бұл қалашыққа Қорқыт ата келді деп па­йымдауға болады. Мамандардың топ­шы­лауы солай. Ал, Сортөбе ескерткіші этног­ра­фиялық деректерде кездесетін "Ордазы" қалашығы болып қалуы нақ мүмкін.

Сырдарияның сол жағасына б.з. VII-VIII ғғ. бекіністі қоныстың салынуы Сыр өңірі тарихы те­реңде жатқанын дәлелдеп бергендей. Сор­төбе әлі зерттелу үстінде. Мұнда айтылған де­рек­терден бөлек тағы да тереңнен тамыр тар­татын, қарға тамыр­лы қазақтың тарихын ай­шық­тайтын жәді­герлер табылып қалуы мүмкін. Тірнектеп, тынбай, түрлі тарихи жәді­гер­лерді жиып жүрген археологтар үкіметтен қолдау бол­са, бұдан да зор жетістікке жетеміз дейді. Жұ­­мыс алға жүруі үшін сәл көмек болса тарих ғалымдары тарих көкжиегін кеңейте бермек. Сонда ғана Сортөбе тарихи құндылық дең­гейіне дейін құлаш ұрады.

Айдар САЙЛАУОВ,

Қармақшы ауданы