Өнердің Сұлтаны

 

 

1980 жылы Қы­зыл­орда музыкалық училищесіне түстім. Жанымда музыка мектебінен бірге келе жатқан достарым Нұраддин, Алмат бар. Сабақты жақсы оқы­дық, жарыса жү­ріп дайында­латын­быз. Училищеміз жаңадан ашылғасын ба, 80-жылдары консерватория бітірген жас мамандар көптеп келе бастады. Студенттік оркестрде Нұраддин досым екеуміз прима аспабын тартамыз, ол екінші, мен бірінші прима. Оркестр репертуары жұтаңдау. Шығармалардың көбісін жатқа тартамыз. Оркестрге келген жас дирижерлардың барлығын сынап көретінбіз. В.А.Моцарттың "Түрік маршы" шығармасының ортасындағы вариацияларды примашылар орындайды, яки біз. Сол вариацияны Нұраддин екеуміз құлақ тұндырар "кіші секунда" интер­валында тартамыз. Дирижерлардың барлығы дерлік ешқандай ескерту жасамайтын. Бірде оркестр дирижерлауға жас мұғалім Сұлтан Қожахметов келді. Ірі денелі, толықтау ұстазы­мызды менсінбей отырмыз. Кезек Моцарттың "Түрік маршына" келді. Нұраддин екеуміз баяғы әдетімізге басып, вариацияны енді бастай бергенде оркестрді кілт тоқтатқан Сұлтан ағай: "Тоқжанов, сенің мықты технарь екеніңді білеміз, бірақ мына вариация до-дан емес, до диезден басталады" деп, менің қай нотадан орындаға­ным­ды анық айтып берді. Шошып кеттім. Ор­нымнан ұшып тұрып: "Ағай, кешіріңіз, енді қайталанбайды",- дедім.

 

 

Сұлтан Тайғараұлы Қожахметов 1956 жылы 16 қыркүйекте Кентау қаласында дүниеге келген. 1971 жылы музыка мектебін баян аспабынан бітірген Сұлтан осы жылы Шымкент музыкалық училищесіне түседі. 1975 жылы музыка учили­щесін үздік аяқтап, Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясына қа­былданады. Консерваторияда оқып жүріп Құрманғазы атындағы академиялық ұлт аспаптар оркестрінде жұмыс істейді. Ал, консерваторияның бесінші курсында, өзі оқып жүрген консерваторияға ұстаз ретінде қабыл­данып, бірінші курс студенттеріне сабақ береді.

 

1980 жылы консерваторияны үздік бітірген Сұлтан жолдамамен Қызылордаға келеді. Қызылорда музыкалық училищесінде 1980-1984 жылдары қызмет істесе де, сол кездегі Сыр бойы­ның өнер қуған жастарының есінде Сұлтанның есімі "үлкен әріптермен" жазылып қалғаны анық. Сұлтанға қарап бой түзеп, Сұлтан сияқты білімді де виртуоз музыкант болғымыз келді. Біздің білуімізше, Қызылордада тек Сұлтан ағайда ғана "абсолюттік слух" (кез келген ды­бысты қандай нотаға сәйкес келетінін дөп басып айту) болатын. Көбіміздің "абсолюттік слухтың" не екенін Сұлтан ағай келгелі білгеніміз де жасырын емес. Бас-аяғы бір-екі жылдың ішінде Алмат Маханбетов, Өскен Қалымбетов сынды сту­денттер үлкен еңбектің арқасында "аб­солюттік слухын" дамытып, училищенің ұстаздары мен студенттерін таң қалдырғаны есімде. 1984 жылы, неге екені белгісіз, Сұлтан ағай Жезқазған қаласына көшіп кетті. Ұстазына еріп кеткен шәкірттер де болды. 1988-1990 жыл­дары Жезқазған музыкалық училищесінің директоры болған Сұлтан Тайғараұлы 1990 жылы Алматыға келеді. 1996 жылдан Алматы­дағы П.И.Чайковский атындағы музыкалық колледждің директоры қызметін көп жылдар абыройлы атқарды. 2010 жылдан Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясында аға оқытушы болды. Күні кеше ғана Құрманғазы атындағы консерватория қабырғасында өткен V халықаралық баянистер фестивалінде Сұлтан Тайғараұлының жеке концертін тамашаладым. Концертті таңдап қана көретін Алматының тал­ғам­паз тыңдармандары залда иін тіресе отырды.

 

"Көне ыдыстың сыры кеткенімен сыны кетпейтіні" рас екен-ау, алпысты алқымдаған Сұлтан ағай, бүгінгі күні "менмін" деген елімізге танымал мықты баянистерден артық болмаса кем түскен жоқ. Бәрімізге ұстаз бола білген қадірлі Сұлтан ағайыма зор денсаулық пен шалқар шабыт тілеймін.

 

Төлепберген Тоқжанов