Бас редактор бағаны

"Әлімсақ" журналының бас редакторы, филология ғылымдарының кандидаты

Нұрлан Көбегенұлы Нұрмаханов

 Бас кеспек болса да...

Журналға тіркелу

Валют бағамы

Ежедневные курсы валют в Республике Казахстан

Серіктестер

Таңнан таңға дейін

 

Өңменінен өтер суық ызғардан, ұйтқи соққан бораннан қорғалаумен кесік құлақ көк есек тағы бір түнді өткізді. Түні бойы отын ығында тұрып баялыштың шаясын талғажау етті. Кеше таңертеңнен жауған қар соңы ысқырып, ұлыған боранға ұласқан, сол міне, таң алдында басылды. Көк есектің үстіндегі қар тұла бойының жылуынан еріп, бүйіріндегі қалыңдау жүнінен кішкене сүңгілер байқалады.

Ақпанның ұзақ түні түріліп, шығыс көкжиек бозамықтана бастады. Кешікпей күн шығады. Көк есекке күндізгі уақыт түнге қарағанда жеңілдеу өтеді, әркімнің қорасынан шығарып тастаған сақ-сұқтарын, шөбінің қалдығын жейді, күнделікті тіршілігі осылай жалғасын табады.

Енді бір сәт орнынан қозғалмақ болып тұрған еді, екі бала жанына жүгіріп келді. Өте ерте бұларды жылы үйінен не түлен түрткенін кім білсін, екеуі келе бұған ұмтылды. Адырақ көз, тапалтақ, қара баланы таныды, өз қожайынының баласы, ал екіншісі ұзынтұра, сары, онымен бірге ойнайтын көрші үйдің кенжесі. Балалар дайындықпен келген екен, ноқтасы мен қамшысына дейін ала келіпті.

 

Ықтап тұрған есекті ұстау оларға қиынға түспеді. Қара бала кесік құлақтың үстіндегі қарды қолымен сыпырып жіберді. Екеуі есекке мінгесіп алып, қамшымен сабалап, өкпесінен текпілеп жүріп кетті.

Со-о-онау шығыс көкжиектен, Балуанның кезеңі­нен аяз сорған қыстың қызғылт күні құлақтанып шығып келе жатты.

Таныс қораға келген соң балалар көк есектен түсіп, қазыққа байлай салды. Біраздан соң үйден иесі шықты, кесік құлақтың жанына келіп, арқасын сипады, әр жерін түрткілеп айналып шықты. Қазықтан шешіп алып, ақырға байлады, алдына толтыра шөп салынды. Иісі бұрқыраған жусан, изен, еркек аралас шүйгін шөпті көк есек сұғына жей бастады. Жүлделі жарысқа қосатындай қожайынның жомарттығына кесік құлақ таңданып қалды.

Алдыңғы күні кешкілік Қазбектікіне ферма меңгерушісі Зұлпаш келген. Амандасқаннан кейін, үйге көп келе бермейтін меңгерушіге Қазыбек:

- Ау, жоғары шықсаңшы,- деген.

- Жоға-а-а, рахмет! Азғана шаруамен келіп едім,- деді Зұлпаш.

Беймезгіл келуінен меңгерушінің босқа жүрмегендігін Қазыбек сезген.

- Шай, тамақ ішіп, жайланып отырып айтпайсың ба жұмысыңды?

Зұлпаш неге келгенін бірден айтпады. Әдеттегісіндей баппен сөйледі, асықпады, әдеттегісіндей тура айтпады, алыстан орағытты. Биылғы қыстың қаттылығы, қардың қалыңдығы, оның қоғам малына батып тұрғандығы айтылды. Ферма дайындаған шөп толық тасылмай қалыпты, жанар май жетіспепті. Тракторлардың бәрі ескі, күрделі жөндеуді қажет ететін көрінеді. Малшыларға да оңай тиіп тұрған жоқ, қыс қаттылығына қоса қасқыр да малға аузын салып, қан жоса қылып жатыр екен

Әдеттегісіндей Зұлпаш Қазыбекке ақыл айтуды да ұмытқан жоқ, мұның қорасындағы бес-алты тұяқтың қамқорын соқты, жұмыстан қысқарып қалғандығына жаны ашыды.

Меңгерушінің ұзақ сөзінің нұсқасынан бұдан бірдеңе сұрағалы келгенін білді, бірақ оның не екендігін айыра алмады. Ішінен: "Айта түс, өйтпесең ақыл қалта атанармысың,"- деп қойды. Зұлпашты мысқылдап отырғанын білдірмеуге тырысты.

- Осы сенің көк есегің қайда?- деді Зұлпаш кенеттен.

- Қайдан білейін, қаңғып жүрген шығар?- деді Қазыбек.

Осы кезде төртіншіде оқитын Ермек:

- Көке, біздің есек кеше көршінің қорасының ығында тұрды,- деді.

- Соныңды бізге берсейші,- деді Зұлпаш.

- Оны не істейсіңдер? Жарысқа қосайын деп пе едіңдер?- Қазыбек мырс етті.

- Қасқыр улайтын дәрімен шанышып, жемтікке тастасақ,- деп едік.

- Маған не бересіңдер?

- Не керек?

- Он қап жем берсеңдер болады.

- Жарайды, береміз,- Зұлпаш орнынан тұрды. - Келген шаруам осы еді, арғы күні малшы ауылға трактор жүреді, есегіңді содан қалдырма...

Кесік құлақ көк есектің тағдыры осылай шешілген болатын.

Кесік құлақ көк есек биылғы көктемде он үшке толады, осы кезге дейін көрмеген азабы, шекпеген бейнеті жоқ.

Оның еш нәрседен алаңсыз, бақытты күндері сонау енесінің қасында құлдыраңдап шапқылап жүрген уақыты болатын. Сүп-сүйкімді кішкене қодық сұр есектің жанынан бір елі қалмайтын. Күренің келешегі де енесі бауырындағыдай нұрлы, жарқын болып елестейтін.

Ерте көктемде туған, жаз бойы сұр есекті еміп, бір елі қалмаған, он шақтысы тобымен үйірде болған күре қысқа жарамды түсті. Тай есектің аяқтары тіп-тік, сауыры жұп-жұмыр еді. Жазда ауылдан ұзап жайылатын есектер салқын түсе елді мекенге орал­ды, ызғарлы суықта қора-қораны паналап, сыртқа шығарылған шөп қалдықтарын қорек етеді.

Тай есек дүние тіршілікте қатыгездік пен қатал­дық, мейірімсіздік пен тасбауырлық, жауыздық пен жеккөрушілік дегеннің болатынын білмейтін. Адам деген екі аяқтылардан бәрін күтуге болатынын кейін ұғынды.

Сол жылғы қыстан бастап-ақ кішкентай есек балалардан көресіні көрді. Бірнеше есек күзде түсірілген отынның ығында баялыштың басын күтірлетіп жеп тұрған. Кішкентай екі аяқтылар сол жерге дабырласып келе қалды, бір-біріне айқайласқан олар бұларды ұстап алысты, әр есекке екі-үштен мінгесіп  түнгі ауылды бастарына көтерді.

Ашық аязды, тып-тыныш айлы түн болатын, аяқ астындағы қар сықыр-сықыр етеді. "Әу"деген дыбыс алысқа кетеді.

Тай есекті екі бала ұстап алды. Қолдарындағы таяқтарымен бірі басынан қақпалап, екіншісі сауырынан сабалап, топтың алдына түсе берді. Тай есек барын салып шапқылады, үстіндегі екеу мәз, күледі, айқайлайды. Басы-көзіне төпелеп, иығынан шұқиды, жас есек одан сайын барын салып, қатты шабады. Сәлден соң жүрдектігіне қызықты ма, бала­лардың бәрі осыған мінуге құмар болды. Басқа есектерді жөніне жіберсе де, бұл босатылмады, түннің бір уағына шейін кезектесіп, үстінен түспей, әбден титықтатты.

Ең соңғы мінген бала жіберерде қолындағы таяғымен арқадан, сауырдан салып-салып қалды, жүгірмектің түні бойы мінгендегі алғысы осы болды.

Әбден болдырған жас есек тәлтіректей басып, үйірлестерін іздеп кетті, осы күннен бастап азапты күндер басталды.

Кішкентай Ермек:

- Көке, біздің есек келіп тұр, қораға кіргізейін бе?- деді.

Есегінің қораға өзі келгеніне Қазыбек таң қалған.

Көк есек жарақатты екен, дәл қыр арқасының жүні сыпырылып қалыпты, қызыл шақа теріден шып-шып қан шығып тұр. Әлдекім жұмыр таяқпен не белдік темірмен арқасын ысқан тәрізді.

- Әй, жүгірмектер-ай! Оңбассыңдар, оңбассың­дар! Бұл байғұстың не жазығы бар еді, тап осындай қылардай, - деп Қазыбек есегін аяп кетті.

Ермектің де көк есекке жаны ашып тұрғаны байқалып тұр.

Қазыбек есектің қыр арқасына солидоль жақты, мұнысы аязбен тырысып тұрған жарасы жұмсасын дегені. Баласы екеуі көк есекті күтімге алып, жарақатын  тазалап, әбден жазылғанша екі аптадай қорада бақты.

Алғашқы кездері кім мінсе де шапқылай жөнелуші еді, кейінірек шабан жүретін әдет тауып алды. Тіпті бірнеше бала мініп сабаласа да, аяғын басып болмайды. Балалар көк есекті аяусыз ұратын, бұл сорлының таяқ тимеген жері қалмайтын. Басқа, көзге төпелеудің, иығына істік тығудың, шабына шыбық жүгіртудің, өкпесінен екі аяқпен тепкілеудің - бәріне көнбіс есек үнсіз шыдайтын.

Әсіресе, көресіні үйлері ауылдың шет жағындағы көрші тұратын екі баладан көрді. Оның бірі - ұзынша бойлы, арықтау, адырақ көз, сөйлегенде даусы тамағынан қырылдай шығатын қара бала; екіншісі - тапалтақ, бауырсақ мұрын, қысық көз, толықша аққұба бала. Қара мен аққұбаның жұптары жазылмайды. Мектепке бірге барып, бірге қайтады, бірге ойнайды, тентектікті де бірігіп істейді, шамасы, екеуі бірге оқитын болуы керек.

Көк есек бұлар жүрген жерге жоламауға тырысады, қолдарына түссе әлгілердің оңдырмасын біледі.

Қара суық күз күндерінің бірінде үйірлесі сұр есекпен бірігіп ұрлық қылды, ас үйдегі жуынды толтырылған шелекті тапқан сұр есек ештеңеге қарамай сүйкімді тамағына бас қойды. Қасындағы серігі жуындыға қарық болғанда, бұған қорапшаға салынған қауын-қарбыз қабығы кез келді. Қабықты армансыз қаршылдатып жеп алған бұл, жуындыға тойынған сұр екеуі сол жолы еш нәрсеге ұрынбай аман кетті.

Тәтті қауын қабығынан басталған ұрлық көк есектің күнделікті тірлігіне айналды. Ұрлық істеумен аш құрсақ қарнын тойғызады, тамағын табады. Өз дүниесіне ұқыпсыз салақ қатындырдың ас үйіндегі жуындыны көз көріп, көңіл сезіп тұрып қалайша жемеуге болады? Жабылуы ескерілмей есіктерін ашық тастаған өздерінен көрсін, бұларға аш қарында тойдырғандары олжа.

Көк есек ұрлық істеу әдісін де жақсы меңгеріп алды. Әуелі үйдегілер қайда екенін бақылайды. Жаз күндері тал түсте немесе таң алдында адамдар тәтті ұйқыға кетеді. Осы кез көбіне есік ілуді ескере бермейді, сондайда есікті тұтқасынан тісімен тартып, дыбыссыз ішке енеді. Сонан соң мұның ерні жыбырлап, танауы таныс иісті сезе қояды.

Суық желі азынаған күз күндерінің бірінде анау шеткі үйдегі екі бала есекті аяусыз мінді. Әбден титықтаған есекпен ағаш бағана жанынан өтіп бара жатып қара бала әлдене айтты, досы оны мақұлдады. Екеуі мұны бағана қасына тоқтатты, қалтасынан шеге алған аққұба жерден тас тауып алып,  бағанаға екі құлағынан шеге қағып тастады. Көк есек тек құлақ ұшының шым ете қалғанын сезді. Түні бойы бағана түбінде қалшиып тұрды да қойды, басқа жаққа кете алмайды, шегеленген құлақтар жібермейді.

Ертеңгілік мектепке бара жатқан оқушылар, жұмысқа бара жатқан үлкендер есектің мына тұрысына таңданған қалып танытты. Бір кезде көк есектің "ескі достары" келді. Ұзынтұра қара тамағынан қырылдап бірдеңе айтты, оның сөзіне аққұба тапал ыржалақтап күле берді. Қалтасына қолын салған қара есекке жақындады. Екеуінен әбден ығыр болған көк есек кезекті зәбірлеуді күтіп қорғалақтай бастаған еді. Қара бала қолындағы бәкісімен мұның ұзын құлағын жары ортасынан кесіп тастады. Құлақтың жартысы бағанада қалды, қып-қызыл қан есектің басы, көзін жуып кетті. Орнынан әзер қозғалған есектің соңынан қуып жеткен қара бала енді кездігін сауырына, қалың етке сұғып-сұғып алды.

Кішкентай Ермек:

- Көке, біздің есек аяғын баса алмай тұр. Біреулер құлағын кесіп алыпты, сауырына пышақ тығыпты, - деді.

Қазыбек баласына еріп есекке барды. Әлдекім есегінің құлағын орта шенінен кесіп алыпты, басына, көзіне аққан қан қатып қалыпты. Ол аз дегендей оң жақ жамбастығына, қалың етке пышақ салыпты.

- Бұл қасқаны не еткені бұлардың?! Сорлыны бір күні өлтіріп тынар найсаптар! - деген Қазыбек баласы екеуі есекті қораға алып келді.

Дәл осы кез есектің ұры атағының бүкіл ауылға жайылған уақыты болатын.

- Осыны бағып не абырой таппақсың? Өлсе, өліп қалсын, жібермейсің бе? - деушілер де болды.

Қазыбек оларды тыңдамады. Есегіне өзі білген емін жасады. Жарақатын жылы сумен жуып, жылы қораға қамады. Пышақ ізінің ісігін қайтаруға ысытып май жақты, жарасын құрғату үшін ұнтақ дәрі септі.

Көк есекке деген Ермектің ықыласы ерекше еді. Екеуінің достығы мұның қодық кезінде басталған. Бала пысық-ақ, есектің алдына шөп салады, дорбасымен жем береді. Көкесіне айтып үстіне жабу да жапқызды.

Кейде Ермек қалтасына салып үйден әкелген нанын, қантын есекке береді. Мұны үлкендерден жасырып істейді, өзіне берілген аппақ тәтті қантты күтірлетіп жеп алған есек "тағы бермейсің бе?" дегендей баланың қолын ернімен жыбырлатады. Оған бала мәз болып, есектің мойнынан, арқасынан сипайды.

Екі аптадан соң көк есек жазылып шықты. Енді ол кесік құлақ атанды.

Келер жылы мамырдың ортасында дүниеге көк қодықты әкелді. Қодығының түрі де сүп-сүйкімді, қылығы да жарасымды еді. Сүтке тойған соң құлдыраңдап шапқылап алатын, кейде тек қана өзіне тән даусымен "ио-о-о-ио-о-о-ио-о-ооо" деп ақыратын.

Бірде қодығын ертіп ауыл үйлерін жағалап келе жатқан, кездескен бірнеше бала екеуін ұстап алды, қодық әуелгіде шапқылап ұстатпады, бірақ кішкентай екі аяқтылар қоймады.

Көк есектің өзінің көрген зәбірі ештеңе емес, қодығының азабы жанына батты. Бұған үшеуі, қо­ды­ғына екеуі мінгескен тентектер қиқуласа жөнелді, тірсектері майысқан күре екі рет сүрініп құлады.

Екеуін әбден зорықтырған жүгірмектер аяғын баса алмай қалған қодықты сүйреді, ұрды, тепкіледі, аямады. Балалардың бірі жіңішке сым тауып әкелді. Мал түспеуі үшін жасалынған қора сыртындағы қоршаудың биік қадасына қодықты алдыңғы екі аяғы жерге жетпейтіндей етіп асып қойды. Алғашында тыпырлай берген қодық біраздан соң тыншыды.

Көк есек қодығын иіскелеп еді, тіршілік нышаны байқалмады, денесі сұп-суық екен. Тұла бойы тұңғышынан мәңгілікке айрылғанын білді, қайта-қайта келіп күрені иіскеледі, оның денесі сіресіп қатып қалған болатын.

Көк есек үнсіз жылады, екі көзінен аққан жас там­шылары қодығының үстіне тырс-тырс тамып жатты. Бірақ мұның қайғысын түсінген ешкім болмады.

Тегінде қаталдық, қатыгездік атаулы қарсылық туғызбай қоймайды. Кесік құлақтың адамдарға деген ызасы, ашуы, кегі, ішіндегі қыжылы, ұрлық болып, олардың адалын арамдау, әлденелерін бүлдіру, жеп кету болып шығып жататын. Осы бір әрекеттерден соң кеудесіндегі бейопа тірлігіндегі пенде атаулыға деген қара тастай қатып қалған кек басылатын секілді, айтып түсіндіруге келмейтін (тіл болмаған соң қалай жеткізеді) жүрегіне шемен болған мұңы жеңілдеп, денесі де сергіп қалатындай.

Қыстың қысқа күні екінтіге таянғанда үй жанына тіркемелі трактор келді. Трактор кабинасынан екі адам: бірі - мал дәрігері, екіншісі - меңгеруші түсті. Тіркемедегі екі жігіт аузы шымшып буылған он қап жемді үй іргесіне тастай салды.

Қазыбек кесік құлақты қорадан жетелеп шықты, осы кезде қасында екі бала бар сырғанақ теуіп жүрген Ермек келді.

- Көке, есекті не істегелі жатырсыңдар? - деді Ермек. Көкесі үндемеді.

- Оны малшыларға беріп жібересіңдер ме? - деді тағы да.

- Есегіңді жайлы мекеніне аттандырамыз, - деді жігіттердің бірі.

- Қайда?

- О дүниеге.

Бала да болса Ермек о дүниенің не екендігін түсінді.

- Көке, есегімді бермеймін, - деді бала.

- Тек, жайыңа жүр. Ұры есектің барынан жоғы...

- Жоқ, бермеймін. Менің есегім, есегімді бермеймін... - деп бала жылай бастады.

Кесік құлақ өзін қожасы жетектей жөнелгенде, емпеңдеп ере берген. Тіркеме жанына келген соң өзін қоршап тұрғандарды тани бастады. Анау - онтатр құлақшынды, қайырма жағалы қара тонды, аяғына жылы унти киіп алған, қызыл шырайлы, қашанда жүріс-тұрысынан маңғаздық байқалатын ферма меңгерушісі Зұлпаш; анау - қара мақпал бөрікті, тері күрткелі аяғына жылы шолақ етік киген мал дәрігері Ботай. Ана бір жолы екеуінің де үйіне сәлем беріп, дәм татып шыққаны бар. Меңгерушінің бір қап ұнын жарылап жеп, арамдап кеткен, мал дәрігерінің түннен қалған, салқындатып қойған жылытпасын бір жақты қылған. Ана жігіттерді де біледі. Екеуі де осы фермада, меңгеруші қара­мағында жұмыс істейді. Біреуі қайбір жылы мұнымен қар тасымақ болып, жұмыс істете алмай, ақыры басқа, көзге ұрып, төпелеп қуып жіберген.

Кесік құлақ осылай өткен өмірінің кейбір сәттерін еске алып тұрды.

Баласының әлі де қиғылық саларын білген Қазыбек есекті тездетіп тіркемеге тиеуге асықты, кесік құлақты жығып, биіктеу жерден трактористпен алтауы жабыла тіркеме үстіне лақтырып жіберді.

Ермек есегінің бас жібінен айрылмауға тырыс­қан, тіркеме үстіне шығарылған соң, бір жігіт ноқтаны сыпырып алды. Ноқта өзінде қалған бала жылауын үдетті, жұдырығымен құлаған жерінің қарын түйгіштей берді, жас жуған бетіне тиген мұп-мұздай қар түйіршіктерін де елемеді.

Трактор орнынан қозғалды. Қазыбек ішінен: "Сорлыға обал жасаған жоқпын ба? Өз ажалынан өлсе қайтер еді?" - деп ойлады.

Кесік құлақты тіркемелі трактор солқылдатып ауылдан алыс жерге алып келді. Бұрын теңіз табаны болған қазір жағалай жыңғыл өскен бұл ара есекке мүлде беймәлім еді. Барлығы дабырласып жүріп есекті түсіріп алысты, әлі де матаулы жатқан кесік құлақты әр жерінен ұстап көрген мал дәрігері:

- Оу, мынау қасқырға нағыз колбаса болатындай екен, - деген. Қасындағылардың бәрі күлді. Ботай әлдебір шыныларды сылдырлатып әкелді де, есектің алдыңғы қолдауынан инесін сұғып алып шым еткізді. Дәл солай сауырынан да шанышты. Сонан соң есектің матаулы аяқтарын шешті де, келгендер қайтып кетті.

Кесік құлақ трактор қайтқан жаққа салып еді, қарға омбалады, аяқ басқан сайын ойдым-ойдым шұңқырға түсіп кетеді. Сол қапталдағы қар басқан аппақ тегістік сор секілді. Олай жүрсе де, былай жүрсе де қалың қарға бауырлап қала берді, әрлі-берлі жанталасып ұрынғанымен еш нәрсе бағдарлай алмады.

Осы кез ақпанның аяз сорған қысқы күні сонау көкжиектен әрі асып, қызыл арайланып батып бара жатты.

Әлгі бір мал дәрігерінің шым еткізіп шаныш­қанынан кейін-ақ кесік құлақ тұла бойында әлдебір құбылыс болғанын байқаған, енді сол ұлғая түсті, бойы балбырап, денесі дел-сал болды. Аяқтары қадам басқан сайын ұий бастады, көзінің алды алаулап, дүние қып-қызыл жалынға оранған тәрізденді. Түні бойы кесік құлақтың тұла бойын­дағы өзгеріс өзі түсінбейтіндей күйге жетті, денесі бірде қызынды, бірде суынды. Таңға жақын көк есек бағдарсыз, алас ұрып шапқылады, қалың қарды бауырлай алға ұмтылды. Көзі ештеңені көрмей, ал­дындағы бұта, жыңғылға соқты. Бас-көзінен, оң-сол қапталынан, сауырынан бұта сырмаған, жыңғыл жырмаған жері қалмады, денесінің әр жерінен шып-шып қан білінді, оған да қарамады, өлермендене тек қана алға ұмтыла берді. Ақыры шалдығып барып, те­гіс­теу жерге құлады, енді есек жатып алып ұрын­ды, аяқтарымен қар аралас топырақты жан-жағына шаша берді. Құлап жатқан жерінен кесік құлақ басын көтеріп, айналаға қарады. Төңірек боза­мықтанып, таң білініп қалыпты, кешікпей Балуанның кезеңінен қыстың аяз сорған солғын күні шығады.

Есек жарық дүниеге ақырғы рет қарады, қимай қарады, жанарынан жас тама қарады. Дәл осындай күйге түсірердей бұл өз иесіне де, меңгерушіге де, мал дәрігеріне де, басқаларға да - барлық екі аяқты атаулыға ештеңе істемеп еді ғой? Құлқыны үшін істеген ұрлығына бола осылай азаптауға бола ма екен? Түптеп келгенде, мұны сол жайға итер­мелеген адамдардың өзі емес пе? Қарын қамы үшін екі аяқтылардың көбі бұдан да зор қылмысқа барып жатқан жоқ па? Солар жазаға тартылып, айыпталып жатыр ма екен?

Енді бір сәт кесік құлақ көк есек жаны жайланып рахат әлеміне сүңги берді. Бұл жалғанның азабы мен азарын, қиындығы мен тозағын, зорлығы мен зомбылығын, жәбірлеуі мен зәбірлеуін, өз басынан беймаза тіршіліктің ауыр тағдырын өткерген сорлы кесік құлақтың бейкүнә жаны мәңгілікке тыныштық тапты.

Үш күннен кейін осы жерге көк трактормен меңгеруші, мал дәрігері екеуі келді. Өздері тастаған жерден қашығырақтан көк есектің өлімтігін тауып алды, кесік құлақтың бүйірі ғана көрініп жатыр, қалған жерін қар басып кетіпті. Бұлардың ойынша, жемтікке қасқыр келуі керек-ті, есекке жақындаған ешбір із байқалмайды.

- Мынаған ештеңе келмепті ғой, - деді мең­геруші.

- Қап, әттегене-ай! - деді мал дәрігері.

Трактордағы үшеу ауылға көңілсіз қайтты.

"Ұры есекке айырбастаған он қап жемім-ай, босқа кетті-ау," - деп ойлады Зұлпаш.

"Қасқырды қырып саламыз деп салған дәрімді айтсаңшы, босқа кетті-ау," - деп ойлады мал дәрігері.

Көк трактордың рөлімен алысып келе жатқан тракторист ойлады: "Атасына нәлет! Мына азынаған суықта тракторды от алдырып, бәлеге қалып, солқылдап қанша жерге барған еңбегімді айтсайшы! Босқа кетті-ау".

Келгендердің ешқайсысының басына: "Кесік құлақ көк есек бейшараға обал  болды-ау",- деген ой келмеді. Ешқайсысының да...

Өтебай Серәлі,

Арал ауданы,

Ақбасты ауылы

 

 

Пікір қалдыру


Қорғаныс саны
Жаңарту

Іздеу

Сауалнама

Бүгінде журналистерге қай сала мамандарынан ақпарат алу қиын?

Медицина - 57.1%
Прокуратура - 0%
Сот - 0%
Департаменттер - 14.3%
Облыстық басқармалар - 28.6%

Дауыс саны: 7
The voting for this poll has ended on: 29 Шіл 2017 - 00:00

Жоба туралы

Сыр өңірінің тумасы, қайсар қаламгер, ақын Зейнолла Шүкіровтің рухына арналған «Бір жұлдыз болып жанам мен» атты облыстық жас ақындар мүшәйрасы өтті.

 «Руханиятты жаңғырту» қоғамдық қоры мен республикалық әдеби-мәдени, тарихи-танымдық «Әлімсақ» журналы Зейнолла Шүкіровтің рухына арнап биыл төртінші рет дәстүрлі «Бір жұлдыз болып жанам мен» атты талантты жас ақындар мүшәйрасын ұйымдастырды. Биылғы жылдың жеңімпазы - М.Мәметова атындағы Қызылорда гуманитарлық колледжінің студенті Нәбира Ешниязова.

 

 

Редакцияға хат

Email:
Тақырып:
Текст:

Әлеуметтік желілер

Күнтізбе

<< < Сәуір 2017 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
          1 2
3 4 5 6 8 9
10 11 12 13 14 15 16
17 18 19 20 21 22 23
24 25 26 27 28 29 30

As we continue our list of fantasy football”s top 101 PPR players of 2017 we have three players who have recently finished in the top-15 at their positions.

In fantasy football there will always be players who have an unexpected drop or rise from one year to the next. One player on today’s list was a top-six wide receiver in 2015. The next year,Vince Wilfork Jersey he wasn’t even a top-20 wide receiver.

The same can be said about a running back on today’s list who was a top-five running back in 2015. Last year, he wasn’t even a top-18 running back. Who are these players and what should we expect from them in 2017?

To be clear,J.J. Watt Jersey the top 101 PPR players are for re-draft leagues only. Here’s a look at players ranked No. 38-36:

Last season Patriots wide receiver Julian Edelman finished fourth in the NFL in receptions with 98. He also set a career-high in receiving yards with 1,106. In the end,Brian Cushing Jersey Edelman finished 2016 as the 15th PPR wide receiver. Unfortunately for Edelman, I see a regression coming his way in 2017.

The 2016 season was only the second time in Edelman’s eight-year career he played in all 16 games in a season. The other time came back in 2013. Going into 2017, the odds are against the 31-year old receiver to play in all 16 games in back-to-back years for the first time in his career. Even if he somehow manages to stay healthy for all 16 games, he’s sure to lose targets and receptions.

Last year Patriots star tight end Rob Gronkowski had a career-low 25 receptions. Gronk was never 100 percent during the 2016 season and only appeared in eight games. Going into 2017,DeAndre Hopkins Jersey he will be back to full strength. Also, the Patriots traded their 2017 first-round pick for Saints wide receiver Brandin Cooks. The former Oregon State Beaver will be the team’s new No.1 wide receiver.

Журнал туралы

«Әлімсақ» журналы – рухани серігіңіз

 Қазақтың ғасырлар қойнауынан тамыр тартқан, әлімсақтан келе жатқан хатқа түскен тарихының, ұлттық болмыс-бітіммен астасқан әдебиеті мен мәдениетінің, тілі мен дінінің, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрінің бірден-бір насихатшысы, Сыр бойының тарихында алғаш рет әдеби-мәдени, тарихи-танымдық бағытта жарық көрген «Әлімсақ» журналының оқырманына жол тартқанына алты жылға жуық уақыт болып қалды. 2009 жылдың сәуір айынан бастап алғашқы нөмірі жарыққа шыққалы бері қазақ әдебиеті мен тарихына қатысты мақалаларды ортаға салып, Сыр өңірінің мәдениеті мен өнерін насихаттап, облысымыздың бүгінгі мәдени, әлеуметтік дамуындағы өзгерістерді ақпараттандыруда журналдың қосып келе жатқан үлесі салмақты.