АРМАНЫ АСҚАҚ АЙНҰР

 

1993 жылы Қызылорда музыкалық училищесіне, қобыз-примаға биязы мінезді, әдеміше қыз оқуға түсті. Сабақ үлгірімі өте жақсы, барлық іс-шараларға атсалысатын, облыстық, республикалық сайыстарда жүлдегер атанып жүрген әлгі қыздың болашағынан үлкен үміт күтетінбіз.

Айнұр Әбжәмиқызы Тілеулиева 1977 жылы 26 ақпанда Қызылорда облысы, Арал ауданы, Аманөткел елді мекенінде дүниеге келген. Барлық балаға тән ән салып, би билеуді ұнататын Айнұр 1993 жылы Қызылорда музыкалық училищесіне қобыз-прима класына оқуға түсті. 1995 жылы Алматы қаласында өткен Абай Құнанбаевтың 150 жылдық мерейтойына арналған жас орындаушылардың ХVІІ республикалық конкурсында дипломант атанды.

1997 жылы училищені ойдағыдай аяқтаған зерек қыз Алматыдағы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясына оқуға қабылданады. 2002 жылы консерваторияны бітірген Айнұр туған жері Сыр бойына келіп, Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжіне оқытушы қызметіне орналасады. 2006 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті жанынан құрылған, бұл күндері әлемге әйгілі "Дидар" фольклорлық этнографиялық ансамбліне шақырылады. 2007 жылы облыстық филармония жанынан ашылған Тұрмағанбет атындағы халық аспаптар оркестрінің қобыз тобының белді мүшесі атанады.

Жас та болса, Айнұрдың ұстаздық қабілеті айқындалуда. 2007 жылы Талдықорған қаласында өткен республикалық жастардың Дельфилік ойындарында Айнұрдың шәкірті Гүлнәр Құлахметова лауреат, ал 2008 жылы Жамбыл облысында І Ықылас атындағы қобызшылардың республикалық конкурсында дипломант атанады. 2010 жылы Қызылорда өңірлік VІ Дельфилік ойындарда Ләззат Ибрагимова жүлдегер атанып, 2012 жылы Алматыда Құрманғазы атындағы консерваторияда өткен республикалық олимпиада да дипломант атанады. 2014 жылы Алматыда, республикалық ХХХV жас орындаушылардың конкурсында «Қазақ композиторлары шығармасын ең үздік орындағаны үшін» арнайы сыйлықпен марапатталған Шынар Бимырзаева 2015 жылы республикалық олимпиада да дипломант атанады.

Мінекей, Қорқыт қобызының үні үзілмей, Сыр бойында өркен жайып, жалғасын табуда. Үлкен жүрекпен, ерен еңбекті қажет ететін музыка жалқаулардың үйіне бас сұқпайтын тәкәппар ару секілді. Еңбегі шәкірті арқылы бағаланатын, осы бір қиын салада Айнұр қарындасыма төзім мен табыстар тілеймін.

Төлепберген Төрахметұлы