Муза

 

 

Қазақ поэзиясында өзіндік қолтаңбасы бар ақындардың бірі Қатира Сыздыққызы Жәленова. "Қызғалдақты көктем", "Аңсаған менің әнімсің", "Ақ гүлдер", "Балалар әлемі", "Кел, махаббат" атты кітаптардың авторы. Ақынның өлеңдері орыс тіліне аударылып, "Разбег", "Мадонны Турана" поэзия антологиясына енген. Поэзиялық туындылары республикалық басылымдарға жарияланып тұрады. Біз де өлең сүйер қауымға ақын Қатира Жәленованың жүрегінен жарып шыққан бірнеше жыр шумақтарын ұсынып отырмыз.


СЫРДАРИЯ

Сәлем бердім,

Сұлу Сыр,

Ізетпенен,

Сағынышымның

Моншағын тізбектеген.

Жыл құсындай

Жыл сайын қайта оралып,

Жыр маржанын

Өзіңнен іздеп келем.

 

Ұнайтындай өзіңе - еркелігім,

Толқындарың

Сырлы саз шертеді мың.

Туған жердің

Қарсы алып арай таңын,

Келіп тұрмын жағаңа ерте бүгін.

 

Арман қуып,

Тәтті ойдың жетегімен,

Бала болып

Бір сәтке кетемін мен.

Андағайлап

Жан-жақтан жармасады,

Тентек желің

Жұлқылап етегімнен.

 

Санамашы

Мені енді жатқа бүгін,

Саған деген

Қалаусыз ақ көңілім.

Толқыныңмен

Алысып өскен ем ғой,

Бұрымымды тарқатып ақ көбігің.

 

Ойхой, шіркін!

Бір аунап құмдағыңа

Еніп кетсем бір сәтке жыр-бағына.

Қайта оралса

Бал татқан балалық шақ

Кейін қарай шегініп жылдар мына...

 

Бұл өмірден

Демеймін кенже қалғам,

Таусылар ма, сірә да, мендегі арман?

Аңсап келдім,

Сұлу Сыр,

Құшағыңды аш,

Балалықтың базарын сенде қалған...

 

АЛМАТЫДАН ОРАЛДЫМ АҚМЕШІТКЕ

Алматыдан

Оралдым Ақмешітке,

Ақмешітке,

Туған жер талбесікке.

Біреу ұғар мұнымды,

Біреу ұқпас,

Сөз өрбітер

Неғылған жан десіп те...

 

Алаңдатып

Басқа жер,

Басқа қала,

Ауып жатса

Бәзбіреу астанаға,

Мен отырмын

Желпініп өз-өзімнен,

Жеттім-ау деп

Ауылым - баспанама.

 

Күндер өтті

Дес бермей өрекпіген,

Көре алмадым

Басқадай себепті мен.

Жас ұлғайып,

Көңілің ортайғанда

Кімге болсын

Туған жер керек білем...

 

Жастық мені

Жыраққа алып қашқан,

Жасын жұтып,

Жыр жаздым жалықпастан.

Алматыда

Ұзақ жыл ғұмыр кештім,

Ақын болып қаламы қалыптасқан.

 

Ащы-тұщы өмірім екшеленген,

Келіп тұрмын

Кезімде кекселенген.

Оралып кеп

Туған жер - қазығыма,

Қажетіне жарармын деп сенем мен.

 

Санадағы өзгертіп сан ұғымды,

Жаңарттым мен

Дүниетанымымды.

Айналайын,

Ағайын,

Жанашырым,

Сыртта жүріп

Ұқтым ғой қадіріңді...

 

Туған жерін

Түсірмес есіне кім?

Келбетіңді

Кеудеме көшіремін.

Бейнетіңді көтермей,

Сенен жырақ

Ғұмыр кешсем бейқам боп,

Кешір, елім!!!

 

БҮГІНГІНІҢ ӘЙГЕРІМІ, ТОҒЖАНЫ

Керек етпес,

Елең етпес,

Қоғам - мылқау, анық керең.

Ойлаңыздар,

Қайда қыздар,

Қайран, Мұхаң, дәріптеген?

 

Өзгерген бе,

Кез келгенде

Тоғысында ғасырлардың?..

Сәні де арман,

Әні де арман,

Әйгерімдей асыл жардың...

 

Жар сыйлаған,

Жарқылдаған

Ақылына сай көрігі,

Танылмайды,

Табылмайды,

Баяғының Әйгерімі!

 

Тілі балдай,

Толған айдай,

Тоғжан да жоқ толықсыған.

Үйден безіп,

Дала кезіп,

Көбісі жүр болып сыған...

 

Еркегі - үйде,

Әйел - түзде,

Апыр-ау, бұл неткен заман?

Жұмыссыздық

Жұртты жүн ғып,

Жігерін құм еткен заман.

 

Дорба асынып,

Жолға шығып,

Әйгерім жүр жарын бағып.

Секектеген,

Көкектеген,

Тоғжаным жүр жанын бағып.

 

Сырымды ұғын,

Бүгінгінің

Қыздарына алаңдаймын...

Сағым сынып,

Жаным күйіп,

Бір амалын таба алмаймын...

 

Сөзі - бұйым,

Өзі - құйын,

Сала құлаш төсеп тілін...

Таза сезім,

Қалған кейін,

Махаббат та есеп бүгін.

 

Қалталыдан

Жол торыған,

Жолбикелер жосылып жүр.

Адамнан да,

Заманнан да,

Жаным менің шошынып жүр.

 

Шырқыраймын,

Жыр құраймын,

Жай таба алар жаным қалай?

Пайда деп тым,

Қайда кеттің,

Қазағымның арулары-ай?!

ӨНЕР ӨЛСЕ...

Қалам

Қарын тойғызбасын ұғамын,

Ұға тұра,

Жазылады жыр-әнім.

Жасағаннан

Халқыма құт-береке,

Қаламыма

Ұзақ ғұмыр сұрадым!

 

Заман басқа,

Қоғам өңін өзгерткен,

Бәрі өтпелі екеніне

Көз жеткен.

Ақын - тұлға,

Өлең - өшпес мұра деп,

Өнеге қып

Өрекпіген кез де өткен...

 

Өнерді де

Тәуелді етіп өзгеге,

Ұқсаттық па

Қолын жайған кезбеге?..

Өнер өлсе,

Болады ғой ел жетім,

Жоқ осыны

Көретұғын көз неге?

 

Қалам

Қарын тойғызбасын білемін,

Біле тұра

Қалам түртіп жүремін.

О, жаратқан,

Өмірімнің өрнегі -

Сәби-өлең өлмесе екен,

Тілегім!

 

БЕСІК САТУ

Немереге аталып кәдесімен

Бесік келді нағашы әжесінен.

Шілдехана тойын бір

Тойлайықшы,

Жүретіндей

Шығармай ел есінен...

 

Үйдің жақсы болуы - ағашынан.

Бесік жақсы болуы - нағашыдан.

Бұл бесіктің көрейік

Саудаға сап,

Бағамдай бер сапасын

Бағасынан.

 

Бөпешімнің бесігі - теңге болар,

Бесік сату құқығы - менде болар.

Өткізейін,

Мақтауын келістіре,

Несібемді көбейтіп елден алар...

Бөпешімнің бесігі - күміс деймін,

Пұл шығарып.

Алғаның дұрыс деймін.

Періштелер "әумин!" деп

Қолдап тұрса,

Үйіңізге кірер құт, ырыс деймін.

 

Бөпешімнің бесігі - алтын деймін,

Бұны алғанның

Жүзі де жарқын деймін,

Ежелден-ақ,

Ел-жұртым құрмет тұтқан,

Ұлтымыздың

Бұл дәстүр-салтын деймін.

 

Бөпешімнің бесігі - жақұт деймін,

Бағы жанар

Алғанның сатып деймін.

Кеудесіне құйылып шұғыла-нұр,

Таңы күлер алдынан атып деймін.

 

Бөпешімнің бесігі - лағыл деймін,

Алған жанның

Тілегі қабыл деймін.

Сәби деген - періште,

Періште оймен

Тазарып бір

Күнәдан арыл деймін.

 

Бөпешімнің бесігі - маржан деймін,

Маржан әсте болмайды арзан деймін.

Ұлтымыздың ғұрпына үлес қосар,

Бұл саудаға қатысқан әр жан деймін.

Бесік алыңдар!!!

 

Қатира ЖӘЛЕНОВА