Музыкадан қанаттанған Марат

 

1980 жылы Қызылорда музыкалық училищесінің оқушысы атандық. Отызға жуық группаластарымның тең жартысы қыздар. Тез танысып, араласып кеттік. 1981-1982 жылдары Құрманғазы атындағы консерваторияның түлектері бізге мұғалім болып келіп жатты. Екінші-үшінші курстамыз, қыздарға қырындайтын кезіміз. «Музыка теориясы деген сабақтан жаңадан келген жас мұғалім сабақ береді екен, өзі әдемі жігіт екен» деген әңгіме қыздар жақтан "бұрқ" ете қалды. Жігіттерді қызғаныш сезімі шарпып өтті. Сабаққа емес, сол әдемі жігітті көру үшін группаның барлық жігіттері тегіс жиналдық. Ағайымыз шынында да аққұбаша келген, шап-шағын, өте сәнді киінетін жігіт екен. Әншейінде сампылдап сөз бермейтін, неше түрлі сұрақ қоя беретін қыздарымыз жақтарын сүйеніп, ауыздарын ашты да қалды. Ағайымыз «түсіндіңдер ме?» десе үн жоқ, «сұрақтарың бар ма?» десе, тағы да үнсіздік. Ағай сыртқа шығып кетіп еді, қыздардың бәрі терезеге жабысып қалды.

 

- Ағай темекі шегеді екен,- деп жамырасып жатыр.

- Оу қыздар, сендерге не болды? Темекіні біздің бәріміз де шегеміз ғой,- десек,

- Сендер ағай құсап шеге алмайсыңдар,- деп күйдіреді ғой. Сөйтіп жігіттер жағы жаңадан келген ағайымызды ұнатпай, біразға дейін тісімізді қайрап жүрдік. Оқу бітіретін кезде сол ағайымызбен құшақтасып қоштасып едік.

Марат Әбдіғалиұлы Ахметов 1958 жылы 8 қарашада Қызылорда қаласында зиялы отбасында дүниеге келген. Жастайынан музыкалық қабілеті барын байқаған ата-анасы бала Маратты музыка мектебіне, домбыра класына, Сыр бойына аты мәлім күйші Тасболат Ысқақовқа тапсырады. 1973 жылы Шымкент музыкалық училищесіне түскен Марат 1978 жылы "музыка теориясы" мамандығы бойынша бітіріп шығады. Араға жыл салып, 1979 жылы Құрманғазы атындағы консерваторияның студенті атанады. 1987 жылы консерваторияны "музыка зерттеу" мамандығы бойынша сырттай бітіреді. 1978 жылдан бері Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжінде оқытушы, бөлім меңгерушісі, директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарып келеді. 2003-2005 жылдар аралығында облыстық филармонияның директоры қызметін атқарды.

Марат Әбдіғалиұлы қай салада жүрсе де, әр істің сапасына көңіл бөліп, қашанда жастарды қолдап жүретін. Сыр бойының мәдениетін дамытуға қосқан үлесі үшін Мәдениет министрінің грамоталарымен, "ҚР мәдениет қайраткері" құрмет белгісімен және бірнеше медальдармен марапатталды. Бұл күндері Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжі директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін абыроймен атқарып келе жатқан Марат Әбдіғалиұлының ұстанымы сапа мен тәртіп екенін бәрі де біледі. Алпысты алқымдап қалса да, бізден жас көрінетін қадірлі Марат ағайыма мол табыстар, кәсібіне береке тілеймін. Әлі де Сыр бойының мәдениетінің дамуына, Сыр бойы жастарының сапалы білім алуына үлкен үлес қосатынына кәміл сенемін.

 

Т.Төреахметұлы