Қазақ халқының ұлттық трагедиясы

Сталиндік қуғын-сүргін жылдары Кеңес Одағы бойынша "контрреволюциялық қылмыстары" үшін 3 778 254 адам қамауға алынып, 786098-і ату жазасына кесілді. Сонымен қатар, "Отанға опасыздық" жасағандарға арналған лагерьлерде 1 317 195 адам отырды. Солардың қатарында 830 491 орыс, 181 905 украин, 44 785 беларус және 17 123 қазақ болды. Әрине, қазақтарға байланысты бұл болжамды цифрлар. Расын айтқанда, отызыншы жылдары құрбан болып кеткен қазақ азаматтарының дәл санын айту қиын. Себебі, осы уақытқа дейін репрессияға байланысты көп жағдайлар терең зерттелмей келеді. Әсіресе, Орта Азия республика-ларына қарағанда жазалау саясаты Қазақстанда айрықша қатігездікпен жүргізілді. Тек, 1937-1938 жылдары Қазақстанда 103 мың адам қамауға алынып, 25 мыңы ату жазасына кесілді. Қазақтың зиялы азаматтарымен қатар мыңдаған қарапайым, шаруа адамдары да жазықсыз жазаланды. Атап айтқанда, жазаланған адамның 40%-ы шаруа адам-дары болған. Басым көпшілігі атылып немесе Сібірге жер аударылғандар. Алайда, сол кездегі республика басшысы Левон Мирзоянға бұл жеткіліксіз болған секілді. Оған куә жазалануға жататын адамдардың санын көбейтуге лимит сұрап, Мәскеуге шұғыл жолдаған оның мынадай құпия хаты бар:

"Москва ЦК ВКП(б) тов.Сталину. По антисоветс-ким элементам нам было предоставлено право реп-рессировать по первой категории (ату жазасына) 8 тысяч человек. Сейчас эти лимиты почти полностью использованы. Мы должны к 10 декабря окончатель-но зачистить и покончить с активным антисоветским элементом. По этим двум категориям активного повстанческого, диверсионного и шпионского эле-мента нами изъято по ликвидированным организа-циям и группам на 1600 человек больше установлен-ного лимита. Для полной зачистки остатков мы просим разрешить нам дополнительно репрессиро-вать по первой категории 600 человек, по второй ка-тегории (бас бостандығынан айыруға) 1000 человек.

 

Первый секретарь ЦК КП(б) Казахстана Л.Мирзоян. 1.12.1937 года".

 

Әрине, жазушы Сәбит Мұқанов "Өмір мектебі" романында "Мырзажан" деп жырлаған республика басшысының ауыл тұрмысын көтеру мен мал шаруашылығын өркендетуде айтарлықтай үлесі болған шығар, бірақ халыққа жасаған қиянаты да жетерлік.

 

Сонау сұмдық жылдары Қызылорда облысының бірталай тұрғындары да саяси қуғын-сүргінге ұшырады. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің облыстық департаментінің мұражайында 2543 қылмыстық іс сақтаулы. Сол істер бойынша 4234 адам жауапқа тартылып, 526 адам ату жазасына кесілген. Солардың қатарында 2043 қазақ, 1620 орыс, 260 кәріс және 301 неміс, поляк, еврей халықтарының уәкілдері бар. Кейін ақталу жұмыстары басталған кезде зорлық-зомбылық құрбандарының ағайын-туыстары құран бағыштау, дұға ету, ас беріп, еске алу үшін атылып кеткен жақындарының жерленген жерлерін тауып беруді талап етті. Осы бағытта Ұлттық қауіпсіздік комитеті бірталай іздеу жұмыстарын жүргізді. Сексенінші жылдардың соңына таман Қызылорда қаласының "Арай" аумағындағы, "Сабалаққұм" деген жерде бас сүйектің желке тұсынан атылған оқтың ізіне тән тесіктері бар көптеген өлген адамдардың сүйектері табылды. Осыған байланысты тергеу амалдары мен сот-медициналық сараптама жүргізіліп, нәтижесі бойынша аталған жерде ату жазасына кесілген адамдардың жаппай жерленгені толық дәлелденді. Сондықтан да, осында саяси қуғын-сүргін құрбанда-рына арналған арнайы ескерткіш орнатылды. 1997 жылдан бастап осы жерде қуғын-сүргін құрбан-дарын еске алу іс-шаралары өткізіліп келеді. Жалпы, белгіленген тәртіп бойынша ату жазасы мен жерлеу құпия жағдайда жүзеге асырылып отырған. Дегенмен, қауіпсіздік органдарынан табылған кейбір құжаттарға сүйеніп, ату жазасы мен жерлеу тәртібі жүзеге қалай асырылғанын анықтауға болады.

 

"Акт 1930 года, мая 15-го дня, гор. Кзыл-Орда. Мы, нижеподписавшиеся - старший уполномоченный 3-го отделения Набатов, уполномоченный 1-го отделения Ришт и п/уполномоченного того же отделения Маркениц, в присуствии прокурора по Кзыл-Ординскому округу Бахтыбергенова, состави-ли настоящий акт в том, что на основании выписки из протокола заседания Тройки при ПП ОГПУ по Казахстану от 24 апреля 1930 года, по делу №258 - Максина Романа Клементьевича, Павлычева Ивана Евстрагьевича, Овчинникова Максима Михайловича, Павлычева Фомы Максимовича и Ильчева Пимона Ивановича, о применении к ним высшей меры социальной защиты - расстрела. Приговор сего 13 мая в 3 часа ночи, местного времени, привели в исполнение посредством расстрела в 6 километрах юго-восточнее гор. Кзыл-Орда, трупы зарыты в общей могиле, на глубину 2х2 метра. Приговор привели в исполнение...". Ары қарай актіге қол қойған ОГПУ қызметкерлерінің аты-жөні жазылған. Мұндай құжаттарды толқымай, жай оқи салу мүмкін емес.

 

Бірде "Сарбалаққұмда" саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған митингіге қатысқан азаматтардың бірі: "Осы біз саяси қуғын-сүргін құрбандары күнін жылда атап өтеміз. Бұл қаншалықты дұрыс? Зорлық-зомбылық өткен оқиға емес пе? Не себепті сталиндік қуғын-сүргін жылдарын қайта-қайта еске аламыз?" - деп, сауал тастады. Оған жауап берілді, бірақ жауап берілмей тұрып, жазықсыз жазаланған темір ұстасы туралы тарихта болған мынадай өнегелі оқиға есіне салынды. Ежелгі Римде бір тігінші және екі темір ұстасы өмір сүрген екен. Бір күні тігінші біреуді қасақаны өлтіреді. Алайда, тігінші біреу-ақ. Сол себепті билік басындағылар оның орнына темір ұстаның бірін жазалауды мақұл көреді. Байғұс, ату жазасына кесіледі. Көп ұзамай зорлық-зомбылық жіберілгені белгілі болады. Осыдан кейін штаттық жаңа қызмет ойлап табады. Енді әрбір сот отырысының алдында арнайы тағайындалған қызметкер шығып: "Сол кездегі жазықсыз жазаланған темір ұстасын ұмытпаңдар!" деп, соттарға ескертіп отыратын болған. Сөйтіп, жіберілген заңсыздықты қайталамауға осындай шара қолданған көрінеді.

 

Расында, қазақ халқының тарихындағы қайғылы оқиғалардан келер ұрпақ сабақ алуы керек. Сол зар заманның келешекте қайтып оралмауына ешкім кепілдік бере алмайды. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасын Орталық "қазақ ұлтшылдарының көрінісі" деп, үзілді-кесілді бағалағаны жалпыға мәлім. Көп ұзамай Қазақстандағы Мемлекеттік қауіпсіздік комитетіне: "Борьба с казахским буржуазным национализмом" деген жаңа міндет жүктелді. Сталиндік саяси қуғын-сүргін жылдары қауіпсіздік органдарына осындай міндет жүктеліп, қазақтың бас көтерер зиялы қауымының басым көпшілігі жазықсыз жазаланғаны белгілі. Сондықтан да, бұл шешімнің қандай қайғылы оқиғаларға алып келерін болжау қиын емес еді. Абырой болғанда, билік басындағылар тым артық кеткендерін дер кезінде түсінді. Әуелі "буржуазный" деген сөзді алып тастады. Кейінірек, бұл міндет қауіпсіздік органдарының құзырынан мүлдем жойылды. Кешегі Жаңаөзен оқиғасы кезінде орын алған заңсыздықтар да сабақ болуы тиіс. Алаңнан жүгіріп кетіп бара жатқан ереуілшілердің соңына құқық қорғау органдарының қызметкерлері түсіп, тапаншала-рымен көздеп атып немесе жарақат алып, құлап жатқан адамдарды тепкіге алып жатқандары ғаламтор арқылы бүкіл әлемге жарияланды. Сол қызметкерлердің бірқатары қызметін асыра пайдаланғаны үшін кейін сотты болып, қазір жазасын тұтқындар ұстайтын лагерьлерде өтеуде. Өкінішке орай, "шаш ал десе, бас алатын" осындай қызметкерлер құқық қорғау органдарында баршылық. Құдай да "сақтансаң сақтаймын" дейді. Расында, сақтықта қорлық жоқ. Ең дұрысы, өткеннен сабақ алып, келер ұрпақты сақтандыру керек. Сондықтан да, 31 мамыр - саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып ресми бекітілген. Бұл күн қазақ халқының ұлттық трагедиясын мәңгі еске салып, мәңгі сақтандырып тұрады. Бұл күннен билік те, халық та сабақ алса игі.

 Әмірхан БӘКІРҰЛЫ