Сарайшықта жерленген қай Жәнібек?

 Бұл сауалдың жауабын, Әбілғазының "Түрік шежіресіне" иек артып, Сарайшықта жерленген Алтын Орда ханы Өзбекұлы Жәнібек деп қысқа қайыруға болар еді (Әбілғазы. Түрік шежіресі.А., 2006.114-115-бб.). Бірақ, тарихи әдебиетте орнықты түрде қалып-тасқан қазақ ханы Жәнібек Барақұлы Сарайшықта жерленді деген пікір зерттеушілерді, ғылыми-көпшілікті, оқырманды әлі күнге екіұдай күйде қалдырып отыр. Қолда бар ортағасырлық дерек-темелерде Қазақ хандығының негізін салған Керей мен Жәнібек хандардың қай жерде жерленгендігі туралы еш мәлімет жоқ.

 

Сонымен қазақ ханы Жәнібек қайда жерленген? Қандай дерекке сүйенгендігі белгісіз, 1957 жылы жарық көрген бес томдық "Қазақ ССР-нің көне заманнан бүгінге дейін тарихына: "Жазбаша деректер айқындайтындай ХV (ХІV ғ. емес - Ж.Ж.) - ХVІ ғғ. ең үздік архитектуралық туындылар деп Сарайшықтағы Жәнібек пен Қасым хан мавзолей-лерін атауға болады" деген жолдар енгізілсе, аталған іргелі еңбектің 1979,1983 жылғы басылымдарында еш өзгеріссіз "жазбаша деректемелердің айғақ-тауына қарағанда, Сарайшықтағы ежелгі некропольдегі қазақ хандары Жәнібек пен Қасымның мавзо-лейлері… архитектуралық көріктілігімен ерекше болған" ("Истории Казахской ССР", 1979, т.2, с. 319; "Қазақ ССР тарихы", 1983, 2т. 333-б.), - деп жалғас-ты. Кеңестік тарихнамада К.А.Пищулина "сәулет өнерінің мәнері жөнінен Сарайшықтағы ежелгі зиратта жатқан қазақ хандары Жәнібек пен Қасым-ның … кесенелері ерекше көзге түсетін еді (Пищули-на К.А.Орта ғасырлардағы Қазақстан тарихы.А., 1995,148-б.), - деп жазса, зерттеуші В.В.Трепавлов-тың: "ХVІ ғасырдың басында  Сарайшықта Жәнібек б. Барақ және Қасым ханға арналған сәулетті күмбез бас көтерді" (Трепавлов В.В.История Ногайской Орды. М.,2002. 589-б.) деген пайымдаулары жоғарыдағы дәлелсіз пікірді ақиқатқа айналдырды. Күні бүгінге дейін осы түсінік зерттеулерде сан мәрте қайталанып, үздіксіз насихатталуда. Жазушы Ә.Сарай "Өмірінің соңғы кезеңінде Жәнібек, өлерінің аз-ақ алдында Қасым хан Қазақ хандығының астана-сын Сарайшыққа көшірулерінде саяси астардан басқа да сыр жатқан сияқты. Шамалауымызша, осы әулеттің ата-бабалары, атап айтқанда, Орыс хан, оның ұлы Құйыршық, Құйыршық ұлы Барақ, Барақ ұлы Жәнібек, Жәнібек ұлы Қасым хан және қазақтың алғашқы ханы Тоқа-Темір Керей де осында жатқан сияқты… ХVІІІ ғасырдың І жартысында Сарайшықта болған Уфә шекара комиссиясының шенеуніктері сыртқы сылағы шашылып, өзі қирап-бүліне бастаған қазақтың бірінші ханы Жәнібектің күмбезін көрген. Оны сақтап қалу ешкімнің ойына кіріп шықпады" (Сарай Ә.Ноғайлы. А., 2009.40, 42-бб.),- деп батыл қорытынды жасағанымен, автор өз пайымын дәлелдейтін дерек көздеріне сілтеме бермеген. Аталмыш мәселенің кей тұстарында жазушы-ғалым сүйенген ресейлік тарихшы В.В.Трепавловтың өзі отандық академиялық басылым "Қазақстан тарихын" негізге алған. Бұл басылымда кеткен жаңсақтықтар туралы біз жоғарыда тоқталдық. Тек тәуелсіздік тұсында ғана бұл түсініктің тиянақсыздығына  ғалымдар назар аудара бастады. Мәселен, Ж.Артықбаев, Ә.Пірманов: "Жәнібек ханның да нақты қашан өлгені, қайда жерленгені белгісіз…Кейбір деректерге қарағанда Керей мен Жәнібек хандар Сарайшық қаласына жерленген" (Артықбаев Ж.О., Пірманов Ә.Б.Қазақстан тарихы (энциклопедиялық басылым) -А., Атамұра, 2008.301-б.), - деп, бұрыннан бар мәліметтің нақтылығына күмәнмен қарады. Деректермен дәлелденбеген мұндай пікірді 2010 жылы жарық көрген академиялық "Көне заманнан бүгінге дейінгі Қазақстан тарихының" 2-томының авторлары да аңғарып, оқулыққа төмендегідей түзету енгізген: "Әбілғазының айтуынша, Алтын Орда хандары Жәнібек, Бердібек, сонда хан тағына отырған; Алтын Орда хандары Меңгу-Темір, Тоқтағұл, Жәнібек (ХV ғасырдағы Қазақ хандығының негізін қалаушылардың бірі Жәнібек ханмен шатастырмау керек. - ред.) сонда жерленген" (Қазақстан тарихы. 2-том. А.,2010. 376-б.). Ортағасырлық деректемелер бұл туралы нақты мәлімет бермегенімен, бар деректерден сыр суыртпақтауға болатындай. Қадырғали Жалайыри Қасым туралы: "Ұзақ уақыт атасының ұлысында (әкесі Жәнібектің ұлысында деп жазбайды - Ж.Ж.) патшалық етті. Ақыры Сарайшықта өлім тапты. Бүгін де оның қабірі Сарайшықта" деп жазып қалдырған (Сыздықова Р., Қойгелдиев М.Қадырғали би Қосымұлы және оның жылнамалар жинағы. А., 1991, 258-б). Шынымен, қазақ ханы Жәнібек Сарайшықта жатқан болса, Қ.Жалайыри еңбегінде "Қасым хан әкесі Жәнібектің жанына жерленді" деген бірауыз сөзді жазуға еш ойланбас еді. Сол сияқты "Өзбекұлы Жәнібектің Сарайшықта жерлен-генін" анық көрсеткен Әбілғазы баһадүрдің қазақ ханы Жәнібектің Сарайшықта жерленгендігі жөнінде сөз қозғамауына да мән бергеніміз жөн. Демек, қазақ ханы Жәнібектің Сарайшықта жерленгендігі күмәнді. Мұны Қазан төңкерісіне дейінгі дворяндық-буржуа-зиялық орыс тарихнамасының беделді өкілдерінің еңбектері де анықтай түскендей. Мәселен Н.М.Ка-рамзин: "1580 жылы Жайық казактары Ноғай Орда-сының астанасы Сарайшық қаласына шабуыл жа-сады. Қалада Ұлы Даланың талай айтулы ұландары жерленген бейіттер болатын. Тіпті, онда қазақ ханы Қасымның кесенесі сонадайдан көз тартатын. Ка-зактар байлық іздеп қабірлерді талқандады, өлген адамдардың сүйектерін далаға шашты" (Карамзин Н.М. История государства Российского, СПб., 1821 том.ІХ. гл. VІ. С.380., Бартольд В.В. Сочинения. - Москва, 1966. 4-том, 395-бет), - деп жазса, аса көр-некті ориенталист В.В.Вельяминов-Зернов өз ойын: "Әрқайсысы (Жәнібек ханның ұлдары мен немере-лері) өз ордасын құрды, сонда билеуші болып, атақ-даңққа бөлене білді. Олардың есімдері әлі күнге дейін ел есінде. Солардың бірі Жағанбегімнен туған Қасым хан еді. Ол біраз уақытқа дейін әкесінің ұлы-сында билік құрды және көптеген көрші елдерді бағындырды, оны бүгін де барлығы есте ұстайды. Ол Сарайшықта қайтыс болды және оның зираты қазір де сонда орналасқан" (Вельяминов-Зернов В.В. Исследование о Касимовских царях и царевичах. Ч.2.СПб., 1864. 125-б.) деп нақтылады. Тарихи деректер алғашқы қазақ хандары тұсында Қазақ хандығы аумағы батыста Ойыл, Жем өзендерімен шектелгенін, Мұхаммед Хайдар Дулати "Тарих-и Рашиди" шығармасында "Қасым ханның тұсында Қазақ хандығының шекарасы… солтүстік-батыста Жайық өзендеріне дейінгі жерлерді алып жатты" деп анықтады. Бұл дерек қазақ ханы Қасымның Сарай-шықта жерленуімен де дәлелденеді. Ал, Қасымның әкесі Жәнібек ханның өмірін Сарайшықпен байланыстыратын деректердің болмауы, қазақтың алғашқы хандарының бірі туралы кезінде асығыс қорытынды жасалғанын аңғартқандай.

Қазақ мемлекетінің негізін қалаған Керей мен Жәнібектің нақты қай жерде жерленгенін анықтау және оларға заман талабына сай кесене орнату мемлекеттік деңгейдегі кезек күттірмейтін іс. Әйтпесе, Қазақ хандығының 550 жылдық тойын жоғары дәрежеде өткізуге дайындалып жатқан елімізге мысықтілеу кейбір ағайын, Қазақ мемлекетінің негізін салған ұлы хандарының қайда "жатқанын" білмей қазақтар несіне той-тойлап, шулап жатыр деп айтуы бек мүмкін?! Осы ретте, Қазақ хандығының тарихы һәм Қазақ мемлекеттілігіне арналған "Көкбөрі" үлгісіндегі монумент Астананың қақ төрінде ұлт рухын асқақтатып тұрса және алыс-жақыннан келетін қонақтарды Қазақ хандығының бай тарихымен таныстыру мақсатында зәулім мұражай салынса деген ұсыныс айтқымыз келеді. Сайып келгенде, мұның бәрі ұлтымыздың айбары мен абыройын асырып тұратын Қазақ мемлекеттілігі тарихының ескерткіш-белгісіндей болып ғасырларды жалғастырып тұрар еді.

Қысқартып айтқанда, біздің көзқарасымыз айдай анық ақиқат, осымен жәнібектанудағы түйткілдерді толық тарқатып бердік деуден аулақпыз. Біздікі тек ой қозғау, оқырманмен пікір алмасу ғана. Қазақ мемлекетінің негізгі ұйымдастырушысы һәм ұйытқысы болған қазақ халқының тарихына құрмет артпай, ұлтаралық татулық орнамайтыны, тәуелсіз мемлекетіміздің рухани-идеологиялық негіздері қалыптаспайтындығына отандық кәсіби тарихшылар жиі назар аударуда.

Бүгінгі тарихи сана қазақ тарихындағы ірі тұлғалардың бейнесін жас ұрпақ санасында жаңғырту тұрғысында жұмыс жүргізуде. Бұл, әрине, құптарлық жайт. Қазақ хандығының негізін қалаған Керей мен Жәнібек кім? Өскелең ұрпақты өз тарихы үшін марқая алатындай дәрежеге жеткізе алдық па? Мемлекет құраушы ұлт қазақ - қазақ болғаны үшін мақтанатындай дәрежеге жетпей ұлттық рух пен қуатты мемлекеттік идеология хақында сөз қозғау қиын. Әр өңірдің батырлары мен хандары "өз көшелерінде" атқа мінген заманда ұлттық һәм мемлекеттік деңгейге көтерілген ірі тұлғаларды ұлықтауымыз марғау. Сондықтан Астана, Алматы және еліміздің басқа да қалаларынан Әз-Жәнібек ханға лайықты көшелер берілсе?! Сол сияқты, Керей мен Жәнібек екеуі бірігіп, алғашқы Қазақ хандығын құрғандықтан, оларды бөліп-жармай "Керей мен Жәнібек көшесі" деп, екеуінің атымен бір көшені атауға әбден болады ғой деген пікірлер бізден де бұрын айтылған еді. Бұл да құзырлы мекемелердің назар аударатын мәселесі.

Жаңабек Жақсығалиев,

тарих ғылымдарының кандидаты