Бас редактор бағаны

"Әлімсақ" журналының бас редакторы, филология ғылымдарының кандидаты

Нұрлан Көбегенұлы Нұрмаханов

 Бас кеспек болса да...

Журналға тіркелу

Валют бағамы

Ежедневные курсы валют в Республике Казахстан

Серіктестер

ӨЛЕҢ ҚОНҒАН ӨҢІР

Табан астында оқыстан ой тауып айтатындар, жанынан өлең-жыр құрап шығаратындар, аталы сөз ұйқастырып, шешен тілмен сөйлейтіндер біздің қазақта бұрын көп болған, әлі де бар, бола береді де. Сондай сөз құндақтаған ордалы жердің бірі әрі бірегейі – Арал өңірі.

Неге оны бірегей дейміз?

Бұл өлкенің денін неше ғасырдан бері қоныс етіп келе жатқан, жыр да қонған, бақ та қонған, батырлық пен билік те жетеді дейтін қалың ел – Жақайым деген кісіден тараған ұрпақтар екен. Әлімнен өрбіген алты атаның Жаманақ ұрқынан Шыңғыс, одан Жақайым туады.

Жақайымның өсіп-өнген, билік құрған атамекені Арал мен Қазалының арасында жатқан ақшағыл төбе – Ақшатау. Айналасын Алашакөл, Сасықкөл, Шөмішкөл, Қаракөл, Қотанкөл, Жалаңашкөл, Сорқақкөл деп аталатын кілкіген көлдер, балығы мол, малға жайлы шұрайлы жерлер алып жатыр. Осылардың төңірегіндегі Құмбазар, Қамбаш, Ескіұра, Аманөткел, Мырзас, Райым, Қызылжар, Дің деген елді мекендерді төрт-бес ғасыр бойы сол Жақайымның ұрпақтары қоныс еткен. Бұл арадағы жұрттың дені – Жақайымның кіндігінен тараған Ағыс, Көгіс, Ақбура, Тоқбураның нәсіл-нәсібі. Ал, Көгістің төрт баласының ұрпағы Арал теңізінің қолтығындағы Көкарал, Ақбасты, Ақеспе, Өндір, Қаратөс, Ақбауыр, Аққұм, Үлкенкөл, Көлқора, Аралқора, Изенді, Көтібақ, Біркөмді, Қарағайлы атты қара орында тамыр таратып отыр.

 

Бұрынырақта осы қалың елдің ішінде көптің иман нұрындай қадау-қадау атақты кісілер өмір сүріпті. Солардың арасынан «Тасауыз молда» атанған Ісембай, Сүлей болыс, Рамберді би, Шаңбай бай, Иса, Семізектің Төлегені, Балымбет сейіс, Тасқынбай, Аймаханның Төлеуі, Қосыбай ишан, Қара ахун, Алданияр ахун, Жанияз ахун, Дос пен Ахи әулие, Әйтіш молда, Төлеген мен Жақып, Көлжан мен Сыдық, Есентүгел, Бораштың Төлеуі, Жиенқұлдың Қазыбайы, Орекеш, Құлжан, Смағұл тәрізді сүт бетіндегі үлпікерін атасақ та жеткілікті.

Батырдың найзасы, байдың құрығы, ақынның жыр-отауының туы алдымен туған жерге тігіледі ғой. Осы тұрғыдан қарайтын болсақ, бір ғана өңірден кілең ығай мен сығайдың дүркіреп шығуы олар туған жердегі күрең топырақтың құнарына да байланысты болар дейміз. Неге десеңіз, ата-бабамыз үшін бұл жерге қол жеткізудің өзі оңай шаруа болмаған сыңайлы. Бір заманда қалың төртқараны Көлқора, Діңгек, Манабай, Қозыбақ, Тұғыр, Аққұдықтағы атақонысынан ығыстырып, Ұялы, Қаратерең, Қарашалаң, Қазалы жағына қарай түре көшулеріне себепші болған Айқара кемпір мен Андағұлдан шыққан сары Итемірдің әңгімесі соның айғағы іспетті.

Бұрынырақта Ақшатау деген дөңесті Әлімнің Кішкене аталығынан тараған ұрпақ жайлапты. Ол заманда Ақшатаудың айналасы құрғақ, қапырықтау жер екен. Ел арасының есті сөзінің куәландыруы бойынша, бірде ежелгі дәстүр ізімен құрылтай шақырылып, жер бөлінісі белгіленеді. Жиынға келген ақсақалдар сонда жер таңдау билігін аға баласы Жақайымға беруді ұйғарады. Кішкенелер Жақайымның таңдауы Ақшатауға түспесе неғылсын деп қауіптенеді. Білгендей-ақ ойлаған екен, ертеңіне жер бөлісу үстінде Жақайым Ақшатауды қалайтынын жария етеді. Ғажабы, айналасы құлазыған қу дала болып жатқан Ақшатау Жақайымның иелігіне көшісімен, құлпыра түлейді: жақын төңірегінде тереңсулы көлдер пайда болады. Кешегі бір кезеңдерде теңіз өкпелеп, кейін шегініп жатқанда бұл жерден тұнық су да, су маржаны – балық та үзіліп көрген емес. Жағасы жайқалған құрақ. Алла тағаланың құдіреті дерсіз, дария өзінен-өзі жол ашып, бұрылып келіп, Ақшатаудың алқабын жайылма суға толтырудан бір танбапты. Ел-жұрт болса: «Осының өзі Жақайым бабаның қасиет шалған кісі болғанын көрсетпей ме?!» деп аңыз етеді.

Осы Ақшатаудың шығыс беткейінде ілгеріде айтылған жайылмалардың бірі – Қотанкөл жатыр. Іздібай деген батыр атамыз Жүзбайбаласы Қотан деген ағасының иелігіне Кішкенеден тарайтын Асанның Матығұл аталығынан тартып алып бергендіктен, солай аталып кеткен.

Қотанның азан айтып қойған шын аты Есболай екен. Халық арасындағы лақап есімімен қыстауы Қотанкөл, ал жаз жайлауы – Қотанбұлақ атанған. Бұл кісінің екінші әйелі Байұлы Алашаның қызынан туған ұлы – Рамберді би атақты «Қан мен тер» трилогиясындағы басты кейіпкердің бірі. Сонау бір жылдары Гүлфайруз екеуміз, қасымызға бауырымыздан өрген бала-шағамызды – Қотан әулетінің жиендерін ертіп, әлгі көлдің басына арнайы барып, ырым етіп айдынға тиын шашқанымыз бар. Сол жерде Гүлфайрузға аталарының еншісіндегі осы көлдің тарихи аңызын айтып бергенмін. Көнеден келе жатқан сол есті әңгіменің тіні былайша өріледі.

Бұл әңгіменің нобайын Мұсатайдың Құлмыраты деген нағашымнан естіген болатынмын. Біздің елде – Көкаралдың табанында Төлеу есімді кісі үшеу екен. Аймаханның Төлеуі, Тасқынбайдың Төлеуі дегендер де алдына жан салмаған тілді адамдар болған. Соның бірі – заманында ескіше оқып, діни сауат ашқан, эпикалық жыршылық үрдісті ұстанған қиссашы, Дүйсем атаның Қасай деген тармағынан тарайтын Бораштың Төлеуі. Сол Төкең ақсақалға Дүзкей деген құрдасы келіп, арғы нағашы аталарын ұлықтап, бір ауыз өлең жазып бер деп өтініш етіпті. Шайырдан қалған осы жалғыз жырда мынадай жолдар бар:

...Нағашы атам – Іздібай,

Қол қаруы қолағаш,

Жан қаруы бөздене,

Жауды көрсе қуанған.

Егін еккен бір көлге,

Матығұлменен ұрысып,

Ағасына тартып әперіп,

Қотанкөл атын шығарған.

Қоңсы отырған ағайын арасының қашан да дау-шары қабат жүретін әдеті емес пе?! Бір жылы көлдің бойын қоныс еткен екі рулы ел егесіп, ақыры Матығұлдардың иелігіндегі айдынды ағасы Қотанға тартып әперіпті. Егестің себебімен матығұлдың Шәкей, Тілес деген батырларын бес күн бойы көгендеп байлап барып бітіскен Елемесұлы Іздібай батырдың бейіті қазір осы Қотанкөлдің маңында жатыр.

Сол жылы нағашыларынан кеусен алып, қайтып келе жатқан Қотан қолындағы бидайын көл табанына шашып кетіпті. Оралып күзде келсе, егін өсіп қалған екен. Содан бір орып алып, бидайды қайта сеуіпті. Бұл жолы еккен егіні алдыңғысынан да бітік өсіпті. Тұтынғанынан артылған ақшасына мал сатып алып, Көкаралдың баурайын төрт түлікке толтырыпты. Қыдыр Атаны үш рет көрген Қотан байға қисапсыз дүние мен ен байлық осылай бітіпті дейді...

Есболай-Қотан Бадықтың Сәйкесінен тарайды. Сол Бадық балаларынан өсіп-өнген тұқым Дүйсем, Сәйке, Құрмансейіт әулетіне тұтастай сөз дарып, Көкаралды жырдың жерұйығына айналдырған. Оның жарқын мысалы – Аманөткел өңіріндегі Мырзас дейтін бір ауылда қалыптасқан бүтін бір жыр мектебі. Сол мектептің белді өкілі – Құрмансейіттен тарайтын атақты Нұртуған Кенжеғұлұлы «Мырзастағы шайырлар» дейтін өлеңінде:

Суырып салма Еспембет,

Төкпе шайыр Сұлтанның

Жан келмеген шеніне.

Жаңаберген, Бітімбай

Осы өңірге әйгілі,

Белгілі жырау бәріңе.

Жұбаназар, Рахметтің

Сөзінің нарқы салмақты

Үңілгенде тереңіне... –

деп термелейді. Мұндағы Еспембет – кезіндегі азулы ақын-жыраулар Шернияз Жарылқасынұлымен, Махамбет Өтемісұлымен және атақты Айбарша қызбен айтысқан, қарақалпақ әдебиетінің классигі Бердақ шайырмен сөз қағыстырған Еспембет Дәулетиярұлы. Ал Бітімбай – Еспембетпен қатар жүріп Сыр, Еділ, Жайық, Арал бойын, Қарақалпақстандағы ағайынды шайырлығымен, жыраулығымен тәнті еткен, «Наурызбай», «Қарабек» жыр-дастандарын жазған Бітімбай Қоңдыұлы. Бірі – Нұртуғанның бабасы болса, екіншісі – туыс ағасы. Ал «шеніне жан келмеген төкпе шайыр» Сұлтан Рахметұлының – Нұртуғанның тікелей ұстазының оған қай жағынан да болсын жақындығының тіпті кемі жоқ.

Шайырдың өмірі мен шығармашылығын ұзақ жылдар бойы зерттеген Әбсаттар Оспановтың жазуынша: «Нұртуғанның ақындық айдынының сағасы кең, түпсіз терең бұлақ-бастаулары мол еді. Алғашында той-томалақтың, мәжіліс-кеңестің көркіне айналған бала ақынға өнер жолында ұстаздық еткен шайырлықтың қыр-сырына қанық аталас ағайыны Сұлтан Рахметұлы болды».

Нұртуған шығармашылығының негізгі өзегін құрайтын Ноғайлы дәуірінің мұрасына қызығушылығы өзіне хат танытқан Мұхамеди молдадан және Қазаннан келген татар саудагер қарттың хикаялап айтқан әңгімелерінен бастау алады. Ұстазы Сұлтан шайыр Орынбор асып, Ақтөбе барып, сол жақтың жұртын аралап, әңгімелерін естіп, ноғайлы жырларының сюжеттерін шәкіртіне әкеп бере бастағаннан кейін Нұртуғанның бұл дәуірдің лирикасына деген ынтызарлығы одан әрі арта түседі.

Мырзастың тұсында Сырды жалдап өтетін Тасөткел дейтін жер бар. Бағзы заманда сол арқылы Үндістан, Ауғанстан, Бесқала (Хорезм) жақты қазақ даласының батысымен, одан әрі Ресеймен байланыстырған «Ноғай жолы» дейтін керуен жолы өткен (бұл негізгі сүрлеу, ал екінші, қосалқы сорабы – Хиуа арқылы Маңғыстау асып, одан Жылойды көктеп, Сарайшық асатын әйгілі «Мақтажол»). Демек, Ноғайлы дәуірінде Арал-Қазалы өңірі экономикалық, рухани барыс-келіс, алыс-беріс ретімен батыс аймақпен шарбыдай шырмасып жатқаны дау туғызбайды.

Осы реттен келгенде, ендігі жерде Арал-Қазалы өңірінің жыршылық-жыраулық дәстүрі Батыс Қазақстан аймағының жыр дәстүрімен ыңғайлас екенін ашып айтуға ықтиярлымыз. Бұл ыңғай өлке шайырларының репертуарлық ерекшелігінен, эпикалық жыр айту белгілерінен де анық байқалып тұрады. Сыр бойының Қармақшы, Жалағаш, Сырдария, Шиелі, Жаңақорған аралығындағы эпикалық жыршылық үлгісіне Шығыстың назирашылдық үрдісі аясындағы қисса-дастандар тән. Ал, Арал-Қазалы аймағында Көк (Алтын) Орда тұсындағы Ноғайлы дәуірінің батырлық, қаһармандық жырлары басым. Бұл дәстүрдің ізі бұрын да болған, алайда Нұртуған шайырдың есімі өңірдегі кәсіби жыршылық мектептің іргетасы қалануына тікелей байланысты екенін айтуымыз керек. Олай болса, болашақта да Арал-Қазалыдағы эпикалық жыршылық үрдісті Нұртуғанға дейінгі және Нұртуғаннан кейінгі, яғни Нұртуған шайырдың эпикалық жыршылық мектебінен басталатын жаңа үрдіс деп бөліп қарастыру ләзім.

Бұл ерекшелік Нұртуған шайырдың қаламына ол жыр жолына түскен сәттен бастап негізгі сипат болып дарыған. Шайыр небары жиырма бір жасында көлемі бес жарым мың жолды құрайтын «Мәулімнияз-Едіге» тарихи жырын, араға екі жыл салып, «Орақ-Мамай» жырын шығарады. Содан соң Орақ батырдың қос қаһарман ұлы жайындағы көлемі тоғыз мың жолдан асатын «Қарасай-Қази» жырын, ең соңында кәсіби жыршылардың сөз қорының төлқұжаты іспетті «Қобыланды» жырын жазады. Көлемі мың төрт жүз жолдық «Ақ кете Шернияз» дастаны да сол Ноғайлы ұлысының ұлтанында отырған елдің тарихын, атап айтқанда, сөз саңлағы – кете Шернияз Жарылқасынұлының белгілі Исатай-Махамбет көтерілісі жайындағы баянын арқау еткен.

Зерттеушілер соңғы дастан шыққан 1914 жылдың шамасында Арал-Қазалы өңіріндегі Нұртуған шайырдың эпикалық жыршылық мектебінің негізі салынды деп есептейді. Түптеп келгенде, төрт облыстың аумағын алып жатқан Батыс Қазақстан эпикалық және жыр айту дәстүрінің Арал-Қазалы сияқты дәстүр шегіндегі өңірде бір адамның атымен аталатын дербес мектеп ретінде айшықталуы – өзіне еріксіз назар аудартатын құбылыс.

Қазір кейбір зерттеушілер арасында қазақтың ақындық-жыршылық дәстүрін үш бөлікке – Шығыс Қазақстан, Оңтүстік-Батыс және Батыс Қазақстан дәстүріне жіктейтін көзқарас орнығып келе жатыр.

Шығыс Қазақстан дәстүрі осылардың ішінде мерзімі жағынан, интонациялық және құрылымдық заңдылықтар бойынша ең соңынан түзілген деп есептеледі. Ол негізінен лирикалық ән әуендерімен ұштасып жатады. Айтушылар үнемі әуен мен мәтінді өзара сәйкестендіріп, бір қалыпқа келтіріп отырады. Эпос жырлаушылар да кәсіби жыраулар ретінде дараланбаған. Олармен қатар, фольклорлық үлгілерді жеткізушілер де, ғұрыптық ән-жыр орындап жүрген әйелдер де эпос айта береді. Эпикалық жанрлардың генетикалық байланысы бұзылған және жанрлар бойынша алашұбарланып, ақындық дәстүр араласқаны байқалады. Көбіне ән-әуен басымдау, пішім тұйықтау тәсілі – қайырмадағы сөздерге түсетін үйлесімді аяқтаулар (каданстар) немесе ән-әуен сипатындағы қайырма болып келеді.

Оңтүстік-Батыс дәстүріне (кейде шартты түрде кете-шөмекей дәстүрі деп те аталады) аспаптық орындау мен жыраулық орындаудың айқын бөлінуі тән. Мұндағы лұғаттық, өлеңдік формулдардың әуендік табиғаты қанық. Формалық тұтастығы түйдектік (тирадалық) принципке негізделген. Орындаушылық жағынан жазба ақындар және жыршы-жыраулар болып бөлінеді. Бұл екі дәстүр иелері де шығарманы белгілі бір мақам-саздарға салып айтады. Көбінесе туынды авторлығы айқындалған, бұл оның атауынан аңғарылады. Жанрлық жағынан ірі эпикалық жырлармен қатар, шығыстық және ертегілік тақырыптардың сюжеттері кездеседі. Сондай-ақ, сөз қорында қысқа өсиет өлеңдер жиі ұшырасады.

Аймақта Нартай шығармашылығында айқын көрініс тапқан ақындық дәстүр күшті дамыған. Мұның Батыс дәстүрінен айырым бір белгісі – жыраулық өнермен әйелдер де айналыса алады. Бірақ оларға ерлерге қойылатын кәсіби талаптардың барлығының да қатысы бар. Дегенмен, мұнда эпикалық дәстүр бәрінен де басым, ол өзге барша жанрларға да әсерін тигізген. Әдетте дәстүр қолдан-қолға, атадан балаға ауызша беріледі.

Батыс дәстүрінде аспаптық ойлау үрдісі, сөздің ырғақтылығы және интонациялылық басым. Вокалдық интонациядан сөз сөйлеу интонациясына емін-еркін көшіп отырады. Бұл аралықтың өзі өзара білінер-білінбестей болып жымдасып кетеді. Эпосты айтушылар түгелімен ерлер және оларды «жырау» дейді. Репертуарларында сюжеттік жырлар басым болады. Аспаптық жанрлар мен эпикалық жанрлардың бір туынды өресінде қоса-қабат өрбуі белгілі бір аспаптық құйма қалыптар (клишелер) қалыптастырған.

Бұдан шығатын қорытынды – қазақ даласының түрлі өңірлерінде эпос орындау дәстүрі бірнеше түрге бөлінеді. Оның ішінде Шығыс Қазақстан дәстүрі жалпы қазақтың музыкалық тілін, оның бояу реңкін бір бойына жинақтаған біріктірушілік (интегративтік) түрге жатса, Оңтүстік-Батыс және Батыс Қазақстан дәстүрі өзара жігі айқын, бөлек дәстүрлер (оғыз және қыпшақ) түрін аңғартады. Мұның өзі Шығыс, Орталық Қазақстан аймағында дәстүрлі өмір тұрпатының жедел өзгеріске түсуімен, ал Оңтүстік және Оңтүстік-Батыс Қазақстан өлкесінде дәстүрлі өмір салтының байырғы негіздерінен өзгермей сақталып қалуына, ал Батыс Қазақстан дәстүрінің үнемі елдің шетінде, жаудың бетінде отырған жауынгер, болат қалпымен байланысты болса керек. Нәтижесінде бұл жайттар жыраулық атқарымдардың ақындық функцияларға ауысу ерекшеліктерін де айқындап, Сыр бойына жортуыл-жорық, Орталық Қазақстан жеріне қаһармандық-лирикалық, Батыс Қазақстан аймағына таза қаһармандық эпос сипатын дарытқан. Бұл сипат аймақтық дәстүр шегінен асып, өңірлік әдебиет дәрежесіне бой ұра ма, жоқ па? Мұны анықтап, белгісін бекіту алдағы уақыттың еншісінде.

Алайда бір нәрсенің басы ашық: эпосты жанрлық жіктеу мазмұнмен қатар, орындаушылық міндеттерді де ескеруді жүктейді. Эпосты орындау кезінде музыкалық-бейнелеу құралдары қатар қамтылатындықтан, жыршы репертуарындағы қаһармандық, тарихи, лиро-эпикалық жырларды орындау кезінде көзге ерекше көрініп тұратын айырмашылық бола бермейді. Қай аймақта болсын, жыршының репертуарында музыкалық сипаттама, стиль және сазбен баяндау тәсілі бойынша жыр, терме, толғау, сөз, аңыз, мысал, хикая, арнау, хат-өлең, көңілқос жырлары ортақ болып келеді. Басқаша айтқанда, эпикалық дәстүрдің жанрлық жүйесі бұзылмай сақталады.

Барлық гәп жыршының репертуарындағы тақырыптық және жанрлық басымдықта. Осы тұрғыдан келгенде, сөз басында келтіргеніміздей, Нұртуған шайыр қалыптастырған эпикалық жыр мектебіне батысқазақстандық тақырып жүйесі (қаһармандық, тарихи жырлар) және саздық-лұғаттық нақыш тән. Десе де, Әуелбек Қоңыратбаев: «Нұртуған бұрынғы эпос сюжеттерін қайталаушы ақын емес, соған қазақ өмірінен алынған «Ақтабан шұбырынды», «Ақ кете Шернияз» дастаны сияқты жырларды тыңнан қосып, тарихи тақырыпқа бой ұрған эпос ақыны болып шықты» деп, орынды атап көрсетеді. Қажым Жұмалиевше әдіптесек, «Нұртуғанның «Шерниязын» жай ғана өлең емес, оқиғаға құрылған қысқаша поэма деуге болады».

Нұртуғанның екінші ерекшелігі – үлкен, салалы жырларды жазып шығаруы, ал өзі түзген ақындық-жыраулық мектеп өкілдерінің жырды мінсіз жатқа айтуы. «Бұрын ақындар өлеңдерін көбінесе табанда шығарып айтып, елге өздері аралап жүріп таратса, Нұртуған хат танығандықтан, домбыра тартып, ән айтуда тым-тәуір қабілеті болғандықтан, талантты жастарды өз үйіне жинап, әуелі ескіше сауаттандырып, өз жырларын жаттатып, жыраулық мектептің негізін қалайды», – деп жазады Әбсаттар Оспанов.

Нұртуғанның өлең жаттатқызу тәсілі мүлдем қызық болған. Мысалы, жиені, кейін белгілі эпик жыршы атанған Жәмет Сайымұлының бір күні жатқа айтып жүрген «Қызыл сиыр» дейтін өлеңін тыңдап, оны іле үйіне алып қалады. Содан бір ай бойы төте жазу үйретіп, сауатын ашады. Тез игеретін талабын байқаған соң өз өлеңдерін жаттата бастайды. Әбден жаттады-ау дегенде тексереді. Үйренуші бір жерінен мүдіріп тоқтап қалса, дереу басынан бастап қайыра заулаттырады. «Мұндай ғазабат бейнеттен кейін бір сөзден жаңылу мүмкін емес. Сосын аяғынан басына қарай, кері айтқызады», – дейді екен Жәмет жыршы. Бұдан Нұртуған шайырдың молдалардың шәкіртке қирағаттап Құран жаттататын тәсілін өзіне үлгі етіп алғаны анық көрінеді. Бұл әйгілі маэстро Пуссанның өз шәкірті Паспарвайсқа музыка үйрету тәсілін де еске түсіреді. Пуссан шәкіртіне музыка әуенін ыңылдап отырып, алдымен басынан аяғына дейін, содан соң керісінше, аяғынан басына қарай ойнауды басты талап етіп қоятын болған.

Арал-Қазалы өңірінің жыр айту дәстүрі осынысымен орындаушылық жағынан жазба ақындар және жыршы-жыраулар болып екіге бөлінетін Оңтүстік-Батыс (кете-шөмекей) дәстүріне бір табан жақын келетінін аңғару қиын емес. Айырмашылығы – ол өңірдегідей, екі тұрпатты бөлек дамытпай, екеуін өзара кіріктірген. Сірә, бұл эпикалық интонациялау талабынан туса керек. Егер бұрын жыршы мен дәстүрлі аудитория арасында өзінше бір бәсекелік үндесу, сынақ түріндегі тілсіз сұхбат орнайтын болса (себебі эпостық жыр айту бұрын осы саланың білгірлерінің – орындаушы мен тыңдаушының өзара беттесуі, тайталасуы ретінде өрбіген ғой), ендігі жерде алдыңғы орынға басқа мақсат – жаңа аудиторияны, қара танитын, хат білетін білімдар ортаны өзіне қарату міндеті шығады. Басқаша айтқанда, бұл жаңа тыңдаушының баға беру өлшемдерін тап басып тану әрекетін, осы өреде әлгі ортаға тән «әлсіз» тұстарды пайдаланып, оны өзінің орындаушылық шеберлігімен ырқына көндіру әрекетін білдіреді. Эпос айту мен жыршылық дәстүрдің өміршеңдігі де осында: ол өз тұсындағы дәуірмен қоса тыныстап, әркімге-ақ түсінікті, ұғымды болуға, сол дәуірде өзі үшін қазіргі, заманауи болып есептелетін тілмен, стильмен сөйлеуге тырысады.

Мұның өзі қазіргі алфавиттік таңбалау (кітап, газет, интернет мәтіні) заманауи коммуникативтік бейнеқұралдарды пайдалану арқылы (теледидар, ұялы телефон) өзін жоғалтып алмаудың кескекті күресіне түсіп жатқаны сияқты тірлік. Осынау нақты виртуальдық мәдениетті Сыр өңірінде Нұртуғанның сонау 1920–1930 жылдары-ақ бастап ұстануы қызық жайт. Және бұл жүйенің өзіндік ішкі қатаң қағидаттары болған, яғни: 1. Өлеңнің әрбір қатары, сөзі тұрмақ, тіпті бір әрпін өзгертіп айтуға болмайды. 2. Домбыраны даңғырлатпай, қажетті жерінде ғана сазды, майда үнмен тартып, әрбір сөзді, буынды ашық әуенмен нақышына келтіре отырып, қолға ұстатқандай, анық та түсінікті жырлау қажет. 3. Осыған орай әрбір дыбыс ырғағын, сөздердің, буындардың ұйқасын бұзбай, бұрмаламай, сөз буыны мен әуен буыны жымдасып, бір-біріне сай келетіндей етіп жырлау жөн. Өйткені жырсүйер қауым сөз бен сазды бірдей және айқын қабылдағанда ғана жан рақатына бөленбек...

Міне, осы жолмен Нұртуған шайыр барлығы он қағиданы тұжырымдап ұстанған.

Мұның өзі дәстүрді тұғыр еткен жаңашылдық болды деуге лайық. Ғылыми ыңғайда айтқанда, Нұртуғанның төңірегінде батысқазақстандық эпос айту дәстүрі дәл сол қалпында көшірмеленбейді (элиминацияланбайды), шығармашылықпен дамытылады. Яғни, эпос айту дәстүрінің даму үрдісінің ішкі логикасына сай дәстүрдің өзгеріске түсер алдындағы сабақтастығы іске қосылады.

Сабақтастық – тұтас нәрсені тарихи даму үстіндегі жүйе ретінде өзгерту кезінде сол тұтастың бөлшектерін не болмаса әлгі тұтастықты ұйымдастырудың кейбір жекелеген жақтарын сақтау. Мұндай сабақтастық бұрыннан бар құрылымды қайта түрлендіру жолымен немесе жаңаша түзілім жасап, соған көшу тәсілімен сипатталуы мүмкін. Нұртуған осының соңғысын, яғни дәстүрді өзгертіп пайдаланудың инволюциялық сабақтастығын емес, озық (эволюциялық) түрін қолданады. Және дәстүрді мұраланбайды, яғни бұрыннан барды пайдалану кезінде оған сын көзімен қарап, өзгеріске салып жатпайды. Керісінше, бұрын қалыптасқанды көздің қарашығындай сақтап, одан әрі жаңа деңгейде өрістетуге тырысады. Мұны дәстүр сабақтастығының пәрменді түрі дейміз. Батыс Қазақстанның өзінде дәстүр бірқатар инволюциялық өзгерістерге ұшырап, барымыз табылмай, шашылғанымыз жиылмай жатқан шақта дәстүрдің қиыр шетінде жалғыз мектептің күшімен қаймағы бұзылмай сақталып қалуы таңқаларлық жағдай. Ендеше, осы күнгі Қызылорда облысының аумағындағы өзара репертуар бойынша және орындау мәнері жағынан ерекшеленетін бірнеше аймақтық дәстүрді ыңғайына қарай Қазалы, Қармақшы, Шиелі дәстүрі деп бөлген кезде алдыңғысын Арал-Қазалы өңірлік жыраулық-жыршылық дәстүрі деп анықтай түсуді өзінен-өзі сұранып тұр.

Бұл дәстүр иелерінің қай-қайсысы да шәкіртті алыстан іздемеген. Осы жағдай Арал-Қазалы өңірінде әсіресе күшті құнтталған. Өз басым мұның себебін өнердегі этникалық тұтастыққа апарып тірер едім. Кешегі Совет Одағының тұсында бұл жөнінде ауыз аштырмады. Біз өнердің осы бір сипатты ерекшелігін өзара әңгіме етеміз де, ғылыми ортаға шығарудан әлденеге қымсынамыз. Бірақ ақиқатты бәрібір жаба тоқымдай алмайсың: құдіретті өнер белгілі бір ортада, аяда, ал қазақ жағдайында оның рухани аттестаты болып саналатын тұқым, ру, тайпа ішінде дамиды. Сөйтіп, әлгі патронимиялық ұрпақтар жасаған өнер арқылы берісі ұлт, әрісі әлем мәдениетімен туысады. Ендеше, Нұртуған мектебі – Сыр бойындағы алты ата Әлім ішіндегі Жақайымдар ортасында қанаттанып, дамыған жыршылық мектеп екенін ашып айтсақ ғылыми ақиқаттан онша алыстай қоймаймыз.

Жағырафиялық тұрғыдан алып қарағанда, жақайымдық жыр мектебінің этникалық құрылымы қазір біз ойлап, айтып жүргеннен әлдеқайда кең. Мысалы, Жақайымның кейбір аталарынан тараған ұрпақ қазірде көршілес Қарақалпақстан, Өзбекстан, Тәжікстанда, Ақтөбе, Атырау өңірін мекен етіп отыр. Осы есеппен келгенде кердері Әубәкір, Әкімгерей Қостанұлы, Тәңірберді Молдабай, Айса Байтабынов, Нұрпейіс Байғанин, Мырзабек Байжанов (Қызыл жырау), Қайролла Иманғалиев, Қалден Қайранов, Құбайыс Қаратаев, Жөкей Шаңғытбаев, Тайпақ Шоқайұлы қатарлы ақтөбелік жыршы-жыраулар шалқарлық Нұрмағамбет Қосжанов, Әли Құрманов, Ашубай Жарымбетов, Қошақан Тұтаевтар, қазалылық Жалғасбай Аралбаев, Бердалы Оразалиев, Байназар Өтеповтар, Қарақалпақстан жеріндегі Наурызбек Нұржаубаев, Алдаберген Тасқынбаев, Ережеп Тілеумағамбетовтар, аралдық Қали Нұрпейісов, Нұрғали Балтамбеков, Тасқынбай, Төлеу, Төлеген, Қосан, Есентүгелдердің барлығы да Батыс Қазақстан жыраулық-жыршылық дәстүрінің өкілдері болып табылады.

Бұл дәстүрдің ішіндегі байланыс өте тығыз болған. Мысалы, Қарақалпақстанның Мойнағында дүние есігін ашқан Алдаберген Тасқынбаев жыр айтуды Қазалыдағы Жалғасбай Аралбаевтан үйренген, ал Жалғасбай болса, Жиенбай жырау мен Қазанғап күйшіге тел шәкірт болған. Және Алдаберген жырлаған шоқтықты дүние – «Асау-Барақ» дастаны Ақтөбе өңіріндегі тарихи уақиғалар өресінде туғаны мәлім. Әуелбек Қоңыратбаевтың жазуынша, Қызылорда аймағындағы жыршылық дәстүрлер ішінде бір-бірінен ерекшелігі бар Жаңаберген, Тасберген, Жиенбай, Молдахмет, Сәрсенбай, Жәмет, Теңізбай, Нұртуған, Балқы Базар жыршылық мектептері дараланатын болса, бұл мектептердің бірқатар өкілдері Қарақалпақстан, Өзбекстан жерінде өмір сүргені анық. Демек, бұл Арал-Қазалы өңірлік жыр айту дәстүрінің аясын таралу тұрғысынан оңтүстік өлкеге дейін кеңейтуге болады деген сөз.

Осы тұста Нұртуғанның жырларын жеті тәулік жырлаған Жәмет сынды шәкіртіне (және басқа да шәкірт жыршыларға) өз алдына мектеп атын еншілеу ғылыми тиянақ жағынан қаншалықты дұрыс-бұрыс болатынын кесіп-пішіп айту қиын. Нұртуған шайыр өзіне шәкіртті маңайынан жинағанын бұған дейінгі сөзіміздің аясында айтқан болатынбыз. Соның ішінде апасы Үбіштен туған Жәметтен өзге Дәріқұл, Бақытжан, Еңсепбай, Көпжасар сынды шәкірттері болған. Өз кезегінде Дәріқұл Өмірқұлұлынан белгілі Берекет Омарұлы тәлім алған. Сол сияқты бір атадан тараған ағайынды шайырлар – Құлжан (Құлнияз) Келімбердіұлы, Смағұл Исаұлы, Кішкене Құлжанұлы, Райхан Құлжанұлы және Сәуелхан Смағұлұлына өлең судың бұлағынан, домбыраның құлағынан ғана жад болмаған. Сөйтсе-дағы бұл буынның өкілдері негізінен жыршылықты, ақындықты кәсіп етпеген, соған сай өлең-жыр жазу мен айтудың дәстүрлі әдістемесінен сауат та ашпаған. Мұны заман талабынан бұрын сол дәуірде қалыптасқан саяси жағдайлар шарттастырды десек, ақиқаттан алыстай қоймаймыз.

Әңгіме 1937-нің зобалаңы жайында.

Менің жақын туыс аталарымның бірі – Нұрмағамбет Қосжанұлы өткен ғасырдың 30-жылдары екі рет істі болып шатылып, ақыры үшінші рет тұтқындалған 1937 жылы ізім-қайым жоқ болды. Айыбы не деңіз? «Айыбы» зор. Өз тұстастары Осип Мандельштам, Павел Васильевтар сияқты «күн көсемдерді» эпиграмма кейіпкерлері етіп, қара есекке теріс қаратып мінгізген де жіберген: «Заманым тайғақ болған соң / Табанды қайда тірейін?! / Осы заңды шығарған / Карл Маркс, Ленин /Тап әкеңнің аузын с...».Сол сияқты Мырзастағы жыр мектебінің «ақыл қалтасы», аға ұстазы Сұлтан Рахметұлы жасы жетпісті бүктеген шағында ескілік әдетін ұстанғаны үшін жолсыз жаланың құрбаны болып, атылып кетті. Жақайым Сартай би жайында дастан жазған Нұрмағамбет те ұстазының кебін киді. Одан жеті жыл бұрын бақилық болмағанда, кербаққан заманның тоқпағы Нұртуғанның өзіне де аямай тиері сөзсіз еді. Жәмет Сайымұлы Нұртуғанның жырын айтқаны үшін ғана 25 жылға сотталды.

Елдің айтуынша, жырау жырлату үрдісі (құрға жырлау) 1937-жылдар өресінде соңғы рет орын алыпты. Онда да үлкен кісілер жырды оңаша қара үйге жиналып, іргені бастырып, дыбыс тұншықтырмаққа шаңырақтан төмен, ортаға шелекпен су қойдырып тыңдаған екен. Бертінде, 50-жылдардың өзінде жыршылығына қоса, ел билігі тізгінін ұстаған Берекет Омарұлы жыршылық өнері үшін партиялық қатаң сөгіс алған. Ендеше,«Бозбалалар жүруші ед, / Ертелі-кеш зең салып. / Той-мереке болатын / Атадан бала енші алып. / Заманың тұр теңселіп, / Кәпірің тұр алам деп / Құлағыңа ен салып...» деп келетін қоғам үшін аса «зиянкес» өлеңі үшін Құлжан шайырды да кемі он жылды арқалатып, итжеккенге жіберер ме еді, әйтеуір Құдай сақтап, аман қалған (туыстық жағынан келгенде де Құлжан шайыр Нұртуғанға етене: Нұртуған Көкаралға күйеу, ақтеке Бекмамбеттің қызы Жарқынбикені алған).

Осындай сан себеппен бір заманда жырдың жерұйығы болған Көкарал өңірінде жыршылық дәстүр тұтас тоқырамағанымен, біршама мерзім өзінің дәстүрлі арнасынан үзіліп қалды да, 1960-жылдардың басынан қайта жалғасын таба бастады. Бұл мезгілдік үзіліс жыр мектебіндегі дәстүр сабақтастығына да залалды зардабын тигізбей қоймаған. Құлжан, Смағұл, Кішкене, Райхан, Сәуелхандардың ақындықты кәсіп етпеулерінің сырын осы төңіректен іздеген жөн.

Сонымен бірге, уақыт ызғары жалпы дәстүр табиғатына, жыр айту әдістеріне, оның жанрлық жынысына да салқынын тигізген сыңайлы. Мәселен, Смағұл көбіне өлеңді табан астында айтатын суырып салма ақын ретінде танылса, оның ағасы Құлжан шайыр Есентүгел іспетті сөз иелерімен хат арқылы жазбаша айтысқан. Саяси қарасуықтың ызғарлы лебі 1950–1960 жылдары хат-айтыстың да тамырына балта сілтеп тынады. Осылайша әулеттегі Смағұлдан басқа төрт ақын өлеңді ыңғай жазып шығаруға көшеді және Нұртуған мектебіне тән болған эпикалық жыр айту дәстүрінен қол үзіп, таза жазба ақындық жолын ұстанады.

Тақырып арнасы, жанр жүйесі де өзгереді: сәлем-хат, арнау, әлеуметтік мәселелерге үн қосу, жан толғаныстары секілді тіршіліктің толқын-толқын, соқпа-соқпасында орын алатын құбылулардан тұратын поэтикалық күнделік түрінде әдіптелген шығармалар басымдық алып отырады. Осы жерге белгілі өнертанушы, қазақ эпикалық жыр айту дәстүрінің проблемаларын диссертациялық еңбек деңгейінде зерттеген Алма Құнанбаеваның мына бір сөзі дәл: «Школа жыршы предполагает в большей степени особый образ жизни и определенное мировоззрение, которое практически не может сохраниться в неприкосновенности, так как затрагивает все клетки социальной жизни, решительно меняющейся на наших глазах. Следовательно, необходимо думать о возможности некоего нового симбиоза, но предугадать его конкретные формы сегодня нелегко».

Жаңа дәуірде эпосқа, жыраулық өнерге деген қызығушылықтың өсуі эпикалық емес жыршылардың айту (жазу) мәнеріне де шапағатты әсерін тигізбей тұра алмайтыны бүгінде ғылымда дәлелденіп келе жатқан жайт. Олар көбіне «статикалық» лирикалық әуендерді созылыңқырап айту (жазу) тәсілін пайдалану есебінен байырғы жыршылық дәстүр аясынан табылады. Бұл орайда өлең өрілімінде эпикалық түйдек (тирадалық) мәтіндерді шумақтық, әндетпелік (строфа) пішімде орындау қажеттігі неғұрлым «ыңғайлы» жолдарды бірнеше рет қайталауға әкеп соқтырады. Нәтижесінде каданс – жырдағы ырғақты қара сөз (речитатив) бен әуен-әуез кезектесіп келіп отыратын ежелгі үлгісін табады.

Осы ерекшелікті бір әулеттен шыққан бес ақынның жазғандарынан да кездестіруге болады. Мысал үшін, Құлжан шайырдың Сүлей болыстың баласы Шегенге айтқан өлеңін алайық.

Шегенім-ай,

Ойға алған іркілмей жет дегеніңе-ай.

Бозбала Наурызда толып жатыр,

Болғай да ішкенің шәй, жегенің май.

Кешегі әкең тірі заманында,

Жақайымның ірі ауылы Сен едің-ай.

Әлде де қатарыңнан кем болмассың,

Кетпесе өлі аруақ көнеріп-ай...

Осы үзіктегі өлеңді бастап тұрған «Шегенім-ай» дейтін жалғыз ауыз сөз тармақ сындыру әдісі арқылы жасалған. Сөйтіп, ақын бір өлеңнің өнбойында дәстүрді тұғыр ете отырып, жаңашылдық ізін салады. Енді бір үзікте «Азамат ерден әл қашты, / Арғымақ аттан жал қашты, / Сары қасықтан бал қашты, / Күніге бәле жалғасты» деп, байырғы жырауларша нақылдата гөй-гөйлейді.

Бір кездері жоғалып кете жаздаған Нұртуған мектебі бірер адамның күшімен емес, қоғамдасып іс атқарудың нәтижесінде қалпына келді. Бұған үшбу жинақты құраған Көкарал өңірінен шыққан әулеттес бес ақынның қаламмен қосқан үлесі де елеулі.

Қазақ дүние тұрғанша тұрса, қанмен, зәузатпен келетін киелі сөз өнері де солай тұра бермек. Ілгерідегі сөзімізде Сәйкенің Жаманағынан Есболай-Қотан шықты деп едік. Қотан алғашқы алған наурыз қызынан Келімберді, Кенен деген екі перзент, Байұлының алашасынан алған кіші әйелінен Рамберді, Еселбай, Кенжебай дейтін үш ұл көрген. Рамберді бидің кім екенін айттық. Ал, Кенжебайдың бір баласы Сахи, одан төрт ұл, бір қыз. Сол төрт ұлдың бірі – белгілі ақын, журналист Мырзан Кенжебай. Демек, дәстүр өлген жоқ, атадан балаға ауысып, бүгінге дейін жетіп отыр.

Міне, бір әулеттен тараған топ ақынның жағдаяты осындай.

Берік ЖҮСІПОВ,

 

фольклортанушы

Пікір қалдыру


Қорғаныс саны
Жаңарту

Іздеу

Сауалнама

Қазір қай бағыттағы кітаптар оқылады?

Бизнес туралы - 53.8%
Әдеби - 7.7%
Мотивациялық - 0%
Шытырман оқиғалы - 7.7%
Саяхат туралы - 30.8%

Дауыс саны: 13
The voting for this poll has ended on: 17 Мам 2018 - 00:00

Жоба туралы

Сыр өңірінің тумасы, қайсар қаламгер, ақын Зейнолла Шүкіровтің рухына арналған «Бір жұлдыз болып жанам мен» атты облыстық жас ақындар мүшәйрасы өтті.

 «Руханиятты жаңғырту» қоғамдық қоры мен республикалық әдеби-мәдени, тарихи-танымдық «Әлімсақ» журналы Зейнолла Шүкіровтің рухына арнап биыл төртінші рет дәстүрлі «Бір жұлдыз болып жанам мен» атты талантты жас ақындар мүшәйрасын ұйымдастырды. Биылғы жылдың жеңімпазы - М.Мәметова атындағы Қызылорда гуманитарлық колледжінің студенті Нәбира Ешниязова.

 

 

Редакцияға хат

Email:
Тақырып:
Текст:

Әлеуметтік желілер

Күнтізбе

<< < Желтоқсан 2016 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
      1 2 3 4
5 6 7 8 9 10 11
12 13 14 15 16 17 18
19 20 21 22 23 24 25
26 27 29 30 31  

As we continue our list of fantasy football”s top 101 PPR players of 2017 we have three players who have recently finished in the top-15 at their positions.

In fantasy football there will always be players who have an unexpected drop or rise from one year to the next. One player on today’s list was a top-six wide receiver in 2015. The next year,Vince Wilfork Jersey he wasn’t even a top-20 wide receiver.

The same can be said about a running back on today’s list who was a top-five running back in 2015. Last year, he wasn’t even a top-18 running back. Who are these players and what should we expect from them in 2017?

To be clear,J.J. Watt Jersey the top 101 PPR players are for re-draft leagues only. Here’s a look at players ranked No. 38-36:

Last season Patriots wide receiver Julian Edelman finished fourth in the NFL in receptions with 98. He also set a career-high in receiving yards with 1,106. In the end,Brian Cushing Jersey Edelman finished 2016 as the 15th PPR wide receiver. Unfortunately for Edelman, I see a regression coming his way in 2017.

The 2016 season was only the second time in Edelman’s eight-year career he played in all 16 games in a season. The other time came back in 2013. Going into 2017, the odds are against the 31-year old receiver to play in all 16 games in back-to-back years for the first time in his career. Even if he somehow manages to stay healthy for all 16 games, he’s sure to lose targets and receptions.

Last year Patriots star tight end Rob Gronkowski had a career-low 25 receptions. Gronk was never 100 percent during the 2016 season and only appeared in eight games. Going into 2017,DeAndre Hopkins Jersey he will be back to full strength. Also, the Patriots traded their 2017 first-round pick for Saints wide receiver Brandin Cooks. The former Oregon State Beaver will be the team’s new No.1 wide receiver.

Журнал туралы

«Әлімсақ» журналы – рухани серігіңіз

 Қазақтың ғасырлар қойнауынан тамыр тартқан, әлімсақтан келе жатқан хатқа түскен тарихының, ұлттық болмыс-бітіммен астасқан әдебиеті мен мәдениетінің, тілі мен дінінің, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрінің бірден-бір насихатшысы, Сыр бойының тарихында алғаш рет әдеби-мәдени, тарихи-танымдық бағытта жарық көрген «Әлімсақ» журналының оқырманына жол тартқанына алты жылға жуық уақыт болып қалды. 2009 жылдың сәуір айынан бастап алғашқы нөмірі жарыққа шыққалы бері қазақ әдебиеті мен тарихына қатысты мақалаларды ортаға салып, Сыр өңірінің мәдениеті мен өнерін насихаттап, облысымыздың бүгінгі мәдени, әлеуметтік дамуындағы өзгерістерді ақпараттандыруда журналдың қосып келе жатқан үлесі салмақты.